Еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік Astana Musical театрының артисі, отандық киноакт...
«АЙКА»: ҰЛТ ТРАГЕДИЯСЫ
Әйел азса, ұлт жойылады. Басты идея осында. Тым күрделі. Масштабты. Адамзатқа айтары бар. Ойлы. Қатігездікті мойындау арқылы ғана, мейірімнің қадірін түсінуге болады. Бұл фильмнің табиғаты осындай. С.Дворцевойдың «Айка» фильмі бүгінгі дәуірге қойылған қатаң диагноз.
Біз өзгердік. Бізде көп нәрсе өзгерді. Рухани құлдырау. Ойлау жүйесі. Нарық. Жұмыссыздық. Құлдық. Адам саудасы. Тоқырау. Тығырық. Осы күйді өткерген ұлт тағдырын фильм авторы басты кейіпкер Айка арқылы үлкен шеберлікпен ашады. Бұл заманның ащы шындығын мойындау.
Фильмнің басты ұтымдылығы – автор көрерменге тығырыққа тірейтін сұрақ қояды. Таңдау жасауға мүмкіндік. Есеп беру. Арыңа. Адалдығыңа. Аманатыңа. Адамзаттық дейгейде ұлттың құқын ашық талқыға салады.
Осы біз неге адам сияқты өмір сүре алмаймыз?! Әлеуметке тұрақты экономикалық жүйе құра алмаймыз?! Айуандығымызды мойындаймыз. Бірақ, табиғатымызға қарсы тұра алмаймыз. Мәселе осында. Шешілмеген түйін. Жауабы жоқ көп сұрақ. Фильмнің финалындағы шарасыздықтан қиналып жылаған Айканың көз жасы көрерменді де тығырыққа тірейді. Бұл сәт үлкен шеберлікпен фильмге ұтымды нүкте қойған.
Ойланбайтын адамдар көп. Дәл бүгінгі заманда. Өз ісіне есеп бермейтін. Жауапкершілік көтермейтін. Жаны ауырмайтын. Жалған күлетін. Жағымпаздықтың арзан маскасын киетін. Өзін алдайтын. Ертеңін ойламайтын. Келешегіне алаңдамайтын. Бұл фильмнің бүгінгі көрерменге әлі де ойлануға беретін мүмкіндігі көп.
Күнкөріс. Күйбең тірлік. Күнелту. Жан бағу. Осы жолда барлық тәуекелге бару. Баладан безу. Өз аналық табиғатына қарсы тұру. Түйсігін мойындамау. Сезімдеріне шабуыл жасау. Қиянат. Өзін аямау. Мүлдем ұмыту. Бәрі де шарасыздықтан. Амал жоқтықтан. Таңдау қалмау. Хайуан құрлы құның болмау. Бұл фильм ұлттың құқын таптау мен сақтаудың ең өзекті саяси мәселесін өткір қозғай білді.
Ұрпақ жазықты емес. Ер-азамат жауапкершілік алмаса. Әйел затын қорласа. Ана деп сыйламаса. Қарындас деп қорғамаса. Жарым деп аяламаса. Бәрінің құны жойылады. Мәселенің негізгі өзегі осында. Әйел – рухани, ер-азамат – материалдық құндылықтарға жауапты. Экономиканың барлық саяси картасы дәл осы фильмде ерекше ашылды.
Әйел заты күнкөрістің түйсігіне тәуелді болса, ол ұлттың ер-азаматтарының намысы мен беделі жойылады. Әйелдің өз табиғатына қарсы тұрып, жатырындағы жауапкершілікке шарасыздықтан қиянат жасаса, демек, бұл ұлтқа төнген ең үлкен қауіп. Өзге ұлттың табалдырығында күнелтудің трагедиясының негізі де осында.
Гүлзат КӨБЕК
Кинотанушы,
Өнертану PhD докторы