Асылан Тілегеннің балаларға арналған өлеңдері

ӘДЕБИЕТ
4726
АЙҚАНАТТЫҢ ЖАУАБЫ

– Есімің кім, әй, қарақ?
– Атым менің – Айқанат.

– Айда қанат бола ма?
– Былайша ғой, ол, аға,

Қанатсыз ай, түсіндір,
Көкте қалай ұшып жүр?!


«П» ӘРПІ БАР СӨЗ

Тұр мұғалім «күшінде»,
Сұрақ қояр кез келді:
– Айтыңдаршы, ішінде,
«П» әрпі бар сөздерді.

Қасым бірден тұрды ұшып,
Екпінділер, бізді аттай.
Сол жақ көзін бір қысып,
«Қазан», – деді міз бақпай.

– Қай жерінде «П»-сы бар?
– деп сұрауы сол еді.
Жөні жоқ-ау қысылар,
«Қақпағында» дегені.


«ҰЯТ-АЙ»

Ұртында тұр құрт міне,
Ішіп отыр сүтті де.
Бауырсаққа қол созды,
Қысылмайды тіпті де.

Айраннан да бір жұртты,
Қазыны да қылғытты.
Бір уысын кәмпиттің,
Қалтасына сүңгітті.

Ойнай алмай секіріп,
Жүре де алмай не тұрып.
Көтере алмай қарынын,
Жатыр енді кекіріп.


БӨПЕ ҚАЙ ТІЛДІ ТҮСІНЕДІ?

Айхан, Айман екеуі,
Үйдің тəтті шекері.
Аналары ұл сүйіп,
Болды тағы бөпелі.

Төрт жастағы Айханға,
Үш жастағы Айманға.
Жаңа қызық табылды,
Төбелеспей ойнауға.

– Болғанмен көп ой түрлі,
Білмедік не айтуды.
Сөйлессек деп ек бөпеммен,
Түсінеді қай тілді?

– деді Айхан томсарып,
Айман да тұр тамсанып.
Жауап берді анасы:
– Қиын емес соншалық.

Тек қазақша тілде бір,
Сөйлеу керек күнбе-күн.
Ағылшынша, орысша
Қоспау керек бірде бір.

– деді анасы бек сеніп,
Көрмек енді тексеріп.
Балалардың үш тілде,
Шатасқанын ескеріп.

Осы болды шешімі,
Осы болды кесімі.
Тілін бұзған баланың,
Телефонның кесірі.

Қол құлыншақ азырақ,
Телефоннан ажырап.
Тек қазақша сөйлеуді,
Бастап кетті қазір-ақ.


МЕНІҢ КӨЛІКТЕРІМ

Ағамда бар бір көлік,
Əкемде бар бір көлік.
Көлігім көп,
Жүремін
Бəрін айдап үлгеріп.

Самокатка сол сəттен,
Аяқ басып алсақ тең.
Тежегішті, газды да,
Басқарамын саусақпен.

Гироскутер жоқ текке,
Тепкізбейді мектепке.
Жұмсаса тез жетемін,
Дүкенге де, аптекке.

Велосипед – серігім,
Ең сенімді көлігім.
Көліктермен осындай,
Əйбат менің өмірім.

Бір өкініш бірақ та:
Іліп алғын құлаққа.
Гироскутер, самокат,
Жатар кейде құлап қап.

Сөйтсем олар токпенен
Жүреді екен, əттеген.
Велосипедтен асқан,
Мықты көлік жоқ деген.


«ҮЛКЕН ҮЙ» ДЕГЕН ҚАНДАЙ ҮЙ?

– Шаршатпай ма сізді кейде,
Тойдың жаман өтпегені.
Туысқандар біздің үйге,
«Үлкен үй» деп көп келеді.

Қонақ келсе жиі кеште,
Сабыласыз жөпелдемде.
Екі қабат үй емес пе,
Сатыбалды көкемдерде?

Ашылмай ма кілт ондағы,
Жаратпайды іске неге.
Екі бөлме үлкен-дағы,
Қос қабат үй кішкене ме?!

– деп Бейбарыс анасына,
Жаудырып тұр сұрақтарын.
Құйғысы кеп санасына,
Білгісі кеп бір-ақ бәрін.

«– Жол бермесең таласуға,
Берекені молайтады.
Атаң-əжең бəрі осында, 
«Үлкен үй» деп соны айтады»

Билеп бойда жаңа қайрат,
Жүрегінде ізгі күй боп.
Бейбарыс тұр алақайлап,
«Ең үлкен үй – біздің үй» деп.


МІНСІЗ МІНЕЗДЕР МЕН ҚИСЫҚ ҚЫҢЫРЛАР
(ұйқасын тап)

Сөз айтар батымды,
Айбаршын ............. .

Күлмейді бірауық,
Жанасыл ............ .

Көп білер өлеңді,
Өмірбай ............. .

Жұмсаса көңілшек,
Ескендір ................ .

Өшірді үтікті,
Ұлағат ........ .

Көп айтар артық сөз,
Тəуірбек ................... .


БІЗДІҢ ЖҰМЫСТА

Кабинетте жүр Айлы,
Анасына еріп кеп.
Өлең, сөйлем құрайды,
Әпкелерге еліктеп.

Оқып қойды сабағын,
Келіпті өзі шыршадан.
– Сабақ – дейді, – жаңа күн,
Сеніп-ақ жүр бұл соған.

Демалысқа шыққанын,
Білдірмепті анасы.
Ұмытар деп ұққанын,
Айтпаған-ау, шамасы.

Ермексазын илеп кеп,
Аға-апайды қаратты.
«Менен бүгін сый көп» деп,
«Жеміс-жидек» таратты.

Таратқандай айлығын,
Шаруасы келісті.
Жемісін жеп Айлының,
Болды жұмыс жемісті.

Тақпақты да жаттайтын,
Жасап жүрер бір істі.
Айлы – тыным таппайтын,
Біздің ең жас жұмысшы.
author

Асылан Тілеген

ЖУРНАЛИСТ

Жаңалықтар

Ырғыз ауданы маңындағы Самара-Шымкент тасжолында екі жүк көлігі соқтығысты, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Демалыс күндері күн күрт суытады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Республиканың біраз бөлігінде қар...