«Каникулы Off-line» фильмінен үзінді кадрЖалпы адамзат үшін рухани әлемнің маңызы орасан...
Қазақ киносындағы әке бейнесі
Қазақ киносындағы отбасының, әке мен ананың, ұл мен қыздың, келін мен ата-ененің орны қалай бейнеленгенін айтсақ, сөзсіз, қоғамның бет-бейнесін, ұлт менталитетінің қаншалықты өзгеріске ұшырағанын анық көруге болады. Ұлттық кино тарихына көз жүгіртсек, әкенің бейнесі белгілі бір уақыттың, адамдардың психологиялық, моральдық-этикалық, тіпті тарихи құндылықтарының бағдаршамы іспетті рөл атқаратынын байқау қиын емес. Ғасырлар бойы өмір сүріп келген қазақтың отбасылық институтында әкенің орны өте маңызды екені белгілі. Қазақ ұғымында әке тек бір отбасының тірегі ғана емес, жалпы ұлттық болмыстың, ұлттық мінездің сақтаушысы әрі қорғаушысы ретінде қабылданды.
Яғни тұтас ұлттың тағдыры әкенің бітім болмысы мен рухани кеңістігімен тығыз байланысып жатты. Сондықтан кино өнерінің бүгінгі және кешегі тарихындағы әке бейнесін талдау тек экрандағы әке бейнесінің ғана емес, біз өмір сүріп жатқан қоғамның, ұлттық болмыстың, халық дүниетанымының қаншалықты өзгеріске ұшырағанын немесе ұшырамағанын аңғаруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қазақ киносының алғашқы онжылдықтарында әкенің бейнесі «жағымды», «жағымсыз» кейіпкер ретінде кеңестік идеологияның аясында қарастырылды. «Жағымды» әке – ол міндетті түрде кеңес үкіметінің белсендісі, адал қызметшісі, ал «жағымсыз» – сөзсіз байболыс және жаңа үкіметтің «ата жауы». Әрине, бұл фильмдердегі қазақ отбасындағы әкенің орны идеологиялық мазмұннан аса қоймайды.
Қазақ киносындағы әке бейнесінің ұлттық болмысқа жақын «алтын кезеңі» 1960-1970 жылдармен тұспа-тұс келді. Көрермен осы жылдары түсірілген «Тұлпардың ізімен», «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Арман – атаман», «Қыз Жібек», «Гаухартас», «Атамекен», «Мәншүк туралы жыр», т.б. фильмдердегі әке болмысынан сабырлылық пен ірілікті, парасаттылықты көреді. Экрандағы әке болмысымен ұштасып жатқан ұлттық бояуды іздегіміз келсе, ылғи осы шығармаларға жүгінетініміз де сондықтан.
Жалпы, қазақ киносындағы әкенің бейнесі туралы арнайы зерттелген еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Кинотанушы Гүлнар Әбікееваның «Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии, и как этот процесс отражается в кинематографе» атты монографиясында (2006) мемлекеттің жай-күйі мен ұлттық болмыстың метафорасы ретінде әкенің кинематографиялық бейнесінің өте маңызды роль атқаратынына назар аударады. Алайда, мұнда 1960-1970 жылдары түсірілген қазақ фильмдерінен тек «Атамекендегі» (1966, сц.авт. О.Сүлейменов, реж. Ш.Айманов) Елубай Өмірзақовтың кейіпкері ғана қарастырылады. Біздіңше, қазақ киносындағы әкенің, оның ұлттық болмыстың тірегі ретіндегі көрініс табуы тек «Атамекен» фильмімен ғана шектелмейді.Ұлттық дүниетанымдағы әкенің бейнесі дегенде «Тұлпардың ізімен», «Қыз Жібек», «Мәншүк туралы жыр», «Гаухартас» фильмдеріндегі қазақ театры мен киносының ұлы актері Кәукен Кенжетаев сомдаған кейіпкерлерді де ұмытпауымыз керек. Қазақ киносындағы әкенің бейнесі туралы мәселе қозғалғанда бұл фильмдерді айтпай өтуге болмайды.
Бұл фильмдердің жұлдызы жарқырап, қазақ өнері мен мәдениетінің тарихында қалуына – режиссер, сценарий авторы және актер деген шығармашылық үштіктің рухани үйлесімділігі әсер еткені даусыз. Бұл рухани үйлесімділік халықтық мінезбен, болмыспен, ұлттық тамырдан ажырамаған. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсембаев секілді режиссерлер мен Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков, т.б. қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері басы-қасында жүрген бұл фильмдерде автордың идеясы, айтар ойы актер сомдайтын кейіпкердің болмысымен ұштасып жатты.
Сонымен Кәукен Кенжетаевтың сомдауындағы «Тұлпардың ізімен» фильміндегі (1964, сц. авт. Ә.Тарази, реж. М.Бегалин) Танабайдың, «Мәншүк туралы жырдағы» (1969, сц.авторы А.Михалков-Кончаловский, реж. М.Бегалин) Мәншүктің әкесінің, «Қыз Жібектегі» (1970, сц.авт. Ғ.Мүсірепов, реж. С.Қожықов) Төлегеннің, «Гаухартастағы» (1975, сц.авторы Д.Исабеков, реж. Ш.Бейсембаев) Тастанның әкесінің бейнесі қандай қырымен ерекшеленді?
«Тұлпардың ізімен» фильміндегі ата-ене мен келін, келін мен күйеуі, әке-шеше мен ұлы арасында бірін-бірі үнсіз ұғып, үнсіз сөйлескен «тылсым тыныштықтың» психологиялық сипаты әкенің бітім-болмысымен, қас-қабағымен тікелей байланысты. Өзге кейіпкерлер сияқты ол да үнсіз. Бірақ бұл үнсіздіктің астарында қатал мінез бен сабырлылық байқалады. Ұлы мен келіні арасындағы рухани алшақтық, Жауһаздың ішкі жандүниесіндегі қарама-қайшылықты (Тұрардан көңілі қалуы, ата-енесін қимай сергелдеңге түсуі) сезсе де, ұлына да, келініне де жаны ашып, іштен тынады. Әке болмысындағы сабырлылық, сөзге сараңдық, көзқарасы мен қас-қабағы оның ішкі рухы мықты адам екенін сездірді.
Кәукен Кенжетаевтың сомдауындағы боранды түнде жоғалған қойды іздеп шыққан ұлының дала заңынан, адамдық қасиеттен аттап, жанындағы серігін тастап кеткен қылығын жазғырған әкенің қас-қабағы мен қатал көзқарасының өзі-ақ адам сотынан гөрі ардың соты әлдеқайда ауыр екенін аңғартады. Өйткені, ол– ұланғайыр ен даланың барлық заңын тұла бойына сіңірген адам. Ал оның ұрпағы (Тұрар) сол заңды бұзды, ен далада кез келген сәтте кездесетін сын сағатта солқылдақтық танытты. Сценарий авторы Әкім Тарази мен режиссер Мәжит Бегалин Кәукен Кенжетаевтың кейіпкері арқылы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақтың мінезін, болмысын көрсетеді.
Кәукен Кенжетаев сомдаған тағы бір әке бейнесі «Мәншүк туралы жыр» фильмінде (1969) көрінеді. Фильмнің өн бойында Мәншүктің рухани діңгегі, дүниетанымы әкесінің бейнесімен тығыз байланыста беріледі. Фильмде Мәншүк пен әкесінің ата-баба мазарлары, балбалтастардың арасымен келе жатқан көрініс бар. Осы көріністе әкесін мұқият тыңдап келе жатқан Мәншүк бірде жымияды, бірде мұңаяды, енді бірде тіпті таңырқап, әкесіне көз алмай қарайды. «…Ер туып, ел қорғаған ата-бабаң, бұл күнде ізі жатыр…» дейді кадр сыртында домбыраға қосылып айтылатын өлең жолдарында. Олай болса, «ер туып, ел қорғаған ата-бабаның» ұрпағы Мәншүктің ержүрек болмауы мүмкін емес. Кәукен Кенжетаевтың сомдауындағы әке бейнесі бұл фильмде де Мәншүк нәр алған ұлттық дүниетанымның, ұлттық болмыстың қайнар көзі.
«Қыз Жібек» фильміндегі Жібек пен Төлегеннің әкелері (Сырлыбай мен Базарбай) – кеңес киносындағы бай хандардың бейнесіне тіптен қарама-қарсы кейіпкерлер. Бұған дейін кеңес идеологиясы таңып келген байдың, ханның бейнесі – ел, жерді қанаған, әділетсіз, пасық, бір сөзбен айтқанда, «жағымсыз» кейіпкердің бейнесі болуы керек-ті. Алайда, «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбай мен Базарбайдың бейнесі кеңес кинематографындағы қатып қалған қағидада недәуір алшақ кетеді (әрине, бұның алдында «Қилы кезеңдегі» Жүніс пен «Қараш-Қараш» фильміндегі Жарасбайлар болды).
Кененбай Қожабековтың Сырлыбайы – ел мен елдің, ер мен ердің татулығын, бірлігін ойлаған әрі ел басқарып отырған даланың ақылды, сабырлы, данагөй аристократы болса, Кәукен Кенжетаевтың Базарбайы – алдында мыңғырған малы бар, ен далада көшіп-қонып жүрген бай ғана емес, сонымен бірге, шет ел саудагерлерімен терезесі тең экономикалық байланыс орнатқан, бірнеше тіл білетін, бүгінгінің тілімен айтқанда, ірі капиталисі.
Базарбайдың анау-мынауға иіле бермейтін өр мінезінің астарында мейірім жатқаны бір ғана кадрда, онда да қас-қағым сәтте тамаша беріледі. Төлеген жатқан киіз үйдің босағасынан аттап, ішке еніп келе жатқандағы бір сәтте жүзінде әкелік мейірім, жылы жымиыс пайда болады. Дәл осы кезде ел билеген адуынды адамнан гөрі, күнделікті өмірдегі қарапайым әкенің адами болмысы көрініп қалады. Алайда, артынша жүзінде қайтадан қаталдық пайда болады, ішке кіремін деген райынан қайтады да, кері бұрылып кетеді. Қас-қағым сәтте бір сезім екіншісіне ауысып үлгереді. Актер шеберлігінің ғажаптығы сонша, кадрда артық сөз айтып жатуды талап етпейді. Бұл жерде ең маңыздысы – актердің көзі, дене қозғалысының пластикасы мен жүзінің өзі ішкі сезім иірімдерін анық байқатады.
Қазақ кинотану ғылымында Базарбай бірбеткей, қатал кейіпкер ретінде ғана қарастырылып келді. Алайда, бұл Базарбайдың бейнесі туралы біржақты көзқарас. Ол – қай жағынан алып қарасаңыз да, көпқырлы, сан астарлы, өте күрделі кейіпкер. Шағын эпизодтың өзінде Базарбай өте қатал ел басқарушы, әрі саясаткер, әрі іскер, тіпті қас-қағым сәттің өзінде мейірімді әке ретінде көрініп үлгереді.
«Тұлпардың ізімен» және «Гаухартас» фильмдеріндегі әке мен бала арасындағы рухани байланыста айырмашылық өте көп. «Тұлпардың ізімен» фильмінде әке мен бала болмысының арасында рухани алшақтық жатқанын жоғарыда айтып өттік. Яғни баласы әке ұстанған дала заңына қарсы шықты, қасындағы серігін боранды түнде жалғыз қалдырып кетті. Баласының қорқаулығы, сатқындығы мен ездігі әке болмысына, дүниетанымына тым жат, тым бөтен. Әке – балаға сыншы. Әкесі Тұрарға сынап қарайды. Іштей тынады. Әке тарапынан айтылып жатқан артық сөз жоқ. Бірақ актердің бет-жүзінің, көзқарасының, қас-қабағы мен қимыл-қозғалысының өзінде-ақ барлығы сайрап жатыр.
Ал «Гаухартастағы» әке мен бала арасында керісінше рухани үйлесімділік сезіледі. Әсіресе, бұл Тастанның бейнесімен байланысты. Тастан – Тұрарға мүлдем қарама-қарсы кейіпкер. Екеуінің болмысы екі түрлі. Екеуі де көп сөйлемейді, тұйық. Бірақ бұл екі түрлі тұйықтық. Тұрардың үнсіздігінің астарында оның пасық, қорқау болмысы жатыр. Ал Тастанның тұйық мінезінің астарында әкесінің дүниетанымымен ұштасып жатқан мықты рух бар. Тұрар Жауһазды «енді біз қой бақпаймыз» деп жұбатады, ал Тастан керісінше, әке ісін жалғастырушы ұрпақ.
Екі фильмдегі де әкенің тағдыры елдің тағдырымен тығыз байланысты. «Гаухартаста» Кәукен Кенжетаев пен Кененбай Қожабековтың кейіпкерлерінің арасындағы өте маңызды диалог бар. Екі актердің сомдауындағы ақсақалдар әңгімесі кеңес үкіметімен тұспа-тұс келген тұтас бір ұрпақтың тағдырын меңзейді. Әңгіме барысындағы дауыс ырғағы, интонация, пауза, көзқарас, мимика, барлығы да қазақы әрі шынайы.
Қабен «сол үкіметке қызмет еттік қой» дейді. Алғашында қуана қабылдаған үкіметті «біздің үкімет» демейді, «сол үкімет» дейді. Екеуі де кеңес үкіметінің қазақ жеріндегі әр қадамына куә, әрі ол үкіметтің қазаққа қандай қасірет алып келгенін жақсы біледі. Қанша жерден кеңес үкіметіне жұмыс істесе де, іштей бәрібір сол үкіметтің көзсіз жауынгері болған жоқ. Бұл, әсіресе, Кәукен Кенжетаевтың кейіпкеріне тікелей қатысты. Қабен оған «Енді өзің сол Мысырбайға айналып барасың» дейді. Осы тұста тағы да қарама-қайшылық туады. Қабеннің бүкіл болмысы оның шолақ белсенді емес екенін сездіреді. Бірақ ол уақыттың ағымына қарсы келмейтін, өз заманының адамы. Ал Кәукен Кенжетаевтың ата-баба рухына берік кейіпкері уақыттың өзі таңып отырған өзгеріске іштей қарсы. Бұл жерде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген дәстүр мен сол дәстүрге қарама-қайшы келетін жаңа кезеңнің арасындағы текетіресті көруге болады.
«Гаухартастағы» әке бейнесі – Кәукен Кенжетаев сомдаған ұлттық дүниетанымдағы әкелер галереясының соңғы тұяғы іспетті. Шындығында, осы фильмнен соң дәл сондай әке бейнесі қазақ киносында пайда бола қойған жоқ. Ендігі жерде әкелер болмысы біртіндеп өзгере бастайды.
Соңғы жиырма бес жыл ішіндегі қазақ фильмдерінің көпшілігінде кейіпкерлер әкесінен гөрі анасымен байланыста. Экраннан көрінген әке мен бала арасында рухани байланыс жоқ, қазақылыққа жат ызғар еседі. Мысалы, Д.Өмірбаевтың көптеген фильмдерінде кейіпкерлер тек анасының жанында жүреді. Әке «Кардиограмма» фильмінің басында ғана көрінеді. Онда да баласы екеуінің арасында жылы қарым-қатынас сезілмейді. Немесе С.Апрымовтың «Қиян» фильмінде көп балалы әке әйелінің айтқанынан шықпайтын, намысы, рухы жоқ кейіпкер. «Ақсуатта» басты кейіпкерлердің әкесі жоқ, бірақ ауылды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын қыздың әкесі бар. Бірақ оның ауылы Кенжетаевтың кейіпкерлерінен тым алшақ. «Аңшыда» – өгей әке, «Бауырда» баланың әкесі басқа әйелге үйленіп кеткен, ұлымен араласпайды. Э.Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмінде басты кейіпкер әжесінің қолында тәрбиеленіп жатыр (әкесі туралы ешқандай хабары жоқ, шешесі қалада жұмыс істейді). Ә.Ержановтың барлық фильмдерінде кейіпкерлері – әке-шешесі жоқ, жетім балалар. Н.Төребаевтың фильмдерінде кейіпкердің әкесі туралы бірде-бір сөз қозғалмайды. «Шлагбаумда» да (реж. Ж.Пошанов) сол жағдай – бірінің әке-шешесі жоқ, екіншісінің әкесі – бүгінгі заманның ауқатты адамы. Бірақ олардың да арасында рухани байланыс үзілген.
Ал Кәукен Кенжетаев сомдаған рухы мықты әкелер бейнесі – ұлттың діңгегі, отбасының ұстыны ретінде көрініс тапты. Бұл бейнелер қазақ әкелерінің экрандағы тарихи бейнесі ретінде берік сақталатыны сөзсіз. Келешекте қазақ киносында осындай әкелер бейнесі пайда болса, онда жоғалып бара жатқан рухпен қайта қауышар едік. Себебі, кинодағы әке бейнесі – ұлттық болмысымыздың көркемдік сипатын айшықтайды.
Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.
Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.
Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дархан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді.
Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі – деген осы. Қазақ киносындағы тарихи туындылар әке рөлінің айшық бейнесін көрсете білді.
Сағыныш БАҚБЕРГЕН, кинотанушы