Айым Алтайқызы. Бауырлар

ӘДЕБИЕТ
1706


Әңгіме

Қызыл-жасыл болып көздің жауын алып тұрған кәмпиттердің біреуін алды да, шешесі артына бұрылам дегенгше аузына салып үлгерді. 

– Біреуін қарындасыңа апарып бер, көріп қойса жылайды. Сосын сұрамаңдар. Қағазын бірден қоқысқа таста.

Жәнібек «Қонаққа арналған тәттілерді жымқыру» операциясының шебері. Неше түрлі тағамдар әзірленетіні болмаса қонақ келген күн Жәнібекке онша ұнай бермейді. Біріншіден, қонақ келетін күн «Жәнібек, тұрып бөлмеңді жина, қонақтардан ұят болады!» деген бұйрықтан басталады. Өзі онша танымайтын адамдар үшін сөресін жинап, үстелін ретке келтіруден асқан қандай қорлық керек?! Бәрібір ешкім оның шкафын ашып қараған емес. Екіншіден, қонақ келетін күні бұл ойынға шыға алмайды. Себебі, енді тәй-тәй басып жүруді үйренген қарындасы Айғанымды бағу керек. Әншейінде ешкімнің мазасын алмайтын Айғаным, онсыз да үлгермей жүрген шешесінің аяғына оратылып, ас үйдің сөрелерін ақтарып, берекетті алатынын қайтерсің? Сондықтан, Жәнібекке қонақ келген күні қарындасына бас-көз болып, ештеңеге ұрындырмай ойнатып отыру тапсырылады. 

Үшіншіден, қонақ келгенде бұл «тәртіпті бала» болып жүру керек. Бейтаныс кісілердің сұрағанын тауып беріп, неше түрлі сұрақтарына күліп жауап беру керек. Ал, ең қиыны дастархандағы мың түрлі тәттіні көріп тұрып дәм тата алмау. Қонақтармен қатарласып отырған күннің өзінде әр нәрсеге қолыңды созып жей беру – әдепсіздік екен. Шешесі солай дейді. «Қонақ кеткен соң жейсіңдер, бәрі сендерге қалады ғой» деп бірнеше рет ескерту жасаған. 

Бірақ, ел-жұртпен отырып тәтті жегеннің несі айып екенін түсіне алмай-ақ қойды.

Қысқасы, Жәнібек үшін қонақтардың келуі аса қуанышты жаңалық емес. 

Тек, шешесі Назираның ғана қабағында кірбің жоқ. Әндетіп жүріп тортқа дейін пісіріп қойды. «Басқа адамдарға шаршап-шалдығып тамақ пісіргеннің несі қуаныш?» Жәнібек үшін бұл сұрақтың жауабы да жұмбақ.

Бүгін әкесі жұмыстан ертерек келді. Қолында екі дорба жеміс-жидегі бар. Айғаным екеуіне бір-бір мандариннен ұстатып қалған жеміс тағы да «қонақтардың алдына» аттанды. 

– Балам, құманға жылы су құйып, сүлгіңді дайында. Қонақтардың қолына су құясың. 

Жәнібек үйге үлкендер келгенде осылай жасау керек екенін біледі. Тіпті, қолға су құйғаны үшін бір атайдың ақша бергені де есінде. Бірақ, қонақтардың краннан ағып тұрған тегін суға қолын жумай, Жәнібекті күтіп отыратыны қызық. Не де болса әкесінің айтқан сөзін тыңдамауға болмайды.

Жәнібек тәуір киімін киіп, қарындасының мұрнын сүртіп, есік алдын аяқ киім шешуге дайындап қойды. Жылы су құйылған құманы да дайын. Қонақ күтуге сақадай сай. Көп ұзамай есіктен ұзын бойлы, мұртты кісі келді. Артынан орта бойлы сары келіншек жымия үйге енді. Қолында бір түйіншек матасы бар. Кейін білді, ішінде қызылшақа нәресте бар екен. Қарындасы Айғаным да бұрын осындай кішкентай болатын. Көп жылайтын. Бұл бөпе үн шығармай, ұйықтай береді екен. Кешеден бері күткен қонақтар осы. Қасы мен мұрты қалың ағай және жымиған келіншек. Мамасы қорқытқандай бөлменің тазалығын тексеріп, ыдыста неше кәмпит барын санайтын адамдарға ұқсамайды. Осы екі кісі үшін соншама абыр-сабыр болудың қажеті қанша еді? Жәнібек мұртты кісінің қолын алып амандасты, бөпесі бар келіншектің сырт киімін алып жәрдем берді. «Төрлетіңіздер, ұялмаңыздар» деп әкесі де бір сөзді бірнеше рет қайталап абдырап жүр. Неге күндегідей жүре бермейді? Қонақ бөлмедегі диванға жатып алып футбол қарамайды. Өз үйінде жүргендей емес, біртүрлі қысылып қымтырылатын сияқты. 

Жәнібекке үйдегілердің әдеттен тыс сыпайылығы тосын көрінді. Әсіресе, шешесі келген кісілердің  қайта-қайта хәлдерін сұрап, бал-бұл жайнап жүр. 

Мұртты аға Жәнібектің арқасынан қағып, айналып-толғанып, Айғанымды мойнына отырғызып ойнатып та алды. Басқа қонақтардай емес, бұларды еміреніп шын жақсы көретін сияқты.

Дастархан басында бәрі бірге отырды. Айғаным да, кішкентай нәресте де жылап мазаны алған жоқ. 

– Үйдің ремонты бірыңғайланған соң арнайылап шақырамыз ғой – деді мұртты кісі.

– Шашуымызды алып барамыз, бұйырса. Астан алыңдаршы, өздерің түк жемедіңдер ғой.

Назира онсыз да үйіліп тұрған тамақтарды жылжытып мұрттының алдына қойды.

– Енді осы қалада тұрасыңдар. Жиі келіп тұрыңдар бізді қуантып.

– Рахмет, жезде. Келеміз, келеміз. 

Жәнібекті ешкім дастарханнан тұрғызған жоқ. Қанша тәтті жесе де ешкім қабақ шытып қарамады. Керісінше, сары келіншек бар тәттіні Айғаным екеуіне ұсынып, өзі нәр татпастан сызылып отыр.

– Мұрт өсіру ойыңа қайдан келіп жүр? Тура әкемізден аумай қалыпсың.

– Жаңа қала, жаңа жұмысқа бір өзгеріспен келген түрім ғой. Жараспаса... 

– Жоқ, тұра берсін. Әскери адамның түрі солай сұсты болу керек.

Жәнібек жаңа байқады. Мына мұртты кісіні бұрын бір жерден көрген секілді. Әлде, біреуге ұқсайтын сияқты. Тоқтай тұр. Күлгені, сөйлегені анасына ұқсап тұр ма қалай?

Қонақтар ұзақ әңгімелесті. Қайта-қайта шәй қойылып, көңілді отырыс болып жатты. 

– Кеш болып кетті, бүгін осында қона салыңдар.

Жәнібекке қонақтар ұнаса да бұл ұсыныс қатты ұнай қойған жоқ. 

– Бұл кісілер менің бөлмемде ұйықтай ма сонда? Мен ше?

– Балам, енді қонақ бөлмеде кісі сиярлық жер жоқ қой. Бір күн біздің бөлмеде ұйықтасаң ештеңең кетпейді.

Жәнібек үстел басынан тұрып кетіп қалды. «Өздерінің үйі жоқ па? Неге менің бөлмемде қону керек?» Ешкімге айта алмайтын ойларымен оңаша қалып, ол жуынатын бөлмеге кіріп алып, шықпай қойды.

– Бала емес пе? Қысылмай, өз үйлеріңдей көріп демала беріңдер. 

– Жоқ, әпке, біз қайтайық.

– Жеті қараңғы түнде баламен қайда барасыңдар? Аунап-қунап қонып кетпейсің бе, бір келген соң. Жәнібектің сөзіне мән берме. Бала кезіңде сен де сондай қырсық едің ғой. Сенен айнымай қалған осы бала. Қазір ғой мұрт қойып, форма киіп жігіт болғаның...

Жұқа қабырғалардан бұл сөздердің бәрі Жәнібекке естіліп тұрды.

Ақыры, Жәнібек әке-шешесінің бөлмесінде ұйықтауға мәжбүр болды. 

– Мама, бүгін келген кісі кім? Сіз оның кішкентай кезінде қандай болғанын қайдан білесіз?

– Білмегенде ше, екеуміз бір үйде өстік қой. Айғаным екеуің сияқты. Ұйықтайықшы балам.

– Қалай сонда? Екеуіңізді бір мама туған ба?

– Нұргелді ағаң - менің туған інім. Біз-бауырлармыз. Айғаным екеуің сияқты дедім ғой жаңа. Қасындағы апай келінім Жанерке. 

– Мама, сонда Айғаным өскен соң басқа үйде мен басқа үйде тұрамыз ба?

– Иә, әрқайсыңның өз отбасың, өз балаларың болады.

Жәнібек қасында пысылдап ұйықтап жатқан кішкентай қарындасына қарады. Осы бір жылауық қыздың ертең анасы сияқты өсіп, басқа үйдің адамы болатынына сенгісі келмеді. 

– Мама, өскенде Айғанымның үйіне қонаққа барсам немесе оларды өзім қонаққа шақырсам бола ма?

Бұл кезде Назира да ұйықтап кеткен еді. Жәнібек қонақтарды сонша қызу дайындықпен неге қарсы алғанын енді түсінді. «Қонақ деген жақсы екен ғой»  деп ойлады ол. «Әйтпесе, мамам бауырын көре алмай жүретін еді. Өскен соң мен де Айғанымды күнде қонаққа шақыратын боламын». Келесі күні Жәнібек қонақтарға ерекше құрмет көрсетіп, қимай шығарып салды. Енді, қанша келіп қонам десе де ренжімейтін тәрізді. 

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...