«Жазылған» жəне «жазылмаған» теориялар II

ТАНЫМ
3045

Платон диалогтары жəне Сократ диалог кейіпкері ретінде 

Платон соңғы негіздемелері туралы жазғысы келмеді. Тіпті жазамын деп шешкен кейбір мəселелеріне ол жүйелі түрде келген жоқ жəне сократтық рухты іске қосуға ниеттенді. Сократтық ерекшеліктерге еліктей отырып, тыңдарманды өз жүрегіне, өзінің ішкі дауысына құлақ асуға көндірді. Осылайша, "сократтық диалог" дүниеге келді, ол əдеби жанрға айналды да, Сократтың сансыз шəкірттері қолдана бастады, олардың ішінде оның нағыз шəкіртіне айналған Платон да болды; өйткені тек Платоннан ғана Сократтың философиялық ойларының шынайы табиғатын көре аламыз, басқа шəкірттерден қарапайым маньеризмнен бөлек ештеңе табылмайды. 

Сонымен, Платонның философиялық хаты - диалог [109], оның қаһарманы бір немесе бірнеше тыңдармандармен сұхбат жасап отыра- 118 тын Сократ. Онымен бірге жəне бір маңызды персонаж болып табылатын – оқырман да үнемі диалог қаһарманы болып жүреді. Оқырман орны бөлек сұхбаттасушы болып табылады, себебі оқырман айтылып отырған мəселе бойынша өзіндік шешім қабылдайды. 

Платон диалогтарында Сократ тарихи тұлғадан диалогтық қызмет атқаратын персонажға айналады, сондықтан Платонды түсіну үшін «не нəрселер Сократқа, не нəрселер Платонға тиесілі деп бас қатырудың қажеті жоқ» дейді Гегель. Шынында да, Платон тарихи жəне теориялық жоспарлардың орнын ауыстыруды ертеден бастаған, оның шығармалары осындай теоретикалық перспективамен оқылуда. 

Диалогтық кеңістіктегі Сократ – ол Платон, ал Платонның өзі "жазбаша" болып табылады, ал көпшілік қауымға танымал шығармаларында Платонға «жазусыз», үнсіз Платон белгісі тəн болды. 

Платон «мифінің» жаңғырған жəне жаңа мағынасы 

Біз философияның «логостан» миф пен фантазияның алшақтауы нəтижесінде пайда болғанына куə болдық. Софистер мифке функционалдық (рационалды-ағартушылық) сипат берді, алайда, Сократ мұны қолдаған жоқ, ол қатаң диалектикалық негіздемені талап етті. Алғашында Платон да Сократтың ұстанымына ортақтасты. Алайда, «Горгий» диалогында ол мифке деген құқықты жолға қойды да, кейіннен оның маңыздылығын біле отырып үнемі қолданып жүрді. 

Бұл фактіні қалай түсіндіруге болады? Философияның мифке оралуы – бұл инволюция, регресс, не болмаса, философияны өзіндік прерогативтерінен белгілі бір мөлшерде алыстату, салдардан бас тарту, немесе өзіне деген сенімсіздік симптомы болып табылады ма? 

Бұл сұраққа Гегель мен Хайдеггердің мектебі əр түрлі жауаптар айтты. Гегель (жəне оның жолын жалғастырушылар) миф тарапынан платондық ой-пікірге деген қарсылықты жəне логостың дамымағандығын байқады. 

Керісінше, Хайдеггердің мектебі мифті платонизм рухының шынайы көрінісі ретінде санады. Шындығына келгенде, логос тұрмысты жəне өмірді қамтиды, ал миф логос тарапынан қамтылмайтын өмірге қатысты. 

Платон орфизмінің кейбір тезистері мен діни компоненттерді реактивтей отырып, мифті қалпына келтіреді. Ол үшін миф фантазиядан да жоғары тұрады, миф – сенім мен иланудың көрінісі. «Горгийдан» кейінгі көптеген диалогтарда біз рационалды сенімнің кейбір формаларын байқаймыз: миф логостан белгілі бір түсініктемені күтсе, логос мифпен аяқталуды көздейді. Платон мифтің күшіне сенеді, ой шегіне жетіп, соңғы мүмкіндіктерді пайдаланған кезде ол осы шегараны интуитивті түрде қабылдайды, сөйте отырып өзінің трансцендентті күшінің рухын асқақтатады. 

Сонымен қатар, атап өтуіміз қажет, Платон қолданатын миф жүйелі, ол логосты білмейтін философияға дейінгі мифтен толықтай ерекшеленеді. Бұл мифтің фантазияға, бір нəрсеге деген сенімді білдіруге қарағанда аясы кеңірек, оған қоса бұл миф логосқа бағынбайды, алайда кейінгі мифтерді ынталандырып отырады. 

Бұл миф шығармашылық процесінде демифологизацияланады, ал логоспен шектескенде өзінің фантастикалық элементтерінен арылады, алайда өзінің аллюзиялық күшін, астар мен эвристикалық интуицияны сақтап қалады. Мысалы үшін «Федон» диалогынан жарқын бір иллюстрациялық пассажды келтіретін болсақ, бұл пассаж жандардың дүниеге келуі жəне олардың жерден тыс өмірдегі күйі туралы əңгімеден кейін жазылған: «Əрине, істің осылай өрбіп отырғанын растаймын, алдында да айтып өткенімдей салауатты ойлайтын адамның ойын өзгертудің қажеті жоқ; алайда біздің жанымыздың тағдырын бекіту жанның мəңгілігін білдіреді: мұның барлығы меніңше, бір нəрсеге сенген адамды қанықтырады, бұл жерде тəуекел жоғары! Осы сенімдермен бірге біз өзімізге өзіміз таңданыс білдіруіміз қажет: сол үшін де мен өзімнің мифімнің өмірін ұзарттым». 

Платонды түсіну үшін мифтің рөлін мойындау қажет жəне оған қажетті назарды бөлу керек, сонымен қоса миф пен логосты сəйкестендіру үшін кейіннен логостың рөлін мойындауымыз тиіс, тіпті, қажет болса, логосты бағындыру (мифо-логия) арқылы да оларды біріктіруге болады. 

Платон ойларының көпқырлылығы мен көп мағыналылығы 

Ғасырлар бойы Платон сан қилы ниеттегі адамдарды кездестірді, платонизмнің тартымдылығының мəні осында жатыр, ол Батыстың рухани тарихына енді. 

а) Академия философтарынан бастап метафизика жəне гносеология мəселелері бойынша Платонды оқу дəстүрге айналды, яғни идеялар теориясы мен танымында платонизмге соқпай өтудің мүмкін еместігін білдіреді. 

б) Кейіннен, неоплатонизмде діни мəселе бойынша платонизмнің түпнұсқа формасы табылды, диалогтарының үлкен бөлігі мистикалық өлшемде жазылған, яғни белгілі бір құдіретті күткен. 

в) Қазіргі уақытқа дейін оның екі интерпретациясы сақталған, алайда біздің ғасырда үшіншісі пайда болды, ол платонизмнің мəнін этикалық-саяси проблематикада деп санайды; яғни кейінгісі өткеннен мүлде алыстап, алдыңғының ешбір элементтерін қабылдамайды. VII Хатында Платон өзінің шынайы қызығушылығы саясат екендігін хабарлайды. Оның өмірі мен сицилиялық эксперименттері осыған дəлел. 

г) Соңғы онжылдықта ғалымдар ауызша диалектика ландшафтына қайта оралды, оны «соңғы шындықтар» деп кеткен, Платонның айтуынша олар жазбаша келтірілуі мүмкін емес. Платон осы перспективалардың біріне де бірыңғай көзқарас ретінде тоқталмаған, тек қана олардың қарқынды даму бағытына ғана көңіл бөлген. 

Оқудың алғашқы үш ұстанымы үш шынайы мінезді (адамның шынайы жүзін), Платон метафизикасының үш ракурсын көрсетеді, олар болашақта Платон шығармаларына көп мағыналылық эффектісін береді. Төртінші аспект осындай көпқырлылықтың табиғатын түсіндіреді, түсіндіре отырып платондық жүйе контурларын анық етіп қалдырып отырды.

Дж. Реале және Д. Антисери 

"Батыс философиясы: бастауынан бүгінге дейін"

Қазақ тіліне аударған: филос. ғ. д. Т. Х. Ғабитов


Оқи отырыңыз: «Жазылған» жəне «жазылмаған» теориялар

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...