ПушкинӨЛМЕС, ӨШПЕС, ӨЖЕТ ЖЫРОдан бері де дәл бір жарым ғасыр уақыт өтіпті. Мойкадағы он екінші үйдің...
Өзім жайлы толғасам
Ең әуелі – пендеміз! Пендеге тән қандай да бір кемшілік біздің де басымызда бар екені рас – оны жасырып-бүркемелеп қайтейік! Ұлы Абай да өз бойындағы кемшіліктің көп екенін, жүрегінің «инедейін таза еместігін» жазбап па еді! Мақтангершіліктен, астамгершіліктен сақтасын – қандай да бір жетістікке жетсек те, іштей тәуба ойлап тұрарымыз шындық. Биылғы жылы екі бірдей әдебиетші-азамат мен жайынан, нақтылап айтсақ, менің шығармаларым жайынан мақтау- мадақтау сөзін жазып, оны ел назарына ұсынды – көзіқарақты оқырман білетін болар!
Біріншісі – қаламы жүрдек журналист, екі тілде бірдей жаза білетін әдебиетші Кенжеболат Жолдыбай мырза менің «Табиғатпен бетпе-бет» (орысша аудармасы «Лики природы») туралы ой толғап, біршама талдау жасады, әңгімелерімді қызыға оқығанын ашық білдірді.
Бұл ойтолғауы жыл басында «Мәдениет» порталында жарияланған-ды. Ашығын айтқанда, осынау табиғат тамашалары жайлы шағын әңгіме-новеллалар топтамасын отыз-қырық жыл бойы жазыппыз. Бәлкім арасында июі қанбаған кейбір дүниелер де кездесіп қалар – асқақтап сөйлеуден аулақпыз! Сөйтсе де, әдебиетші-аға шұқшия қарап, тамыршыдай дөп басып, ең үздіктерін тілге тиектейді. Байқампаздық байқатады. Енді ойланамын: осы отыз-қырық жыл бойы еңбектеніп жазған шағын әңгімелердің бірен-сараны ғана болмаса, негізінен көп бөлігін мерзімдік баспасөзге ұсынып, алдияр оқырманның сараптап көруіне бермеппін де. Көп оқырманым, ішім сезеді, бұларды оқымаған да болар? Жазуын жазамыз-ау, алайда оқырманға жетуіне осынша селқостық байқату деген...
Тағы бір әдебиетке жанашыр сыншы азамат – Жанұзақ Аязбеков менің соңғы онжылдықта жазып жүрген, көлем жағынан ықшам миниромандарымның (олардың ұзын саны алтау) бір-екеуін оқып шығып, «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында арнайы тоқталып, жылы пікір айтыпты. Тіпті жанашыр көңілін сездіре тұрып, былай дейді. « ...Ал, үнсіздікке келсек, мысалы, танымал прозашы Жолтай Әлмашұлының қалың-қалың дәстүрлі туындыларын емес, пышақтың қырындай ғана заманауи модерн-романдары хақында тиіп-қашты айтылғанымен, сыншылар шығармаларына бар зейінмен назар аудармады. Мұнда жаңалық бар еді. «Бақидан келген келіншек» , «Бумеранг», «Жатпланеталық жігіт» секілді дүниелері... жанрлар симбиозы айшықталған қазіргі қазақ прозасындағы айтары бар туындылар дер едік...»
Асыра мақтап жіберді ме, жоқ дөп түсіп жатыр ма - оны уақыт екшей жатар. Біз жоғарыда аты-жөнін атап өткен екі қаламгерге де басымызды ие отырып, мына жайды шегелеп айта кеткенді мақұл көріп едік. Жеткізгеніміз - тоғыз, жеткізе алмағанымыз - тоқсан тоғыз! Табиғат, аңшылық және саятшылық тақырыбы қатты қызықтырғаны шындық, сосын да осындай топтама жазуды жас кезден мұрат еткенбіз. Үздіктері де бар, көркемдік тұрғыда кемшін түсіп жатқандары да кездесер – шығармашылық деген осындай құпия-қалтарысы мол әлем ғой. Кей-кейде жазушының еркіне бағынбай кетіп жатары тағы бар, әйтпесе неге тек қана «шедевр» жазбасқа! Алдағы уақытта осы өз парақшам арқылы сол топтамалар арасынан бірқатарын сіздердің назарларыңызға ұсынсам ба деп ойладым. Бұл – К. Жолдыбай жазбасынан соң қиялыма қонақтаған тосын шешім!
Екінші жағдай – қысқа романдар хақында. Ашығын айталық, бұл шығармалар туралы пікірлер әлі күнге екіұдай: біреулер оқи сала тамсанып, көтермелеп-мақтайды, ал екіншілері қабылдай алмай ( әсіресе «Бақидан келген келіншекті»...) жатқанын ашық білдіріп қояды. Кезінде әдеби сында жарқырап көрінген Жанұзақ Аязбеков мырза жаңағы сұхбатында бұл туындылар жайынан келелі сөз қозғалмауының астарынан « іштарлық па, қызғаныш па» деп себеп іздегенін білдіріпті – өзіме жағып тұрса да, сыртыммен қабылдамауға тырыстым. Қызғаныш оята қоярдай мен кіммен тайталас екем? Кімнің несібесіне ортақтастым? Кімді сүріндіріп жіберуді армандаппын? Қанша ойлансам да, ондай «ішмерез» әрекет есіме түспеді!
Демек... бұның басты себебі біреу – біз, әдебиетшілер, бір-бірімізге тым селқоспыз, жанашыр көңілді ақырын-ақырын «жоғалтып» барамыз! Ал, бұның нақты аты не – оны қалай атауды білмей отырмын. Асылы, Ж.Аязбеков мырза да осыны астарлап білдірмек болса керек! Алдағы күндерде қысқа романдарымнан үзінділер беріп тұрсам ба екен деген ой да мазалай бастады - әділ төреші, тегінде, алдияр оқырман ғой. Әсіресе, әлі еш жерге жарияланбаған "Олигарх және Олимп" деген романнан...
Сөзімнің түйіні мынаған саяды: жақсы дүние жерде қалмасы анық; қазақ көркем ойына қомақты үлес қоса алатын шығарма ерте ме, кеш пе – бағасын алады. Бұны соңымыздан ерген әрбір жас қаламгер әрдайым есте ұстап, кеуде төрінен орын беріп отырғаны ләзім...
Жолтай Әлмашұлы