Жақсылық СамитұлыБіз ол екеуізіміз бұрыннан жақсы дос едік. Пәлендей құпия сырымыз болмағанымен, елд...
Әлия Бөпежанова: Өмірдің рахаты – өмірдің өзі
Бүгін журналист, аудармашы, әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежанова ханымның туған күні. "Мәдениет порталы" Әлия апамызды бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, «Мұнара» жинағынан «Өмірдің рахаты – өмірдің өзі» атты сұхбатын ұсынамыз. «Тегім менің – балалық» демекші, сұхбатта автор балалық шағы, сынға келу жолы, шығармашылығы туралы қызғылықты әңгімелейді...
– Балалық шақ, ата-анаңыз, өскен ортаңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Бұл сауалдарыңа кеңірек жауап берсем айыбы болмас. Көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның атақты «Ай мен Айша» роман-дилогиясы: «Сен қайдан келдің? – дегенде, бір данышпан: − Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ» деп басталатын еді ғой. Қай-қайсымыздың да балалық шағымыз жақсы бір көркем шығармаға арқау болуға лайық шығар.
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келдім. (Саудакент - Ұлы Жібек жолындағы тарихи кенттердің бірі. VII-XII ғасырларда Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен шаруашылық, мәдениет пен қолөнердің орталығына айналған қаланың қойнауында жатқан тарих мол. Г.Рубруктың саяхат кітабында да айтылатын Саудакентті өткен ғасырдың басында Колосов, 1946-1947 жылдары Әлкей Марғұлан мен А.Бернштамдар зерттеген, ол кездері мүмкіндік аз, кейінге, консервацияға қойылған ғой, содан әлі зерттелмеген қалпында. «Мәдени мұра» бағдарламасына енбеген еді, жуырда қабылданған 2020-2030жж мемлекеттік мәдени бағдарламаға да ілікпепті...)
Балалық шағым аудан орталығы Саудакентте өтті. Ұстаздар отбасында өстім. Біздің үй әкем Қаһарманның жұмыс бабымен екі рет көшіп-қондық. Әкем алдымен Ұланбел ауылында, содан кейін Жайылма ауылындағы мектепте директор болды. Жайылма мектебі ауылдан екі-үш шақырым жерде. Оқушылар мен мұғалімдер мектепке жаяу қатынайтын. Ол жерде бар болғаны үш отбасы тұрдық. Ағам Әлім екеумізден басқа ойын баласы жоқ, сондықтан оның соңынан қалмайтынмын. Мектепке барғанында онымен жарысып оқып, ерте хат таныдым. Білгенімді кішкентай сіңлім Ғалияға үйретпек болып әуреленетінмін. Содан анам Жұмагүл мені бес жасқа толмай мектеп кітапханасына жаздырды. Анам сабақ беретін сыныптың есігінен қайта-қайта сығалай берген соң бес жасымда мені мектепке берді.
Бүкіл қазақ баласының басынан өткен жай ғой – әжем бізге «Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда...» деп бастап, жыр-дастандар айтатын. Әжем Мәуиядан естіген «Қыз Жібекті» алғаш рет сахнадан көргенде таң қалып, қатты әсерленгенмін. Ол мектеп мұғалімдерінің күшімен Жайылма ауылындағы клубта көрсетілген «Қыз Жібек» қойылымы болатын. Жұрт қызығып көрді. Әйтеуір ауыл клубы лық толған. Қыз Жібекті Зина есімді жас апай, Төлегенді, қателеспесем, Төлен есімді жас ағай ойнады. Анам Жұмагүл Төлегеннің анасы Қамқаның ролін орындады. Ол кезде жас қой, отызға толмаған, әжемнің жібек көйлегін, шымқай қызыл қыжым қамзолын, әппақ кимешегін киіп шыққанда нағыз апа еді. Тура бүгінгідей көз алдымда. Сол қойылымнан кейін «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын соңыңнан, хабарсыз кетсең тым ұзақ, Сансызбай шығар соңыңнан...» деп әндетіп жүрдік. Ол кезде Алматыдағы бір жиынға кеткен әкем, «Базарбайдың ролін ойнайтын едім, үлгермегенімді қарашы» деп өкінгені есімде.
Біздің үй бие сауатын. Жазда киіз үй тігеміз. Күннің ыстығы қайтқан соң, кешке қарай Жайылмадан, Чапаев деген ауылдан үлкен кісілер келіп қымыз ішетін, әжеммен, ата-анаммен әңгіме-дүкен құратын. Сондай бір тұнық кештер. Сүр еттің, қымыздың қышқылтым иісі мұрныма келіп жатып ұйықтап кететінмін. «Бақыт деген сенің бала күндерің...» деп Мұқағали ақын айтпақшы, сондай бір алаңсыз, бақытты шақтар ғой.
Мектеп жанындағы үйіміз төрт бөлмелі, оның біреуі дәліздің сол жағында, өз алдына жеке есігі болатын. Онда көбіне мектепке жұмысқа келген жас мұғалімдер тұратын. Бір жылы орыс тілінде сөйлейтін Раиса есімді жас мұғалім келді. Мектепке бармай тұрып, орысшаны алғаш рет осы апайдан үйрендім. Раиса апайды іздеп бір кісі келген. Біздің үйде қонақ болып, әкем екеуі әңгімелесіп отырды, шахмат ойнады. Есейгенде білдім, ол кісі Герольд Бельгер, кейін бүкіл қазақтың қадірлісіне айналған Гераға екен, Раиса апай зайыбы. Институт бітірген соң жолдамамен біздің ауданға жіберілген. Ол кезде заң қатал, неке куәлігін алып үлгермеген соң екеуін екі мектепке бөлген. Мән-жайды білген соң әкем Раиса апайдың Гераға жұмыс жасап жүрген Байқадам мектебіне ауысуына, ал, оқу жылының соңында жолдама мерзімі аяқталмай тұрып Алматыға қайтуларына көмектесіпті.
Раиса апай кеткен соң орнына Қазбек есімді аға келген. Сондай күлдіргі адам. Ағам Әлімге өлең үйретеді, оны мен де тып еткізіп жаттап алам. Сол өлеңдерінің бірі мынадай еді:
«Есегім менің, есегім-ай,
Неден де болды кеселің-ай,
Ыстық күнде су ішіп,
Содан да болды кеселің-ай,
Есегім менің жар басында,
Ер-тоқымы жамбасында...
Тағы екі жолын ұмытып қалыппын. Сонда әжем ол ағаға «Тұқымың өскір, есекті әнге қосқаның қай сасқаның? Бұдан басқа өлеңің жоқ па?» деп кейігені есімде. Кейін Герағаның кітаптарын оқып отырсам, сол бір Қазбек деген аға курстастары екен. Раиса апай екеуінің орнын ауыстырған шамасы. (Араға көптеген жылдар салып, Гераға, Раиса апайлармен әдеби шығармашылықта кездестік қой. Асекең, Асқар Сүлейменов Герағамен қатты дос болды, Гераға жасы үлкендеу болғанмен, екеуі бір институтта оқыған ғой.)
Аяулы анашым бастауыш сыныптарға сабақ берді. Мінезі жұмсақ, өте сабырлы жан еді. Абысын-ажындары «Бибәтима еді ғой Жұмаш» деп отыратын. Жылда жазда Алматыға кететін. Мен де барамын деп қиғылық саламын ғой, сонда анам жұп-жұмсақ дауысымен «әжеңе кім көмектеседі, сен ақылдысың ғой, құлыным, саған әдемі ойыншықтар әкеліп беремін» дейді. «Ойыншықтың керегі жоқ, маған әдемі ридикюль әкеліп беріңіз» деймін. Шамасы кішкентай әдемі сумочка деген мағынада айтқан болуым керек. Оралуын асыға күтемін. Кейін ойласам, сессия тапсыруға кетеді екен ғой. ҚазПИ-дің тарих факультетінде сырттай оқыпты, бүгінде елге белгілі географ ғалым, академик Әлия Бейсеновамен дос-құрбы болыпты. Анам көгілдір түсті, әп-әдемі кішкене сумочка әкеліп бергенде өте қатты қуанғаным бар. Екі-үш үй ғана отырамыз, деп айттым ғой жоғарыда. Сумочканы мақтанып көрсететін балалар да жоқ. Әдемі көйлегімді киіп, көгілдір сумочканы иығыма асып алып, далаға шығып, мектеп ғимаратын қайта-қайта айналып жүремін. Мектеп терезелерінен өзімді көріп қызықтаймын. Содан бергі өмірімде тап сондай әдемі сумочка ұстамаған сияқтымын...
- Анаңыз туралы ерекше бір сезіммен айтасыз.
- ... Ия. Аяулы Анашымнан ерте айырылдым. Мен екінші сыныпта оқып жүргенде, қараша айында кенеттен дүние салды. Есейгенде ойлап байқасам, бала кезінен-ақ уайымы аз болмапты – туған нағашы атасы, Арқадағы қалың жұртшылыққа қадірлі, өзі қайырымды, көпшіл, парасат иесі болған Өксікбай (Арғынбайұлы) болыс тәркілеуге ілініп, Оралға жер аударылған. (Ол Арқада 1928 жылы алғаш тәркілеуге ілінген сегіз байдың бірі, оның Кентаралдағы қызыл ағаш үйі аудан мекемелерінің ғимараты, сосын мектеп, ал, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда Қарлагтың Шудағы «бөлімшесінің» орталығына айналдырылған. Сол жолы тәркіленген сегіздің тағы біреуі – Ықылас қобызшының ұлы Түсіпбек қобызшы.) Анамның өз әкесі, кезінде Сарысу ауданында басшылық қызметтер атқарған Жазкен Омарбекұлы да халық жауы болып ұсталып кеткен, ақыры дерттен дүние салған, інісі Қуаныш та қайтыс болған. Анасы, бір кездегі бай, болыс Өксікбайдың бұлғақтаған қызы Жаңылғанның да көрмегені жоқ. Осының бәрі жүрегіне салмақ түсірген ғой. Кеңес Одағының тоталитарлық саясатының зардабы бізге де тиді... Сонымен аудан орталығындағы өз үйімізге көштік. Бір сәтте есейдік... Жұмашынан айырылған әкем өте қатты қайғырды...
Әкем мен анамның махаббаты елге аңыз, өздері өте зиялы отбасы болыпты. Екеуі 1948 жылы, әкем оқу бітірген соң үйленген. Анамның отбасы әу баста: «Ол халық жауының інісі, сен болсаң халық жауының қызысың, өмірің қиын болады» деп, әкеме тұрмысқа шығуына қарсы болыпты. Сонда аяулы анашым «Мен қиындықтан қорықпаймын, осы азаматқа тұрмысқа шығамын, өйткені балаларымның білімді болғанын қалаймын» депті.
Әкем туралы да көп әңгіме айтуға болар еді. Бозбала кезінен «сауатсыздықты жоюға» қатысқан. Ұлы Отан соғысында инженерлік-саперлік отрядта болған. Кезекті бір шабуылда взводты ұрысқа бастап шығыпты, сол ұрыста қатты жарқаттанып, есін білмей, топырақ астында қалыпты. Тіпті елге қарақағаз келіпті. Ал, әкемді ұрыс біткен соң санитарлық арбада кетіп бара жатқан бір мейірбике байқап қалып, әріптестерін тоқтатып, аршып алыпты. Содан ұзақ уақыт емделіп, аман қалған. «Сендердің көретін жарықтарың бар болғаны ғой» деп отыратын еді өзі. Соғыстан оралған соң оқуға түскен.
Қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің механика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірген. «Біздерге академик Сокольскийден бастап орыстың мықты ғалымдары, өзіміздің Сәтбаев, Бекмахановтар, сабақ берді» деп отыратын. Университетте оқытушылыққа қалуға ұсыныс жасалған, тіпті дипломында «ҚазМУде, ҚазПИде, Қыздар институтында сабақ беру құқығы» бар деп жазылған. Дипломындағы әлгі жазуды оқыған соң. «Сізді университетке сабақ беруге қалдырыпты. Неге қалмағансыз? Сонда біз Алматыда тұратын едік» деймін ғой әкеме. Сонда ол шашымнан сипап, маңдайымнан өбіп: «Онда менің өзіңдей қызым болар ма еді» деп жылы жымиғаны есімде. Ал, шынайы себебі -- туған ағасы Тілеп көкеміз «халық жауы» болып ұсталып, заман қиындап, бүкіл әулет өзіне қарап қалғандықтан елге қайтқан. Жүрген ортасына білім-ғылым, мәдениет нұрын төккен тұлға. Көрнекті дирижер А.Мырзабеков, қоғам қайраткері, философ-ғалым Ә.Қалмырзаев, атақты опера әншісі, «Ла Скалада» ән салған тұңғыш қазақ А.Сембин, ғалым, профессор А.Ахметов, жазушылар К.Ахметбеков, Б.Шаханов; көрнекті композитор, өнертанушы І.Жақанов, қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, Еңбек Ері А.Әшімов, академик Ж.Толысбаев, белгілі жазушы, дипломат А.Мұқашев, тарихшы Б.Қойшыбаев, еліміздің тағы да басқа көптеген қайраткерлері әкемнің шәкірттері.
Білім саласында басшылықта, мектептерде директор, ұстаз болуымен қатар облыстық, республикалық небір конференцияларға қатысып, ғылыми-тәжірибелік баяндамалар жасаушы еді. О.Жәутіковпен хат алысқан. Сол кездердегі Білім министрлері К.Айманов, кейін Қ.Балахметовтің ұсынысымен озық тәжірибесін республика мектептеріне тарату жолында көп еңбектенді. Республикалық басылымдарда мақалалары жарық көрген. Сарысу ауданында алғашқы болып «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алған, ол марапатын Республикалық Тамыз конференциясында министр К.Айманов өзі тапсырған әкеме. 1985 жылы «КСРО білім беру үздігі» мәртебелі атағы берілді.
Шахматты, тоғызқұмалақты мықты ойнайтын. Алматыға бір сапарында, сол кезде Мәскеуден келген гроссмейстер, атақты шахматшы Марк Таймановпен блиц-турнирде тең түстім деп отыратын. Ауданда спорт мектебінің ашылуына мұрындық болды. Республикамызда өткен ғасырдың 80-жылдары тоғызқұмалақ ойынының қайта жаңғыруына әкем де үлкен үлес қосты. Белгілі шебер Т.Ақшолақовтың әріптес-серіктесі болды (тоғызқұмалақ тарихын жазып жүрген азаматтар мұны ескеруі керек-ақ). Шәкірттерімен небір республикалық, облыстық жарыстарға қатысты. Әкемнің Серік Тілеубаев деген мықты шәкірті көпке дейін тоғызқұмалақ спортына белсене ат салысып жүретін.
Арқадағы атақты Жүніс молданың қызы Мәуия әжем сынықшы еді, атамыз Бөпежан да үлкен сынықшы болған; әкем де үлкен сынықшы, емші болды, шөптің түр-түрін, пайдалану жолдарын білетін. Талай үлкен сынықтарды салды, белі шойырылып, жүре алмай қалған қаншама жанды құлантаза айықтырды. Үйімізде әкем отырғызған үлкен бақ болды, алма мен алмұртты будандастырып та өсірді. Ағайын-туыстарға жазда қап-қап алма жинап беретінбіз. Сол алма, алмұрт, жүзімдердің тәтті дәмін әлі сезінеміз.
Біздің үйге қонақ көп келетін еді. Ауыл-аймақ, туған-туыстарды айтпағанда, өнер адамдарынан біздің үйде болғандардан есімде қалғандары - көрнекті дирижер, қазақ күйін симфония деңгейіне көтерген Алдаберген Мырзабеков, белгілі демограф Мақаш Тәтімов, Шымкент филармониясының, Жамбыл облыстық театрының артистері, т.б.
Көпшілік әкемді қатты құрмет тұтатын, әңгімесін қызығып тыңдайтын. Үлкен-кішісі түгел «ҚаҺа» не «Кәке» деп атайтын. «Кәкеңмен ақылдасайық деп едік» деп ағайын-туыстар келетін. Әкем олардың маңызды да күрделі кейбір шаруаларымен Таразға, тіпті Алматыға барып қайтатын кездері болатын. Ағайын, туыс апаларына, көрші апаларға, әсіресе, ерлері соғыстан оралмаған жеңгелеріне көп көмектесетін. Әкемнің достары да көп еді. Солардың бірі Петр Лукьяновичпен екеуі жылда көктемде жанында қосалқысы бар мотоциклмен балыққа баратын.
Үйдің түпкі бөлмесінде біздер «згрәйм жәшік» атайтын темір жәшік тұратын. «Несгораемый ящик» дегеннің өңі өзгерген түрі екен ғой. Сол жәшікте не бар екен деп ойлайтынмын. Бір күні үйде ешкім жоқта кілтімен ашып қарасам, ішінде Құран кітабы (Крачковскийдің аудармасын кезінде Ленинградтан сатып алыпты) және «Араб тілі» оқулығы мен «Арабша-орысша сөздік» кітаптары, өзінің жазбалары бар екен. Сонсоң толған құжаттар, марапаттар, әкемнің жазбалары салынған болып шықты. Шамасы, әкем Құранды сырт көзден жасырып қойған болуы керек. Кейіннен қойындәптерлерін ақтарғанда әкемнің Құранды ертеден білетіні, оқып-зерттегені көрінеді. Шежірені ертеден жинастырған, ол еңбегінің біразы «Сарысунама» еңбегіне енген.
Әкем Арқадағы жақын ағайынымыз Темешәлі атамен (Барболов) керемет дос болды, әңгімелері керемет жарасатын еді. (Ол кісі Көкілташ медресесінде оқыған, С.Сейфуллинмен ауылдас, өзге де Алаш қайраткерлерімен қызметтес болған, Қарлагта отырған. Театрымыздың, елімізде, Жапонияда да үлкен резонанс алған «Ақтастағы Ахико» спектаклін (пьеса авторы М.Омарова, қоюшы-режиссері А.Маемиров) Қарағандыда көрсеткен сапарымызда театр ұжымы болып Қарлагқа барған едік. Темешәлі атаның арабша жазбаларын лагерь-музей стендтерінен көрдім.) Соғыстан кейінгі жылы бірер жыл қыста Бетпақдалада Қарлагтың «бөлімшесі» болған. Темешәлі атаның осы идеясы және қарекеті арқасында халық жауының әйелі ретінде сотталған біраз әйел ажалдан аман қалған. Олардың арасында Бейімбет Майлиннің әйелі Күлжамал, Жанайдар Сәдуақасовтың әйелі Елизавета, тағы басқалар болған, бұл бір бөлек әңгіме, тарихшылар үшін үлкен зерттеу тақырыбы.)
Темешәлі ата керемет шежіре, өте білімді адам еді. Әкем Арқаға жыл сайын баратын, Темешәлі ата біздікіне келетін (ол кезде мен Алматыдамын). Өз басым атаның Қарабура кесенесі ашылғанда сөйлеген сөзін тыңдадым. Ағып тұрған шежіре. Маған сол жолы «Айналайын Әлия, Арқаға кел, мен қартайдым, былай-былай жүре алмаймын. Осы келгенде жігіттер сүйемелдеп азар келдім» деді Темешәлі ата. Үлкен өкінішім – бара алмадым. Ол кезде Асекең бақилық болған, Әсмә әлі жас... Әне барам-міне барам деп жүргенде, ата дүние салды) Түйіп айтқанда, әкем жан-жақты, заманының озық ойлы азаматы, бүгінгіше айтқанда, өте креативті тұлға болып, мағыналы да жасампаз ғұмыр кешті. Еліне еңбегін сіңірді. Еліміз тәуелсіздік алғанда қалай қатты қуанды. Бірақ, ауданда, облыста, тіпті бүткіл еліміздегі небір бассыздықтарды, талан-таражды, жемқорлықты көргенде қатты қапаланатын еді...
Кейінгі анам Шырынгүл де мұғалім болды. Өнерлі, ашық-жарқын, мінезі өткір, жігерлі, дастарханы мол жан еді. Әнді жақсы айтатын, ептеген ақындығы да бар - үйге келін түсіргенде, туыстардың той-беташарларына өзі өлең шығарып беретін. Біздің үй небір газет-журналдарды жаздырып алатын. Көршіміз Шәкіжан апаның сөзімен айтқанда, «Кәкеңнің үйінің алмайтын кәзит-жорналы жоқ» еді. Қазақшаларын айтпағанда, «Советская тюркология», «Шахматы в СССР», «Наука и жизнь», «Иностранная литература». т.б. көп басылымдар келетін.
Ата-анамызға қосыла біздер де газет-журнал, кітап оқып өстік. Әкем Алматыға, Мәскеу, Ленинградқа барған сапарларында көп кітап әкелетін. Біздермен әр тақырыпқа емін-еркін сөйлесетін. Кейін есейгенде әрбір үлкен сапардан небір кітаптар алып келу менің де бұлжымас әдетіме айналды.
- Бала арманыңыз не еді? Сол арманыңызға жеттіңіз бе? Ауылға барып тұрасыз ба?
- Бала кезімде өте арманшыл болдым. Есімде, алыстан көгілдірлене көрінетін, түйенің өркешідей екі шыңы бар таудың арғы жағына ассам, ол жақта не барын көрсем, аспанда жымыңдаған жұлдыздарға жетсем, деп армандайтынмын. Сонда әжем марқұм «Арманыңа жет, биіктерге шық, айналдым. Ол - Келіншектау ғой, жарықтық..» деп таудың неге олай аталған баянын әңгімелер еді.
Мектепте жүргенде «Қазақстан пионеріне» жазып тұратынмын. Бір әзіл әңгімем жарияланысымен хаттың астында қалдым. Оларға жауап жазудың өзі біраз уақыт алатын. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне барамын деген ойда жүрдім. Жоғары сыныптарда келгенде әкем «Журналистикаға емес, филология факультетіне барғаның дұрыс. Жазамын десең – қайткенде де жазасың, филология негізді білім алуыңа жақсы» деді. Сонымен мектепті он бес жасымда бітіріп, Қыздар Мемлекеттік университетінің филология факультетіне түстім. Зәки Ахметов, Ахмеди Ысқақов, Алтай Аманжолов, Сейілхан Исаев, тағы да басқа көптеген мықты ғалым-ұстаздардың дәріс алдым. Екі жылдан кейін ҚазМУдің аспирантурасына түстім, бірақ ғылым жолын емес, шығармашылықты таңдадым.
Бала кездегі арманыма жеттім, әрине. Журналистиканың барлық саласында – кітап баспасында, газетте, телевидениеде қызмет еттім. Баспасөзде миллиардер, филантроп Джордж Соростан бастап, небір тұлғалармен сұхбаттар жасадым (ол сұхбаттарым аса қызғылықты үлкен бір жинақ болар еді), «Хабардан» тікелей эфир де жүргіздім. Таңды таңға ұрып небір мақалалар жаздық, әдебиет, мәдениет, руханияттың небір көкейкесті мәселелерін қозғадық. Республиканың ауыл, аудан, облыстарына, шетелдерге көптеген сапарларға шықтым. Халықаралық форумдарға, фестивальдарға қатыстым. Осы жолда көптеген адамдармен араластым, сыйластым; достар, мұраттастар таптым.
Жазу дегеніңіз әрине, оңай шаруа емес -- осындайда еске түседі ғажайып актриса, аяулы Фарида апай Шәріповамен кітап дайындап жүргенімізде «жазу дегеніңіз өзі өте қиын екен ғой» деуші еді - бірақ, рухани қайтарымы мол. БАҚ пен ЭБАҚқа мәдени сараптамаларды да көп жасадым. Ондай сараптамаларымның өзі бір жинақ болар еді. Бүгінгі таңда да қажеттілік туғанда мәдени сараптамалар жүргіземін. Пресс-релиздік журналистика белең алып тұрған қазіргі кезде, әсіресе, мәдени салада сараптамалық материалдар қажет-ақ.
Көп балалы отбасында өскендіктен болар, тағы бір арманым – ержеткенде әкеме көмекші болсам деуші едім. Менің түрім де, мінезім де анама қатты ұқсайды екен - әкеммен ақылдас, пікірлес, дос болдым. Институт бітіргенде мен жиырмаға да толмаған едім, елге оралып, қазақ, орыс тілдерінен сабақ бердім. Алматыға екі жылдан кейін, ҚазМУдың аспирантурасына түскен соң оралдым. Әкеме сүйеу, демеу болдым деп ойлаймын – бауырларымның барлығына қолдан келгенше көмектестім, жол-жөн көрсеттім. Бәрі Алматыда білім алды. Мамыр інім Мәскеуден бітірді, қазір Түркістанның жаңғыруына үлкен үлесін қосып жүр. Бауырларымның барлығы да үлкен азамат, өмірден өз орындарын тапты, үйлі-баранды, балалы-шағалы, алдының бірнеше немересі бар. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда жер қайысқан қол едік» деп Махамбет ақын айтпақшы, қазір бір қауым ел. Өкініш сол – осыдан жеті жыл бұрын үлкен ағам, арамыздағы ең аңқылдақ та бауырмал Әлім, өткен жылы қамқор да көпшіл, аяулы інім Сабыр дүние кешті... Бауырларымның көбі Алматыда тұрады. Шетінен елгезек, көпшіл, ұйымшыл, намысқой, жауапкершілікті. Әке жолын жалғастырып білім саласында еңбек ететін балалары, немерелері бар. Әкем мен аналарымның аруағы ырза шығар деп ойлаймын.
Туған жер кім-кімге де қымбат қой. Ауылға, туған үйге, әрине, барып тұрамыз. Ата-баба, ата-ана аруағына құран бағыштаймыз. Ағайын-туысқа сәлем береміз. Қара шаңырақта Әділ інім мен Фарида келінім отыр. Жөн-жосықты жақсы білетін, ағайын-туыс, ауыл-аймаққа сыйлы отбасы.
Ауылдың жағдайы қазір жақсарған. Қаратау-Жаңатас өндіріс кешені іске қосылуда. Халыққа жұмыс орындары ашылғаны жақсы, бірақ, ауданның экологиясына келетін зияны аз болмайтын сияқты. Осыған байланысты көңілде алаң бар.
- Қызыңызға қандай үміт артасыз? Міндеттейтін дүниелеріңіз бар ма? Ананың бәрі мейірімді, сіз өз тарапыңыздан тәрбиенің түп қазығы неде деп ойлайсыз? Шектеусіз тұлға тәрбиелеу мүмкін бе?
- Тәрбиенің түп қазығы – ұлттық бастауларда. Сонсоң саналы еркіндік. Өз өміріне жауапкершілік, жетістіктерден де, кемшіліктерден де сабақ алу. Жалпы ата-ананың балаға нені үйретіп, нені үйрете алмағанын өмірдің өзі көрсетеді. Асекең, Асқар Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестер» атты ой-толғамдарында «Еркіндікпен тәрбиелеу, еркіндікте тәрбиелеу, еркіндікті тәрбиелеу – бұл өзі антеннаның құлағындай бір-бірінен шығатын ұғымдар» дейтіні бар. Өте орынды пікір. Шектеу қою мен саналы еркіндік, меніңше, екі түрлі контекст. Әрбір ата-ана баласын биіктен көргісі келеді, өмірден өз орнын тапқанын, заманына сай білімді, мәдениетті, жақсы адам болғанын қалайды ғой. Қызым Әсмә, Асекеңнің «Миледиі» жақсы болып өсті. Қазір өзі де аяулы ана, сүйікті жар. Ақылды, жауапкершілігі мен коммуникациясы жоғары, білімді, ішкі мәдениеті мол, мақсаткер жастар қатарынан.
- Жазушылық, аудармашылық, сыншылықты қатар алып жүрген бірегей қаламгерсіз, жан қалауыңызға қай сала жақын? Қай салада табыстарыңыз толымдырақ?
- Жазушылық дегенің артықтау болар. Жас кезімде бірнеше әңгіме жазғаным бар. Үш әңгімемді Оралхан Бөкей оқып шығып, «үшеуін триптих етіп біріктір де, постскриптум жаз, сонсоң маған әкеліп бер» деген. Қайта бармадым. Ал, сынға келуіме өскен ортам әсер еткен болар. Жоғарыда да айттым, жас кезімнен көп оқитынмын, кезіндегі мықты деген кітаптардың барлығы біздің үй кітапханамызда болды. Және оқыған жақсы шығарма туралы пікіралысу отбасымызда жақсы дағды еді. Жалпы білім, оқу деген керемет нәрсе, рахат дүние ғой, көкжиегің кеңейеді, жаның, рухың тазарады. Әрине, ол үшін адамда оқуға деген қажеттілік болуы керек. Сында белсенді жұмыс жасауыма кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде қызмет етуім де әсер етті. «Қазақ әдебиетінде» жан қалауыммен тапжылмай жиырма жылдан аса қызмет еттім. Әріптестерім басқа басылымдарға, радио-теледидарға ауысып, біразы мансап баспалдағымен кетіп жатты.
Қайта құру деген кезең келіп, 90 жылдары еліміздің билік құрылымдары жанданғанда Жоғарғы Кеңестің Баспасөз құрылымына шақырды. Еліміз тәуелсіздік алған соң Президенттің баспасөз бөліміне қызметке шақырды, басқа да қызметтерге ұсыныс болды, бірақ, мен ешқайсысына бармадым. Өйткені, шығармашылық еркіндігімді қимадым.
Негізі мен тек таза әдеби сын саласында ғана емес, өнер сынында, оның ішінде театр сынына да қалам тарттым. Театр сынына бет бұруым кезінде қажеттіліктен туды -- газеттің сын бөлімінен өнер бөліміне меңгеруші болып ауысқан кезімде театр туралы жазатын мамандар тапшылығы қатты сезілді. Кейін көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушілігіне қызметке шақыруы театр әлемін толығырақ тануыма себеп болды. Бірнеше сын жинағым, театрлық зерттеу кітабым жарық көрді. Өнер адамдарымен көптеген кітап жобаларын жасадым. Қаламымыз қолымызда. Алда жүзеге асырсам деген ой-жобалар баршылық.
Өзімді кәсіби аудармашы санаймын. Бірақ, жүйелі түрде тек аударма жасаумен айналыстым дей алмаймын. Проза, эссеистика, философия, мәдениеттану, этнологияда, драма жанрында көптеген аударма жасадым. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Леви-Стросс, Гарднер, Бидниді, «100 оқулық» бағдарламасында Ю.Боревтің «Эстетикасын» аудардым. Бірталай күрделі аударма жинақтарына арнаулы редактор болдым, жастармен жұмыс жасадым. Бұл өзі өте қиын жұмыс, әсіресе, жауапкершілігі үлкен адам үшін. Сонда жастардың арасында да керемет талантты аудармашылар бар екенін көрдім, сонымен қатар еш жауапсыз, тек ақша табу үшін аударма алғандарды да кездестірдім. Жалпы аудармашылық деген үлкен өнер. Талантты аудармашы ой-өрісі кең, білімді адам болуы керек және сөзбен «ауыруы», яғни сөздің тынысын, жігерін, ойдың ырғағын жақсы сезінуі тиіс. Өзіме мына сала жақын, мынау алыс деу қиын. Дегенмен де негізгі салам – әдебиет және театр сыны, мәдени сарапшылық десем дұрыс болар.
- Сын айту, оны дөп айту – көрегенділік пе? Әлде білім мен қарымның жемісі ме? Сын айтқанда өзіңіз сүйенетін ең бірінші қасиет не? Сіздің сыныңызға сынып кеткен, қабылдай алмаған жазушылар болды ма? Ондай кезде өзіңізді кінәлі сезінесіз бе? Неге тек сын адамды шыңдайды дейді? Қазіргі батыс психологтары сыннан гөрі мақтау адамның өресін де, қабылетін де әлдеқайда терең жетілдіреді деген көзқарасқа қалай қарайсыз?
- Сыншыға сөз жоқ, мол білім, терең түйсік, үлкен мәдениет және қайтпас жігер керек. Сынға сынып кететін жазушы жазушы, режиссер режиссер емес шығар. Жас шағымызда редакцияның жұмысына байланысты әдеби шолуларды көп жаздық. Онда беделге, жас-жасамысына қарамай пікірді мейлінше объективті білдіруге ұмтылып, «жау тапқан» кездер болды, әрине. Ал, бір үлкен жазушы өмір бойы амандаспай өтті. Тіпті ол кісінің шығармасы сыналған да жоқ, бір әдеби басқосуда «...кей шығармалары сезімнен емес, салқын ақылдан туады» деген пікір айтылған. Бұл, меніңше, сын емес, шығарманың табиғатына байланысты айтылған жақсы пікір еді.
Сын – интеллектуалды қызмет түріне жатады және оның бірнеше деңгейі мен бағыты бар. Адам жас кезінде әлеуметтік сынға көбірек бой алдырады. Ал, есейе, тәжірибе молая келе филологиялық және зерделемелік сынға ойысады. Сын – үшінші шындық, бұл схема өмір – көркем шығарма – көркем шығарманың интерпретациясы болып жүлгеленеді. Жалпы алғанда сын дегеніміз - интерпретация, өнер де шексіз интерпретациялар. Меніңше, бүгінгі таңда интерпретациялық сынның бәсі жоғары. Бұл – қоғамның деңгейі өскенде қалыптасатын жағдай. Ал, сыншының қатардағы оқырманнан, көрерменнен ерекшелігі неде? Меніңше, романның немесе спектакльдің дәнін, перспективасын көре білуінде, көркем үдерістерді зерделей және содан мағыналар тудыра алуында.
Интерпретациялық сын сахна өнеріне де бек қатысты. Айталық, бір үлкен романда бейнеленген, зерделенген оқиғалар, ұғымдар, пәлсапалар сахнада бір-бір жарым сағатта айшықталады. Онда символдар, подтекстер көп роль атқарады. Спектакль сіздің оны қалай көріп, қалай танып, қалай қабылдағаныңызға байланысты, яғни рухани тәжірибеңізге байланысты бірнеше деңгейде мағыналанады. Бұл ретте бірер мысал келтірсем деймін.
М.Әуезов театрының репертуарында -- жазушы-драматург Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» пьесасы бойынша режиссер Алма Кәкішева қойған спектакль уақыт диірменіне түскен адамдар тағдыры туралы. Онда символдық ұғымдар, идеялар үлкен мағыналар тудырады. Сахнадағы алып кеме (қоюшы-суретші Е.Тұяқов) – Өмір кемесі, үзіліссіз айналып тұратын диірмен – Өмір диірмені. Осы кеңістік аясында соғыс жылдарындағы қазақ ауылының қиын өмірі, онда депортацияланып келген халықтар өкілдерімен дос-туысқа айналған тағдыры бейнеленеді.
Немесе осы театрдың көрнекті суреткер Шерхан Мұртазаның мен әңгімеміздің басында атап өткен «Ай мен Айша» атты романы желісімен қойылған спектаклін алайық. Сахналық нұсқасын Еркін Жуасбек сәтті түзіп, Тұңғышбай .Әл-Тарази сахналық ғұмыр берген, қоюшы-суретшісі М.Сапаров болған спектакль – жалқыдан - жалпыға, жекеден – типтікке көтерілген туынды. Қойылымдағы оқиғалар, тартыстар бірнеше деңгейде, бірнеше өлшемде қат-қабат жүріп отырады. ХХ ғасырдағы саяси-идеологиялық беймағына тайталастар. Әлем-ғаламдық үлкен катаклизмдер. Және осы орбитадағы жеке адамдардың қақпақыл тағдыры, жанбай сөнген отбасылардың, әулетке айнала алмай қалған немесе айналу-айналмауы әлі де екіталай отбасылардың тағдыры. Бір сөзбен айтқанда ұлт болашағының сахналық көркем ойы.
Спектакльдің көркемдік тілі күрделі әрі айқын. Айталық, экспозиция немесе алғашқы көріністегі 1-мамыр мерекесі сахнасында артқы план – уақытты, мерекенің саяси мағынасын аңдатса; мерекенің халықтық сипатын танытатын жайлы да жарқын бояулы алдыңғы планнан – көз алдыңызда бейнелеу өнерінің тұрмыстық жанрдағы жанды картиналары пайда болады... Ауыр ашылып-жабылып тұрған алып қақпаның арғы жағында қым-қуыт, қатыгез өмір, үлкен қоғам, әлем-ғалам. Бергі беті қарапайым екі отбасының тұрмыс-тіршілігі - өмірлік ұстанымдары, мақсат-мұраттары, адами-имани болмыстары. Айшалар арқылы оты сөнбеген ошақтар, жалғасқан әулеттер. Туған жерге, Отанға деген махаббат... Әрбір әулеттен табылатын Айша --символдық бейне. Текті қазақ әйелдерінің жиынтық бейнесі. Спектакльдегі оқиғалар – саяси қуғын-сүргін, соғыс алапаты қазақтың әрбір отбасының басынан өткен қасірет...
Сыншы осы сипаттас мағыналардың барлығын оқи және талдай алуы шарт. Бұрынғы бір сұхбатымда да айтқан едім, тағы қайталасам - бүгінгі сынның, оның ішінде театр сынының алдында да өзекті деген тақырыптарды қозғау, жаңаша талдаулар арқылы жаңа мағыналар ашу мәселесі тұр.
Ащы сынның жазушыны шыңдайтын, қайрайтын жағдайлары да болады. Бұған әдебиет пен өнерде көптеген мысалдар бар. Дей тұрғанда өз ұстанымым - сынның мәдениеті жоғары болуы шарт. Ең дұрысы – көркемдігі жоғары шығармалар туралы ғана сөз қозғау. Ал, нашар дүниелер уақыт елегінен өтпей, өз-өзінен қалып кетеді. Жалпы ең үлкен сыншы – уақыт.
Ал, батыс психологтарының пікірлері өнерге емес, адам психологиясына қатысты болса керек. Қазақша қисындасақ, «жақсы сөз жан семіртеді», «жақсы сөз – жарым ырыс», «қарға баласын аппағым дейді», тағысын тағы... жалғастыра беруге болады.
- Өзіңіз естіген ең қатал сын туралы айта аласыз ба? Мұндай естеліктеріңіз көп пе? Айтылған сыннан кейін жазбай кету – өрлік пе? Әлде?..
- Әрине, айта аламын. Жас сыншы аталып жүрген шақта «Жалын» журналы жас сыншылар туралы аға буынның пікірлерін жариялады. Сонда қазақ сынының үлкен тұлғасы, сыншы-академик Мұхамеджан Қаратаев жақсы пікірлерін білдіре келіп, мақалаларымда цитатаға үйіршілдігімді орынды сынады. Ал, одан кейін естіген сыныма кеңірек тоқталайын.
Осы ғасыр басында белгілі мәдениеттанушы, сыншы, аясы кең бір азаматпен сұхбат жасағанмын. Жалпы сұхбат – менің сүйікті жанрларымның бірі. Мақсат - ғасыр басында руханиятымызда жүріп жатқан үдерістерді байқап, талқылап көру болатын. Ол сұхбатқа байланысты редакцияға қызғылықты хаттар келген. Пікіралысуды жалғастырамын, деген ой болған. Артынша, газеттің келесі санында үш автордың сол сұхбатты, ондағы ойларды, тұжырымдарды түгелімен жоққа шығарған, тіпті жеке басқа тиіскен үш мақаласы аймандай болып газеттің айқарма бетінде жарияланды. Мені, ең алдымен, білімді, ойлы деп жүрген азаматтардың мәдени деңгейлері, әсіресе, әріптестеріне деген сондай бір өшпенділігі таң қалдырды. Екінші таң қалдырғаны – сол кезде басылымға қол қойған азаматтардың ең болмағанда жеке басқа тиісетін жерлерді алып тастамағаны...
Өзім іштей «үш ноян» деп айдар таққан ол үш азаматтың жазғандарына қарсы мақала беруге, сұхбаттар жасауға, керек десеңіз, ұйымдастыруға болатын, оған мүмкіндігім де жететін. Бірақ, қабырғаммен кеңесе келе қажет деп таппадым. Өйткені, ондай деңгейде пікір жарыстыру, дискуссия жасау, әлденені дәлелдеудің қызығы жоқ екенін анық түйсіндім. Бар болғаны редакциялық лездемеде жалғыз ауыз сөз айттым – «мен мұндай деңгейде сөйлесе, пікір таластыра алмаймын».
Жалпы ол кездері қоғамымызда жабайы демократия «гүлдеп тұрған». Басылымдарда, оның ішінде бізде де шетін дүниелер жарияланған жағдайлар болды. «Қазақ әдебиетінде» ұзақ жылдар қызмет етіп жүрген маған жазушылар, зиялы қауым өкілдері «Әлия, мыналарың не?» деп көп телефон соғатын. Мұндай ахуал маған рухани бір жайсыздық тудыратын... Басылымды, әдеби ортаны қимай әрі-сәрілеу болып жүрген мен сол «үш ноян» оқиғасынан кейін жұмыстан кету керек деп анық шешімге келдім. Және де мұндай шешім маған оңайға түскен жоқ. Қазір ойласам, қандай альтруист болғанмын, деп ептеп күлкім де келеді және ол «сыншыларымды» да түсінетін сияқтымын. Ұлттық әдебиетті қорғамақ болғандары ғой...
Содан жарты айдай демалдым. Көп ұзамай өзге басылымдар мен телеарналардан ұсыныстар болды да, әрі қарай өмірімнің жаңа бір кезеңі басталды. «Алтын Орда» тәуелсіз апталығында, «Хабар» телеарнасында, М.Әуезов театрында мүлдем өзгеше кеңістіктерде, рухани еркіндікте және кәсіби деңгейде жан жарасымымен қызмет етіп, өмірлік-өнерлік тәжірибелерім арта түсті.
Тағы бір естіген сыным - театр спектакльдеріне жазылған аннотацияларға байланысты болды. Театртанушының пікірі «аннотация күрделі болмауы керек, көрерменге қойылымның мазмұнынан хабар беруі керек» сипатында болды. Меніңше, мазмұн опера мен балеттер аннотацияларына қажет. Ал, драмада спектакль мазмұнын емес, негізгі ой-идеясын ашуды дұрыс көремін. Дегенмен де сол пікірден кейін кейбір қойылымдардың аннотациясына мазмұнын да араластыра беретін болдым.
Жазбай кету туралы... Жалпы адамзат баласы үшін киелі төрт Кітап бар – Зәбур, Тәурат, Інжіл, Құран. Әдебиет пен өнер осы Кітаптардағы жасампаз ұлы идеяларды көркем бейнелермен жеткізуші, түсіндіруші десек жарасады. Атақты Борхес «Хас өнер дінмен табиғаттас» дегенде осыны да меңзейтін болуы керек. Айталық, бұл Кітаптардағы поэзияға тең келер не бар. Осыны терең зерделеген жанның жазудан қалуы мүмкін. Ал, сын естіген соң жазбай кету - өнерге кездейсоқ келгендіктің белгісі шығар. Қалай болғанда да бұл адамның өз еркіндегі нәрсе. Жалпы алғанда жазбай кетуге сын емес, басқа жайттар әсер етуі мүмкін. Айталық, адамның дүниетанымының өзгеруі. Немесе сөздің құнсызданып бара жатқаны,.. кезінде Гуттенберг дәуірі келіп, әлемде Қайта өрлеу гүлденгені сияқты Жаңа технологиялар заманының шығармашылық адамы үшін де жаңа мүмкіндіктер ашуы...
- Аударма саласында да табыстарыңыз көп. А.Кимнің, сондай-ақ Азия жазушыларының әңгімелерін, И.Ракшаның «Қайран, дүние» атты повестер жинағын, А.Лауринчюскастың «Соңғы аманат», Р.Солнцевтің «Мұнар да мұнар, мұнар күн» драмаларын, Е.Замятиннің «Еділ патша» трагедиясын, В.Смеховтың «Әлі баба және қырық қарақшы» мюзиклын, оған қоса көптеген әдеби мақалалар аударыпсыз. Аударсам, деп ойлап жүрген шығармаларыңыз бар ма?
- Шынар, өзің аудармашы болғаннан кейін бе, бұл сауалың тағы да аудармаға байланысты екен. Мәліметтерді Жазушылар одағының анықтамалығынан алған болуың керек. 1999 жылғы мәліметтер ғой, оны жаңартып қоюым керек екен деп ойлап отырмын. Аудармаға байланысты жоғарыда біраз жауап берген едім. Ол кезден бергі аудармаларымның бәрін тізбектеп отырудың реті жоқ болар. Дегенмен де соңғы кезеңде өз қалауыммен және қызметіме де байланысты драматургия жанрында бірталай аударма жасадым. Атап айтқанда, Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасын, Шекспирдің «Отелло» трагедиясының сахналық нұсқасын, Г.Томскийдің «Аттила мен Аэций», П.Какабадзенің «Үш ару», Т.МакНеллидің «Мария Каллас. Дәріс», немістің жас буын драматургы И. Лаузундтың «Кеңсе» («Офис»), т.б. пьесалар. Бір қарамаққа, пьеса аудару оңай сияқты көрінеді, бірақ, бұл алдамшы әсер. Бірер мысал келтірейін.
«Апалы-сіңлілі үшеуді» аударарда көп дайындалдым. Өйткені өте терең пьеса, мағыналық контекстері, кейіпкерлер диалогтарының мәдениеттанушылық, символикалық-мифологиялық қырлары көп. Сол мағыналық параллельдерді анықтап, олардың қайнаркөздерін іздеп тауып, қазақша баламасын берудің өзі үлкен жұмыс. «Отелло», әрине, қиынға түсті, өйткені ақ өлеңмен жазылған ғой. М.Әуезовтің аудармасы А.Радлованыкі бойынша жасалған. Ал, режиссер Н.Птушкина «Отеллоның» сахналық нұсқасын дайындағанда өзінің идеясына сай орыс тіліндегі аудармалардың бірнеше нұсқасына, атап айтқанда, Радлованыкімен қатар Лейтин, Морозов, Вейнберг, Пастернак және Лозинскийдің аудармаларына сүйенді. Сондықтан мен де осы варианттарды тауып алып, бәрімен жұмыс жасауыма тура келді, өте үлкен тәжірибе алдым. Ал, Г.Томскийдің «Аттила мен Аэцийін» аударғанда ағылшын тарихшысы Эдвард Гиббонның (1737-1794) атақты «Рим империясының құлауы мен қирауы» (1776-1788) атты тарихи материалға бай бірнеше томдық зерттеу еңбегінің Аттила туралы тарауларынан бастап Еуропа тарихына байланысты басқа да біраз дүниелерді қарауға тура келді. Әрине, ол еңбектердегі Аттила туралы теріс түсініктерді ескере отырып.
Жалпы қандай да аударманың көркемдік сапасы сахнадағы жанды сөзде бірден байқалады. Ал, бүгінде пьесаны әр режиссер немесе актер, тіпті болмаса, әйтеуір театрдың бір қызметкері аудара беретін әдет белең алып келеді, бұл, меніңше, бейкәсібиліктің көрінісі және өкінішті жайт. Драма жанрына байланысты айтар болсам, мүмкіндік болып жатса, А.Камюдің «Калигула» трагедиясын, Т.Стоппардтың «Розенкранц пен Гильденстерн өлді» трагикомедиясын (Шекспирдің «Гамлетін» мүлдем басқаша зерделететін дүние) аударар едім. Өйткені, өзіме драмалар аудару, коммуникациялар қалыптастыру өте ұнайды.
- Ремарктың «жаны жалғыздықты сезініп, содан ләззат алмаған адам өмірді түсінбейді» деген пікіріне келісесіз бе? Сүйікті жазушыңыз, актеріңіз кім? Сүйікті деп бөлуге қалай қарайсыз?
- Ремарк мықты жазушы, бірақ, өз заманының да жемісі ғой. Бұл пікірінде ол өмір кешкен ХХ ғасырдағы батыс экзистенциализм философиясының идеяларымен үндестік сезіледі. Экзистенциализмде жалғыздық -- адамның терең болмысының ажырамас бөлігі және ол пайдалы, өйткені, жалғыздық адамның тұлғалық биікке көтерілуіне ықпал етеді, деген тұжырым бар.
Ал, Шығыс, оның ішінде Қазақ қоғамы да жалғыздықты «жатсынады». «Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан» дейді халқымыз. Бұл да үлкен пәлсапа. Жалпы шығыс философиясына биполярлық таным жат. Бүгінгі қоғам туралы ой таратар болсам, жалғыздықты сезіну деңгейі адамның дүниетанымына, өмірге көзқарасына, ұстанымдарына, мінезіне байланысты болуы керек. Дегенмен де жан жалғыздығы, рухани жалғыздықтың шығармашылыққа тигізер әсерін жоққа шығара алмасақ керек.
Оқырман-көрермендердің «сүйікті жазушысы, актері» болуы заңды нәрсе, ал, сыншы процесті тұтастай қарастыра білуі шарт. Дегенмен де сүйікті деп айдар қоймасам да шығармашылығын ерекше бағалайтын жазушыларым, актерлерім баршылық. Олардың біразы туралы жаздым да, әлі де жазамын.
- Бүгінгі қазақ әдебиеті мен аударма саласында әлемнен көш кейін келеміз. Әдебиетті сүюді, кітаптың берер байлығын насихаттай алмай отырмыз ба? Бұл идеологияның жоқтығынан ба? Әдебиеттің киесі ұшты ма? Оқырман талғамсыз ба? Қазіргі қазақ әдебиетіне не жетіспейді?
- Әлем деген үлкен мозаика. Бірінен кейін, бірінен алда шығармыз. Қай уақыт, қай қоғамда да адам баласы өз тірлігін жасайды. Айталық, жазушы шығармасын жазады, режиссер спектаклін қояды, аудармашы аударма жасайды, бізде де солай. Тәуелсіздік жылдарында бітірген шаруа аз емес, қаншама шығарма жазылды, қаншама спектакльдер қойылды, фильмдер түсірілді, жаңа есімдер келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығармалар шет тілдерге аударылып, әлемге таныстырылып жатыр. Дегенмен де уытты сауалдарыңның жаны бар. Бұған толымды жауапты қазіргі мәдени ахуалға мейлінше жан-жақты, толымды сараптамалар жасап барып табуға болады.
Әдебиетке байланысты сөз қозғағанда, ең алдымен, бүгінгі жаңа технологиялар заманында жалпы стратегия мен тактиканы заманға сай жаңаша құру қажеттілігі туындайды. Бұл, кітап шығару мен оның сатылымы-таралуы саясатына, мерзімді әдеби-мәдени басылымдардың, сайттардың рухани-экономикалық әлеуетіне аса қатысты мәселе. Бүгінгі әдебиет, өнер мен мәдениеттегі ахуалға сараптамалар жасай отырып, ілгері дамыту, ол үшін әдеби, мәдени басылымдар мен сайттарға тиісті материалдық қолдау көрсетудің маңызы зор. Және бұл, сөз жоқ, қоғам үшін мол қайтарымы болатын шаруа.
Ұлттың жаңа болмысын, бәсекеге қабілетті мәдени ментальдығын қалыптастыру -- мемлекеттің даму стратегиясында маңызды орын алады. Осы жолда әдеби сын, театр, кино сынының әлеуетін дұрыс пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылуы керек деп білемін. Демек, арнайы бағдарламалар жасалып, оның орындалу тетіктерін айқындаудың мемлекеттік маңызы бар.
- Елсіз аралға апарып кітап жаз десе, не туралы толғанар едіңіз?
- Ойланбаған сауалым екен.
- Әр адамның өмірінде өзіне адал, әр қиындық та, қуаныш та қасынан табылатын жан досы бар. Достарыңыз көп пе? Көпшіл адамсыз ба?
- Достық деген – үлкен ұғым. Достық, адамдардың сыйласа білуі аса үлкен өнер, керек десеңіз, пәлсапа. «Жан досым» деуге тұратын қымбатты адамдарым бар (олардың атын атап, түсін түстеп жату маған ыңғайсыз.) Жақсы пікірлес, рухани мұраттас, жасы үлкен де, кіші де достарым аз емес. Ондай адамдарыңның бұл өмірде бар екені; әрбір адам жеке әлем, жеке планета десек, сол әлемдердің түсіністік табуы, рухани ортақтық таба білуінің өзі бір бақыт. Көп адаммен сыйласпын. Негізі психологиялық тип жағынан алғанда интроверттік те, экстроверттік те сипаттарым бар.
- Сіз үшін өмірдің рақаты не? Ащысы не? Өмірге өкпеңіз бар ма?
- «Өзің қалай құрасың – өмірің сол» деген бар. Шығыстың нақылы. Менің өмірім де тек өзіме ғана тиесілі – жақсылықтарымен, жетістіктерімен, қателіктерімен, кемшіліктерімен. Сондықтан да өмірге өкпем жоқ. Ал, өмірдің рахаты -- өмірдің өзі. Туған елің. Ұрпағың. Содан кейінгі кезекте жақындарың. Әлеуметтік ортаң... Жақсы күндерің, сәттерің, жүзеге асырған жасампаз ой-идеяларың... Түйіп айтқанда, жан қалауыңмен, жан жарасымыңмен өмір кешуің. Ащысы – жеке тұрғыдан айтқанда қымбат та аяулы жандарыңнан айырылып қалатының. Бұған шарасызсың. Және амал кем, Өмір-болмыстың ұлы ақиқаттарын мойындайсың... Көпшілік тұрғысынан алғанда, бүгінгі қоғамымыздағы әділетсіздіктер. Дүние-ғаламдық тұрғыдан алғанда, әлемдегі қиянаттар, идеология көрпесіне, экономикалық басқыншылық көрпесіне оранып алып, адам баласына жасалып жатқан зұлымдықтар...
- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Шынар Әбілдақызы