Таным, диалектика, риторика, өнер жəне эротика II

ТАНЫМ
2896

Виктор Пивоваров. Жас суретшінің жұмыс үстелі

Өнер шындықтан алыстау құралы ретінде 

Платон көтерген өнер мəселесі толығымен метафизика жəне диалектикамен шектеседі. Өнердің мəнін, қызметін, рөлі мен маңыздылығын анықтауда Платон бір мəселеге көп мəн береді, ол: өнердің шындық үшін құндылығы қандай? Ол бұл мəселе бойынша көбіне жағымсыз жауап тапқандығы анық. Өнер шындықты ашпайды, оған қоса ол шындықты жасырады, себебі ол шынайы танымның формасы болып табылмайды; ол адамның табиғатын жақсартпайды, тек бұзады, өйткені алдайды. Өнер тəрбие бермейді, ол азғырады, себебі адамның иррационалды қабілеттеріне жол береді, ал олар жоғарғы қасиет болып табылмайтыны анық. 

Өзінің алғашқы шығармаларында-ақ, Платон поэзияны төмен бағалайды да, философияны жоғарғы орынға қояды. Ақын ғылым жəне танымның арқасында ақын болмайды, ол кенеттен тапқан туындысымен ақын. Ешнəрсе ойлап таппағаннан кейін, ол ашу үстінде «өзінен тыс» болып, өзінің не шығарып отырғанын білмейді де. Ол өзінің не жасағанын да жəне не шығарып отырғанын да түсіндіріп бере алмайды. Ақын тек «Құдайдың мейірімінің» арқасында осындай, алайда танымның оған қатысы жоқ. 

Өнер ұғымының нақты түсіндірмелерін біз «Мемлекет» еңбегінің 10-шы кітабынан кездестіре аламыз. Өнер (поэзия, көркем сурет, пластика), онтологиялық көзқарас тұрғысынан əлдебір «мимесис» болып табылады, яғни сезімдік болмысқа (адамдарға, заттарға, түрлі фактілер мен оқиғаларға еліктеу. Соңғылары шындықтан мүлдем алшақтаған мəңгілік идеал парадигманың бейнелері екені анық. Егер өнер өз кезегінде, сезімдік болмысқа еліктеушілік болып табылса, онда ол көшірменің көшірмесі болып табылады, яғни шындықтан үш есе алшақтаған. 

Фигуративті өнер жəй көзге көрінетін құбылыстарға еліктесе, ақындар өздерінің не айтып жатқанын түсінбесе де виршалар құрастырады. Бұл шынайылық тұрғысынан қарайтын болсақ, ойын немесе əзілден ары аспайды. Платон ақырында өнер біздің жүрегіміздің жасық тұсына келіп су құяды, сондықтан да мінсіз мемлекетте өнер болмауы қажет, оның үстіне өнер адамдары жақсылық пен шындық заңдарына бағынуға бейім емес дегенді айтады. 

Платон өнердің өмір сүру құқығын жоққа шығарып отырған жоқ, ол тек өзіндік бағасын ғана мойындамайды. Өнер қайырымдылық пен шындыққа, не болмаса зұлымдық пен жалғанға (tertium non datur) қызмет етеді. Өзіне өзі ұсынылған өнер жалған болып табылады. Жалғаннан азат болу үшін өнер өзін шындыққа ұмтылған философия арқылы тексеруі керек. Ақын философиялық ережелерді ескермей кете алмайды. 

Виктор Пивоваров. Еркек

Риторика шындықтың мистификациялануы ретінде 

Софистер туралы айта отырып, біз, антикалық классика жағдайында риториканың ерекше маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік алдық. Əңгіме қазіргі кезде практикалық өмірдің неомаргиналды құбылысы болып табылатын əдеби шеберлік туралы болып жатқан жоқ. Риторика толық мағынасында біріншілерден, яғни азаматтық жəне саяси күш болып табылды. Платонның айтуы бойынша, риторика (афиналық саясаткерлер мен олардың оқытушыларының өнері ретінде) тек жағымпаздық, жарамсақтық, қошаметкейлік, шындықтың бұрмалануы болып табылады. Өнерге ұқсап шындықтан хабарсыз болса да, барлық адамды кез келген мəселеге сендіруді мақсат еткен риторика бос сендірулер мен иллюзиялық нанымдарды шығарумен айналысады. Риторик – бұл, көпшіліктің алдында өзін сенімді ұстайтын, қауым елдің сезімдерімен ойнап, белгілі бір нəрсеге сендіруге əрекет ететін адам. 

Риторика (өнер секілді) жүректің нашар тұсына ықпал етеді, яғни адам жүрегінің тез сенгіштігі мен тұрақсыздығын пайдаланады. Мұндай мағынада риторик əртіс пен суретшіден де өтіп, тура жолдан тайдыруы мүмкін, өйткені зұлымдық мақсатта жəне саналы түрде шындыққа ұқсатып қиялдағы əңгімелерді ойлап шығарады, өнер адамдары бұлай жасамайды. Философияның поэзияға қажеттілігі секілді, риторикаға да философия қажет, риториканың орнын «шынайы саясат» (ол философияға сəйкес келеді) баса алады. «Горгияда» келтірілген риторикаға деген мұндай ащы сын «Федрде» кішкене жұмсартылады, онда дискурс өнерінің, яғни риториканың құқықтары мойындалады, алайда егер риторика шындыққа қызмет етсе ғана. Шындыққа барар жол заттарды, адам жанын, диалектиканы тану арқылы ғана мүмкін болады. 

Виктор Пивоваров. Отбасы

Эротика абсолютке апаратын, логикаға қайшы жол ретінде 

Əдемілік тақырыбы Платонда өнер тақырыбымен байланысты қарастырылмаған. Көзге көрінетін заттарға еліктеу ретінде танылатын өнер əдеміліктің кереметтігін ашып көрсетпейді. Эрос жəне махаббат тақырыптары сезімдік болмысты сезімнен тыс болмыспен байланыстыратын көпірді, медиумды талқылаған кезде анық болады. Эрос сұлулықтың барлық сатыларынан өтіп өзіңдегі Сұлулыққа, метаэмпирикалық мəнге алып келетін күш. Кез келген грек Əдемілікті Игіліксіз елестете алмайды, ал Эрос Игілікке апаратын күш, эротика – қосымша есіктер, ол – Абсолютке барар логикаға қайшы жол. 

Махаббат аналитикасы – Платон жазған шығармашалардың ішіндегі əсерлісі болып табылады. Махаббат ол жəй əдемілік, игілік емес, ол – əдемілік пен игілікке деген құштарлық. Махаббат Құдай емес (Құдайды игі жəне əсем десек те), адам да емес. Махаббат өлмейді дейміз, алайда ол мəңгі де емес. Ол – адам мен Құдайды байланыстыратын пері тəрізді құбылыс. 

Махаббат ол толық мағынадағы философия. София, – даналық, оны толықтай Құдай ғана игерген. Надандық – даналықтан арылғандардың сыбағасы. «Философос» – ол, тура мағынасында, надан да емес, дана да емес, алайда даналыққа ие болмаса да, ол даналыққа деген құштарлықпен өмір сүреді; Осындай құштарлыққа ие бола отырып ол шынайы махаббат оқиғасы секілді мəңгі ұмтылыста жүреді. 

Адамдар айтып жүрген махаббат шынайы Махаббаттың бір бөлігі ғана, оның мəні əсемдікке, игілікке, даналыққа, бақытқа, өмірге жəне Абсолютке деген құштарлықпен түсіндіріледі. Махаббат игіліктің түрлі сатыларына апаратын көп жолдарды біледі, алайда тек шынайы жақсы көрген адам ғана осы жолдарды қалай басып өтіп биік шыңға қалай қол жеткізу керектігін біледі, өйткені ол əдемі нəрсені толықтай, абсолютті түрде көргісі келеді. 

а) «Махаббат баспалдағының» ең төменгі сатысы – бұл тəнге деген махаббат, яғни əсем тəнге қол жеткізіп, одан басқа денені тудыруға деген құштарлық. Осы жерде мəңгі өмір сүруге деген құштарлық жатыр, өйткені «өлі ұрыққа жан бітіру, туу – бұл мəңгілік жəне ажалсыздық». 

б) Одан кейін тəнмен емес, жанмен сүю сатысы келеді: ол рухани кеңістікте өмір сүріп, өрбитін ұрықтарға ие. Осылардың ішінен біз жанға деген махаббатқа ие, өнер кернеген, əділеттілік пен заңның жақтастарын, таза ғылыммен айналысатындарды кездестіре аламыз. 

в) Ақыр аяғында, баспалдақтың жоғарғы сатысында бізді Абсолютті түрдегі Əсемдік идеясының көз шағылыстырар нұры күтіп тұр. 

«Федр» диалогында Платон махаббатты байланыстырушы күш ретінде терең түсіндіреді, оны еске алу теориясымен байланыстырады. Жан Құдайларға сүйене отырып Гиперуранияны, яғни идеялар əлемін көрді. Кейін қанатынан айырылып, тəнге ие болған соң, ол бəрін ұмытты. Алайда, күш-жігердің арқасында өзін-өзі жеңе отырып жан өткен өмірінде көргендерін есіне түсіреді. Əсемдік идеясының ерекшелігі сол, ол туралы еске алудың өзі «өте керемет жəне тəтті ойларға жетелейді». Мінсіз Əсемдіктің жанды денеде сəуле шашуы тəнді жалындатып, оған қанат береді, өзіне тиесілі болмаған орында қалу үшін таусылмас жігер сыйлайды. Эростың міндеті – сезімнен тыс болмысқа құмар жанға көкке ұшатын қанат бітіру. Платондағы махаббат – Абсолютті сағыныш, Құдайлар арасындағы бастапқы тұрмысқа қайта алып келетін, метаэмпирикалылыққа шектен тыс тартатын күш.

Дж. Реале және Д. Антисери 

"Батыс философиясы: бастауынан бүгінге дейін"

Қазақ тіліне аударған: филос. ғ. д. Т. Х. Ғабитов


Оқи отырыңыздар:

«Жазылған» жəне «жазылмаған» теориялар

«Жазылған» жəне «жазылмаған» теориялар II

Таным, диалектика, риторика, өнер жəне эротика

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...