Заман Төлеуов. ӨКСІК (Төрт бөлімді драма)

ӘДЕБИЕТ
3323

Қатысушылар:

Базарбай – «Алашорда» қайраткері, елу сегіз жастағы кезі.

Базарбай – қырық жастағы кезі.

Сәуле - Базарбайдың қызы, он сегіз, он тоғыз жастағы кезі.

Сәуле апа – сексеннен асқан кезі.

Тәсібек – жетпістің үстіндегі адам. Би болған. Киімі оңды. Сақал-мұрты қиылған. 

Балтабек – елудің үстіндегі ширақ кісі. Шаруа қожалығы иесі. Киімі қарапайым. 

Әкім – отыздағы жігіт, галстук таққан, бет-аузы жылмағай, жылпың.

Омарбек – Тұлғалы жігіт. Гүжілдеп сөйлейді. Отыздар шамасындағы.

Тергеуші – Қырықтың ішіндегі кеуіп қалған қара кісі. Үстінде былғары қара күртке. Көсе.

Күзет – жиырмадағы қызыл әскер. Басында «буденновка».

Құрыспаев – елулер шамасындағы салтақ киімді сұрықсыз біреу. Мұрнын тарта береді.

Отырған 1 – орта жастағы жүдеу адам

Отырған 2 - орта жастағы жүдеу адам

Таяқ жеген – отыздар шамасындағы алақ-жұлақ еткен біреу.

Есік күзеті – жиырмадағы қызыл әскер. 


БІРІНШІ БӨЛІМ


Ауыл шеті. Екі адам төбешік үстінде тұр. Бұйрат-бұйрат құм жоталардың сілемі арттарында созылып жатыр. Елуді еңсерген Базарбай мен оның қызы он тоғыз-жиырма жасар Сәуле әңгімелесіп тұр.


Базарбай: Қызым, өзіңмен жеке сырласудың сәті бүгін түскен сияқты... 

Сәуле: Менің де сізбен сөйлескім келіп еді, әке. Айтарым да сұрарым да көп... Соншалықты қиямет көретіндей қандай жазығымыз бар?

Базарбай: Сол бір тауқыметті жылдары кішкентай болсаң да көп нәрсе жадыңда қалыпты. Саратовтағы айдау кезінде үш-төрттегі сәби едің ғой, қарашығым! (Базарбай қызын бауырына басады).

Сәуле: Менің есімде бәрі бар. Сіз цемент зауытында, ал анам бөшке құрастыратын зауытта істеді. Сіңілім Әзия екеумізді сыртымыздан бекітіп кететінсіздер...

Базарбай: И-и, қарағым-ай десеңші! Ерік қолымызда болса, сендерді алақанға салып, ұстар едік қой... Өмірдің солай аунақшып түсетінін кім білген... Жәрәйді, қызым, ешқашан біреудің сөзіне ерме, ешкімнің сыртынан ғайбат сөйлеме. 

Сәуле: Әке, осы туралы айта алмай жүр едім. Өткенде «Қызыл отауға» шақырған соң барсам, қабағы түксиген, жылан көз бір кісі тосып отыр екен. Ол маған «Сенің әкең «халық жауы» болғанымен сені кінәлі деп санамаймыз. Басыңа комсомолдың қызыл шытын таққан екенсің, жүрегің «Ленин-Сталин» деп соғатын шығар?» деп сұрады. Мен басымды изедім. «Ондай болса, әкеңнің жүріс-тұрысын, кіммен сөйлесіп, не дегенін маған айтып отыратын бол. Тек, осы әңгіме жәйлі ешкімге тіс жарма» деп ескертті.

Базарбай: Сен не дедің? (Қызына қуақылана қарайды).

Сәуле: Не деуші едім... «Аузыма сөз тұрмайтын, ұшқалақпын. Сізге зияным тиіп кете ме деп қорқам!» дедім. (Сықылықтап күледі).

Базарбай: Ақылыңнан айналдым! (Қызын құшақтып маңдайынан иіскейді). Аяғың талған жоқ па? Тізе бүгейік... Айтар сөз көп секілді. Өзіңнен өзге ешкіммен бөліспейтін сырлар бар. Бірақ сол қажет пе, жоқ па білмей тұрмын...

Сәуле: Сіз қоштасатын кісі секілді, неге асықтыңыз? Бұл жолы болмаса, кейін айтарсыз.

Базарбай: Соны айтатын уақыт қалса?..

Сәуле: Әке, қорқытпаңызшы!.. 

Базарбай: Е, қызым... Қорқатын нәрсенің барлығын бастан кешірген секілдімін. Ендігі уайымым – сендерді қандай келешек тосып тұрғаны ғана...

Сәуле: Оның несінен қорқасыз? Ленин-Сталин бастаған ұлы Партия жарқын келешекке апара жатыр!..

Базарбай: Қой, бұндай сөзді айтпа!

Сәуле: Мен шығарған сөз емес қой. Күндегі ұранымыз осы.

Базарбай: Ұран екенін білемін... Мына айтысыңды естіген біреу, келеке етіп жүр деуі мүмкін.

Сәуле: Дамылсыз айта берсең, өзі де келекеге айналмай ма?

Базарбай: Өзге біреулер айтса, мән бермес те. Ал сен «халық жауының» қызысың. Аузыңа ие бол.

Сәуле: Мақұл, әке. Бірақ ел ойлағандай мен мүлдем ұшқалақ емеспін ғой! Өлетін жерімді білемін! (Күледі).

Базарбай: Кейінгі кезде сіркем су көтермейтін боп барады. Тек, осы көз алдымдағы екі-үш қарашығым, өздерің үшін ғана тірі жүрмін... Аналарың ауыр тауқыметтен үзіліп, ерте кетті. Жетісудың бір арысы Нияз батыр деген атаңның қызы еді. Дәмеш деген әпкесін көрдің, Берсүгірлердің келіні... Сәуле: Иә, әке, бәрі есімде. Саратов айдауынан босап, Төрткүде  болдық... одан әрең дегенде елге де жеттік-ау. Қапалдағы Дәмеш апайға барғанымыз есімде. Мені көргенде сіңлісін көргендей болып, қатты егіліп жылап еді. Ал Зейнеп анам - өте көрікті еді ғой! Оған, тек Роза сіңлім ғана тартқан сияқты.

Базарбай: Топырағың торқа болғыр... соңғы демі үзіліп бара жатқанда, осы үшеуіңді маған аманаттап жатып: «Үш қызың бір-бірін сүйреп, өсер жалғыз жүрме, әйел ал. Ең құрғанда өзің күтім көресің» дегені есіме түссе, қабырғам қайысады... 

Сәуле: Сіз анамды керемет жақсы көрдіңіз ғой. Жібі түзу адам кездескенде бізге де жаман болмас еді. Бірақ, өзіңіз қаламадыңыз... 

Базарбай: Иә, тағдыр сенің қалаған қаламағаныңа қарамайды екен... Айналайын балам-ай, көкірегімді қарыс айырған қапамды өзіңмен ғана бөлісе алатын күйге жеткеніме күйінемін! Қатарларыммен бірге қоса атылып кетпегеніме өкінетінімді білсең, қарғам! (Базарбай басын ұстап, теңселеді).

Сәуле: Әкетайым-ай, мұндай қайғыны ешкімге білдіртпей қалай шыдап, сақтап келдіңіз?

Базарбай: Басқа шара бар ма? Күні кеше ғана қайран Мұхаң, Мұхамеджан Тынышпаев ағаң - мені Ташкенде қолымнан жетектеп жүріп, оқуға түсіріп еді... Күллі қазақтың ұлы арманын асқар шыңға көтермек болған - «Алашорданы»  ауызға алуға қорқатын, күн туады деп кім ойлаған! Сен де бұл атауды дауыстап айтушы болма. Керек болса, жүрегіңнің түбінде сақта. Мені шынымен «халық жауы» деп ойлайсың ба, қызым?   

Сәуле: Сізді жау дегеннің барлығы мен үшін нағыз жау! Мына қан қызыл шытты да жек көремін! Бұл шыт сіздің достарыңыздың қанына бөккен қасіретті шүберек! Бұны сондықтан ғана тағамын!

Базарбай: Бұл сөздеріңді мен ғана естиін, қарғам... Еш жерде айта көрме!.. Қызбалыққа салынып, отқа түсіп кетпе, қарғам!

Сәуле: Әке, алаң болмаңыз. Сіздің кейінгі көрген теперіштеріңізді біз де бастан кешірдік. Төркүлде тұрғанда сізді күнде кешкісін алып кетіп, таң ата қайтарушы еді ғой. Түріңіз кісі шошырлық болып оралатынсыз. Біз анамның бауырына тығылып, тырс еткеннен зәре құтымыз қалмай шошып, сізді тосып жататынбыз. 

Базарбай: Садағаң болып кетейін!.. Аштықтан азып-тозып шыққан соң, отыз жетінің қара түніне іліккен уақыт қой... Көз ілдірмей тергеп, ұрып-соқты. Күні кешегі үзеңгілес жолдастарыма жала жапқызуға тырысты. 

Сәуле: Анамның жүрегіне салмақ әсіресе, сол кезде қатты түскен сыңайлы...   Сонда бекер жатпай, өздеріңіз туралы әңгімелейтін. Нияз батырдың қызы екенін,  Қожамсейіт ағасы Омск кадет мектебін бітіріп, офицер болғанын, өзінің гимназияда білім алғанын, Қазан университетін бітіріп келген сізбен қалай алғаш танысқанын айтушы еді. 

Базарбай: Иә... Ол, бір бақытты кезең еді... Көзден бұл-бұл ұшты деген осы екен-ау!.. Зейнеп анаң, теңдесі жоқ адам еді ғой! Көрік десе көрік, ақыл десе, ақылы тұнған – нағыз бақытты болуға лайық жан еді!..

Сәуле: Бізді құдай жоқ деп тәрбиелеп жатыр. Ал сіздер құдайға сендіңіздер. Сонда сенген құдайларыңыз неге жақ болмады?

Базарбай: (Басын шайқап, қызының бетіне қарайды). Құдай мүлдем теріс айналып кетті деуге аузым бармайды, сендер тұрғанда... Бұл сөзді ары қозғамалық, қызым!

Сәуле: Ондай болса, анам туралы айтыңызшы... Жаным үзіліп кеткенше ұмытылмастай, жадымда жүрсін!..

Базарбай: Зейнеп менен бір мүшел жас еді. Ол да қатарымызда бірге жүрді. Алаштың азаматтары бас қосқан жиындардан қалған емес. Айтар ойы, көксеген сенімі болды. Қайтейін, қарғам... Осы өзіңдегі секілді жалындаған жас жігер бізді де алға жетеледі ғой. Ұлт болашағын ойладық, армандарды болжадық, білек сыбана күрестік. 

Сәуле: Әке, соның бәрі бекершілік болғаны ма? Сіздердің құрған үкіметіңіздің атын атауға тиым салынды. Миымызға соншалықты құйылғаны: ести қалсаң, көз алдыңа шұбар жылан елестеп, денең дір ете түседі. Бұл қалай? Әлде, сіздер шынымен халыққа қауіпті орда құрдыңыздар ма?  

Базарбай: Әй, Сәулетайым-ай, бұған басыңды қатырып қайтесің? Түбі бір ақиқат туатын уақыт жетер... сол кезде бағасын да бере жатар... 

Сәуле: Сіз жауаптан қашқақтамаңыз! Солардың арасынан қалған көзі тірі өзіңіз ғана. Менің әкем – Базарбай Мәметов! Сіздердің не үшін айыпты болғандарыңызды мен білуім тиіс. Неге «халық жауы» атандыңыз? 

Базарбай: Ондай болса тыңда, қызым. Соноу бала кезімде Мұхамеджан ағамызбен етене араласып тұрдық. Бір елдің баласы едік. Ол Верныйда гимназияда оқып жүрді. Жазды күндері демалысқа келеді. Мен соңынан ерген баламын. Сол ағаңның әсері болды, менің де оқуға құлшынғаныма. Кейін университетке түсуге қол ұшын берді. Он алтыншы жылы қазақтан солдат аламыз дегенде Қазандағы қазақ студенттері болып, ашық хат жаздық.

Оқуды бітірген соң, қазақ ұлтының дербес мемлекеттігін құру жолына араластым. Өзің айтып отырған «Алашорда» партиясына мүше болып, үкімет сапына кірдім. Халықтың басына түскен қиыншылықтармен күрестік. Елді аштық жайлады. Кейін Советті мойындап, онда да қызмет еттім...

Сәуле: Егер совет өкіметіне қызмет етсеңіз, неге жау атандыңыз?

Базарбай: Қарағым, соны өзім де білмеймін. Ешкімнің ала жібін аттаған жан емеспін. Сен әкең туралы білгің келсе, әзірше осы да жетеді...  

Сәуле: Өткен жолы ана бір қырсық шал: «Сенің әкең қанаушы таптың өкілі, ақ патшаның жандаралы болған! Жазықсыздарды соттап, пәре алғаны үшін жазасын алды!» деп тиісті. Не дерімді білмедім. Қырық жерден туған жер болса да осы елден көшіп кетейікші деп сізге айтқым келді. Мен ес білгелі қаңғумен келеміз. Саратов, Төрткүл, Самсоновка, Алексеевка... (Ары айта алмай, жылап жібереді).

Базарбай: Есіңде болсын, мен ешқашан да жазықсыз адамды соттаған емеспін. Пәре де алып көрмедім. Ол кезде ата салтқа сай сый-сияпат деген болды. Оны дүйім жұрттың алдында тартады. Астыңа ат, иығыңа шапан жауып дегендей. Кәзіргінің қалтаға тығатын ұрлығы емес. 

Сәуле: Ойбу, Әзия мен Роза бізді іздеп, жылап жатқан шығар, әке! 

Базарбай: Менің естияр қолқанатым! Анаңнан аумай келе жатырсың. Ол марқұм да өте сұңғыла, сезімтал жан еді...

Сәуле: Әке, анамды марқұм деп айтпашы... біртүрлі екен. Зейнеп анам менің көңілімде мәңгі тірі. Ол болса, осы теперішті көрмес пе едік. (Кемсеңдеп жылайды).

Базарбай: Болды, болды... іштегімізді шығарып, сәл-пәл жеңілдеп қалған сияқтымыз ба, қалай? (Күледі).Менің көңлімдегі бір медет: бұл заман қалай болса, олай болсын... тек өздерің бақытты болсаңдар екен! Біз аңсаған жаңа заман да туар. Соны көру жазсын, сендерге...  Қайтайық. 


Сәуле басын изейді. Әкелі-балалы қатарласып ұзап бара жатады. Қоңыр музыка ойнап тұрады.


ПЕРДЕ


ЕКІНШІ БӨЛІМ


Қызмет бөлмесі. Қызыл мата жабылған столдың төрінде темекісін бұрқылдата тартқан, қара түсті былғары күртке киген тергеуші жайғасқан.  Табуреткада екі қолы артына қайырып, Базарбай отыр. 

Тергеуші: Менің таң қалатыным, сен сияқты зымиянның арамызға қалай кіріп кеткені? Лепсі уезінде ЧК тергеушісі желеуін жамылып жүріп, бейкүнә шекарашыларды қырдың! Сол кезде Үштіктің шешімімен сытылып кеттің. Ал мен соған куә адамды өзіңмен беттестіре аламын. Күзет!

(Есік сыртында тұрған жендет ішке енеді). Әкел, Құрыспаевты!

Күзет: Құп болады, жолдас тергеуші!

(Тергеуші жаңа бір шылымын тұтатып, алдындағы қағазға шұқшияды. Сәлден соң азып-тозған, ауыл қазағын айдап әкеледі. Ол состиып есік көзінде тұрады)

Тергеуші: Жолдас Құрыспаев мына кісіні танисың ба?

Құрыспаев: Иә, иә өте жақсы танимын! Шекарашыларды бауыздаған осы! 

Тергеуші: Оларды ешкім бауыздаған жоқ, атып кеткен! Не шатып тұрсың?

Құрыспаев: Өліп қалған соң бәрібір емес пе? Ылғи мал бауыздап үйренген соң, аузыма түсіп кетті, кешіріңіз! Атып тастапты...

Тергеуші: Ал Мәметов мырза, бұған не дейсің?

Базарбай: Ешкімді атқан емеспін және мына куәгерді көріп тұрғаным осы.

Тергеуші: Яғни, қылмысыңды мойындамайсың ғой? 

Базарбай: Дәл солай.

Тергеуші: Дәл солайды саған көрсетемін!

(Осы арада біреу есіктен сығалап, тергеушіні ымдап сыртқа шақырады. Айыпталушы мен куәгер жеке қалады. Куәгер басын салбыратып, жерге қарап тұрады)

Базарбай: Қарағым, мені қайдан танисың?

Құрыспаев: Шынымды айтсам, сізді танымаймын. Біреудің ешкісін ұрлап, қолға түсіп қалдым. Куәгер болсаң босатамыз деген соң, ... қу жан тәтті ғой!

(Тергеуші қайта оралды. Ол есік сыртынан екеуара сөзді естіген сынды. Жүзі қахарлы.)

Тергеуші: Күзет! Әкет мына малғұнды! Өтірік айтып елдің басын қатырғаны үшін - бұралқы иттей атып тастаңдар!

Құрыспаев: Ойбай, басеке, бәр жазығым дегеніңізді жасағаным ба? О сорлатқан құдай! Шекарашыларды атқан осы! Имандай шыным! Ант-су ішемін!

Тергеуші: Үй, құдай төбеңнен ұрғырдың ант-сушылын! 

Құрыспаев: Өзіңіз кәмөніс болсаңыз да құдайды ұмытпағаныңыз қандай жақсы! Кешіре көріңіз!

(Құрыспаев етбеттей жығылып, күзетке бой бермей, тергеушінің аяғын барып құшақтайды.

Тергеуші: Мынау не деген иттің баласы-ей! Күзет, әкет дедім ғой, әкет! Сыртқа апарып, құйрықтан бір теп, қайда барса онда барсын!

Құрыспаев: Шыбын жанымды қиғаныңыз үшін Алладан мың шарапат! Жасасын ұлы көсем Ленін!Жасасын Сәбет өкіметі! 

(Тергеуші үсті-басын қағынып, сыздана сөйлейді. Және Базарбайдың алдында ақталған адам секілді кейіппен).

Тергеуші: Әділет орнату үшін не түрлі былық-шылыққа баруға тура келеді. Елдің де өзіңнің де басыңды қатырмай, айыбыңды мойындай салмайсың ба. Ол үшін жеңілдік болатынын менен кем білмейсің...

Базарбай: Мойындайтын айыбым болмаса, жеңілдік іздеп қайтем...

Тергеуші: Жақсы. Енді нағыз іске көшейік. Сен - Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Көктерек болысы, Балқаш-Лепсі ауылында, яғни Бөрібай ауданындағы үстемдігі жүрген ірі қазақ байы болып саналасың. Бұған қарсылығың жоқ шығар?

Базарбай: Егер осыны байлық деп санасаңыз: қарамағымда ірі қараға аударғанда бар болғаны 30 бас мал болды. 

Тергеуші: Біздің дерек бойынша мүлдем басқа. Ерінбей тізіп берейін: 400 бас қой, 72 ірі қара, жалпылай ірі қара түрінде алғанда 152 бас. Тізімге 7 қой мен 26 бас ірі қара ғана тіркеткенсің. Қалған малды Мұхаметов Мұхамеджан деген туысың жасырып отыр. Сонымен қатар екі үй, екі бричкі мен дрожжі, соқа және тағы басқа шаруашылық саймандар меншігіңде. Екі кедей шаруа отбасын ағайын деп бүркемелеп, еңбегін тамақтан асырмай қанаушылықпен ұстадың.  

Базарбай: Ешкімді қанаған жоқпын. Еңбегіне қарай табысын алды. Ал өз басым Совнаркомның 30-тамыздағы ұйғарымына сәйкес шаруашылықпен заңды түрде  айналыстым.

Тергеуші: Сүттен ақ, судан тазамын деші! Ендеше неге олар ботадай боздап, мына қанаушыдан есіл еңбегімізді өтеп бер деп арыз түсірді?

(Базарбай үндемеді. Тергеуші орнынан тұрып, екі қолын артына айқастырып, ары-бері жүрді де Базарбайдың желкесіне келіп тұрды).

Тергуеші: Міне, жалтаруға жол таппаған деген осы болады... Жасаған қиянатыңды мойныңмен көтересің. Совет өкіметінің әділ заңы сазайыңды береді! Мойындайсың ба? 

Базарбай: Мені нахақтан КазЦик-нің 27-тамыздағы қаулысына таңып: ірі байлардың тізіміне кіргізіп, билер мен сұлтандардың ұрпағы санап, дүниемді тәркілеуге жатқызды... Бұл әділдік емес!

Тергеуші: Сенің заңгер екеніңді білемін. Бірақ қалай бұлталақтасаң да баратын жерің абақты! Ірі байларға қатысты Совнарком КазЦик-і қаулысына неге қарсы шықтың?

Базарбай: Көктеректе кедей және орта қолды шаруалармен «Қосшы Одағы» мүшелері арасындағы талқылау конференциясы дұрыс өткізілмеді.

Тергеуші: Оған қандай дәлелің бар?

Базарбай: Кейбір жергілікті уәкілдер мен жанама комиссия мүшелері өздеріне берілген өкімет өкілеттігін асыра сілтеді.

Тергеуші: Олар бар болғаны конференцияға қайшы пікір білдірмек болғандарға тиым салды. 

Базарбай: Ондай болса, мені неге әкімшілік қыспаққа алды?

Тергеуші: Ол қыспақ емес, әділетті талап!

Базарбай: Өздері алдын ала жасап әкелген тізімдегілерді тәркілеуге жалпылай дауыс беру әділеттілік пе? Әр адамға жеке дауыс беруге неге қашты? Бұл Совет өкіметінің негізгі құқықтық қағидаларын бұрмалау болып табылады!

(Тергеуші шылымын тұтатып, ары-бері біраз жүреді. Сосын оқыс бұрылып, Базарбайға шұқшия қарайды).

Тергеуші: Сен осы, өзіңді кіммін деп санайсың? Сенің дәуренің бітті дей бер! Жазған өмірбаяның шылғы өтірік! Сен туралы нақты мәліметті мен жатқа білем. 1917 жылы «Алаш» партиясының ордасына айналған Орынбордағы Жалпықазақ съезіне делегат, одан Шора-Ислам съезінің делегаты, «Алаш-Орда» жасырын ұйымының мүшесі, «Алаш-Орда құрылтайшылар жиынының мүшесі, «Алаш-Орда» Кеңесінің мүшесі және іс басқарушысы болдың. Ол аз болса, «Алаш-Орданың» екі отрядын жасақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон басқардың!..

Базарбай: Не істесем де бөтеннің сойылын соққам жоқ, өз халқымның мүддесін ойладым. 1919 жылы Совет өкіметін мойындап, адал қызмет еттім.

Тергеуші: Дерек басқаша дейді, мырзам! Кеңес өкіметі кезінде бірталай лауазымды қызметтер атқарғаның рас. Әсіресе губерния прокуроры болған тұста шынайы бет-пердең анық ашылды. Қазына мүлкін талан-таражға салып, көптеген басқа да қылмыстар жасадың. Қастандық пиғылмен жалған деректер таратып, Совет өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлтаралық наразылық тудырғаның өтірік пе?

Базарбай: Көктеректегі конференция болмаса, өзге жерде қайшылық болған емес. Керісінше ешқандай қаулысыз, қылмыстық іс қозғалмастан, аудандық милиция бастығының ауызша нұсқауы бойынша, 19-қыркүйектегі Көктеректе ұсталғаным нағыз заңсыздық!

Тергеуші: Мырза, бұ дүниеде не жасалса да заңдылықпен жасалады. Қанаушы таптың соншалықты өзеурегені – міне, қандай салдарға алып келді. Қылмыс пен қиянат жазасыз қалмайды! 

Базарбай: Сіздер маған негізсіз айып тағып отырсыздар. Не қызметімен, не рулық дәрежесімен ерекшеленбеген, тасыған байлығы жоқ кедей отбасыдан шыққаныма құдай куә. Ақ патша тұсында кездейсоқ сәті түсіп оқуға ілігіп, оны ақпан революциясынан кейін аяқтадым. Кеңес өкіметі кезінде алты жыл сот-тергеу органдарында істеп, денсаулығыма байланысты жұмыстан босадым. Бар болғаны осы...

Тергеуші: Осы өмірімде қылмысын мойындаған ешкімді көрген емеспін. Барлығы періште! Егер білгің келсе, айтайын: сенің тағдырың баяғыда шешіліп қойған. Бұл әңгімені әншейін қағаз толтыру үшін ғана құрып отырмын.  

Базарбай: Осыдан кейін әділдік туралы айтуға ауыздарыңыз қалай барады?

Тергеуші: Міне көрдің бе? Нағыз суқаның қалқып шықты! Совет өкіметіне қызмет етуден бас тартқан себебің де осыдан білініп тұр! Денсаулық дейді ғой!..

Базарбай: Бұдан ары сіздің сұрақтарыңызға жауап бермеймін...

Тергеуші: Керек еді... Сені итжеккенге айдатуға осы да жетіп жатыр. Бұл ойыншық! Қуырдақтың көкесі алда!.. Күзет, әкет!


ПЕРДЕ


ҮШІНШІ БӨЛІМ


Зындан. Қос сатылы ағаш төсектер. Он шақты адам бар, кейбірі жатыр. Екі-үшеуден бас қосып, әңгімелесіп отырғандар көрінеді. Базарбайды кіргізгенде бәрі сұраулы түрде жалт қарасады. Базарбай төменгі сатыда отырған қарттау адамның қасына келіп тізе бүгеді. Ол бес болыс Садыр руына би болған Базарбайдың Тәсібегі еді. Ол қолындағы айналдырып отырған тасбиығын жан қалтасына салып, Базабайға бетін бұрады.


Тәсібек: Ұрған-соққаннан аман сияқтысың, қарағым...

(Базарбай жан-жағына зерлеп қарап шығады. Анадай жерде құлағын осылар жаққа төсеп отырған бір жастау кісіні байқайды).

Базарбай: Ақырын сөйлеңіз. Біздің аузымызды біреу бағып отырған тәрізді.

Тәсібек: Аппай құдай-ай, сөз аңдығандардан құтыла алмадық қой! Оның кім?

Базарбай: Аналардың кісісі сияқты... 

(Құлағын тосып тыңдаған адам, жәйлап басып бұл екеуінің тұсына келеді. Оң қолын кеудесіне қойып, тағзым еткендей қыймыл жасайды. Базарбай мен Тәсібек оған таңырқай қарап, не дерін білмей қалады).

Омарбек: Ғапу етіңіздер! Сіздерді сырттай танушы едім. Шебер Алланың әкеліп көрістірген жерін қарасаңыздаршы! Менің ныспым Ағаділдің Омарбегі. Руым...

Тәсібек: Ары қарай айтпай-ақ қой! Марқұм, Ағаділ әкеңді жақсы танығам. Жатқан жері торқа болсын, биссимилла, иррахмани рахим! (Тәсібек бетін сипайды).

Базарбай: Бауырым-ау, сені не үшін қамады? 

Омарбек: Арғы бетке ел өткізіп жүргенде қолға түстім. Қытайдың жансызы, «Ерекшенің» баласы деген айып тағылды. 

Тәсібек: Қай асудан тұтылдың? «Қызыл асу» ма?

Омарбек: Оның аузына қақпан құрыпты... Біз «Жылысай» арқылы бет алғанбыз. Шаршаған жұрт пен мал бір-екі күн жәйласын деп алаңсыз жатқан жерімізде тұтқиылдан бас салды.

Базарбай: Адам басы аман ба?

Омарбек: Иә, аға. Біразымыз мылтықтың дүмін жедік. Таяққа төзбей, ішіміздегі біреу мені көрсетіпті. 

Тәсібек: Е, қуа келгенде әркімнің қу жаны өзіне тәтті ғой! Кімді кім көрсетпей жатыр... 

Омарбек: Ел не боп барады? Күні кеше ғана біріңіз бес болыс Садырдың биі, біріңіз ақ пен қараны қақ айырған Халық соты емес пе едіңіздер? Мына сұмдық қайдан келді? Малы құрсын, елдің тоз-тозы шықты ғой! Бұған тежеу бар ма?

(Омарбектің ашынған дауысы тым қаттырақ шығып кетеді. Оны естіген қалғандары құлақтары елең етіп, бір-бірлеп осылардың маңына жинала бастайды. «Бұл сұмдық болды ғой!», «Кілең антұрғандар», «Іштен шыққан жау жаман!» дегендей сөздерді айтып, олар да наразылық білдіреді).

Тәсібек: Туысқандар, аса даурықпаңдар! Жиналыста отырған жоқсыңдар! 

Омарбек: Расында бос даурықпайық. Ақсақалдың лебізін тыңдалық. Сот ағамыздың ойын білелік...

(«Жөн сөз!», «Әділ сөз!» деп көпшілік қоштайды. Сосын шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнайды.Тәсібек сәл ойланады да тамағын қырнап, сөзін бастайды).

Тәсібек: Бұл, ел басына туған бір зауалды күн болып тұр, қарақтарым. Қай күні, қандай жағдаймен тәмам болары, бір Тәңірге ғана аян...

(Осы арада Базарбай қасындағы бір кісіге есіктің аузына барып, тың тыңда деп ымдайды. Тәсібек те оған келісіп, басын изейді). Иә, сақтықта қорлық жоқ деген. Өз еліміз, өз жерімізде жауға айналдық. Арымыздың садағасы малдан айырылып, қу жанды шүберекке түйдік. Ендігі тағдырымыз сайтанның қолында тұрған секілді. Құдайдан, анттан безген «қызыл ажал» сірә, аямас...  

Омарбек: Апырау, мына сіздер секілді абыздарды сақалдан сүйреп, таяққа жыққан, бұл - қандай өкімет?!

Базарбай: Жұртқа төнген жұт!.. Қазір бай-манап, рубасы деп қана алалап жатқан секілді. Лениннің Жаңа экономикалық саясаты құрдымға кететін сыңайлы. Себебі, бұны – капитализмді қайта жаңғырту деп бағалап жатыр. Соноу қиын-қыстау жылдары елдің еңсесін көтерген ұтымды саясат - таптық ала-құлалық тудырады деп қауіптенетін көрінеді. 

Омарбек: Сонда бұлар ұлы Лениннің саясатына қарсы шыққаны ма?

Базарбай: Лениннің саясаты судан өткенше деген ғана мақсатты көздеген секілді. Енді біз сияқтылар «ауылды кеңестендіруге» кедергіміз екенбіз...

Омарбек: «Судан өткенше қызыңды алайын, судан өткен соң қызыңды ұрайын!» болды десеңші!

Базарбай: Иә дәл солай. Себебі біздің қазақ белсенділері о баста бұл жолды құп көрмеді. Тіпті Ленинге сұрақ та қойған секілді. «Байлардың ықпалы артып, Октябрге тежеу болса, қайтеміз?» деп. «Уақыты келгенде талапайға салармыз!» деген жауап алған сыңайлы.  

Отырған 1: Бар жазығымыз ерінбей, адал тер төккеніміз бе?

Отырған 2: Тор биені қойшы... Құлын кезінен қолымнан жем жеп өскен көк дөненімді тулақ қылатын болды-ау, мына міскіндер!

Омарбек: Сен де айтады екенсің! Бәйгеге адам басы тігіліп отырғанда, қайдағы көк дөненнің қайғысын жырлағаның қай сасқаның?

Отырған 2: Былтыр жалғыз атын «Мойынсерікке» тартып алғанға өкпелеп, арғы бет асып кеткен Тоқпанға ере кету керек еді, қап әттегенай! Өзіңе кеп соқтықпайынша - жауды алыс дейтін ақымақтығымыз, түбіме жетті!  

Омарбек: Қойыңдар, гөй-гөйді! Сөзге құлақ асалық.

Тәсібек: Айт-айтпа, болар іс болған сықылды. Енді болаттай берік болудан басқа шара жоқ. 

Базарбай: Дұрыс айтасыз, аға! Бұлар бізді мәслихатқа шақырып әкелмегені бесенеден белгілі. Келсін-келмесін әйтеуір бір айып тағып, жазаға тартады. Олар біз секілділерді мұқатып, аластап, орнымызға егін екпек көрінеді. 

Тәсібек: Сөзіңді қоштаймын... Анау бір жылы Құдиярдың бір сапалағын «Садыр атаңмын!» дегені үшін керіп қойып сабатқанмын. Садыр атамның аруағын сыйлап, оны бір түн күтіп, ертеңінде «Садырдың қайсысы боласың?» десем, «Құдиярымын» дейді әлгі. «Мен бес болыс Садырдың баласын түгел білемін, Жексембайға сәлем айт!» деп жіберіп едім, еліне барған соң: «О, иттің баласы, Тәсібектен басқа кісіге: Қаракерейге, Матайға Садырмын десең болмай ма!? Қарашы-ей, Садыр атаңмын деуге қалай аузың барды?!» деп оны өз билері Жексембай да сабатыпты. Енді сол жетесіз, «Мойынсерік» басшысы. Және мені қаралағанның белсендісі де сол...

Омарбек: «Балақтағы бит басқа шықты!» деген осы емес пе?!

(Отырғандар да «Иә, иә!» десіп, күпінісіп жатады).

Отырған 1: Базарбай аға, сіз, көзіңіз ашық оқыған адамсыз. Бізді ары қарай не күтіп тұр? Ел-жұртымызбен қауыша аламыз ба?

Отырған 2: Алдыңғы лекте айдалып кеткендер «итжеккенде» ағаш кесіп жатыр деп естіп едік. Біздің де сүйегіміз сол жақта қала ма? Айтыңызшы, аға!.. 

Омарбек: Базарбай аға көріпкел емес қой, бекер қинамаңдар...

Тәсібек: Бос сөздің қажеті қанша... «Еркек тоқты құрбандық» деген баяғыда... «Бөрік кигеннің намысы бір» демекші, жаман қатындарша ыңырси бермелік. Не де болса, әліптің аяғын тосалық. Құрыққа түскен қысырау да айбат шегер болар, еркек емессіңдер ме!? 

(Есік көзінде тың тыңдап тұрған адам аяғын тапырлата басып бұлардың қасына келеді. Отырғандарға тараңдар орындарыңа деп, ым жасайды. Барлығы өз орындарына отыра қалады. Салдыр-сұлдыр етіп темір есік ашылады. Ар жағынан бет-аузы қан болған біреуді екі жендет сүйреп кіргізіп, кіре беріске тастай салады. Омарбек бастаған екі-үш адам оның қасына барады).

Омарбек: Бауырым-ау,  іш-құрылысың аман ба?

Таяқ жеген: Аман сияқтымын... Ана жауыз иттің балалары!.. Итше тепкіледі ғой!

Омарбек: Тыс-с... үндеме!

Таяқ жеген: Менің аузымды ешкім буа алмайды! Айтарымды айтып өлем! Сендер кімсіңдер?

Омарбек: Қазақпыз...

Таяқ жеген: Қазақтан садаға кетіңдер! Алты Алаштың ұлдары қайда? Өңкей малға айналған сүмелектер! Бас көтермей, өстіп тұншығып өліңдер! Қой не, қазақ не, бәрібір!..

Тәсібек: Аузыңа келгенді сандалма! Қай туғансың?

Таяқ жеген: Оның маңызы қанша? Жүзге, руға бөлініп береке таптыңдар ғой! Енді міне отырсыңдар, қораға қамалған мал құсап!

Омарбек: Осы антұрған біздің тілімізді шығарып, әдейі арандатуға тасталған біреуге ұқсайды?

Базарбай: Айта берсін... Сөзі біткен соң, өзі де қояды. 

Омарбек: Егер сен сондай арамза ит болсаң, ажалың менен!

(Омарбек күректей алақанын жайып, ананың алқымына тақайды. Одан шошыған анау айғай салады).

Таяқ жеген: Аттан, аттан, күзет!

(Күзет алысқа ұзамаған секілді. Сақұр-сұқыр есік ашылады).

Есік күзеті: Бұл, не шу? Ей, итиіп неғып жатырсың, есіктің көзінде? Кәне тұр!

Таяқ жеген: Мына сұмқадандар қылғындырып өлтірмекші мені! Әкетіңізші бұл жерден!.. Мен қылышымнан қан тамған бәлшебекпін!

Есік күзеті: Ондай бұйрық жоқ. Бос орын тап та үніңді өшір!  (Таяқ жегенді екі адам қолтықтап түкпірдегі бір орынға апарып жантайтады. Анау тағы бірдемелерді айтып сарнайды. Омарбек шыдай алмай оның қасына барады. Еңкейіп бетіне қарайды да кері шегінеді).

Омарбек: Ойбу, мына неме мас қой! 

Таяқ жеген: Мас емеспін! Аузым сондай сасық...

Тәсібек: Тиіспе. Сасығы тараған соң, сұрармыз жөнін.

Омарбек: Осы қайбір жөн білетін кісі дерсіз... (Қолын бір сілтейді). Айтыңызшы, мына сықылды антұрғандар аяқ-астынан қайдан шыға келді? Қайда бет алдық?

Тәсібек: Балам, басқаны қайдам, сенің бет алысың белгілі... айдалу. Ұйып отырған ел у тигендей болды. Ата-баба салты аяққа тапталды. 

Базарбай: Қадірлі ағатайым, бұл жайдан жай келе қалған зұлмат емес. Көздеген мақсаты бар саяси науқан. «Асыра сілтеу болмасын – аша тұяқ қалмасын»... Бұл атамзаманнан қалыптасқан шаруашылық жүргізу әдістерін де жою. Қысқасы, тектен айыру... 

(Түкпірден дабыр-дұбыр шығып, сол жақтан қалтыраңдап таяқ жеген шығады).

Таяқ жеген: Мені мына дүние есімнен айырды! Жазықсыз жап шектірді! (Кеңкілдеп жылаған болады. Сосын әңгімелесіп отырғандардың қасына жайғасады. Ысырылып кеткендер де жылыстап, қайта жақындайды). Ақымақ ағамның ақылын тыңдап, адастым!

Омарбек: Ей, не болды, сонша? Айтсаңшы...

Таяқ жеген: Сәбет өкіметі кедейге дем берген кезде ағам екеуміз ауылдағы бір бақуатты ағайынымыздың киіз үйін жасауымен, аттарын ер-тұрманымен тартып алдық. Үйдің төбесіне қызыл ту ілдік. Биік төбеге шығып, осы маңдағы елді тастаққа иіреміз деп жар салдық. Бізден шошыған ел басы ауған жаққа қашты. 

Омарбек: Ойпырай, қалың жұрт екі әумесірден қалай қорқа қалды екен?

Таяқ жеген: Олар бізден емес, желбіреген қызыл тудан қорықты.

Отырған 1: Иә-ә... міне қызық! Айта бер шырақ...

Таяқ жеген: Айтатын несі бар... қашқандардың ішіндегі бір-екі алаяқ жер қаптырды!

Омарбек: Қойшы,ей?

Таяқ жеген: Олар бізге «Сәбет өкіметі құлады. Ақтар келе жатыр» деді. Ақжүрек басымыз сеніп қалдық.

Отырған 2: Дүние-мүлкін қайтарып бердіңдер ме?

Таяқ жеген: Жоға. Киіз үйдің төбесіне ақ ту ілдік. (Бұны естіген Омарбек зор денесі селкілдеп, тарқылдай күледі. Қалғандары оған ақырын күл дегендей ым жасайды. Өздері ауыздарын басып, тұншыға күлкіге көміледі. Таяқ жеген бұларға ренішті кейіп танытады). Сендерге күлкілі. Келе жатқан ақтар емес, ГПУ болса күлер едіңдер!

Омарбек: Иә, сонымен?

Таяқ жеген: Аттарымызға міне салып тауға қаштық! Үш күн, үш түн сайдың қуысында жаттық. Аштан өлетін болған соң үйімізге келсек, ГПУ тосып жатыр екен, бас салды!

Отырған 2: Міне, тура осы секілді антұрған, мені бай деп көрсетіп, екі жылқым үшін осында тап болдым! Ағаш кеңірдегіңді жұлып алайын ба? (Ол таяқ жегенге қарай ұрмақ болып ұмсынады. Оларға Тәсібек ара түседі).

Тәсібек: Жә болды!.. Бұл да алакөт торғай құсаймын деп, сазайын тартқан көрінеді. Ақ патшаның жарлығымен би болып, отыз жыл елді қанады деп мені де осыған қосақтаған бұ заманға қай зарыңды айтарсың?! 

(Зындан есігі сақұр-сұқыр етіп ашылады да есік күзеті дауыстайды).

Есік күзеті: Базарбаев Тәсібек?

Тәсібек: Мындамын... 

Есік күзеті: Түс алдыға!

Базарбай: Ағатай, берік болыңыз! (Тәсібек басын изейді. Еңкіш тартқан денесін көтере, екі иығын қомдап, жендеттің алдына түседі. Қалғандары соңынан қарап қала береді).

ПЕРДЕ


ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 


Сахнаның артында қалың ағаш өсіп тұрады. «Нива» автокөлігінің сұлбасы көрінеді. Көкорай шалғында үш адам тұр. Ауылдық округ әкімі, Сәуле апа және оның немересі Нұрсейіт.


Әкім: Міне, сіздің көргіңіз келген жер. Таныдыңыз ба?

Сәуле апа: «Елу жылда ел жаңа» дегендей бәрі өзгеріп кетіпті. Рас, мына жыра ғана қалыпты. Ол кезде керемет терең көрінуші еді, енді тым саяз секілді.

Әкім: Бала кезімізде үй де ағаш та бәрі биік көрінеді екен. Өсе келе олар аласарып, біз өсетін сияқтымыз ба?

Сәуле апа: Иә солай шығар, қарағым... (Ауыр күрсініп, қалың ағаш жаққа қарайды).

Әкім: Апа, менімен бірге егіншілік жақты аралағыңыз келсе, жүріңіз.  

Сәуле апа: Бара ғой, қарағым. Армандап келгенім осы емес пе. Туған жердің ауасын жұтып, немеремнің де шөлін қандырайын... Бізге алаңдамай шәруаңды бітіре бер.

Әкім: Көп кешікпеймін, жақсы, қыдыра тұрыңыздар, онда...

(Әкім көлігіне қарай бет алып, сахнадан шығып кетеді. Сәуле апай мен немересі қалады).

Нұрсейіт: Апа, сонда осындай айдалада тұрғансыздар ма?

Сәуле апа: Е, қарғам... бұл енді айдала сияқты болып тұр ғой. Ол кезде елі-жұрты болған құтты мекен еді. Әкем, Алматыға үлкен қызметке шақырса да бармапты. Қыр соңынан түсіп, неше қабат қамауға ала берген соң, қызметтен мүлдем бас тартқан көрінеді. 

Нұрсейіт: Атам, өзі сот, прокурор бола тұрса да неге қамауға алынды екен?

Сәуле апа: Атаң, ақ патша тұсында Қазанда оқып, заңгерлік білім алды. Кейін «Алашорда» өкіметінің он бес министрінің бір болды. Осының бәрі кеңеске ұнамады. Өзі де айтып отыратын: «Мен, бұлардың үйірінен емеспін» деп...

Нұрсейіт: Атам жақсы адам болса, неге оны «халық жауы» деді?

Сәуле апа: Ақиқаттың беті ашылып, атаң емес сол зұлымдар нағыз «халық жауы» болғанын енді білдік ғой!.. 

Нұрсейіт: «Алаштың арыстары» дегенде Базарбай атам көз алдыма келеді. Менің атам Алаштың арысы деп мақтануыма болады ма, апа?

Сәуле апа: Әрине, құлыншағым! Мақтану дұрыс емес, өнеге тұтқаның жөн. Атаң көп нәрсені айтпай, өз жүрегінде әкетті. 

Нұрсейіт: Сіз менен ештеңе жасырмайсыз ба?

Сәуле апа: Саған қызықты болса, есімде қалғанын айтайын... (Ойға шомып біраз кідіреді). Мен үшінші құрсақ едім, алдыңғылары шетінеп кеткен, сіңлім - Әзия тоғыз айлық. Анам айтып отыратын: «Аяғы ақсақ, көзі соқыр бір қыз бер деп құдайдан тілегеніміз – сен едің,» деп. Атаң ұсталып кеткен соң,  екеумізді Серікбай деген туған бауырының үйіне тастап, шешем Мәскеуге ЦК-ға жол тартады. Бір ай жүріп жетіп, Калининнің қабылдауына кіреді. Ол сондағы «қазақ бөліміне» сілтейді. 

Нұрсейіт: Мәскеуге неге барады? Қазақстан басшылары бар емес пе?

Сәуле апа: Ол кезде сондай тәртіп болған. Қазақ елі деген аты болғанымен, заты болмады. Сөйтіп Кремльдің маңында қазақтар көп екен. Шешемді танып, құрмет-қошамет көрсетеді. Қазақ бөлімін басқарған Тұрар Рысқұлов: «Сізді мұнда кім өткізді?» деп салқын қарсы алады. «Рұхсат қағазбен кірдім!» деп шешем де тайсалмайды. Арызбен танысқан соң: «Қайта беріңіз, жауабы артыңыздан барады.» депті. Ақыры әлгі арызға ешқандай жауап келмей, әкем этаппен жер аударылып кетті.

Нұрсейіт: Анандай атақты Тұрар Рысқұловтың қолынан да ештеңе келмеген бе?

Сәуле апа: Заман солай болды ғой, қарғам... ол кісіге де айып таға алмайсың. Ақыры өзі де сол сойылын соққан өкіметтің құрбаны болды...  

Нұрсейіт: Сонда сол кездегі өкімет өздерін өзі қырған ба?

Сәуле апа: Соның кері боп тұр ғой... Оны қойшы, мына қызықты қарасаңшы! Арып-ашып Мәскеуден оралған шешемді кішкентай Әзия жатырқап, жоламай әлек қылғаны бар-тын. Анам сол азапты сапарын еске алғанда Тұрар Рысқұловтың қол ұшын бере алмағанына кейіп, ренжіп отырушы еді. 

Нұрсейіт: Ары қарай не болды?

Сәуле апа: Не болушы еді... 1929 жылы біз де әке соңынан сапар шектік. Бар мүлкіміз қос шабаданға сыйды, оның ішіндегі құнды дүниеміз: шешемнің 12 алтын қасығы, білезіктері мен сырғасы және әкемнің портсигары болатын. Осы барымызды арқалап, екеумізді жетектеп, шешеммен біре этаппен пойызға отырдық... 

Нұрсейіт: «Итжеккенге ме»?

Сәуле апа: Жоқ, айналайын...  Саратовқа келдік. Қала шетінде цемент және бөшке құрастырғыш зауыттары орналасқан екен. Төңірегінде үлкен алма бағы бар- тын. Со маңдағы бір орыстың үйіне пәтерге тұрдық. Екінші қабатынан бір бөлме босатып берді. Әкем цемент зауытына қара жұмысшы болып кірді. Анам өмірі ауыр мехнат көрмеген адам еді, әлгі бөшке зауытына шегелеуші боп жұмысқа тұрды. Кетерінде екеумізді сыртымыздан қамап тастайды. Сонымен не қазақ емес, не орыс емес халде шүлдірлеп өсіп жаттық.

Нұрсейіт: Туу... көрмегендеріңіз жоқ екен!

Сәуле апа: 1931 жылы анам тағы бір қызға босанды. Атын Русия қойды. 1932 жылы жер аударылған мерзіміміз тәмамдалып, бостандық алдық.

Нұрсейіт: Үһ, ақыры елге қайтқан екенсіздер ғой? Мәңгі бақи сол жақта қалып қоя ма деп қорқып едім!

Сәуле апа: Бұл жұмыр жердің бетінде еш жан баласы мәңгі бақи қалмайды, құлыным. Дәм-тұз таусылған күні мына апаң да өтеді...

Нұрсейіт: Мен қайда қалам? Сізсіз өмір сүре алмаймын, апа! Сіз менің досым болып кеттіңіз... Тастамаңызшы!

Сәуле апа: Өйбу, құдайым-ай, бүгін кетейін деп отырғам жоқ! Сен білім алып, келін түсіріп, шөбере иіскеген соң ойланып көрермін... (Жымиып күледі)

Нұрсейіт: Сөйтші, апа! Көңілім орнына түсті ғой... Енді әңгіме тыңдағым кеп кетті! (Жайдарыланады).

Сәуле апа: Өкінішке орай, бізге ел жаққа аттап басуға тиым салынған-ды. Өз бетімізше баруға қорықтық. Содан Қарақалпақстанда тұратын шешемнің бауыры Серікбайды сағалай тұрғанды жөн көрдік. Ол су шаруашылығында инженер боп істейді екен. Арал теңізімен пароход арқылы Арал қаласына жеттік. Одан ескекшілері бар қайық жалдап, Амударияның төменгі ағысымен Төрткүлге бет алдық.

Өзен суы тасқынды сәт еді, біздің қайықпен ілесе ағаш, бұта, томар қатар жарыса ағып, шешем марқұм: «Е құдайым, сақтай гөр!» деп жол бойы жалбарынумен болды. Күн қайнап тұр. Әбден масаға таланып, шимандай қотырға айналдық. Әкем бізді кезек-кезек суға шомылдырып қояды. Сөйтіп келе жатқанда Русияның көйлегін суға ағызып алдық. Қызыл көйлек еді, су бетінде көлкілдеп ағып бар жатқаны әлі көз алдымда... (Көзін орамалының ұшымен сүртіп, Сәуле апа үнсіз қалады. Нұрсейіт кінәлі адамша оның бетіне жалтақтап қарай береді. Сосын қолының ұшымен қалың ағашты нұсқайды).

Нұрсейіт: Апа, мына ағаштарды кезінде атам екті ме?

Сәуле апа: «Қашып кеткенше, шашып кет» деген мақал бар қазақта. Атаң еккен ағаштардың өзі болмаса да тамырынан өнген өскіндері шығар...

Нұрсейіт: Мен де сондай өскін емеспін бе? 

Сәуле апа: Ақылыңнан айналдым! Иә, сен - атаңның кіндігінен тараған ұрпақсың.

Нұрсейіт: Шөбересімін ғой? Менен туғандар неменесі болады. 

Сәуле апа: Осы сөзің атаңның құлағына жетіп, бір аунап түсіп жатқан шығар... и Аллам... жатқан жерің торқа болсын, әкетайым!

Нұрсейіт: Атам туралы тағы айтыңызшы. Тек жыламаңызшы, апа.

Сәуле апа: Қайтып жыламайын... Ол кез күллі елді зар жылатқан сұм тағдыр болды ғой!.. 

Төрткүлде әкем ГПУ-ға аудармашы боп орналасып, шешем де көзі ашық оқыған адам еді, паспорт столына жұмысқа кірді. Ол кісі кезінде приходская школа, гимназияда білім алған және ескіше де хат тани білуші еді. Шыққан тегі Жетісу өңіріне белгілі - Нияз батыр. Ал әскер оқуын бітіріп, офицер болған ағасы Қожамсейіт Базарбай атаңның үзеңгілес әріптесі болды.

Шешем сол жердегі тұрғындардың кейбір қылықтарын айтып күлдіріп отыратын: «Фамилияң қалай десең күйеулерінің атын айтады, ақыры көбісі солай жазылып кетті!» деп.

Нұрсейіт: Менің әжем де мықты жерден шыққан кісі екен ғой? Үйге барған соң, осының бәрін компьютерге жазып алам. Тек қайталап айтып берем деп уәде бересің бе, апа?

Сәуле апа: Әрине, берем. Иә, сонымен бұл жаққа да ашаршылықтың салқыны жетті. Көбіне тұзды балық қана жейтініміз әлі есімде. Қасымызда Мамыт деген диірменші тұрды. Соның бақшасында жайқалып өскен жоңышқаның дәнді басын орып әкеп, бізге дәрумен болсын деп көже жасап беретін-ді шешем. Екі жасарында Русия көз жұмды. Мектеп жасына жеткен шағым еді, оқуға баруға жарамай төсек тартып жатып қалдым. Ақ қағаздай болған құр сүлдерім. Сол тұста Мәскеуден бір дәрігерлер келе қалғаны. Мені жастыққа салып бәтеңкелеріммен салбырата көтеріп, көрсетуге апарды. Тұзсыз нан мен витамин беру керек екенін айтты. Ұн алуға ақша жоқ. Қолдағы бар қымбат заттарды айырбастап болған. Сонда жалғыз ғана алтын қасық қалыпты. Соны «торгсинге» өткізіп, шешем: «саған арнап жүруші едім, бір кәдеңе жарады ғой» деп бір пұт жоғарғы сорт ұн алады. Сол қасықтың арқасында жаным қалған, құлыным...

Нұрсейіт: Мені көрсін деп тірі қалдырған шығар? (Сықылықтап күледі).

Сәуле апа: Қойшы әйтеуір, ашаршылық та өтті. Бұның алдында бір өзбектің тоқал тамында тұрып жатушы едік, енді мелисаның казармасынан бір бөлме берді. 1934 жылы Роза деген сіңлім туды. Ендігі ол да өмірден өтіп, артында Гауһар, Мира және Ермек атты балалары қалды. Гауһар Мырзабекова жер - әлемге есімі әйгілі өнер шебері, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деген осы емес пе.

Нұрсейіт: Гауһар тәтемді жақсы көрем! Ол кісі маған музыкант боласың ба деп сұраған. Мен апамды емдейтін дәрігер болам деп келіспедім.

Сәуле апа: Ниетіңнен айналдым!.. (пауза). Жағдайымыз енді жақсарды ма деген де, 1937 жылы тағы қудалау басталды. Әкем екі-үш күн жоқ боп кетіп, қара түндей боп оралады. Шешемнің екі көзі бұлаудай. Мен, үшінші, әлде төртінші класта оқимын. Біздің үйде «Алаш-Орда» қайраткерлерінің Омск, Томскіде жүргендерінде түскен көптеген суреттері мен бірталай құжаттары сақталып жататын. Соның ішінде есімде қалғаны Сәкен Сейфуллиннің және басына тымақ киіп түскен Ілияс Жансүгіровтың суреттері еді. Солардың арасында шешем де бар, ол кісі әкем қатысқан жиындардың бәрінде де болған көрінеді. Тінту жүрсе тауып алып, айғақ етер деп қорыққан анам, солардың бәрін өртеп жіберді. Апырай, орыс немесе неміс құрбыларымның үйіне неге жасырмадым деп әлі күнге өкінемін!.. Әкемді ары тергеп, бері тергеп, ештеңе таңа алмай қайтарып жүрді. 

Нұрсейіт: Ол кезде тарс еткізіп, ата салады екен ғой, рас па, апа?

Сәуле апа: Ол кездің аты өшсін! Ары айтуға шамам жоқ... Енді ештеңе сұрама!

Нұрсейіт: Осы жерде тұрып-ақ, мен де қорқып кеттім ғой!

Сәуле апа:Тыңдашы, бірдеңе дүрілдей ме? Әлде құлағым шулап тұр ма?

Нұрсейіт: (Жан-жағына қарайды)Иә, апа. Анау жақтан шаңдатып екі машина келе жатыр.

Сәуле апа: Жаңағы әкім бала шығар? Екіншісі кім екен? (Нұрсейіт үндемей көліктер келе жатқан тұсқа қарайды. Көзді ашып-жұмғанша көлік те келіп тоқтап, ішіндегі кісілері бұларға келеді).

Әкім: Көп тосып қалмадыңыз ба апа?

Сәуле апа: Жоқ, айналайын. Немереме өткен-кеткенді айтып та үлгермедім. Ауыз жидырмай жетіп келдің ғой! (Күледі).

Әкім: Бос келгем жоқ, сіздің ата-анаңыздың қонысына ие болып, құтын арттырып отырған Балтабек ағамызды ерте келдім. (Балтабек қос алақанмен Сәуле апаның қолын алады. Жүзінде аса ризашылық бар).

Балтабек: Сізді көргеніме қуаныштымын! Әкем марқұм айтып отыратын: «Базарбай деген сот ағамыз болған!» деп. Әкім бауырым өткенде сіздің өтінішіңізді жеткізген. Екі жақтап көне көздерден сұрастырып көрдік.

Сәуле апа: Ал енді менің әкемнің үйін көрсетіңдер...

Әкім: Сіз, сол үйдің орнында тұрсыз.

Сәуле апа: Не дейді, жаратпаған құдай-ау? Біссіміллә! (Сәуле апа шошып кері шегінеді)Орны болса, үй қайда?

Балтабек: Әпке, бұл өзі, бір жағымсыз әңгіме...

Сәуле апа: Өртеніп кетті ме? «Әкесі өлгенді де естіртеді» демекші, не болып еді?

Әкім: (Басын қасиды). Сіздің қоңырау шалып жасаған өтінішіңіз бойынша ескі көз қарияларды іздестірдім.  Иә, олар біледі екен. Осы «Бастаушы» деген жерде «Базарбайдың сегіз бөлмелі көк үйі» деген расында болыпты.

Сәуле апа: Болыптысы несі? Қой, қарағым!.. Ит өлген жерден келгенде жер сипап қайтер ойым жоқ. Шындарыңды айтыңдар!

Әкім: Сонау Хрущев тұсында ірілендіру саясатына байланысты бұл елдімекеннің халқы тым-тырақай тарап кетті.

Сәуле апа: Үй қараусыз қалды ма?

Әкім: Солай деуге де болады. Дегенмен, кейінге дейін ол үй тұрыпты. Қыста малшылар отырып, жазда шөпшілер паналапты. Мына аласапыранның алдында ағаштарының қиюын сақтап, орталыққа әкеп мектеп ғимаратын тұрғызыпты. 

Сәуле апа: Бекер шірітіп тастамай игілікке жаратқандарың жақсы болған екен! Барып көрсек қалай?

Әкім: Ой, қайран ана! Аласапыран немізді қалтырды дейсіз? Пысықайлар табылып, ағашын жан-жаққа бөліп әкетті. Тіпті сонау Алматыға апарып бастарына шатыр көтеріпті дегенді естідік.

Сәуле апа: Қарағым, боқ дүние қуып жүргем жоқ. Әкем ақталған соң, заңсыз тәркіленген дүние-мүлкі артындағы ұрпағына қайтарылуы тиіс деген Қаулыға орай келген бетім. Бала болсам да сол үйдің сұлбасы есімде қалыпты... (Сәуле апа қол орамалын көзіне тақап, жасын сүртеді. Аруана көңілі босап жылап алады).

Нұрсейіт: Апа, жыламашы! Үйсіз емеспіз ғой, қайтайықшы Алматыға...

Сәуле апа: И-и, қарғам-ай, мені үй іздеп келді дейсің бе? Кіндік қаным тамған өлкені сағынып, әкем мен шешемнің ізі қалған топырақты бір басайын деп келдім ғой...

Балтабек: Әпке, далаға келген жоқсыз. Жаңа мына інім айтқандай, атамыздың қара орнын түлетіп отырмыз. 

Сәуле апа: Мынауың дала емей немене? Түлеткендерің қайсы?

Балтабек: Атамыздың орнын таптатпай, көк орай қалпында қалтырдық. Анау қалың ағаштың арасына жаңа үй тұрғыздық. Сол жерде осы төңіректің шаруагер жұрты бас қосып, түскі астарын ішеді. Уақыт та боп қалыпты. Дәм ауыз тиіңіз.

Әкім: Апа, Балтабек ағамыз егіншік қана емес, төрт түлік малды да өрбіткен белді шаруашылық иесі. 

Сәуле апа: Ұшы-қиыры жоқ егін алқабын көріп тұрмын. Қарайған техникадан басқа, қыбыр еткен малыңды көре алмадым...

Балтабек: Әпкетай, жылқы жоғары жайлау Суықта, ірі қара мен қой Жамантас үстінде. Осында шұбат-қымызға деп, біраз түйе мен бие ғана қалдырдық. Саумал ішіп шөл басыңыз.

Сәуле апа: (Сәуле апа қайтеміз дегендей немересіне қарайды). Барамыз ба?

Нұрсейіт: Өзіңіз айтушы едіңіз ғой: «Шақырғанға бармаған, шақыруға зар болар» деп... 

Балтабек: Міне, азамат! Сол үйді атамыздың үйі деп санайық.

Нұрсейіт: Ондай болса, Алматыға көшіріп алып кетуге бола ма?

Балтабек: Иесі өзіңсің!

Сәуле апа: Жаңа ғана үйіміз бар ғой, кетейікші деген кім? (Немересінің арқасынан қағып күледі). 

Нұрсейіт: (Ол ұялған сыңай танытады). Апа, әңгімеміз бітпей қалды ғой, енді қашан айтасыз?

Әкім: Қап, жақсы әңгімеден құр қалыппыз-ау!

Нұрсейіт: Базарбай атам туралы!

Әкім: «Жетісу» энциклопедиясынан оқығанымыз болмаса, өзгедей дерек білмейді екенбіз. Атамыздың кейінгі өмірі қалай болды екен?

Балтабек: Бұл әңгімені дастархан басында отырып тыңдалық... (Барлығы осыған келісім береді де сахнадан шығады).


ШЫМЫЛДЫҚ


ЭПИЛОГ

Авансценада жалғыз Сәуле апа тұрады.

Сәуле апа: ...«Ел тірегі – ер» демекші, халқымыздың маңдайына біткен не бір асылдар мен арыстар - сол сұрқы сұсты жылдары сұм саясаттың құрбанына айналды. Тірі қалғандары тірсегінен қиылып, біртуар қабілеттері бағаланбай «тірі өлік» боп, тума халқының арасында қасіретті өмір кешіп, шарасыздықтан іштен тынды. Жау жар астынан емес, өз ортамыздан-ақ табылып «мәре-сәре» боп жатқанда, нағыз жаудың алапат ойраны бір бүйірден киіп кетті. 

Соғыстың алғашқы жылдары, жұлдыздары шынайы жарасып қосылған жан жары Зейнеп - ауыр науқас зардабынан дүниеден өтті. Жақсылардың арасында да жарқылдап жарасым тауып, қиын-қыстауда да қасынан бір елі қалмаған асыл жарынан айырылған Базарбай, енді, тек балалары үшін ғана өмір кешті. Кейпі көп пенденің бірі, іші – қайнар көзі ашылар-ашылмастан тапталып қалған тұйық тұма іспетті; сусағанға сусын болмақ түгілі, өз ерні кеберсіді. Естияр шаққа жеткеннен білім қуып, халқының қамын жер ұлы екенін ерте түсініп, еліне еркіндік пен теңдік тілеген арда арманы әдірәм қалды. Түйсігіне түрпідей тиген ұраншыл, жалаң саясат - Базарбайдың сауаты мен заңдылықты арқау еткен сындарлы көзқарасын қажетсінбеді.

1928 жылы жалған жаламен тұтқындалып, отбасымен түрмеге қамалды. 1931 жылы Саратовқа жер аударылды. 

Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының 1 – бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандарына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәметов Базарбай ақталды. 

«Қатарыммен қоса неге атылып кетпеді екем?!» деген екен бір кезде, тірі жүргеніне налыған Базарбай Мәметов. Енді міне, елі мен жері жаңарып, соңындағы ұрпағы ол көксеген арманға жетті. Шындық бетіне ақ таңдақ жағылған заманнан да өттік. «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендер - әділет таңы туғалы «өз көгіне» қайта көтеріліп, халқының шамшырағына айналып жатыр. 

 ...Лепсі кенті шетіндегі қалың зираттың бір бұрышында «Мәметов Базарбай - Алаш қайраткері» 1888-1946 жылдары деген анықтама қашалған, қалқиған қара тас қана қараяды. Бұл - алпыс жылдан соң ата сүйегінің анық қай тұста екенін білмей, артындағыларының аңырап жүріп, жобалап тұрғызған құлпытасы еді...

Қайран әкем келешектерің қандай болар екен деп армандаушы еді, соны уайымдайтын. Бұндай егемендік күн жетеді деген ой қаперіне де келмеді-ау!.. Ол өзін, сол «халық жауы» санап кетті. 

Мына тірліктерің керемет екен! Әкем бір аунап түсіп жатқан шығар. Оның да арманы осы өңірде аяқты мал асырап, егін сеуіп, берекелі өмір кешу еді... 

Шаруадан жаңылып, ата салтынан ажырап, дүбара болып кете ме деп қорқатын-ды... Сендерге қарап көңілім орныма түсті. Жаңа толқын, жаңа дүние самалы жанымды жадыратты! Жасай бер, елім! 


СОҢЫ


author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Блогер Клара Иса әлеуметтік желіде өміріне қатысты жазба жариялады, деп хабарлады madeniportal.kz....

Жаңалықтар

Елімізде дәрігерлерге күш көрсетіп, жұмысына кедергі келтіретіндер қылмыстық жауапкершілікке тартылу...