Инемен құдық қазған...

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
1174

Өз егемендігінің 30 жылдығында әлі де өзін толық тануға ұмтылып келе жатқан ұлтымыздың өткеніне көз жүгіртіп көрген кез келген адам тек тұлғаларымен не тарихи толқуларымен ерекшеленген топырақты ғана емес, осы топырақта өсіп-өнген қызғалдақтар мен жемістердің де қадір-қасиетін ұғынар еді. 2018 жылы 21 қарашада Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың кіріспесіне күллі адамзаттың озық ойларының жемісі бола білген «кеңістік» пен «уақыт» ұғымы арқау болғаны мақаланың салғамын бағамдап бере алады. Мақаланың арқалаған жүгі тарихтың өзіндей ауыр, сөзіндей киелі. Екі бөлімнен тұратын мақаланың мазмұнына сүйене отырып, әр сөйлемінен үлкен бір тарихи зерттеу жұмыстарын бастап кетуге болатындай. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыттан» нәр алған «Тарихи сананы жаңғырту» идеясы «Ұлы даланың ұлы перзенті» жайлы сөз қозғауға себеп болды.  

Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки – «екінші ұстаз», озық ойшыл, әлеуметтанушы, пәлсапашы, астроном, лингвист, математик, физик, музыка және логиканың зерттеушісі...Ол туралы ақпаратты үздіксіз жалғастыруға, атын аңызға айналдырып аспандатуға лайық тұлға. Ордалы Отырардың тумасы. Киелі топырақтан нәр алып өскен асыл ой иесі қазақ тарихында ерекше орынға ие. «Инемен құдық қазып» өз дәуіріндегі ілім орталықтарына айналған алыс-жақын шаһарларға барып, тәлім алған, білімін толықтырған. Самарқанд, Бұхара, Шаш қалаларында болып, кітап атты қазынаны қоржынына жинаған тәлімгер, Мысыр, Харран, Бағдат шаһарларына барып та білімін жетілдіруге талпынған. 70-ке жуық тіл білген ойшылдың 150-ден аса трактат жазғаны таң қалдырарлық жағдай емес. Білім бұлағына сусаған бұл тұлғаның трактаттары бүгінге күнде де өз маңызын жоймағаны, оның өлмес ілімінің арқасы. Этика, философия, жаратылыстану, метафизика және т.б білім салаларының әрбірінен жеке тоқталып, әр салада өзін сынап көруден қорықпаған ғалымның күллі болмысы адамзаттың нәсіліне, ұлтына, дініне қарамай, баршасына үлгі боларлық болмыс. Ал «болмыс» дегеніміз – өзі туған мекеннің суы мен топырағынан даритын қасиеттердің жиынтығы.  Кейіннен Бағдат шаһарына сапар шеккен ғалым, осы қалаға келгеннен кейін әлемнің ең бай кітапханаларының біріне келіп, әлемдік жауһар мұралармен танысып шығады. Осы уақытқа дейін ел арасында әнші, күйші, ақын атағы шыққан ғалым осы қалаға келгеннен соң, ежелгі қолжазбалармен жіті танысып, күрделі зерттеулерге кіріседі. Бұл зерттеулер шығыс топырағында жаңа ойлардың дүниеге келуіне себеп болды. Біз бұл зерттеулердің кез келгеніне үңіліп қарай алсақ, мұнда дала философиясында, таным мен түсігінде, жалпыадамзаттық құндылықтармен жалпыадамзаттық ақыл-ойдығ, өнердің, тіпті мемлекет басқару ісіндегі негізгі факторлардың қайда екенін де, қала берді күллі адамзат аңсаған ізгілік пен бақыттың, қайырымды мекеннің қайда боларын да біле аламыз. Әлемді билейтін ақыл мен сезімнің күретамырын дөп басуға тырысқан ғалым жанның мәңгілігін қуаттады. Ізгі қоғам құру үшін күресу емес, гармонияны сақтай білу, өз ішіңе үңілу және өзіңді тану керегін баса айтқан Әбу-Насыр ілімі адамзаттың озық ғалымы екенін дәлелдейді. Ол сонымен бірге «ерекше ізгілікке» жету үшін жол ақыл мен парасат арқылы салыну керек деді. Демек, сіз қандай саланы меңгерсеңізде, тек ақылыңыз бен парасатыңыздың арқасында ғана оны және өзіңізді, сонымен қатар қоғамды жетілдіре аласыз. Ғалым бақытқа адам өзінің қисыны арқылы ғана жетеді деп қорытады. «Ең кішкене ұя» - ғалым ұсынған «ең үлкен мемлекет». Біз бүгінге дейін қалыптастыруға ұмтылып келген үлкен армандар, ең кішкентай ұядан басталатынын білген ғалымның барлық ілімді игергеніне шүбә келтіру мүмкін еместей. Өзіне дейінгі мол мұраларды қисынды пайдаланған ғалым көптеген ғылымдардың ашылуына, жетілуіне зор ықпал етті. Соның бірі алгебра саласы, оның математикалық еңбектерінің негізінде шығыс математиктерінің еңбектері жатыр. Математика мен астрономияны байланыстыра білген, одан үлкен мән мен мазмұна тапқан ғалым «тағдырды» да сандар әлемінен іздеді. Дүниеде не бар болса соның бәрінде ілім бар деді. Сөзді айтты, ойды айтты, тәнді айтты, жанды айтты, тіпті жоқты айтты, барды айтты. Осы арқылы бәріне жетті, жетуі арқылы бәрінен қашты. Адамның бар ілімін бір орталықтандыра білген ғалым, ойларды тоғыстыра білді.  

Әріптердің әуендері мен дыбыстардың тербелістерінен құралған біздің әлемдік жүйеде ең кішкентай тастың да ғаламшардай ауыр салмаққа ие болатын сәттері туады. Бұл сәттер «рухтар көшуі» салтанатында оянады. Әрбір тастың салмағын сезінген, топырақтың киесін ұққан, инемен құдық қазған ұлы даланың ұлы қалдырған ілім әлі талай ғасырлар бойы бос кеңістік ішінде саяхаттаған «бос болмыстарды» толықтырушы фактор болып қала береді. Бұл ғалымды да, оның ілімін де, ілімінен сусындаған тұлғаны да, ұлтты да «Мәңгілік» етеді.

Жомарт Жылкелдіұлы

author

Әбу Насыр Әл-Фараби

АҚЫН

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...

Жаңалықтар

“Көреміз” бағдарламасының журналисті Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасына виде...