(зейнет жасы табалдырығындағы ой - 3) Жә, сонымен ойнасақ та біраз жерге шаптық-ау деймін! Жалпы, аш...
Ақын Бауыржан Қарағызұлының кітабы түрік тілінде жарық көрді
Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы «ATO Congresium» көрме орталығында Қазақстан «Қонақ ел» ретінде қатысып жатқан «XVI Анкара кітап жәрмеңкесі» аясында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлының түрік тіліне аударылған "KRAVAT" (Галстук) атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Таныстырылымға Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анкарадағы белгілі университеттердің профессорлық-оқытушы құрамы, ТүркСОЙ өкілі, белгілі аудармашы Ашур Өздемир және ақынның шығармашылығына қызығушылық танытқан түрік оқырмандары қатысты.
Алғаш сөз алған Елші А.Сапарбекұлы мемлекеттер арасындағы әдеби байланыстар халықаралық қатынастар тұрғысынан қашанда басымдыққа ие болатынын, оның себебі әдебиеттің адамдардың бірін-бірі терең тануының ең басты құралы екенін, әсіресе, бұл мемлекеттердің тарихи-мәдени тамыры ортақ елдер болса, әдебиеттің маңызы одан да арта түсетін тілге тиек етті. Сонымен қатар Елші А. Сапарбекұлы Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығына да тоқталды.
«Бауыржанның өлеңдері ел ішінде ғана емес, шетелде де танымал болу үстінде. Бүгін ол түрік оқырмандарымен кездеседі. Біз де осы кездесуге қатысқанымызға қуаныштымыз» деді елші.
«Кітап — рух дәрумені, адамзаттың ақыл-ойын вирустан қорғайтын үміт вакцинасы!» деп сөз бастаған кітап авторы Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың күн санап нығайып келе жатқанын айтып, дәстүрлі 16-шы Анкара кітап жәрмеңкесіне қатысушылар мен жәрмеңкені ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
«Бұл кітабым өз ата тілім — қазақ тілінде жарық көрместен, бірден түрік тіліне аударылып қалың оқырманға ұсынылып отыр. Осы ретте, Анкара төрінде, Қазақстан қонақ мемлекет ретінде шақырылған керемет келелі кітап жәрмеңкесінде жыр жинағымның таныстырылымын жасап отырған Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлына, кейінгі 2 жылда жазған жаңа жырларымды өте жоғарғы деңгейде түрік тіліне тәржімалаған белгіоі аудармашы, қазақ әдебиетінің жанашыры Ашур Өздемір мырзаға алғыс білдіремін!», - деді Бауыржан Қарағызұлы.
Б. Қарағызұлының қазақ тіліндегі өлеңдерін түрікше сөйлеткен белгілі аудармашы Ашур Өздемир өз сөзінде қазақ поэзиясындағы дәстүршілдік пен жаңашылдыққа ерекше тоқталып өтіп, ақынның бүгінгі түрікшеге аударылған шығармасы қазіргі қазақ поэзиясының қаншалықты деңгейді дамығанын көре алатынымызды айтты.
«Қазақ поэзиясында қазіргі немесе дәлірек айтсақ, постмодернист қазақ ақындары арасында Бауыржан Қарағызұлының орны ерекше һәм маңызды екенін айта өөткім келеді. Әр ақын өз ұстанымын дәстүрге деген көзқарасымен анықтайды. Дәстүр - ақынның өзіне дейінгі бүкіл поэзия жинағы. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Бауыржан Қарағызұлын дәстүрді жоққа шығаратын ақын деу дұрыс болмас. Себебі Бауыржан Қарағызұлы постмодернизмге дәстүрден бас тартқаны үшін емес, дәстүрден басқа жолды алғысы келгендіктен бет бұрған»,-дейді аудармашы Ашур Өздемир мырза.
Кездесу соңында жазушы өзінің кітабы туралы қазақ-түрік оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. Іс-шара автордың қол қою рәсімімен жалғасты.
Айта кетейік, Анкара кітап жәрмеңкесі 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және жылына екі рет өткізіледі. Осы уақытқа дейін Италия, Франция, Иран және Ресей елдері көрмеге «қонақ мемлекет» мәртебесінде қатысқан.