Міржақып Дулатұлы Зайсан уезінде

ТАНЫМ
3373

Мақала В.З. Галиевтің "Ұлтты оятқан кітабынан" алынды.

Мiржақып Дулатұлының революция мен Азамат соғысы жылдарындағы қоғамдық қызметiнiң белсендi кезеңi Шығыс Қазақстанда өткенi баршамызға белгiлi. Оның жастық шағы мен қайраткерлiгi осынау өлкемен байланысты болды.

Мiржақып өмiрiнiң зайсандық кезеңiне кеңiрек тоқталу үшiн оның соңғы рет қамауға алынар алдындағы түсiнiктемесiне назар аударған жөн. Ол хаттамада былай деп жазды: “1904 жылы Семей облысының — Қытай шекарасына таяу дерлiк Зайсан уезiндегi ауылдық мектептердiң бiрiне ауыстырылдым, мұнда 1907 жылға дейiн қызмет еттiм”. Әйтсе де М.Дулатұлының өмiрi мен қызметiнiң бұл кезеңiн зерттеушiлер назардан тыс қалдырып келдi. Олардың бәрi революция жылдарына, Азамат соғысына және қуғын-сүргiн кезеңiне ғана баса назар аударумен шектелдi.

Сонымен Мiржақып Дулатұлының Зайсан уезiне тап болуы былай болған едi. Сонау 1894 жылдың өзiнде Торғай облысында ауылдық мектептер ашылды. Осы жылдың 8 қазанында жа­зылған Дала генерал-губернаторы фон-Таубенiң аталған мек­ тептердiң өз мақсатына қаншалықты қол жеткiзе алатыны жөнiнде егжей-тегжейлi хабардар етудi сұраған хаты бiздiң назарымызды аударды.

Мұндай мектептер Ақмола және Семей облыстарында да ашылды. Бұл Абайдың қасында болып, онымен әңгiмелескiсi келген Мiржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсыновтың тiлек-қалауымен сәйкес келдi. Семей Қостанай емес, онда қазақтың байырғы салт-дәстүрi сақталған, ол қазақтың қоғамдық өмiрiнiң қайнаған ортасы. Және бұл — арғындардың да орталығы.

Мiржақып Дулатұлы өмiрiнiң зайсандық кезеңi анықтай түсудi қажет етедi. Оның сот iсiнде жұмысқа кiрiскен күнi мен айы және қашан жұмыстан босатылғаны көрсетiлмеген. Бұл түсiнiктi де: уақыт мұғалiмдердiң демалысына тұспа-тұс келедi. 1904 жылы жаз кезiнде ол Торғайдан аттанып кеткен және Зайсан уезiнiң ауылдық мектептерiнiң бiрiне жұмысқа орналасқан. Бұл тұста мынаған мән беру керек: жаңа орында жұмысқа орналасуы қызмет орнын ауыстыруға байланысты ресiмделiнген. Бұл Омбыда немесе Семейде ресiмделуi мүмкiн. Мәселе мынада: ол кезде Дала өлкесi бойынша мұғалiмдердiң­ құжатын ресiмдеу, қызметке тағайындау және жұмыстан босату кеңсесi Томскiде орналасқан Батыс Сiбiр оқу округi арқылы жүзеге асатын едi. Ол жаққа ешкiм ат ары­тып бармайтын, бәрi Омбыда рәсiмделетiн. Сол кезде М.Дулатұлына Торғай-Атбасар-Көкшетау және Петропавл бағыты бойынша жол жүруi керек. Дегенмен мұндай ұзақ әрi қымбатқа түсетiн сапардың қажетi болмады. 1904 жылы Семей облысы мектептерiнiң­ инспекторы лауазымы бекiтiлдi. Бұл қызметке Зобнин тағайындалды. Оқиға қисыны бойынша ол мұғалiмдердi жұмысқа ресiмдеумен айналысты. 1904 жылы маусымның соңына таман бәрi ойдағыдай­ шешiлiп, Семейден телеграф арқылы жауап алынды.

Бұған қабат Семейден басқа бiр хабар жеттi — Абай дүниеден өтiптi. 23 мамыр күнi болған оқиға көпшiлiктi күйзелтiп кеттi. Әйтсе де жолсапар мәселесi шешiлдi. Мiржақып Абайдың асын Абай ауылында өткiзгiсi келген-дi. Ол үшiн бұл аса маңызды болды. Ендi Мiржақыптың жоспары бiраз өзгердi. Ас беру үшiншi тамызға белгiлендi.

1904 жылы шiлде-тамызда Қостанай Педагогика сыныбының бiр топ түлегi Ақмола және Семей облыстарының мектептерiнде жұмыс iстеуге жолдама алды. Солардың iшiнде Байтiлесов Көшiмбай Омбы уезiнiң Тiлепалған мектебiне, Нұрпейiсов Петропавл уезiнiң Көктерек мектебiне, Хасен Сәрсенов Көк­­шетау уезiнiң Қаратал мектебiне, Жұмақас Дүйсебаев Қарқаралы уезiнiң Дегелең мектебiне, Кәрмен Дәулетов Көкшетау уезiнiң Қаратал мектебiне, Ташмұхаммед Нысанбаев Тiлепалған мектебiне жұмысқа жiберiлдi. Бұл тiзiмде Семей гимназиясының алты сыныбын тамамдаған Уәлиханов та бар едi. Ол Семей уезiнiң Қазымбаев мектебiне тағайындалған болатын.

1904 жылы 1 шiлдеде Мiржақып Дулатұлы да Зайсан уезiнiң Жарлы ауылына жолдама алды. Мынау Батыс Сiбiр оқу округi басшысының ведомстволық басылымында жарық көрген бұйрығы: Ақмола облысы бойынша жұмыстан босатылғандар: Омбы жекеменшік еврей училищесінің мұғалімі Елена Кесслер 15 наурыздан бастап, өтініш бойынша; Атбасар уезінің Самар ауылдық училищесінің заң мұғалімі Дмитриевский — 1 нау­рыздан, басқа жерге ауысуына байланысты; Тілепалған ауылдық мектебінің мұғалімі Ташмұхаммед Нысанбаев — 1 шілдеден; Ақмола уезі, Новочеркасск ауылдық училищесінің мұ­ғалімі Николай Лиханов — 1 шілдеден; Ақмола уезі, Никольс­кий ауылдық мектебінің мұғалімі Зинаида Лепехина — 1 шілдеден; Ақмола уезі Черниковский ауылдық училищесінің мұғалімі­ Антон Герасимов — 1 тамыздан, өтініш бойынша; Көкшетау уезі, Қаратал ауылдық мектебінің мұғалімі Кәрмен Дәулетеев — 1 тамыздан. Семей облысы бойынша: Семей бес сыныптық және үш сыныптық қалалық мектебінің гимнастика пәні мұғалімі поручик Рутилевский — 1 наурыздан бастап, Шығыс Сібірге ауысуына байланысты; Қазымбаев ауылдық мектебінің мұғалімі Павел Кривоногов — 1 мамырдан; Өскемен әйелдер приход училищесінің мұғалімі Вера Доброхотова — 18 ма­мырдан, денсаулығына байланысты; Зайсан уезі, Жарлы ауылдық­ мектебінің мұғалімі Иван Губкин 1 маусымнан бастап қызметтен босатылсын.

Мұнда бiрнеше маңызды мәлiмет қы­лаң бередi: М.Дулатұлының Зайсан уезiнде жұмысқа кiрiсер алдындағы айы, күнi, жылы және оның мектебiнiң қалай аталатыны,­ жұмыс шенiнде өзiнен бұрынғы iзашарының ататегi. Бұның өзi аз емес.

Мәселе мынада: Дулатұлының өзi тергеу кезiндегi жауабында адамдарды да, қай ауыл екенiн де көрсетпейдi: ол ОГПУ — отпен ойнағандық екенiн түсiндi. Өйткенi олардың әрбiр көрсетiлген жұмыс орнын тексеруi, аты аталған адамның әрқайсысын тергеуi мүмкiн едi. Мiржақып тұтқынға алынар алдында бүкiл газеттен Шахтинск iсi жөнiндегi хабарларды және тарихшы Платонов жөнiндегi мәлiметтердi оқыған едi. Сондықтан Дулатұлының куәлiк етуiнде ешқандай артық-ауыс мәлiметтер болған жоқ. Сақтық таныту қажет едi. Әсiресе тергеу жағдайлары мен үкiм шығаруда. Алайда үрейге бой алдырудың да жөнi жоқ едi. Кеңес өкiметi Алаш қозғалысына қатысушыларға 1919 және 1921 жылдары екi рет рақымшылық жасау жөнiнде жария еткен едi. Ақ-қарасын айырған болады, мәлiметтер жинайды, көзбе-көз беттестiредi, сонымен iс тамам.

Мiржақып Дулатұлының өзiнiң 1904 жылдан бастап Зайсан уезiнде жұмыс iстеген жерiн көрсетуi менi iзденiске бастады. Қазақстанның осы бiр түкпiрiн сырттай бiлушi едiм — мұнда жер аударылғандар болды, патша өкiметiнiң пiкiрi бойынша саяси сенiмсiз, құпия бақылаудағылар жұмыс iстедi.

Зайсан деген жер атына байланысты 1859-1861 жылдары Ресейде болған революциялық оқиғаның қатысушысы Е.П.Михаэлистiң есiмi ерiксiз еске түседi. Ол Семейге жер ауда­рыл­ғаннан кейiн бiраз уақыт Зайсанда пристав және судья болып жұмыс iстедi. Мiржақып Дулатұлы Зайсанда үш рет болған кезiнде ол жөнiнде естiп-бiлiп, онымен кездеспеуi мүмкiн емес едi.

Қазақстандағы орыс қоғамдық қозғалысы қатысушыларының қазақ ағартушысы әрi ақыны Абай Құнанбаевпен идеялық және жеке байланысының жарқын да сенiмдi факторы Е.П.Михаэлистiң­ қайраткерлiгi болып табылады. Ол революционерлер­ отбасынан шыққан. Ресейдiң революциялық қозғалысының тарихына Н.Г.Чернышевскийдi азаматтық жазалау кезiнде сот үкiмi шығарылған адамға гүл шоғын лақтырған Е.П.Михаэлистiң қарындасы Маша Михаэлистiң батыл әрекетi едi.

Евгений Михаэлис алғашында гимназияда оқыды, кейiннен Петербург университетi физика-математика факультетiнiң жаратылыстану бөлiмiне қабылданды. 1861 жылы ол үшiншi курста болды. Евгений Н.Г.Чернышевскиймен жиi жолығысып жүрдi, ол студенттер үйiрмесiне қатысумен бiрге, өзгелер сияқ­ты қозғалыс басшыларының бiрi болды. 1861 жылы күзде Петербургте студенттiк толқулар басталды. Студенттер бiрнеше жиын және шеру өткiздi. Шерулердiң бiрiнде Щелгуновтың “Жас ұрпаққа” үндеу қағазын таратушы Е.П.Михаэлис болды.

3-бөлiмде жауап алу кезiнде студенттер өздерiн лайықты ұстады, айыптауларға тойтарыс берiп отырды, барлығының дәлел-уәждерi бiр жерден шықты. Олар сотсыз-ақ әкiмшiлiк жер аударуға жiберiлдi. Е.Михаэлис Петрозаводскiге тап болды, кейiн Пудожа уездiк қаласына, ал 1863 жылы Тобыл губерниясының Тару қаласына ауыстырылды. Көп ұзамай 3-бөлiм беймаза студенттi Березовск округiнде жасырып ұстайтын болды. 1867 жылы өзiн ығыр еткен аңдудан жасырыну үшiн Е.П.Михаэлис Iле Алатауы өлкесiне сұранады.

Ол 1869 жылы Семейге келiп, қарашада облыстық басқармада iс жүргiзушiнiң көмекшiсi қызметiне қабылданады. Е.П.Михаэлистiң қызметтiк мәлiметтер құжатында былай делiнген:­ “1870 жылы билер съезiне қатысты және Семей — Қарқаралы пошта жолын тексердi. 1871 жылы 7 мамырда таскөмiрдi барлау үшiн Зайсан приставы мекемесiне iссапарға жiберiлдi... Досымбековтiң өлiмi жөнiнде бұрынғы уездiк судьяның iс-әрекетi мен қателiктерiн тексеру үшiн Күшiк-Тобықты болысына тергеу жұмыстарын жүргiзуге жiберiлдi.

Осы жылы сауда-саттық пен кәсiпшiлiктi бақылау бойынша облыс қалаларын аралап шықты және айрықша тапсырмалар жөнiндегi аға шенеунiктiң мiндетiн атқарушы болып тағайын­ далды”.

Зерттеушi Е.П.Михаэлис 70-жылдары Семей облысын та­биғи-географиялық тұрғыдан зерттедi. Қазақ Д.Меңдiбаев оны Қара Ертiстiң режiмi жөнiнде хабардар еттi. Е.П.Михаэлис Зайсан пристав мекемесiнде әктас iздестiрудi қолға алды. Ол былай деп жазды: “Шүбәсiз кен орындарын ашқан адамға марапат тағайындап және бұған тiлек бiлдiргендердiң бәрiне тұз қышқылы бар құтыларды алдын ала таратып берiп, Зайсан маңайындағы­ әктасты iздестiре берген дұрыс болар едi; бұл жағдайда қырғыздар, жалпы, қаратау жыныстарын айыра бiлу iсiнде аса мұқият, не қажеттiнiң бәрiн табады.”

Е.П.Михаэлис өз зерттеулерiнiң нәтижесi бойынша бiрнеше ғылыми мақалалар жариялады. Ол 1879 жылы полицейлiк жария қадағалаудан босанып, статистикалық комитеттiң хат­шысы болып тағайындалады, Ертiстiң ағысын зерттейдi. 1880 жылы Ертiстi зерттеудi қайта қолға алды. 1881-1882 жылдары уездiк судья және Зайсан приставының мiндеттерiн уақытша атқарды. 1882 жылдың 8 қарашасынан бастап облыстық басқармадағы қызметiнен мүлдем қол үзiп, акциздiк ведомствоға бiржола ауысады. Е.П.Михаэлистiң ғылыми мақалаларының тiзiмi оның Зайсан қазаншұңқыры мен төңiрегiнiң зерделi табиғат зерттеушiсi екенiн көрсетедi.

Е.Михаэлистiң өмiрiндегi жарқын да тамаша беттерiнiң бiрi — оның қазақтың ұлы ақын-ағартушысы Абай Құнанбаевпен достығы. 1893 жылы Абай Өскеменде Михаэлистiң үйiнде бiрер күн қонақта болды. Олардың достығы Абай қайтыс болғанға дейiн, 20 жылға созылды.

Саяси жер аударылғандардың Қазақстанда өмiр сүруi өл­ке­дегi қоғамдық өмiрдiң өркен жаюына ықпалын тигiздi. Саяси­ жер аударылғандардың айрықша көрнектi өкiлдерi: медицина немесе мұғалiмдiк жұмыс, қоғамдық өмiр секiлдi қайраткерлiктiң­ барлық түрiнде өздерiн көрсеттi.

80-жылдардың екiншi жартысында Зайсанда саяси жер аударылғандар және саяси сенiмсiз адамдар пайда болды. Бұ­лар халықшылдар және бiлiм алған қазақтар едi. 1887 жылы Зайсан приставы И.Нарбут губернатордан “қырғыздарға зиянды ықпал” етуi себептi телеграфист Досмұхамед Кемеңгеровтi қаладан­ аластауды сұрады. Осы жылдың ақпан айында Д.Кемеңгеров Барнаулға жұмысқа ауыстырылды.

1889 жылы 6 шiлдеде Семей облысының әскери губернаторы Дала генерал-губернаторының лауазымын атқарушыға былай деп жазды: “1887 ж. 24 желтоқсандағы өлкенiң бас бастығының №116-ұсынысымен Семейге саяси әкiм­шiлiк-жер аударылушы Николай Коншин Зайсан постына орналастыруға апара жатқан жолда түрме полициясына бағынбағаны­ үшiн Павлодар түрмесiне қамауға алынды”.

Коншин қамау мерзiмi бiткеннен кейiн Зайсанға жөнелтiлдi. 22 мамырда Семейге келген Коншин өзiнiң ауру екенiн мәлiмдеп, одан арғы жол жүру мүмкiндiгiн анықтау үшiн куәландыру жөнiнде сұрады. 2 маусымда ол Полиция басқармасының жанындағы медициналық куәландырудан өттi; қалалық дә­рiгер Гизлердiң куәландыруы бойынша, Коншин тыныс жол­дарының талаурап ауруынан азап шегедi және жүрек ақауы бар Коншин үшiн ұзақ жолмен қоныс аудару алдағы уақытта денсаулығын жеткiлiктi түзетуiне керi әсерiн тигiзуi мүмкiн. Алайда губернатор өз дегенiнен қайтпай, қасарысып тұрып алды: “Коншиннiң сырқаты созылмалы екенiн және жол қозғалыстарына толық тыйым салу дәрiгермен келiсiлмегенiн, яғни уақытша екенiн ескере келiп, мен Коншиндi Семей қаласында қалдырудан бас тартып, полицмейстерге оны дереу­ Зайсанға жөнелтуге ұсыныс жасадым. Жергiлiктi емдеу мекемесiне жайғастырылған Коншин өзiнiң ауру екенiн, доңғалақты арбамен жол жүру денсаулығына қатер төндiретiнiн айтып, дәрiгерлер комиссиясының оны куәландырудан қай­та өткiзуiн сұрады. Сол кезде мен Коншиндi куәландырудың­ мақсаты мен маңызын түсiндiре отырып, дәрiгерлер комис­сиясына­ басшылық етудi облыс дәрiгерiнiң құзырына тапсырдым.

Облыстық дәрiгер мен полицмейстер атаған, құрамында үш бiрдей дәрiгерi бар комиссия оларға Коншиннiң осы кездегi Зайсанға жол тартуға жарайтындығы жөнiнде мен қойған мәселенi ескере отырып, Коншиннiң алдағы Зайсан постындағы жайлы өмiрiне қатысты куәландыру жүргiзудi өз мойнына алды. Куәгерлiктiң толық еместiгiне байланысты мен облыс дәрiгерiне Коншиннің қай жерде өмiр сүруi қолайлы екенiне қатысты мәселенi орап өтiп, оны қазiр Зайсанға жөнелту жөнiндегi өз пiкiрiн бiлдiрудi ұсындым”.

Әйтсе де 1889 жылы 9 шiлдеде Семей полицмейстерi әскери губернаторға былай деп хабарлады: “Саяси әкiмшiлiк-жер аударылушы Николай Коншин сол күнi этаптық тәртiппен Зайсан қаласына жөнелтiлдi, бұл жөнiнде Зайсан уезiнiң бастығына және Өскемен полицмейстерiне хабарланды.”

1889 жылы тамызда Зайсанның уезд бастығы мынадай құпия хабар жеткiздi: “Зайсан постындағы жария бақылауға алынған байырғы дворян, әкiмшiлiк-жер аударылушы Николай Яковлевич Коншин маған қандай да бiр қолөнер кәсiбiнен бейхабар және күнкөрiске қажеттi қаржы табу мүмкiндiгiнiң жоқ екенi жөнiнде ауызша өтiнiш айтып, өзiн-өзi асыраудың бiрден-бiр амалы ретiнде дәрiс берудi сұрады. Полковник Хотинский”.

90-жылдардың соңында Зайсан уезiнде Н.Щербин экспедициясының жеке партиясы ресейлiк қоныс аударушылар үшiн жердiң статистикалық сипаттамасын жасау және оларға берiлетiн жер телiмдерiн анықтау бағытында жұмыс iстедi. Бұл партияда полицияның құпия бақылауындағы Райымжан Марсеков жұмыс iстедi.

1899 жылы 2 қыркүйек. Өскеменнiң уезд бастығы Семей облысының әскери губернаторына: “Рапорт. 19 маусым №90-бұйрықты орындауға байланысты Сiздiң Жоғары мәртебеңiзге мына хабарды жеткiземiн. Полицияның құпия бақылауындағы бұрынғы С.-Петербург университетiнiң студентi Райымжан Марсеков осы жылғы мамырдың 14-i күнi Петербургтен Айыртау болысына келген, содан соң тамыздың 28-i күнi хат түрiнде хабардар етпестен Шарынға, Семей қаласына келген, ондағы ойы — сол жерден Санкт-Петербургке аттанып, өзiн қайтадан студенттiкке қабылдау жөнiнде өтiнiш жазғысы келген сы­ңайлы, маған бұл жөнiнде Айыртау болыстығының бастығы 28 тамыздағы­ №719-рапорты арқылы жеткiздi”.

Уезде қазақ шаруашылығын тексеру жөнiндегi Щербиндер экспедициясының жұмысына адамдардың үлкен тобы көмектестi. Экспедицияға қатысушылар құрамында жасырын бақылаудағы немесе саяси жер аударылғандармен байланыстағы көптеген адамдар болғаны белгiлi. Солардың арасында үздiк мамандардың­ бiрi Т.Седельников те бар. Бiрақ ол қызмет­тестерiмен дөрекi сөйлесiп, өзiн көргенсiз адам ретiнде көрсеттi. Зайсан етегiндегi таулы жерде геодезиялық аспабы — теодолитiн жоғалтып алды. Оның құны 300 сом болатын. Жоғалған аспапты Петербургтiң рұқсатымен шығын есебiнде жазды. 1903 жылы қызметiнен босатылды. Тап осы жерде Жетiсуда болашақ зерттеушi С.Н.Велецкий жұмыс iстедi. Онымен Отыншы Әлжанов, Көлбай Тоғысов, Қыстаубай Манғожин, Өмiрбек Жамұнов, Әубәкiр Қарманов, Бәзiкент Өскенбаев, Баязит Сәтбаев, Ахмет Тышқанбаев, И.Тарабаев, Қара Ертiстiң арғы жағында дәрiгер болып iстеген Әмiре Айтбақин сынды қазақ зиялылары қарым-қатынас жасасып тұрды.

Қалада полиция рұқсатынсыз алыс-жақын жерлерге баруға құқығы жоқ жер аударылғандардың­ тұтастай бiр колониясы орналасқан едi. Олар аптасына екi рет полицияда белгiленуге мiндеттi болатын. 1902 жылы Петербург университетiнiң студентi Сергей Алексеев Зайсанға үш жылға жер аударылды. Ол “Жұмысшыларды азат ету жолындағы Петербург одағы күресiнiң”­ қатысушысы болды. Жер аударылуының себебi — Петербургте шеру ұйымдастырғаны үшiн. Осы iс бойынша оның жолдастары — А.Ф.Александров, М.Т.Григорьев Өскеменге, А.Я.Ветров Қарқаралыға, Н.П.Воскресенский Павлодарға, Е.С.Шехтер Ақмолаға жер аударылды.

Революцияға дейiнгi Қазақстанның зиялы қауымының тағы бiр өкiлi — 1863 жылы туған Ноғайбай Сәрсенбайұлы Жетпiсбаев едi. Еуропалық бiлiмнiң маңызын түсiнген әкесi жас баласын Омбы әскери гимназиясына бердi. Н.Жетпiсбаев 1879 жылы гимназияны тамамдап, 4-Батыс Сiбiр батальонына подпрапорщик шенiмен келдi.

Алайда ол әскери қызметте қалдырылмай, бiлiмiн әрi қарай жалғастыру үшiн Қазан қаласындағы жаяу әскер-юнкерлер училищесiне жолдама алды да, мұны 1881 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. Сөйтiп, 4-Батыс Сiбiр батальонына қайтадан келiп, онда екi жыл подпоручик шенiнде қызмет iстедi. Бұл кезеңдi ол: “1882-1883 жылдары Зайсан шекара бекетiнен 60 шақырымдай қашықтықта орналасқан Кааб шатқалындағы Зайсан гарнизонында қызмет еткен кезiмде, мен бiздiң Қытай­ мен шекара бойындағы мерзiмi жетiп iстен шыққан және осы маңда көшiп-қонып жүретiн керей, торғауыт, жағанкепек руларының адамдары қиратып бүлдiрген шекара белгiлерiн тексеретiнмiн” деп еске алады. Бұл тұста жас жiгiттiң көне жәдiгерлiктерге деген қызығушылығы арта түстi, осында ол алғаш рет әрiден келе жатқан көне аңыздар мен қызықты әңгiмелердi жинауға берiле кiрiстi. 1883 жылы Жетпiсбаев әскери қызметiн жалғастыру үшiн Семейдегi резервтегi жаяу әскер батальонына ауыстырылып, ұзақ жылдар бойы Семей және Жетiсу облыстарында қызмет еттi. 1899-1900 жылдары Ресей-Қытай шекарасының Тарбағатайдағы бөлiгiнде шекара белгiлерiн тексеру және қалпына келтiру бойынша жұмыс iстедi. Осы кезде 1900 жылы Әндiжан көтерiлiсiне iш тартқандығы үшiн тергеуге алынды. Мiржақып Дулатұлы бұл адам туралы естiп қана қоймай, онымен кездескен де болуы мүмкiн.

Н.С.Жетпiсбаевтың саяси көзқарасының қалыптасуына Қазан мен Семейдегi қоғамдық өмiрдiң жай-күйi өз ықпалын тигiздi. Полиция департаментiнде оның үстiнен iс қозғалды.

Мiржақып Дулатұлының Зайсан уезiндегi жұмыс орнын нақтылап анықтауда тек қана мұрағаттық материалдарға және сирек кездесетiн ведомстволық басылымдарға арқа сүйеуге болатын-ды.

Дала өлкесiндегi мұғалiм-халықшылдардың iздеу жұмыстарымен танысу үшiн ведомстволық басылымдарға көңiл аударуға тура келдi. Томскiде шығып тұрған “Батыс Сiбiр округi бойын­ша­ оқу циркулярында” Дала өлкесi бойынша қызметке тағайындаулар,­ жұмыстан босату және мұғалiмдер демалысы жөнiнде көптеген құжаттар көрсетiлген. Ресей Ұлттық кiтапханасында осы журналдың 1904 жылғы сандарын қарап шы­ғудың сәтi түстi. Алғашқы сандарына көз жүгiрткеннен-ақ оның жазғы басылымдарын мұқият тексерiп қарау керек екенi­ белгiлi болды. Үмiт ақталды. Бәрi дұрыс — Зайсан уезi, ал мектептiң аты — Жарма әлде Жарлы екенiне қиналмай-ақ көз жеткiзуге болады. Әйтсе де жарма сөзiнiң мағынасы маған күңгiрттеу көрiндi. Бұл жерде әрiптен қате кетуi де әбден мүмкiн. Сондықтан мұны картаға қарап анықтаған жөн. Алдын ала тон пiшуге болмайды. Бұған менiң өзiмнiң де талай мәрте көзiм жеткен. Дегенмен бұл жолы бәрi дұрыс болады деген сенiм туды. Тек қажеттi жағрафиялық картаны табу керек.

Шоқан Уәлиханов та кезiнде қазақтардың жолға, сапарға шығуды ұнататыны туралы айтқан болатын. Сiрә, бұл сөз Мiржақып Дулатұлы туралы да айтылса керек.

Дулатұлы мен Греховодов екеуi Торғай-Атбасар-Ақмола-Қарқаралы бағытын төте жолмен жүрiп өттi.

Атбасар-Ақмола күре жолының бойымен 241 шақырымдай ұзақ сапар шектi.

Атбасар-Ақмола күре жолының (пошта жолы) 80 шақырымдайы ғана Атбасар уезi арқылы өтетiн, Есiл өзенiне параллель екi түзу көпiрi болатын. Өзен кейде жолдан 12-15 ша­қырым жерге дейiн тартылып кететiн. Жол-жөнекей Атбасар және Колутон өзендерi, көптеген шағын көлшiктер мен шалшық сулар кездеседi. Күре жол бойында бес шаруа қонысы болды.

Одан әрi Ақмола уезiнiң аумағына қарайтын Колутон ста­ницасы бар. Жолшыбай Ново-Черкасск болысының Тавол­жан елдi мекенi кездестi. Келесi — Шаншар стансысы. Қараоба мен Шаншар стансысының арасында Астраханское, Ново-Черкасск елдi мекендерi орналасқан. Жыланды стансысынан­ өтiп, 18 шақырымдай ылдимен жүрдi. Жыландыдан төрт шақы­рымдай жерде Қарамеңдi стансысы бар.

25-шақырымда Семеновское елдi мекенi (Семеновский болысы). Келе­сi — Бармақ стансысы. Одан әрi Ақмола стан­сысы. Ақмоладан Қарқаралыға дейiн бұрынғы кезде Бабатал,­ Қызылжар, Шортанды, Аюлы, Шiдерлi, Нұрбай, Сиректас, Белағаш, Жосалы, Жұмаршал, Қыпшақ деп аталатын он пикет-стансы болыпты.

Ақмоладан Қарқаралы уезiнiң шекарасына дейiнгi жол мына бағыттар бойынша өттi: Ақмола — Александровск (25 шақырым), Байтен Тупақов зираты (15 шақырым), Есiл өзенiне 15-шақырымда салынған жаяу өткелден су жайылған кезде өту мүмкiн емес. Паром қажет болады. Жалғызағаш шатқалындағы Тураловская стансысы (40 шақырым), Чунжыгуль өзенiнiң 25-шақырымында, Тереңөзек өзенiнiң 32-шақырымында, Тасөзен өзенiнiң 36-шақырымында осылай болады. Жазда бұл өзендер тартылады. Көпiр керек. Жалғызағаш шатқалында қоныс аударушылар тұрады, онда 10-нан 15-ке дейiнгi қыстауларда 70-80 адам қазақтар бар.

Тамыздың ортасында Мiржақып Дулатұлы Зайсанда бол­ды. Қалада үш сыныптық училище жұмыс iстейдi. Ол 1899 жылдың басында екi жылдықтың орнына ашылған. Мiржақып училище директорына жолықты, оның басқаруында үш бiрдей ауылдық мектеп бар болатын. Мұғалiм-инспектор болып Иван Иванович Куминов жұмыс iстедi. Ол уездегi ауыл мектептерiне Халық ағарту министрлiгi тарапынан бақылау жүргiздi. Ал басқа мектептер бақылаудан тыс болды. Қалалық училищеде Артемий Анисимович Шевелев және Иван Корнилович Жилин деген мұғалiмдер жұмыс iстедi. Олардың бәрi де мемлекеттiк қызметкерлер болып саналды. А.А.Шевелевтiң өз үйi болды, ал И.К. Жилин пәтерде тұрды. И.И.Куминов та пәтер жалдап тұрды. Халық ағарту министрлiгi тарапынан училище оқытушыларына жалақы ретiнде жылына 1917 сом (рубль), оқу құралдары­ мен шаруашылық қажеттерiне қосымша 630 сом 75 тиын (копеек) бөлiндi.

1903 жылдың күзiнде қалалық училищеде училищелер инспекторы А.Алекторов болды. Ол өзiнiң берген есебiнде былай деп жазды: “30 қыркүйекте Зайсан қалалық үш сыныптық училище тексерiлдi. Курстың барлық пәндерi бойынша әсiресе орыс тiлiнен жетiстiктер айтарлықтай емес. Зайсан училищесi оқушылар үлгерiмi бойынша Ақмола және Семей облыстарындағы қалалық училищелердiң бәрiнен де төмен тұр. Үш сыныптық ересектер бөлiмiнiң оқушылары “мыловаренные, кожевенные заводы”, “просительный”, “произрастают”, “ме­ щане подчиняются”, “киргизы, живущие”, “Зайсанское го­ родское училище”, “четыре заведения”, “Зайсан находится у подошвы горы”, “в городе есть чайная, библиотека”, т.б. деп мүлде сауатсыз жазды. Жазу үлгiсi қанағаттанарлықсыз. Оқу орнын маған бағынышты қалалық училищелердегi орта­ ша үлгерiммен бiр деңгейге көтеру үшiн қалтқысыз кө­мек, жұмылған­ күшпен жұмыс iстеу керек. Орыс тiлiн Шеве­ лев жүргiзедi; мұғалiм қызметiнiң ең болмағанда кейбiр талаптарынан­ шығу үшiн оның өз бiлiмi мен қабiлетiн әлi де көп жетiлдiруiне тура келедi. Заң мұғалiмi священник Протопопов­ сабақтың 60%-ынан көбiн өткiзбеген, мiне, сондықтан да оқушылардың Құдай заңы жөнiндегi үлгерiмi қанағаттанғысыз­. Зайсан училищесiнiң оқытушылары өзде­ рiнiң мұғалiмдiк атақтарына сын көтермейтiн деңгейде, өте жауапсыздықпен қараған. Училищедегi нашар жағдай үшiн мұғалiм-инспектор Домоховскийге сөгiс берiлдi. Мұғалiм Ше­ велевке әрбiр сабаққа мiндеттi түрде дайындалып, конспект жасау ұсынылып, онсыз бұдан әрi қалалық училищеде жұмыс iстеуi мүмкiн емес екенi ескертiлдi.

1903 жылдың 22 желтоқсанындағы №2884-қосымшамен, халық училищелерi инспекторына Зайсан қалалық училищесiне қатысты айтылған барлық ескертулер көрсетiлiп, бұл оқу орнына барынша жиi тексеру жүргiзу ұсынылды. Жаңадан тағайындалған мұғалiм-инспектор Куминов қазiргi уақытта училищенi тиiстi деңгейге көтеру үшiн мұғалiмдер Жилин мен Шевелевке табанды көмек көрсете отырып, барлық шараларды қолдануда”.

Мұның бәрi осылай. Бұл мәлiметтер түгелiмен кiтапханалар мен мұрағаттардан­ табылды. Бiрақ Мiржақып Дулатұлы туралы материалдар жинау барысында Жарлы деп аталатын ауыл туралы деректер кездеспедi. Щербин экспедициясының карталарында ондай ауыл болған жоқ. Осы заманғы бес шақырымдық және екi шақырымдық карталарды қарауға тура келдi. Бiрақ ешқайсысынан да iздегенiмiз ұшыраспады. Карталарда мұндай атау жоқ болып шықты. Ол кездiң құжат жазушылары шатасқан жағдайда, Жарлы мен Жарма дегенiмiз бiр ғана ауыл болуы да ғажап емес. Сондықтан жiптiң ұшын жергiлiктi жерден iздеген жөн. Зайсанға барып, сол өлкенiң, қалалар мен ауылдардың ауасын жұтқаннан кейiн, бiз iздеген елдi мекеннiң атауы өзiнен-өзi шыға келуi әбден мүмкiн. Мектептiң атауы да онымен байланысты екенi сөзсiз. Жұмбақ шешiп, жорамал жасаудың қажетi жоқ. Зайсанға жетiп, аудан орталығындағы­ кез келген базар мен кеңсеге бас сұғып сұра­саңыз, мұны сiзге бәрi де айтып бередi.

Мiржақыптың iзiмен Зайсан қазаншұңқырына баруға бел будым. Пойыз iлгерi қарай зулап барады. Жаңа бекеттерден вагонға кiрген жолаушылардан: “Бұл қай жер?” — деп сұ­раймын.

Жайлап жауап бередi:

— Жарма.

“Менiң iздегенiм осы жер шығар?” деген ой бiрден санама сап еттi. Пойыз ендi Абайдың туған жерiнде кетiп барады. Иә, бәрi рас, Мiржақып Абайдың туған жерiне жақын маңайда жұмысқа орналасуды қалаған-ды. Оның дәл осы жерде тұрып жұмыс iстеуi әбден мүмкiн-ау. Нелiктен бұл ой маған бұрынырақ келмеген? Вагон iшi күңгiрт тартқан, бәрi ұйқы құшағында. Терезенiң арғы жағын қою қараңғылық басқан. Пойыз табиғаты әсем Арғанаты тауын бөктерлеп, Аягөз өзенiне құятын бұлақтардың үстiмен сырғып бара жатқанын мен бiлген жоқпын.

Әлде таңертең пойыздан түсiп қалып, осы маңнан Жарма немесе Жарлы ауылын iздесем бе екен? Менiң жағдайымда осылай етуге де болады. Өйткенi алған билетiмнiң мерзiмi ендi бiр-бiр жарым сағатта бiтедi. Бiрақ мен Зайсанға жетiп, бәрiн сол жерде шешуге бел будым.

Осы оймен тағы да алдыға жылжыдым. Стансыға жете бере вагонның жарығы жанды, жолсерiк түсiп қалатындарды оятып жүр. Мен дайын тұр едiм. Үстiмнен жылы жейдемдi шешiп, жеңсiздiң сыртынан кеудешемдi кидiм. Төсқалтасына әлдебiр қағаз салынған жылы жейдемдi жол сөмкеме салып, шығуға дайындалдым. Пойыздан таң бозара түстiм. Георгиевкаға жеткеннен соң, әрi қарай жолшыбай кездескен көлiкке отырып, тағы да жүз шақырымдай жүрдiм. Жолда Қапанбұлақ, Нарбота аталатын шағын өзендерден өткен соң, Жарма өзенiне дейiн тау қырқалары басталып, одан әрi созыла түседi де, Жарма өзенiнiң жайылмасына жалғасады. Бәлкiм, Мiржақып Дулатұлының тұрған жерi осы шығар? Осында, Абай Құнанбаевтың туған жерiнен онша қашық емес көрiкті дала баурайында оның жұмыс iстеген болуы да мүмкiн. 15-айрық, 16-айрық, Үшбиiк, Ернар артта қалды. Мал шаруашылығына қолайлы, шүйгiн дала өлкесiнен өтiп барамыз. Алда — Қалба жоталары, мал жайылымы үшiн таптырмайтын жазық аңғарлар, Жарма су­ қоймасы, шағын қайыңды тоғайлар...

Мiне, Көкпектiге де келдiк. Жолшыбай кездескен машинамен жүз елу шақырымдай жүрдiм. Қабырғамды босқа қайыстырыппын. Ең бастысы, мұнда революцияға дейiнгi Көкпектiнi ешбiр картасыз-ақ көрiп тұрмын, бұл бұрынғы Зайсан уезiнiң жерi екенiне күмәнiм жоқ.

Көкпектi пикетi Зайсан қаласынан көп бұрын бой көтерген. Тiптi Кенесары Қасымовтың тұсында-ақ бұл пикет болған. Мұнда Көкпектi округтiк приказы (дуаны) болды. 1855-1856 жылдары Семей облысының Көкпектi елдi мекенiнде қалалық басқарма құрылды. Көкпектi қаласының 1867 жылы межеленген жоспары сақталған. Ендi бұл — Көкпектi өзенiнiң екi жағына кең жайыла орналасқан далалық кент.

Мiне, Көкпектi тұрғындарының 1906 жылғы тiзiмi, бұл тiзiм жекеменшiк үйлерi бар, ауқатты адамдардың фамилияларынан тұрады, олар: Құрманғали Ысқақұлы Ысқақов, Хакiмжан Ысқақов, Ғалымжан Қаһарманов, Ибатулла Ахметов, Сыдық Орманов, Измаил Лакишев, Магадий Сәбитов, Сүлеймен Кагарманов, Ғабдулла Хамидуллин, Хасен Ахметов, Ибрагим Чамчиев, Хасен Аппасов, Юсуф Ибрагимов, Мұхамеджан Сүйiндiков, Уәли Мұхамеджанов, Сағадий Халитов, Мұхаммед Ғали Сүлейменов, Фадылжан Хайбулатов, Меңдiбай Ахметов, Мұхаммед Ысқақов, Сүлеймен Ысқақов, Рахматулла Салихов,­ Сүлеймен Шабақов, Абдулмалик Бисаев, Мұхамеджан Салихов, Мұхамеджан Сейфуллин, Шаяхмет Даутов, Ахмед Абдул Лава­шев, Халиулла Насибуллин, мұғалiм Григорий Ванин.

Бұлармен қатар Көкпектiде басқа да үй иелерi тұрған, олар: В.А.Проскуряков, ағайынды Рядинскийлер, Т.Байков, И.И.Иванов, Я.Ахунджанов, Х.Абдуллин, Т.Беспаев, И.Лаишев, С.Абдулкаримов, Х.Искаков, И.Абдулкаримов, М.Абдуллин, С.Кагарманов, М.Шабанов, И.Ахметов, К.Искаков, Н.Абдулхаликов, Н.Ибрагимов, М.Сәбитов, А.Бахтыбаев, А.Габдеев, Х.Алпысов, А.Қазақпаев, Т.Абдулкаримов, С.Мұхаметжан, А.Ғабитов, М.Шагиева, И.Галяцев, С.Халитов, А.Абдуллин, Н.Файзуллин, Х.Ситдыков, К.Меңдiғұлов және басқалар.

1909 жылы Көкпектiде мыналар тұрды: С.С.Абдуллин — 42 жаста, ІІ гильдиялық көпес, саудагер С.В.Абдулкари­мов, Г.Х.Абдулфаизов — 52 жаста, қалалық староста, Д.Ведис­цев, Х.И.Искаков.

Сауда-өнеркәсiп кәсiпорындарының иелерi: бакалея және мануфактуралық тауармен сауда жасаушылар (Көкпектi қал­сы):­ Абдулкаримов Мухаммед-Ғали, Абдулкаримов Са­ фар-Ғали, Абдулкаримов Темiрәлi, Абдуллин Сүлеймен Му­хамедович, Ахунджанов Якуп, Баснаев Тоқтар, Гозин Кәрiмжан Абдулхаликович, Искакова Бибi-Рабиға, Ысқақов Құрманғали, Искаков Хасан, Кожбаев Жүсiп; (Шорға селосы), Лашев Измаил, Салихова Биби-Хадиша Мүлiкова, Чогонбаев Карнобай.

Көкпектi тұрғындарының iшiнде көптеген татар фамилияла­ры кездеседi. Бұл туралы Мiржақып Дулатұлының өзi де жазған. Оның “Бақытсыз Жамал” романында Жамал мен оның сүйген жiгiтi өздерiн аңдыған адамдардан қашып жүрiп, көне қорғанға (дуанға) келiп жасырынатыны­ бар. Бұл жерде жастар татардың қолынан қорғаныш табады. Көкпектi дегенiмiз — осы.

Мен үшiн Көкпектi — талтүс кезiнде шыжыған ыстық. Мұнда кiмдердiң тұрғанына қазiр көз жеткiзу дегенiмiз — уақытты босқа өткiзу болып шығады. Иә, Көкпектi Зайсан емес, асығу керек.

Жол үстiнде аздап тамақтанып алдым да, көпiрден өтiп, автостансыға келдiм. Кассаның терезесi жабық. Билет сатушы бiр жаққа кеткен. Сұрастырып жүрiп түнде бiр автобустың Зайсанда аялдайтынын бiлдiм. Автостансыда түнге дейiн отыруға тура келедi. Ал қазiр — әлi түс әлетi. Ойлануға уақыт бар. Алда тағы да екi жүз шақырымдай жүру керек. Сiрә, жолдың өзi де онша оңып тұрмаған болар, шұңқыр, батпақ, шаңнан көз ашпаспыз. Оңтүстiк Қазақстанның ауылды жерлерiндегi соғыстан кейiнгi жылдардағы жолдың жайын жақсы бiлетiн едiм: автокөлiктiң доңғалақтарына шеге кiрiп немесе арыққа кептелiп болмаса жанармай таусылып, карбюратор iстен шығып, түн iшiнде айдалада қала беретiнбiз. Ертеңгi жағдай да қалай болары белгiсiз.

Бiрақ қайткен күнде де асығу керек. Сондықтан Көкпектiнiң шетiндегi машиналарға май құятын орынға жетiп, машина күтуден басқа амалым қалмады.

Дәл осы жолмен Мiржақып Дулатұлы да Зайсанға барғанын еске аламын. ХХ ғасырдың басында бұдан басқа жол болған жоқ. Мiржақып Көкпектiге Қарқаралыдан,­ Семейден немесе Өскеменнен келуi де мүмкiн, бiрақ қай жағдайда да Көкпектiнi орағытып өте алмайды. Тiптi оның мектебi Жарма стансысында болған күннiң өзiнде де оқу ведомствосы бойынша Зайсандағы үш сыныптық қалалық училищенiң мұғалiм-инспекторы Иван Иванович Куминовқа жолығу үшiн уездiк басқармаға соғуына тура келер едi.

Арада жүз жыл өткеннен кейiн мен де жолшыбай кезiккен автокөлiкпен Зайсанға келiп жеттiм. Айнала — жартылай елсiз жазық дала. Қалба жоталары артта қалған. Жартылай таулы­ алқап өзендерi дерлiктей құрғап қалған шөлейттi далаға ұласты.

М.Дулатұлы жүрiп өткен жолды ойша көз алдыма елестетемiн. Семей — Зайсан пошта жолының ұзындығы — 599 шақырым. Семей — Өскемен жолы Ертiс өзенiн жағалап өтедi. Семейден кейiн Озерный кентi (18 шақырым), Талицкий кентi (24,25 шақы­рым)­ бар. Пошта жолы, одан әрi земский күре жолы Өскемен уезi арқылы өтедi: Үлбi (қыстақ) — 18 шақырым; Барашевский­ (кент) — 25 шақырым; Красноярское (кент) — 20 шақырым; Уваровское (кент) — 21 шақырым; Өскемен­ — 24 шақырым. Семей мен Өскемен арасы — 201 шақырым. Өскеменнен Көкпектiге дейiн пикеттер бар: Ұрунхай (пи­кет) — 29 шақы­рым, Себинский (пикет) — 23 шақырым; Сенташ (пикет) — 24 шақырым; Аганыкатты (пикет) — 25 шақырым; Қаратал (пикет) — 28 шақырым; Көкпектi қаласы — 29 ша­ қырым. Уездiк қаладан Өскемен уезi бойынша қашықтық 159 шақырым болды.

Зайсан уезiнiң бiр кезде Мiржақып жүрiп өткен жерлерiн басып келемiн. Зайсанға баратын жол бiреу ғана — мұнда басқа жол жоқ. Күре жол Зайсан қазаншұңқырына қарай созылып жатыр. Оң жақта — таулар, ал сол жақта көкжиекпен астасып Зайсан көлi жарқырайды. Сөйтiп, тұп-тура екi жүз шақырым Тарбағатай тауынан Зайсан көлiне қарай Қалжыр, Жарма, Теректi, Жеменей, Шорға және басқа дала өзендерi ағып жатыр. Зайсан уезiнде жол Семейден Көкпектiге барып жетiп, одан әрi тағы да бекеттер басталады. Оларда көлiк аттарын ауыстырады, жолаушылар ұзақ жолдан кейiн демалып, түнде ұйқысын қандырады. Көкпектiден шыққаннан кейiнгi бекеттер: Аралтөбе (23 шақырым), Жосағаш (19 шақырым), Шоған (21 шақырым), Базарка (28 шақырым), Бұрханка (25 шақырым), Чорга-Шорға (15 шақырым), Нора (Еспе) (17 шақырым), Тайжүзген (23 шақырым), Сарыбұлақ (19 шақырым), Қарабұлақ (31 шақырым) және ақыр аяғында Зайсан (17 шақырым). Өскемен—Зайсан жолының жалпы ұзындығы — 238 шақырым.

Тамыздың орта тұсында Мiржақып Дулатұлы Зайсанға келдi.

Қала оған барлық жағынан ұнады.

Көшiр оған қоналқаға аялдауға болатын жердiң бiрнешеуiн атап өттi. Күре жолдан шыққаннан кейiн христиан зиратының жанынан өттi, жаңа базар да бұдан алыс емес екен. Осы жерде тоқтады. Мiржақыптың назары қос жармалы ағаш қақпа мен ат байлайтын кең аулаға түстi. Ауланың түкпiр жағында мал тұратын алаң бар екен, биiк ақырда үйiлiп бiр бума шөп жатыр. Оған таяу жерде шынжырлы үлкен төбет қалғып-мүлгiп жатыр. Үй иесi әйел ашық-жарқын қарсы алды. Аман-сәлем жасасқаннан кейiн:

— Үйдегi төсекте ұйықтайсыз ба, әлде жазғы ашық сәкiде ме? — деп сұрады.

Верандада бiрнеше сәкi бар екен. Мiржақып солардың бiрiне жайғасты.

Ертеңiнде қалалық үш сыныптық училищеде инспектор Иван Иванович Куминов Мiржақыпты қуанышты раймен қарсы алды:

— Келгенiңiз жақсы болды. Мiнеки, бiз кездестiк, — дедi. Жолдың жай-күйi, Семей туралы әңгiмелестi. Мiржақып Абайдың қайтыс болғанына өкiнiш бiлдiрдi. Абай туралы әңгiмеге Куминов те қосылды.

— Оны көп адамдар бiледi. Ал бiздiң Александр Семенович Хохлов онымен өте жақсы таныс болған. Олар жиырма жылдан берi статистикалық комитеттiң есебiнде тұрады. Сондағы отырыстарда жиi кездесетiн.

Куминовтiң пәтерiнде жайылған шағын дастарқан басында Мiржақып өзi үшiн маңызды жағдайға қанықты:

— Қазiр барлық ауылдар Қара Ертiстiң арғы жағында, жайлауда отыр. Бұл — Марқакөл көлiнiң жағасы. Асықпа. Бiр аптадай өзiң iстейтiн мектепте бол, тұратын үй тауып ал. Одан соң Зайсанға келуiңе болады. Бiздiң училищедегi сабақтарға қатысасыз. Ал сiздiң мектептегi сабақтар қыркүйектiң соңында, ауылдар қыстауға түскен кезде басталады.

Осылай болды да. Мiржақып Зайсанда бiр аптадай болды. Оны уезд бастығына таныстырды. Үздiксiз ұзақ жолдан кейiн қалада бiраз демалып, көп жайды ой елегiнен өткiзуге мүмкiндiк туды.

Зайсан — орталық бөлiгiнiң жобалануы мен құрылысы ХХ ғасырдың басында қандай болған болса, сол қалпын сақтап қалған Қазақстандағы бiрден-бiр уездiк қала. Ол жылдары Ақмола, Атбасар, Шымкент, Көкшетау, Әулиеата, Петропавл да уездiк қала болған. Алайда олардың бәрi кейiннен облыс орталықтарына айналып, жобалануы мен құрылымы елеулi өзгерiстерге ұшырады. Көптеген көне үйлер мен ғимараттар жаңа үйлерге орын босатты. Ал Зайсанда бiрнеше үйден басқасының бәрi сақталып қалды. Көптеген көшелер мен алаңдарда өзiңiздi Мiржақып Дулатұлының кезiндегiдей сезiнетiнiңiз­ сөзсiз. Мiне, мына жерлерде уездiк басқарма, ерлер мен әйелдер медресесi, түрме, Жеменей өзенi, қалалық үш сыныптық училищенiң ғимараты,­ күмбезi жоқ әскери собор,­ кiтапхана, туысқандар мен таныс адамдар жиналатын тұрақжай­-сарайлар болған. Мұсылмандардың намаз оқитын мұнаралы үйi де сақталған­. Қазiр онда жаңа мешiт бар. Өзеннiң дәл жағасындағы қала басқармасының­ үйi де сол қалпында тұр.

Қаланың көне бөлiгi Жеменей өзенi мен Сауыр тауына па­раллель, бiркелкi шаршылар түрiнде жобаланған. Жоғарғы жағы­ түгелiмен өзен мен таудың жоғарғы батыс жақ бұрышына iшкерiлей кiрiп кеткен. Көшелердiң аттары да Горная, Училищная, Садовая, Титовая, Базарная, Казначейская, Военная, Лазаретная, Кызылтайская, Сенная деп таулы жердiң ыңғайына қарай аталған. Жеменей өзенiнiң сол жағалауындағы көшеде шөп базары орналасқандықтан, оны Сенная деп атаса керек. Жеменей өзенiнен батысқа қарай сегiз тармақ кетедi — бiрiн­шi — сегiзiншi. Жеменей өзенiнiң жағасында казак стани­цасы, оның төменгi жағында қазақ ауылы, оның өзiнiң мешiтi болған.

1880 жылы Көкпектiден Зайсанға дейiн бекеттер салу жұмысы аяқталды, жолдар, өзендер қиылысында көпiрлер салынды. Зайсан туралы: 1874 жылы саяхатшы М.Венюков: “Зайсан бекетi қатардағы елдi мекен деңгейiне тез көтерiлдi”, — деп жазған едi. Оның сөзiн мен де толық қостаймын. Елдi мекен даладан келгендерге ұнамды әсер қалдырады, әсiресе өзiнiң кең көшелерiмен, арықтарымен және жағалай өсiрiлген әсем ағаштарымен ұнайды. Рас, оның жайпақ шатырлы, кiрпiштен қаланған үйлерi аса тартымды деуге де келмес, бiрақ олар қатты ыстық күндерi жақсы баспана болатын көрiнедi. Сонымен бiрге ағаштан қиып салынған, қоңырауы бар шағын да әсем шiркеулер секiлдi бiрнеше ағаш үйлер де (оның iшiнде приставтың үйi) бар. Негiзiнен, қазақтарға арналған үлкен мектеп үйi де алыстан менмұндалап көрiнедi. Кiшкене ағаш жаппалардан тұратын базардан еуропалық және азиялық тауарлардың көптеген түрлерiн кездестiруге болады.

Офицерлердiң өз клубы бар. Майор Тихоновтың мұқияттылығының арқасында бұл жердiң даңқы қоғамдық жиналыстар өткiзетiн орны бар жақсы саябағымен де шыққан. Саябақ ағыны қатты тау өзенi Жеменейдiң оң жағына орналасқан, өзен Зайсанға жақын жердегi таулардан басталады, оның үстiне кең де мықты ағаш көпiр салынған. Зайсан елдi мекенiнде 163 үй, 2 мың тұрғын (әскерилердi қосқанда) бар. Оның iргесi 1867 жылы бұл жерге алғаш рет казактар келгенде қалана бастады, ал 1868 жылы алғашқы үйлер салынды.

1881 жылы приход училищесi жұмыс iстей бастады, 1887 жылы ол екі сыныптық қалалық училищеге айналды. Оның ғимараты 1909 жылға дейiн сақталған. 1883 жылы Зайсанда қазақ балаларына арналған интернат ашылды. Бiрақ ол көп ұзамай жабылып қалғанға ұқсайды. 80-жылдардың соңында мектеп-интернаттың орнына ауылшаруашылық мектебi ашылған. 1886 жылдан пошта мен телеграф жұмыс iстей бастады.

1884 жылы приставтықтың орнына бұрынғы болыстардың құрамындағы Зайсан уезi құрылды. 1897 жылға қарай уезд тұрғындарының саны 95 072 адамға жеттi. Зайсанның өзi 1892 жылдан бастап қалалық кент мәртебесiн алды. ХХ ғасырдың басында қала тұрғындары 4402 адам болды. Оған қоса мыңға жуық әскери адам болды. Қала тұрғындарының жалпы санына 1000 адамдық мұсылмандар да қосылды.

1898 жылы Зайсанда қыздар мен ұлдарға арнап жеке-жеке приходтық училищелер ашылды. Бұлар ерлерге арналған қалалық екi сыныптық училищемен қатар жұмыс iстедi.

Жеменей өзенiнiң таудың тар шатқалынан сытылып шығар тұсындағы сол жағалауында, төменiректегi көпiрдiң алдыңғы жағында 1872 жылдың өзiнде-ақ Александр Невский атындағы шiркеу ағаштан қиып салынған едi. Ол приставтар Тихонов пен Н.А.Герасимовтың кезiнде әскери министрлiктiң және жеке меценаттардың қаржысына салынды.

Зайсан әскери қала болды. Мұнда 80-жылдардан 3-Сiбiр казак полкi тұрды: оның құрамында алты жүз қылыш болды. Полк штабы Зайсанда орналасты. Төртiншi жүздiк уақытша Семейге ауыстырылды, ал 5 және 6-жүздiктер Омбыда тұрақ­ты тұрды. Бұған қоса, Зайсандағы офицерлер арасында ағайын­дылардың да болғанын айта кетуге болады. Мысалы, 1-Батыс Сiбiр батальонында батальон сотының iс жүргiзушiсi поручик Александр Николаевич Доброхотов, рота командирi капитан Петр Николаевич Доброхотов болды. 1897 жылы 3-Сiбiр казак полкiнiң командирi полковник Ф.Вологодский, полк дәрiгерi И.С.Гурвич, мал дәрiгерi А.А.Энтыс, Зайсан жергiлiктi командасының бастығы В.П.Полонский болды. Жапония мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың шиеленiсуiне байланысты­ әскери бөлiмше тиiстi тәртiпке келтiрiлдi. 1906 жылы Зайсанда 3-Сiбiр жаяу әскер бригадасынан 1-Батыс Сiбiр атқыштар ба­ тальоны­ бөлiнiп шыққаны белгiлi.

Зайсанда мал шаруашылығы, балық аулау, сауда кең өрiстедi. Шыңжаңнан Зайсан мен Алқабек арқылы Аягөз жаққа және Қарқаралының жанындағы Ботовский жәрмеңкесiне мал айдап әкелетiн болған. Қала шекарада орналасқандықтан, оның тұрғындары салық төлеуде, ал қала қаржылық көмек алу бойынша жеңiлдiкті пайдаланды.

Мiржақып Дулатұлы Зайсанда тұрған кезде уезд бастығы А.Н.Коренев, сөзбе-сөз ауызша тiлмаш Мiрсәлiм Ильясов, жазбаша аудармашы А.В.Власенко, уезд дәрiгерi И.И.Зальмунин болды.

Зайсандық үй иелерi, көпестер, қызметкерлер мен саудагерлер арасында аты белгiлi болғандар: Сағидолла Абылханов, Валиулла­ Анваров, Юсуп Абылханов, Ахметзаки Ахтямов, Сафа Ахтямов, Абдулла Ахтямов, Ғалымжан Әубәкiров, Абдулнаби­ Ахунов, Хаким Айғозин, Михаил Агапов, Айтхожа Аб­дурасулходжа, Ғұмар Ахтямов, Мұхаммед Әбдiрахманов, Хожаджан Ахунходжаев, Сағындық Әбдiрашитов, Мұхаммед Әбдiрашитов, Қадырбай Баймұрзин, Токфулла Бикчентаев, Саиднасим Бариев, Ахмед Батрутдинов, Ғабдуллвалий Батрут­динов, Михаил Белоглазов, Макар Боков, Фидеахмет Бобкин, Сәлiмжан Бабаев, Федор Боровцев, Мұхамеджан Битраков, Хисамутдин Батыршин, Кәрiмбердi Бабаев, Ибрагим Булатов, Мұхамедрахым Бекметов, Андрей Бальшаков, С.Бодажин, Латиф Валитов, Петр Волков, Андрей Васильев, Василий Волков, Степан Вахрушев, Илья Губин, Трофим Гришин, Хайрулла Гайфутдинов (Шалаутдинов), Петр Гребенщиков, Владимир Галенецкий, Иван Павлович Павлов (капельмейстер),­ Павел Горбатов, Хабибулла Жанболатов, Петр Дегтярев, Василий Деникин, Андрей Долженков, Исаак Демурук, Гри­ горий Дудкин, Григорий Жилин, Иван Жилин, Жаңабай Боты­ баев — Қара Ертiс болыстығының болысы.

Зайсан қаласындағы 1904-1907 жылдардағы ауқатты тұрғындардың­ тағы бiр тiзiмi мынадай: Абылханов Сағидолла, Абылханов­ Юсуп, Ахтямов Сафа, Ахтямов Ахметзаки, Ахтямов Абдулла Латифов, Аубакиров Ғалымжан, Ахтямов Ғұмар, Абдрашитов Сетдык, Баймурзин Бадырбай, Бикчентаев Токфулла, Бобкин Фидахмет, Бекметов Мухаммедрахым, Бодяжин, Волков Василий, Вахрушев Степан, Гайфутдинов Хайрулла,­ Газатуллин Гильфан, Галенецкий Владимир, Григорьев Иван, Долженков Алексей, Жамбулатов Хабибулла, Левицкий Иван, Мичурин Василий, Мусин Газатулла, Мамлеев Камалетдин, Мухаметшин Қанафий, Осипов Николай, Паль­ шин Дмитрий, Петржкевич Иосиф, Плотников Михаил, Поно­марев­ Николай, Рожков Фаддей, Рожков Михаил, Собачкин­ Константин, Сатлыков Сетдык, Сейфуллин Юсуп, Сей­фуллин Якуп, Сидоров Павел, Соколов Андрей, Сабитов Аюб, Тоғысбаев Шәкiр, Тычинский Михаил, Теплов Виктор, Урманов Исматулла, Устюжанин Вячеслав, Хохлов Андрей, Хайбулин Зайнулла, Хуснутдинов Абдрахман, Хуснутдинов Салих, Чичков Михаил, Шарипов Мұса, Шарифов Мұхаммед, Шарифутдинов Абдулгалий, Сүлеймен Ягуфаров, Григорий Федоров.

Зайсан қаласындағы фабрика, зауыт, сауда мекемелерiнiң қожайындары: терi зауыты — Жолбудаев Сағадат-Бану, сауда-өнеркәсiп орны — Иштеряков Абдрахман, екiншi ресейлiк сақтандыру қоғамы; азиялық тауарлар­ — Рахимшейхов Икрам, Рахимшейхов Таш-Шейх, Хаким Ходжаев Насрулла; терi (шикi) — Бикчентаев Токфулла, Дәулеткелдиев Мұхамеджан, Манғожин Жиенбай, Анваров және Ибрагимжанов, т.б.

Мануфактуралық тауарлар: Абылханов Т. Д., Бикчентаев Токфулла және ағайындылар Дәулеткелдиев Мұхаметжан, Дада-Мухаметов М. Я., Жанбулатов Мухамет-Ғали, Ерзин Мухамед-Хакаф, Зұрманбаев Жаңабай, Канцеров Хусаин, Кадралин Хасан, Манғожин Жиенбай, Манафов Ибрагим, Сеидукова Сарви, Сейфуллин Юсуф, Үкiбаев Аймұхамед, Өскенбаев Юсуп, Хайбуллин Зайнулла, Рахимшаихов Икрам Шаих, Шәкiржанов Мырзакамал, Әбдiрахманов Абду-Расул.

Әртүрлi тауарлар: Абылханов Юсуп және Сағидулла, Аги­ неев Құрбат, Бикчентаев және Абылханов, Дәулеткелдиев Мұхамеджан, Жанбулатов Мұхамет-Ғали, Зұрманбаев Жа­ңа­ бай, Ибрагимжанов Разыкжан, Ибрагимжанов және Анваров, Манафов Ибрагим, Муллашев Мұхамедияр, Мұ­хитдин Қо­жаев, Манғожин Жиенбай, Абылханов Сағидулла, Сайфутдинов­ Сағидулла, Сәлiмбаев Мұхамет-Ғали, Сейдукова Сар­ви-Жамал, Сейфуллин Юсуп Камиевич, Хайбуллин Зай­нулла, Шамухаметов Шәкiр.

Қаладағы присяжный заседательдiкке кандидаттардың iшiнде: Бобкин Бидахмет (1874 ж. туған), көпес, мүлкi 500 рубль; Ерзин Халиулла, 35 жаста, 500 рубль; Манафов И. И., 250 р; Насыров Сафа, 500 р; Сейфуллин Ю. К. — 3000 р; Сәт­баев Бая­ зит — 400 р; Татанов Хален, болыстыққа кандидат, 2-санатты сауда мекемесi; Усманов Исматулла — 500 р; Хохлов Александр, гимназия тамамдаған, 3700 р; Шаметдинов Хайбулла, 3-са­ натты сауда мекемесi, 300 р; Сорокин Л. Ф. — 2000 р; Иванов Илья, отставкадағы фельдшер, Омбы фельдшерлiк мектебiн бiтiрген; Плотников В. Г., отставкадағы фельдшер, фельдшерлiк мектептi бiтiрген; Манғожин Қыстаубай, қазақ Чагановский (Шорға) болысы, 800 р.

Бұлардың бәрi де ауқатты адамдар, саудагерлер, қалалық басқармамен байланысы, капиталы, жекеменшiк үйлерi бар кәсiпкерлер, кәсiпкерлiк артельдердiң, дүкендер мен лавкалардың қожайындары.

Бұл тiзiмде мұғалiмдер мен қызметкерлердiң фамилиялары жоқ. Оның арасынан Мiржақып Дулатұлының да аты-жөнi кездеспейдi. Алайда мәселе мынада: өзiнiң қоғамдық мәртебесi бойынша М. Дулатұлы басқа да мұғалiмдермен бiрге жұрт назарынан тысқары, елеусiз жағдайда болды. Ол әлеуметтiк жағдайы әртүрлi адамдармен қарым-қатынаста болды. Сондай адамдардың қатарында шаруа бастықтарының уездiк съезiнiң хатшысы Бейсенбай Байболовты немесе 1900-1907 жылдары Зайсандағы бiтiстiрушi соттың тiлмашы және iс жүргiзушi-хатшысы болып жұмыс iстеген Көлбай Тоғысовты атауға болады.

Исмаил Манапов туралы, ол татар әдебиетiнiң классигi Ғалымжан Ибрагимовтың туысы деген дерек бар. Және бiр жағдай — Манаповтардың Семейдегi үйiнде Азамат соғысы жылдары Мiржақып Дулатұлы отбасымен тұрғаны белгiлi.

Мiржақып Дулатұлы Зайсанға келген тұста бұл жерде Г. Коллоның­ баспаханасы да өз жұмысын бастады. Уфа губерниясы­ Стерлитамак уезi, Богоявленск болысының шаруасы Августин­ Григорьев Коллоның губернатордың атына жазған өтiнiшi сақталыпты. Онда былай делiнген: “Зайсан қаласында шағын баспа өндiрiсi мекемесiн ашқым келедi. Атап айтқанда, хабарландырулар, хабарламалар, шақырулар, есепшоттар, құттық­таулар,­ мекенжай карточкаларын, iсқағаздарының бланк-кiтапшаларын және осыған ұқсас цензуралық комитет­тiң тексеруiне­ жатпайтын басқа да өтiнiштер шығармақпын.

Сол үшiн Сiздiң жоғары мәртебелi рұқсатыңызды өтiнiп сұраймын. Сонымен бiрге менiң өтiнiшiмдi қанағаттандырған жағдайда, маған жұмыстарды жазып отыру үшiн кiтап беруге өкiм шығаруыңызды сұраймын. Сондай-ақ, егер мүмкiн болса, жоғарыда аталған мекемемен жұмыс жүргiзу үшiн Семей облысының немесе басқа да көршi облыстардың қалалары мен елдi мекендерiне шығуға рұқсат етуiңiздi өтiнемiн.

Бұл ретте айта кететiнiм — баспаханалық және басқа жұ­мыстарды жеке өзiм жүргiземiн немесе бiр ғана көмекшi ұстаймын­. Менiң жоғарыдағы баспаханалық жұмыстарды атқаруыма қажет станок өзiм құрастырған қарапайым ағаш компостерден тұрады, онда әрiптер жиырма вершоктан артық емес шаршыға орналастырылады, сондай-ақ терiлiмдi бояуға арналған, онымен өлшемдес жастықшадан және әрiп таңбаларын алуға арналған қарапайым жабдықтан құралған.

Менiң мақсатым — өзiмнiң қарапайым құралдарымның мүмкiндiгi шегiнде отандық баспа iсiн дамытуға адал еңбегiм­ мен үлес қосу, жергiлiктi баспасөзге мүмкiндiгiмше қолайлы жағдай тудыру, сонымен бiрге өзiмнiң өмiрлiк мұқтаждарымды адал еңбегiммен өтеу. Сондықтан, жоғары мәртебелiм, менiң өтiнiшiме мүмкiндiгiнше тезiрек жауап беруiңiздi өтiнiп сұраймын”. Алайда А.Колло осылай бес жыл өткеннен кейiн ғана аталмыш жұмысын бастады.

Тағы бiр көңiл аударарлығы — Мiржақып Дулатұлы Зайсанға келген 1904 жылы бұл жерде кiтап саудасы да ашылған едi. Бұл iстi Сағидулла Абылханов қолға алды. Қараша айында ол Семей әскери губернаторына арыз түсiрдi. Онда былай делiнген: “Бикчентаев және Абылха­новтар” сауда үйiнiң өкiлi, зайсандық көпес Сағидулла Абылхановтан. Зайсан қ. Өтiнiш: Жоғары мәртебелiм, “Бикчентаев және Абылханов”­ сауда үйiнiң цензура рұқсат еткен мұсылман тiлiндегi баспа кiтаптарын сатуына рұқсат етуiңiздi құрметпен өтiнемiн, Зайсан уезiнiң бастығының берген куәлiгiн және 60 коп (тиын) тұратын екi марканы қоса ұсынамын”.

Көп ұзамай куәлiк берiлдi. Онда былай деп көрсетiлген: “Бұл куәлiктi көрсетушi, “Бикчентаев­ және Абылханов” сауда үйiнiң өкiлi, зайсандық­ көпес Сағидулла Абылханов саяси ниетi түзу, сотта және тергеуде болмаған. Осы куәлiк Зайсан қаласында мұсылман тiлiндегi кiтаптармен сауда жасауға құқық беретiн куәлiктi­ иеленуге Семей облысының әскери губернаторы мыр­заның рұқсат еткенiн растайтын құжат ретiнде берiлдi. 1904 ж. 15 қараша, Зайсан қ., уезд бастығы Бирюков”.

Сөйтiп, Зайсанда кiтап сатушылар, жергiлiктi зиялылар — мұғалiмдер, дәрiгерлер, мейiрбикелер,­ кәсiпкерлер, қызметкерлер, қаланың мәдени өмiрiмен байланысы бар адамдардың бәрi де болды.

Сырттай мүлгiген қала шындығында өзiнiң күйбең тiршi­лiгiмен күн кешiп жатты. Бұлар тек сырт көзге байқала бермейтiн едi. Қала старостасы Ф.П. Казаринов жылпос та арсыз көпес болды. Қалалық мердiгерлер бәрiн — үш сыныпты қалалық ерлер­ училищесiнiң құрылысын және су құбырын жүргiзудi де өз мойындарына алды. Жилин, В.М. Мичуриндер бұған қарсылықтарын жиi бiлдiрiп тұрды.

Қаланың шетiндегi жаңа базардың жоғарғы жағынан жеке иелiктерге жер телiмдерi үлестiрiлiп берiлдi. Ескi базар секiлдi жаңа базар да 50 шаршы сажын жерге орналасты. Ол әскери ғимараттардың батыс жағында болды. Қала жоспары бойынша ол №71—73, 84—86-бау-бақшалық орынды алып жатты, бар­лы­ғы алты орын. 1905-1907 жылдары базарда көпестер В.Т. Анваров, И.И. Манафов және басқалар өз ләпкелерiн ор­ наластырды. Валиулла Тухфатулло­вич­ Анваров 1860 жылы туған. Медресе бiтiрген, 1876 жылдан Зайсанда тұрған. 1900 жылдан­ қалалық басқарманың мүшесi болды. Құны 500 р. үйде тұрды.

Жаңа базардың шетiнде Ерзин, Урманов, С. Насыровтардың таборлары (қоймалары) болды. Осы жерде жылқы соятын орын да бар болатын. Сегiзiншi көшеде 1907 жылдың көктемiнен бастап, Бобкин, Жұматаев, Манғожин Қыстаубай Жиенбаевич­ өз үйлерiн салуға кiрiстi. Манғожиннiң әйелiнiң есiмi Шамсура едi. Манғожиндер отбасымен Дулатұлы жақсы таныс болатын. Азамат соғысы жылдары Дулатұлылар Семейде, Манғожиндердің үйiнде тұрды.

80-жылдары Зайсан пошта-телеграф кеңсесiнде К.Я. Бават, Г.И. Попов, М.Л. Зенюков жұмыс iстедi. Ал 1904 жылы мұнда екi адам: М.А. Тычинский мен В.Н. Марков қызмет етті. Пошта Көкпектiден дүйсенбi, жұма күндерi келiп, керi қарай жексенбi және сәрсенбi күндерi жөнелтiлiп тұрды. Мiржақып одан әр жердiң пошталық мекенжайын бiлiп отырды.

Уақыт өте келе Мiржақып оның қызметiн де пайдалана бастады­. Өзiнiң хаттарын тiкелей Зайсаннан жөнелтiп тұруға тырысты. Торғайға, Омбыға, Қарқаралыға хат жазып тұрды.

Қалада кеден де болды. Зайсан кеденi арқылы 1900 жылы 416 863 рубльдiң тауары сыртқа шығарылып, 322 750 рубльдiң тауары әкелiндi. Уезде Алқабек өткiзу пунктi жұмыс iстедi. Ал Қатонқарағай өткiзу пунктiнде шығарылған тауар құны 35 768 р., әкелiнгенi 45 377 р. болды. 1902 жылы Зайсан кеден бө­лiмiнде Н.К. Давыдов, Т.Л. Москалев, В.А. Устюжанин, И.П. Николаев, Г.М. Залейщиковтер қызмет еттi. Ал екi жылдан­ кейiн бәрi де ауысты: бөлiмнiң инспекторы — И.С. Левицкий,­ басқарушы — В.Н.Коленецкий, оның көмекшiсi — В.Н. Гри­ горьев, күзет қызметкерле­рi — А.Г. Алексеев, Н.В. Фе­дотов болды.

1904 жылы мұсылмандардың намаз оқитын үйiнде Мұхаммед Заки Ахтямов қызмет еттi.

Зайсанның өзiнде 80-жылдардан бастап ауылшаруашылық мектебi жұмыс iстедi. Онда оқу мерзiмi алты жыл болды. Оқуға 13-14 жастағы қазақ және орыс балалары қабылданды. Үш дайындық сыныптар болды, ал ресми түрде ауылшаруашылық өндiрiсiне — агроном, егiншiлiк, бағбандық, малшылық, мал­ дәрiгерлiк мамандықтарға оқытты.

1900 жылы К.П. Ернулев меңгерушi болған кезде етiкшiлiк және ағашшылық шеберханалары­ ашылды. Жаз айларында оқушылар Үйдене өзенiнiң оң жағалауында, ферма мен бақта жұмыс iстедi. Бұл өндiрiстiк тәжiрибеден өту кезеңi болды. Ферма жанында бақша, бидай мен арпа-сұлы егiстiгi болды және сиыр, жылқы, қой өсiрiлдi. Мектеп жыл сайын мал са­тып отырды. Мысалы, 1904 жылдың басында 47 жылқы, 59 сиыр, 35 қой, 50 тауық болды. Малшылар, бақташылар, кiр жуушылар, егiншiлер жұмыс iстедi. 1904 жылдан бастап жаңа жылдық шырша мерекесi өткiзiлiп, оған қонақтар шақы­ рылатын болды.

1906 жылдан мектеп басшылығына Мәскеу ауылшаруашылық академиясының түлегi А. Купласт келдi. Оның қызмет еткен­ кезеңiнде Зайсан ауылшаруашылық мектебi Дала өлкесiндегi ауылшаруашылық оқу орындарының iшiндегi ең тәуiрi саналды. А.Купласт академиядан кейiн бiрқатар жыл Дала генерал-губер­ наторлығы кеңсесiнiң агрономиялық бөлiмiнде жұмыс iстеп, өлкедегi ауыл шаруашылығының жай-күйiмен жақсы таныс болған едi. Ф.А. Щербин экспедициясына қатысқан агрономдар К.А. Вернер, В.В.Барышевцев, Н. Кудиновтар оның әрiптестерi болатын. 1908 жылдарға қарай А.Купласт Верный қаласына ауысып, қоныс аудару басқармасында жұмыс iстедi, бiрқатар жарияланымдардың­ авторы болды.

А.Купластың Зайсандағы жұмысы уақыт жағынан алғанда Мiржақып Дулатұлының уезде жұмыс iстеген кезеңiне тура келедi. Зайсан ауылшаруашылық мектебiнде Владимир Бутин, Николай Гладышевтер мұғалiм болып iстедi.

Мектеп жанында арнайы кiтапхана бөлмесi болды. Оның кiтап қоры 80-жылдардан бастап үзбей толықтырылып отыр­ды. Қажет кiтаптарға бiрнеше данадан тапсырыс берiлетiн. Мысалы, 1904 жылы Томскiдегi Макушиннiң дүкенiнен 5 дана — зоология, 3 дана — мал шаруашылығын жүргiзу, 20 да­на — ауыл шаруашылығы бойынша бастапқы тәлiм-тәр­бие, т.б. кiтаптар­ алынды. “Семипалатинские областные ведомости”,­ “Семипалатинский листок” газеттерiн жаздырып алды. Соңғы газет Семейде шығып тұрды. Оның редакторы Н.Я. Коншин Абай Құнанбаевты, Е.П.Михаэлистi және көптеген зайсандықтарды, бұл қаланың iшкi өмiрiн жақсы бiлдi.

Зайсан әйелдер приход училищесi өз жұмысын 1883 жылы бастады. 1904 жылы мұнда Зинаида Яковлевна Жилина жә­не Анна Ивановна Елина мұғалiм болып жұмыс iстедi. 1904 жылдан­ училище үй жалдап тұрды, 35 қыз оқыды. Аға мұғалiм К.И. Суковаторинаның жалақысы жылына 500 рубль,

Я. Жилинаныкi 360 р. болды. Құдай заңын священник Г.С. Ки­ченин жүргiздi. С.И. Голеницкая құрметтi заң сақтау­шы болды.

Бастауыш казак училищелерiнде мұғалiм болып жұмыс iстегендер: Бөкенде — Юдин, Кендерлiк кентiнде (Пржевальск, Көктерек) — Шевелева, Көкпектi станицасында қызмет орны бос болды. Демек, Шевелевтер отбасысы бұрын Пржевальскiде тұрған. Бiрақ 1904 жылы Шевелеваның күйеуi Зайсан қалалық үш сыныптық училищеге орналасты.

Халық ағарту ведмоствосы бойынша, бұл училищелердiң әрқайсысына жыл сайын 900 рубль жұмсалды. Ал Зайсанда қала қазынасынан тағы да 210 р. бөлiндi. Бұл айтарлықтай көмек едi. Әйтсе де 1904 жылы әйелдер училищесiне байланысты қала басқармасында даулы мәселе туындады. Жаңа ғимараттың құрылымына бөлiнген 3000 рубль қаржы игерiлмей қалды. Қала старостасы С. Титовтың кiнәсiнен бiр жылдан кейiн смета да, ғимараттың жоспары да жасалынбады. Қалада ерлер приход училищесi де жұмыс iстедi, меңгерушiсi — А.А. Мелентьев, священник — В.Дуплев.

Ал Мiржақып Зайсанның өзiнде емес, уезде ондағы бiр болыс мектебiнде жұмыс iстедi. Бiрақ қай жерде?

Жұмыс күнiнiң соңына қарай өлкетану мұражайына бас сұқтым, ал онда жұмыс iстейтiн бiр ғана қызметкер — Ербол Шәкiржанұлы Әлмұхамбетов. Заттарымды қонақүйге қойып кеткенмiн, мұражай оған тиiп тұр. Қолсозым жерде. Неге екенi белгiсiз, Ербол әңгiменi өзi бастады. Мен мұнда келуiмнiң мақсатын­ түсiндiрдiм. Мен әлдебiр ауылда орналасқан Жарма мектебiн iздеп жүргенiмдi айттым.

Әңгiме мұражайға, оның залдарына, ғимараттың өз та­рихына ауысты. Жұмыс уақыты аяқталды, бiрақ Ербол зал­дардың шамын жағып, бөлмелердi көрсете жүрiп әңгiмесiн жалғастырды: қамыс бұталары, фазандар, қарсақтар, қасқырлар, тышқандар, борсықтар, т.б. аңдардың барлық түрлерi, тiптi аюлар да бар. Одан соң фотосуреттерге көз жүгiрттiк. Олардың ешқайсысын М.Дулатұлы бiлген жоқ және бiлуi де мүмкiн емес. Маған бұл қызықсыз болып көрiндi. Мiне, революцияға дейiнгi Зайсан туралы фотосуреттер: көшелер, үйлер, әр жерде түсiрiлгенi көңiл аударарлық. Зайсанның байырғы тұрғыны Андрей Степанович Хохловтың фотосуретi. Оның үстiне, Хохловтар туралы тұтас стенд бар болып шықты. Хохловтың ұлдары белгiлi адамдар болған: бiрi — суретшi, екiншiсi — биолог.

Н.М. Пржевальский Зайсанда А.С. Хохловтың үйiнде аялдаған. Бұл үйдiң қожайынын М.Дулатұлы да бiлген.

Стендте Н.М. Пржевальскийдiң фотосуретi және оның ең­ бектерi қойылған.

Бұл жерден мен Васильевтiң әлде гимназистiң әлде студент­тiң киiмiмен түскен фотосуретiн де көрдiм. Бұл фамилия маған ой түсiрдi. Бұдан бұрынырақта мен Зайсанда, Павлодарда, Атбасарда жұмыс iстеген әлдебiр мұғалiмдердiң тiзiмiн көрсетiп жазған болатынмын. Сол кезде менiң көңiлiмде: “Өзiм көрсеткен тiзiм мен мына фотосуреттердiң бiр нәрсе болғаны ма?” — деген сұрақ туды. Ал кеңестiк ақын Павел Васильевичтiң әкесiнiң бұған қандай қатысы бар?

Бiрақ ең басты нәрсенi Ербол түсiндiрдi. Фотосуреттегi адам революцияға дейiн қалалық приход училищенiң меңгерушiсi болып iстеген және шынында да ақын Павел Васильевичтiң әкесi болған екен. Бұл хабар менi бiраз тыныштандырды. Ауыл мектептерiнiң мұғалiмдерi ереже бойынша жақын маңайдағы екi немесе үш сыныптық училищенiң мұғалiм-инспекторына бағынатынын мен бiлетiн едiм. Демек, Мiржақып Дулатұлы мектеп ведомствосы бойынша Васильевке бағынған, бiрақ осы арада тағы бiр сұрақ туды: бұл жерде Васильев қашан жұмыс iстеген және ол мұғалiм-инспектор болып iстедi ме?

Ербол Зайсан қалалық үш сыныптық училищенiң ғимараты сақталғанын айтты. Ол Ломоносов мектебiнiң жанында. Бұл маңызды жаңалық болды. Демек, Мiржақып Дулатұлы бас сұққан, әрiптестермен кездескен ғимараттың бар болғаны ғой. Бәлкiм, осы жерге жұмысқа келудi де армандаған шығар! Ол Зайсанда жұмыс iстеген үш жылдың iшiнде оның басына мұндай ойдың келмеуi қисынсыз болып көрiндi. Менi мына бiр жайсыз хабар мазалады: Жарма ауданында мектеп те, осылай аталатын кент те жоқ болып шықты. Бiрақ ол Жарма өзенiнiң барын айтты.

Ербол менi ауданның картасы алдына алып келiп, Жарлы деп аталатын тағы бiр өзендi көрсеттi. Мазасыз ой үстiндегi түндер мен жүгiрiске толы күндерден кейiн менiң құлағымда барлық дыбыстар араласып кеттi: Жарны, Жарма, Жарлы. Қалалық үш сыныпты училищенiң сақталып қалған ғимараты туралы Ерболдың хабарынан кейiн менiң мұражайдан Мiржақып Дулатұлына­ қатысты бiр мағлұматтар табуға деген ықыласым арта түстi. Ербол экспозициялар залының шамын жақты да, бiз бөлмелердi аралап көре бастадық. Табиғат бөлiмi тартымды екен — құстар мен аңдардың қаңқалары тұр. Үлкен қасқырдың да қаңқасы бар. Әрi қарай кеттiк.

Ертеңiнде таңертең мен Ломоносов атындағы мектептiң жанына келдiм. Мiнеки, Шаймардан мен Ибрай көшелерiнiң қиылысқан бұрышында Зайсан қалалық үш сыныптық училищенiң бос қалған ғимараты тұр. Осы жерге қалалық сая­бақтың бұрышы тiреледi.

Бұл менiң Зайсандағы М.Дулатұлы жүрген жерлермен алғашқы кездесуiм едi: көшенiң екi жағына дейiн созылған ғимарат, күйдiрiлген кiрпiштен қаланған қабырғалар, үйдiң сәндi кiреберiс есiгi көз тартады. Көше бойымен созылып, Мiржақып­ Дулатұлының кезiнде отырғызылған теректердiң орны — жуан да жалпақ түбiрлерi жатыр. Мiне, осы үй — Мiржақып кiрген үй. Мектептiң ескiрген биiк есiгiнен iшке аттап кiргiм келдi. Шатыры, әрине, әлденеше рет қайта жабылғаны көрiнiп тұр және шатырдың күнқағары да. Бiрақ ғимараттың өзi толығымен сақталған. Мектептiң алдыңғы жағындағы арықта бұлақтың мөлдiр суы сылдырап ағып жатыр. Менi бұл арық Мiржақыптың кезiнде де осылай сылдырап аққан шығар-ау деген ой баурап алды. Арық суының сол сылдыры қазiр де менiң құлағымда тұрғандай.

Кешкiсiн тағы да мұражайдағы Ерболға кiрiп шықтым. Ол ертең ертемен Кеңсай ауылына жүретiнiн айтты. Бұл ауыл картада Мичуринское деп аталады. Менi бұл ауылдың нелiктен осылай аталғаны қызықтырды. Әрине, революцияға дейiн уезде Зайсан ауылшаруашылық мектебi болғанын мен бiлемiн. Ол мектеп дәл осы жерде болуы әбден мүмкiн.

Мiржақып Дулатұлы Зайсаннан Жарма ауылдық мектебiне келген. Мұны Батыс Сiбiр округi қамқоршысының өкiмiнен және Семей облысы мектептер инспекторының iсқағаздарын­дағы мұрағаттық деректерден көруге болады. Онда: “Жарлы ауылдық мектебi, мұғалiм — Мiржақып Дулатович Дулатов” деп тайға таңба басқандай етiп жазылған.

Мен күтпеген және тiптi қазiр де түсiнiп кете алмаған тағы бiр жай бар. Үш ағашты шатыстыруға болады, ал менi “л” және “м” деген екi әрiп жаңылдыра бередi.

Зайсаннан қай бағытта шыққан жөн? Өйткенi одан берi жүз жылдан астам уақыт өттi ғой.

Келесi күнi таңертең базарға қарай тарттым. Ол қоршалған. Қоршаудың сыртында өнеркәсiп тауарларын, киiмдер, самса, жүк көлiктерiнен қарбыз, картоп сатады. Бұл жерде бiрнеше кафе бар. Екiншi жағында — автостансы. Ол жерден Өскеменге, Семейге және тiптi Алматыға автобустар қатынайды, бiрақ ауданның өз iшiндегi ауылдарға жүрмейдi.

Зайсан базарының маңы әдеттегiдей адамға толы. Ендi бұл жерден ХХ ғасырдың басында болғандай атағаштарды таппайсыз. Оның есесiне, жеңiл машиналар қаптап тұр. Олар­ дың жанында машинасына жолаушы iздеген жүргiзушiлер топталып тұр. Солардың бiр тобына жақындап келiп, Жарлы мен Жарманың атын қатарынан айтып, аңтарыла сауал тастай­ мын. Тұрған адамдар бiр ауыздан жауап берiп, мұндай ауылдың тiптi бүкiл ауданда жоқ екенiн айтады.

Орта жастардағы бiр ер адам маған таяп келдi. Қайта құруға дейiн инженер-құрылысшы болып iстеген көрiнедi. Ол менi мұқият тыңдағаннан кейiн өзiне сенiмдi түрде:
— Жарманы Көкпектiнiң арғы жағынан iздеу керек, — дедi. Оның нық сенiммен айтқанына қарап, мен де соған иланғандай болдым. Расында, оның айтқаны дұрыс шығар? Әдетте, сөз таластырған адамдардың айғайлап көп сөйлегенi емес, ақырын сөйлеп, анық айтқаны дұрыс болуы мүмкiн. Ал мен уезде Жарма, Жарлы, бәлкiм, тiптi Жарна өзенi де бар дегенге әбден сенiмдi едiм. Ұзақ ойланып, сатушылардың қатарын тағы да бiр шолып өттiм. Ешкiм ештеңе бiлмейдi. Әйел машинадан қарбыз сатып жатыр. Сатып алушылар аз, қарбыз саудасы нашар жүруде. Сатушы мен жүргiзушiнiң iшi пысып, есiнеп отыр. Олардың жанына келiп:

— Жарма мектебi қайда екенiн айтпас па екенсiздер? — деймiн.

Әйел адам әңгiмеге көңiлсiздеу араласты:

— Мұның сiзге керегi не?

Менiң жауабымнан кейiн ол маған мынаны айтты:

— Бұрын Жарлы ауылдық кеңесi болған. Менiң ата-анамның туу туралы куәлiктерiнде солай жазылған.

Әрi қарай ол да ештеңе айта алмады: әлде Кеңсайда ма, болмаса Жамбылда ма дегендi меңзедi.

Менiң iздегенiмнiң бiр ұшығы жылт етiп көрiнгендей болды, бiрақ одан әрi әңгiме өрбiмедi. Әйел адам басқа ештеңе айта алмады. Бiр ғана нәрсе белгiлi болды: ол әйелдiң өзi Даирово мен Жамбылдың ортасындағы подхоздан екен. Сөйтiп, базардағы талпыныстарымнан ештеңе шықпады.

Автобустағы айналма жол үстiнде қаланы: оның көшелерiн, көне және жаңа үйлердi, Жеменей өзенiне салынған үш көпiрдi қарап келемiн. Қаланың көптеген жерлерiнен революцияға дейiн салынған, айқара ашылатын қақпасы бар ескi үйлердi көремiн. Қақпаның бiр шетiнде кiретiн есiгi бар. Кейбiр үйлердiң қабырғасына қаланған күйдiрiлген кiрпiштер көрiнiп тұр. Ағаш көп. Осылардың бәрi де — Мiржақып Дулатұлы көрген революцияға дейiнгi құрылыстар.

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев

 

author

Міржақып Дулатұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...