Ақындар айтқан екен...

ӘДЕБИЕТ
5250

***

Есенқұл Жақыпбеков пен Ермек Жұматаев, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мұражайдың директоры Әуелбек Ысқақовты шарқ ұрып іздепті. Жер мен көкке іздеу салып, Әуелбек жүреді деген жердің бәрін тіміскелеп, табандарын тоздырыпты. Тентек су сімірсе тентіреп кететін Әуелбек таптыра қойсын ба?! Амалы таусылған екі ақын өлмесе үйіне бір келетін шығар деген оймен Әуелбектің үйіне барыпты.
 Босағадан аттай сала дауыс көтере сөйлеген Есағаң: «Әй келін, Әуелбек деген ит қайда» – депті. Күйеуінің сыры өзіне мәлім келіншегі: «Ой, Есенқұл аға, ол итіңіз үш күн болды шынжырынан босап кеткен» – десе, Ермек: «Сол итіңіз қайтіп келсе айта салыңызшы, ит атқыштар іздеп жүр» – деген екен.

***

Сондай бір дәуір болды ғой. Ақындар сыраханада бас қосып, сары суға 100 грамды араластырып, қызара бөрткенде шабыттанып өлең оқиды. Бұл өнер адамдарының бәріне тән құбылыс еді. «Тамаша» ойын-сауық отауында әртістік қызмет атқарып жүргенде, Мағауия Қозыбағаров та ащы судан ұрттағанда жұмысқа келмей қалатын әдеті болыпты. Тіпті, қызды-қыздымен гөләйттәп, жұмыстан себепсіз қала берген соң, «Тамашаның» директоры Лұқпан Есенов басы зеңзіп, жұмысқа келген Мағауияға қатты ашуланып: «атаңа нәлет, бүгіннен бастап жұмыстан боссың, шық бөлмеден!» – деп қуып шығып, ашуын басып келейін деп шылым шегуге сыртқа шығып кеткенде Мағауия зып беріп Лұқпан Есеновтің кабинетіне кіріп, бастығының орынтағына жайғасыпты. Өз-өзін сабырға шақырып, кабинетіне кіріп келген директор креслода шалқасынан түсіп жайғасып отырған Мағауияны көріп, көзі шарасынан шығып: «Әй, сен неменеге отырсың бұл жерде?» – десе, «Аға, бұрын осы жерде жұмыс істегенмін» – деп Мәкең де міз қақпапты. Сөздің тігісін жатқызып жіберген Мағауияға ашуы демде тараған Лұқпан Есенов қарқылдап күліп: «Бұдан былай жұмыстан қалма» – деген екен.

***

«Құдайдан үш мәртебе айналып жүр, кім әкесінің қанжығасына байланып жүр» демекші, әкесі дүние салғаннан кейін, асқар таудай ардақ тұтқан әкесінің бейнесін қылқалам шеберлеріне салдырған Мағауия Қозыбағаров көрнекті жерге іліп қойыпты. Көрші тұратын Эльмира деген қыз Мағауияның үйіне барып, әкесінің үлкен суретін көріп: «Әкеңнің суретін күшті салдырыпсың, кімге салдырдың» десе, «өзінің туған өңіріндегі қызылордалық бір суретшіге салдырдым» – депті. «Ой, ол жоқ болып кетіп еді ғой, оны қайдан таптың»– десе, қара сөзді арқандай есіп сөйлейтін Мағауия: «Әй, әкең өлсе, сен де тауып аласың» – деген екен.

***

Ақындар да айтқыш қой. Аспандағы айды алақанға қондырып, күнді құрықтап, қиялға шомылатын шайырлар арасында Мұқтар Ниязов тілінің тікенегі бар ақын. Айтыста да, қарсыласын қыңыр сөздерімен іліп-тартып, қалжыңымен қанжар қадап отыратын Мұқтар, қазақ радиосының редакторы, жерлесі айтыскер Нұрмат Мансұровпен Астана қаласында көлікпен келе жатса, МАИ қызметкерлері тоқтатыпты. «Батыр аңғал, ақын аңқау келеді» дегендей, Мұқтардан әлдеқайда ет-жеңді, ірі сүйекті, рөлде отырған Нұрмат жол ережесін бұзған ғой. Көлікке тая келіп, қолын шекесіне апарып өзін таныстырған жол сақшысы көлікті тізгіндеген Нұрматтан көліктің құжаттарын талап етіпті. Жол сақшысының қандаладай қадалған әркетінен күдіктенген екеуі: «Бауырым, біз айтыскер ақындармыз ғой, жаза басып қойдық па?» деп, сұраған құжаттарын МАИ қызметкерінің қолына ұсата қойыпты. Үсітіне тау құласа да сабыр сақтап тұрған Нұрматтың көлік жүргізу куәлігіндегі суретке бір, түр әлпеті мен тұлғасына бір қарап: «Мен сізді 1975 жылғы шығар десем, 1985 жылғы екенсіз ғой деген жол сақшысына Мұқтар: «Сізді көріп он жылға қартайып кетті ғой» – деген екен.

***

Белгілі өнер шебері, бармағынан бал тамған күйші Қаршыға Ахмедияров марқұм бүйрегі сырқаттанып жүргенде, жанына дауа іздеп Қытайдағы Үрімжі қаласындағы емханада жатып емделіпті. Ақберен күйшінің Үрімжіде емделіп жатқанын естіген сол аймақтағы қарға тамырлы қазақтар Қаршығаның сауығып кетуіне тілектес болып, күн аралатып ауруханаға барып, қалын біліп тұрыпты. Науқасын меңдетіп алған әйдік күйші бір бүйрегін ауыстырып, емханадан шыққан соң, өнеріне бас иген біраз азаматтар Қаршығаны қолдан-қолға тигізбей қонақ жасаса керек. Бірде мейман боп барған үйде үлкен ас келіп телевидениеде істейтін Қанат деген журналист табақтағы етті жапырақтап тураса керек. Кесек-кесек туралған етті көрген Қаршыға: «Әй, бала, етті ұсақтап тура, сен бүркітке ет турап отырған жоқсың» десе, әлгі жігіт: «Аға, бүркітке турамасам да қазақтың қаршығасына турап отырмын ғой» деген екен.

***

Айтыста домалақ атымен танылған тараздық Алтынкүл Қасымбекова, қыз ғұмырдың қызығын әбден көріп, 35-ке келгенде тұрмыс құрыпты. Мұндайды айтыстағы қарсыластары құр жіберсін бе? Айтыс сайын ақын қыздың жылғыздығын бетіне басып, «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасады, оң жақта отырып қалдың, қашан күйеуге тиесің?» деп, қызыл тілмен түйрей беріпті. Бір күнде үш айналымға шығып, ақтық финалда тап болған әріптесі де отыздың ортасына келген Алтынкүлге «осал жері осы ғой» деп, ол да: «кәрі қызсың» депті. Ақындардың сөзінен мезі болған Алтынкүл:
 «Біле білсең менің де қыз атым бар,
 Қолдан келсе, үкілеп ұзатыңдар.
 Меккенің Қағбасындай көңілімді
 Мектептің тақтасындай сызасыңдар» – дегенде, ақын қыздың тапқырығына тәнті болған бір меценат бәйге үлестіріп жатқанда, «басқа бәйгеде шаруам жоқ, Алтынкүлдің осы бір шумақ өлеңіне бір ат мінгіземін» – деген екен.

***

Бұл күнде айтыскерлердің мықтылығы айтыста қанша көлік мінгенімен есептеліп жүр емес пе? Солардың бірі өзін серілердің соңғы тұяғы санайтын Аманжол Әлтаев 40, Айнұр Тұрсынбаева 35 көлік ұтқанын айтыс сайын ақындар тілдеріне тиек етіп жүр. Алматы қаласында өмірден ерте озған марқұм Оразалы Досбосыновты Еске алу кешінде алуан түрлі естеліктер айтылып, көзінің тірісінде айтысты бағалаушылардан көп қиянат көріп, тиісті бағасын ала алмай кетті. Айтыскерлер мінген көлікті Оразалы мінетін жөні бар еді деген сауалға Жүрсін Ерман: «Ол көлік мінбеді емес мінді, бірақ, ертерек өліп қалатынын қайдан білейін, әйтпесе, үйіп-төгіп берер едім» десе, тілінің тікені бар маңғыстаулық ақын Нұрлан Мұсаев: «Жүкең, Аманжол мен Айнұр өледі деп ойлап қалған ғой» – деген екен.

***

Ақындығы аста-төк Асхат Ізтілеуов тек айтыскер ақын емес, тілінің тікенегі бар, сын-сықаққа бейімі бар қуақы жігіт. Қазақ радиосының күндізгі хабарлары жүргізіліп отырғанда әр хабардың арасында эстрадалық, опералық және қазақтың дәстүрлі әндерінен концерттер беріліп тұрады. Кезекті хабар тарату барысында сағат 10 мен 10:30 ортасында қазақтың дәстүрлі әндері бойынша концерт беріліп, 10:30-да орыс тіліндегі жаңалықтар эфирге шығады екен. Бұл енді санаға сыймайтын қисынсыз нәрсе екенін аңғарған Асхат, өзінің азаматтық көзқарасын танытқысы келіп, дәстүрлі әндерді жүргізіп болып: «Қадірлі, радио тыңдаушылар, Сіздер қазақ радиосының әуе толқынынан дәстүрлі әндер айдары бойынша концертімізді тыңдадыңыздар. Негізінен дәстүрлі әнді тыңдайтын – далалықтар, ал, қалалықтар, сіздер үшін орысша жаңалықтар» – деген екен.

***

Айтыстың ақтаңгері, қайым айтыста қарсылас шыдатпас жүйрігі Бекұзақ Тәңірбергенов пен жырау Сұраған Бекмырзаев екеуі де Аралдың арландары ғой. Алматыда өтетін республикалық айтысқа бармақ болып, Москвадан келе жатқан пойызға билет алыпты. Купеге кіріп барса жол серіктері бір орыс екен. Танысып-білісіп, орнығып алған соң, жол қысқарсын деп үшеуі ақша тігіп карта ойнапты. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүр ме?» дегендей әлгі орыс нағыз ойыншы болып шығып, Бекұзақ пен Сұрағанның қалтасын орталапты. Қонақ үйге, тамаққа, ары-бері жүріс тұрысқа деп алып шыққан қаражаттарынан айырылып бара жатқан Бекұзақ амалға көшіп, Сұрғанға көзін қысып, «мен айтысқа дайындалайын, екеуің ойнай беріңдер» – деп орыстың үстіндегі полкіге шығып алып, қолдағы қартасына барлау жасап, ән айтқан болып, Сұрағанға былай депті:
 «Мынада қиық босып жүр,
 Жүректен шықты жосып жыр.
 Орыстың қолы – 31,
 Мерлеймін десең өзің біл» – деп ұтылған ақшаларын қайтарып алыпты.

***

Алаш жұртына есімі әйгілі ақын Сәкен Иманасовтың күйеу баласы болған соң Әбен Дәуренбековтің айтатын базынасы, сұрайтын бұйымтайы болса, алакөлдік азаматтарға қолқа салатын көрінеді. Бірде көже, қатығы таусылып, ауданда әкімнің идеология жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Ахмет Кендірбекұлына телефон шалып: «Ахмет, қатықсыз қара су ішіп қалдық, көже, қатық керек» – депті. Жездесінің бұйымтайын қолдан келсе жеделдетіп орындай қояйын деді ме, әлде «батыр мен ақын алаңғасар келеді» деген сөздің жаны бар ма, Ахаң да еш ойланбастан: «Әбеке сізге қандай малдың еті керек?» – депті.
 Тілінен қағынып, сау басына сақина тілеп тұрған балдызының алаңғасарлығын сезе қойған Әбен ақын биязылығына басып: «Әй, Ахмет мен өті жоқ малдың етінен басқаны жемеуші едім» – деген екен.

***

Жарасқан Әбдірашев атындағы сыйлықтың иегері, ақын Ерғазы Манап кітап шығармақ болып, сапасы жақсы әрі арзандау баспахана іздейді. Осы күні не көп, құшнаштай қаптаған баспахана көп. «Ақысын төлесең, поқысын шығарамыз» дейтін баспалардың тізімін алып, арысы Алматы, берісі Талдықорғандағы баспаханаларды шарлаған Ерғазы ақыры Алматы қаласындағы «Дала Принті» атты баспаханамен келісімшартқа отырады. «Бақсам бақа екен» демекші, кітап шығарудың да өзіндік машақаты бар ғой. Оның сыртқы мұқабасынан бастап, ішкі әрлеуі, қағазының сапасы – бәрі қып-қызыл ақша әрі кітап шығаратын қағаздар граммен өлшенеді.
 Баспадан хабарласқан арулардың бірі: «Аға кітабыңызға қажетті қағаздардың грамын білсек» деп қоңырау шалыпты. Қаперінде не дерін білмей қалған ақын: «Жарайды өзім хабарласып, айтармын» депті де, қасындағы жолдас-жорасына: «Ой, Алла-ай, бұрын жүз грамды ғана білуші едік, кітаптың арқасында 65-70 граммен танысып жатырмыз» – деген екен.


Айтақын Бұлғақов


Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде рэп оқитын полицей елді таңқалдырды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Мәліметтерге...

КІТАПТАР

Адамды адам еткен—кітап,                   &nbsp...