Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі, Мемлекетіміздің тірегі - Астанамыздың байтақ Сарыарқада шаңырақ көтері...
М. Айтқожа, К. Ахметова және А. Бақтыгерееваның жыр жинақтары түрік тіліне аударылды
2021 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Марфуға Айтқожа, Күләш Ахметова және Ақұштап Бақтыгерееваның түрік тіліне аударылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" Түркиядағы Елшіліктің әлеуметтік желі парақшасына сілтеме жасап.
Өлеңдер жинағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайы жарияланды. Аталған шығармаларды түрік тіліне аударған – Ашур Өздемир. Кітаптар «İLESAM» кәсіподағына тиесілі «Эфсун» баспасынан басылып шықты.
Аталған іс-шара Қазақстанның Анкарадағы Елшілігінің ғимаратында өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, «İLESAM» кәсіподағының басшысы Мехмет Нури Пармаксыз, «ANKASAM» зерттеу орталығының басшысы Сейфеттин Эрол, Жоғарғы сот прокуроры Ибрахим Долу, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің Мәдени мұра және мұражайлар басқармасының бас директор орынбасары Сейіт Ахмет Аслан және Түркияның жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Жаратқанға жалбарыну» кітабының авторы Күләш Ахметова – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Ол – қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Өлеңдерінде нәзік лирикамен, терең тебреністі тоғамдармен еркін жырлайды.
Поэзия дүниесінің тағы бір өкілі Ақұштап Бақтыгереева туралы айтар болсақ, ол – «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған қазақ ақыны. А.Бақтыгереева қазақтың «жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын қызы. Қазақ поэзиясына жаңа серпін беріп, өзіндік өрнек ортаға қойған.
Қазіргі жыр дүниесінің төбесінде орын алған асыл ақындарымыздың бірі де – Марфуға Айтқожа. Марфуға ақынның өлеңдері нәзік сыршылдығымен ерекшеленеді. Қазақтың жыр аққуы атанған ақын қызы. Ақын лирикасында отанды, халқы мен қазақтың даласын жырлаған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», Құрмет ордендерінің иегері.
Кітап тұсаукесерінде сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы екі ел арасындағы мәдени, әдеби байланыстардың маңыздылығына тоқталып «Халықаралық қатынастар тұрғысынан мемлекеттер арасындағы әдеби қарым-қатынас әрқашан басымдыққа ие болды. Өйткені әдебиет – адамдардың бір-бірін терең тануының ең маңызды құралы. Әсіресе, егер бұл мемлекеттер тарихи және мәдени тамырлары ортақ елдер болса, әдебиеттің маңызы одан сайын арта түседі» деді.
Елші А. Сапарбекұлы «Бұл тұрғыда Күлаш Ахметованың «Жаратқанға жалбарыну» кітабы, Ақұштап Бақтыгерееваның «Ана құпиясы» кітабы, Марфуға Айтқожаның «Тастағы іздер» кітабы Қазақстан мен Түркия арасындағы әдеби-рухани қарым-қатынасты күшейтуге және қазақ пен түрік халықтары арасындағы бауырластықты нығайтуға көмектеседі» деп, кітап аудармасында еңбегі сіңген азаматтарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта да әдеби аударма саласында шығармаларын жарыққа шығару жоспарланғандығының астын сызды.
Сөзін жалғастыра келе, Елші Абзал Сапарбекұлы ү.ж. 1 қыркүйегіндегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы туралы баяндама жасады.
Өз баяндамасында Елші Абзал Сапарбекұлы, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын тілге тиек етті.
«ILESAM» кәсіподағының басшысы Мехмет Нури Пармаксыз өз сөзінде, кітаптың басылуында қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Бұл кітаптардың басылуы түрік-қазақ достығы мен бауырластығының нышаны екендігіне тоқталды.
Сондай-ақ, сөзін қортындылай келе, ол қатысушылармен сүйінші хабарын бөлісті. Алдағы уақытта Қазақстанның Жазушылар Одағымен бірлесіп «Өлеңдер антологиясы» жарық көретіндігін айтты.
Аталған өлеңдер жинағының аудармашысы Ашур Өздемир бұл өлең кітаптарының дайындалу барысын еске алып айтып өтті. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Алдағы уақыттарда да, қазақ және түрік әдебиеттерінің дамуы үшін бірнеше жобаларды іске асыратындығын айтып өтті.
Қазақ тілін жақсы меңгерген А.Өздемир қазақ әдебиеті жазушыларының шығармаларын түрік тіліне аударумен айналысады. Бүгінгі таңда жүзден астам қазақ жазушы және ақындарының шығармаларын аударған. Оның ішінде О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірмесін», М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Д.Исабековтың хикаяларын т.б. шығармалары бар.
А.Өздемирдің айтуынша қазақ әдебиеті – тамыры терең бай әдебиет. Сондықтан ол екі ел арасындағы мәдени, әдеби байланыстар нығая беретіндігіне сенімін білдірді.
Іс-шара барысында Қазақстанның алтын қалам ақындары арнайы жолдаған видео сәлемдемелері көрсетілді. Қазақстанның қазіргі кезеңгі әдебиетінің дамуына баға жетпес үлес қосып келе жатқан Марфуға Айтқожа, Күләш Ахметова және Ақұштап Бақтыгереева өздерінің ризашылықтарын білдірді. Екі бауыр халыққа ыстық лебіздерін жолдаған асыл ақындар алдағы іс-шараларды бірге өткізуге ниеттерін білдірді.
Аталған жиын соңында қонақтарға ақындардың кітаптарынан тарту етілді.