Қазақстандық актриса түскен голливудтық фильм Канн фестивалінде көрсетіледі

КИНО
3790
Айжан Лайджи америкалық киностудиялардың жобаларына қалай алынды
Айжан ЛайджиФОТО: Тимур Утешбеков

 

Бұл туралы отандық және шетелдік киноларға түсіп жүрген жас актриса Forbes.kz. тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.  

F: Айжан, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтіңізші. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Қайда оқыдыңыз?

- Мен Ақтөбеде дүниеге келдім. Қаладағы №9 гимназияда білім алдым. Кейін еліміздің бас қаласына көшіп, Л. Гумилев атындағы Еуразиялық университетке түсіп,  халақаралық құқық  мамандығын меңгеріп шықтым.  Ал араға уақыт салып Гарвардтқа түстім, ал одан кейін Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде халықаралық арбитраж бойынша оқыдым, негізгі мамандығым заңгер. Сонымен қатар, маған заң саласымен бірге  Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің театр, кино  және телевизия мектебінде қатар сабақ алуыма мүмкіндік берілді. Актерлар дайындайтын бұл оқу орны әлемдегі  ең мықты  мектептердің бірі саналады, онда керемет профессорлар дәріс  береді.

F: Америкада немен айналысасыз? Қандай жобаларға түстіңіз? Қандай компаниялармен, қандай актерлармен жұмыс істеп үлгердіңіз?

- Мен негізінен Америкада актерлықпен айналысамын. Сонымен қатар, құқық саласы бойынша тәжірибе жинақтаудамын. Бірақ, менің негізгі кәсібім актер мамандығымен тығыз байланысты.  Қазірге дейін бірнеше жобаларға түсіп үлгердім. Олардың ішінде «Спасатели Малибу»,    НВO арнасындағы «Игроки», «Мир дикого запада» сериалы, АВС жобаларында істедім, Марк Дакаскосмен екі жобада, Дуейн «Скала» Джонсонмен екі жобада бірге істедік. Сонымен қатар, осындағы тәуелсіз жобаларға қатыстым, оның ішінде «Кондоминиум» комедиясы, «Убийственное селфи» деген фильм триллер бар, егер коронавирусқа қатысты өзгеріс болмаса, соңғы туындының премьерасы Канн фестивалінде, маусымның аяғында немесе шілденің басында болады. Мен бұл кинода екінші пландағы рөлде ойнадым, менің кейіпкерімнің есімі Кортни.

F: Сіздің Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасына түсіп, онда Сардананы сомдадыңыз. Қазақстандық жобаға қалай алындыңыз, іріктеу қашан және қалай жүрді?

- «Томирис» жобасында Сардананы ойнау бұйырды. «Сатайфильм» компаниясының жаңа  кейіпкерлерді іздестіріп жатқанын анам арқылы білдім.  Бұл кезде мен Лос-Анджелесте едім, ал өзім жайлы мәліметтерді оларға почта арқылы жібердім. Ал Қазақстанға, отбасымды көріп кетуге келген кезде олардың кеңсесімен хабарласып, артынан кастингке бардым. Сосын кастинг директоры Жайна Абдиева мені іріктеуге шақырды. Ең алдымен фото және бейне іріктеу болды, кейіпкердің гримдегі және костюмдегі образы бойынша қойылымдар мен көріністер болды. Сонымен қатар, «Номад» каскадерлық тобымен бірге садақ ату, атқа міну, семсерлесу бойынша ептілігімді көрді. Ал іріктеудің ең соңғы кезеңі режиссермен бірге арнайы дайындалған шағын түсіру алаңында жүзеге асты.

F: Фильмде көптеген көз тартар трюктар жасалды. Осындай  қойылымдарға  өзіңіз қатыстыңыз ба,  әлде сізді дублерлар  алмастырды ма?

- Иә, кинода «Номад» каскадерлық тобының арқасында керемет қойылымдар жасалды. Бірақ, өзімнің қатысым болған трюктардың барлығын дерлік,  экраннан көрсетілген қойылымдардың 95 пайызын өзім жасадым. Олардың ішінде ең қиыны шауып келе жатқан аттың  үстінде, оның бір жағына қарай ауып барып садақ ату болды. Маған Максимус есімді, мінезі өте қиын тұлпар берді, мен үшін онымен жұмыс істеу қиынға соқты, оны тізгіндеу оңай болмады. Міне, сол атпен зулап келе жатқан сәтте, оның бауырында ілініп тұрған күйде нысана көздеу керек болатын және  мен оның қайда  қарай шауап бара жатқанын білмедім. Тіпті осы көріністің үшінші дублін жасау кезінде оқыс оқиға бола жаздады, бірақ абырой болғанда бәрі ойдағыдай орындалды. Бірақ, неге екені белгісіз баршаның есінде менің ат үстінен  айналып түскен сәтім ерекше қалыпты. Сәйгүліктен секіріп түскен кезім экранда бәрінен тартымды көрінген сияқты.

F: Сіздің Саша Барон Коэнмен түскен суретіңізді көрдік. Бұл кездесу қай кезде болды? Онымен не туралы сөйлестіңіз?

- Бұл «Нетфликс» студиясында, Саша Барон Коэнның «Шпион» атты туындысының премьерасында болатын. Бізді таныстырды және ол ең алдымен менен, «Сен жалдамалы кісі өлтіруші емессің бе?»,-деп сұрады. Ал мен оған, «Студияға кіріберісте менің қылыштарымды алып қойды, сондықтан миссия жүзеге аспайды»,- деп жауап қайырдым. Біз осылай әбден күлдік. Сосын  бізді суретке түсіре бастады,  осы кезде Саша, «Қазірде Қазақстанда тұрып жатсын ба?- деп тағы сұрады, «Егер, олай болса менімен түскен суретке абай бол, оны өз өміріңнің қауіпсіздігі үшін ешкімге көрсетпегенің дұрыс»- деп тағы да қалжыңдады.

Айжан и Саша Барон


F: Сіз «Базар жоқ Мексика», «С любвью в Америку» атты киноларға түсіпсіз. Бұл кімдердің картиналары? Онда қандай рөлдерде  ойнадыңыз?

Иә, мен «Базар жоқ в Мексике» фильміне түстім, оның режиссеры  Жеңісхан Момышев. Біз бұл киноны Мексикада түсірдік, өте күлкілі комедия шығады деп ойлаймын, менің ойымша біз қазіргі вирусты жуық арада жеңіп шығамыз және ол карантин аяқталған соң, көп ұзамай Қазақстандағы барлық кинотетрлардың  кең прокатына шығуы тиіс. Мен онда   басты рөлде ойнадым, менің кейіпкерімнің есімі Лаура. Ал «С любовью в Америку» -бұл қырғыз және америкалық компаниялардың бірлескен жобасы, оның  режиссері Санжар есімді өте талантты жас жігіт, ал тунды қазір онлайн форматта қол жетімді болуы тиіс. Бұл мелодрама, мен онда да басты  рөлде ойнадым, кейіперімнің есімі Әдемі.

F: Сіздің бір кездері ҚР мұнай және газ министрлігініде істегеніңізді білеміз. Кім болып қызмет еттіңіз? Ол жақтан неге кеттіңіз? Сізді кино саласы көп қызықтырды ма?

- Расында да, мен мұнай және газ министрлігінде еңбек еттім. Заң қызметі жөніндегі департамент директорының орынбасары болдым. Ал мен бұл жұмыстан кетер кезде бәрі таңқалды, себебі мен еңбекқор болдым,  карьера жасауға ұмтылдым. Бірақ, уақыт өте ол жерден кету туралы шешім қабылдадым. Өйткені, оқу туралы жоспарым болды, негізі Еуразиялық университетті бітірген соң, «Болашақ» бағдарламасымен Колумбия университетіне түстім. Ал бұл кезде  «Қазмұнайгаз» АҚ ҰК тарапынан мен армандаған жұмыс қатар ұсынылды. Сондықтан, бұл кезде таңдау жұмысқа түсті, оқуды кейін жалғастырамын деп ойладым. Бірақ, оқу туралы ой көкейімнен ешқашан кеткен емес. Сондықтан, уақыт өте орнымды босатып,  ештеңеге  алаңдамай оқығым келді. Ал оған дейін кинематографияда бағымды сынап көргім келген, себебі ұсыныс болды, бірақ жұмыстың көптігінен Алматыға барып, іріктеуге қатысу мүмкін болмады. Осылай кино саласына бет бұрып, оқыдым, оны ішінен зерттеп, бағытымды өзгерттім. Шынымды айтсам, мен осы жұмыстан рахат аламын,  кейіпкермен жұмыс істеу процесі,  оның әртүрлі образын жасау, оның тарихын тану және жазу. Ал кейіпкер өмірде болмаған болса, тіпті жақсы, себебі сен онымен қалағаныңды жасайсың.

F: Сіздің семсермен түскен образдарыңызды көп байқадық. Спорт залға көп барады екенсіз. Қандай да бір спорт түрімен айналысасыз ба?

- Спортпен күн сайын шұғылданамын, күн сайын айналысуға тырысамын.  Негізі 8 жасымнан бимен кәсіби түрде айналыстым, Ақтөбедегі оқушылар сарайында бишілерден құралған ұжымының солисті болдым. Қазірде билеймін, бұл ең алдымен өзім үшін  және формамды сақтау үшін қажет. Ал қазір айналысатын спорт түрі -жауынгерлік ұрыс өнері. Бұл негзінен қылыштасу, кикбоксинг және қазір тағы екі стильді таңдап алдым: джиу-джитсу, дзюдо. Ал мен айналысып жүрген өнер түрлері негізінен киноға арналған, яғни ұрыс қимылдарына арналған хореография. Қазір мен  әлемге әйгілі каскадерлық  топтардың бірі саналатын «8711»  тобымен жаттығамын, біздің нұсқаушымыз Чад Стахелський, ол барлық  «Джон-Уйк» серияларының режиссеры, ол бізді тікелей өзі үйретеді. Оның негізгі стилі -дзюдо, ол бізге бірден киноның комбинацияларын ұсынады, ал біз олармен жұмыс істейміз және  өзара спаррингтерде пысықтаймыз. Өкінішке орай, қазіргі коронавирусқа байланысты  бәрі тоқтап тұр. Дегенмен, біз дағдыларымызды дамыту үшін «8711» жігіттерімен жаттығуларымызды жалғастырудамыз, саябақтарда, мұхит жағасында  өз алдымызға  жеке дайындалып жүрміз, оның үстінде кезекті бір жобаға әзірлену үстіндемін. Ең қызығы жауынгерлік ұрыс мен үшін аса қиынға соқпайды,  бұл ең алдымен  биді жақсы меңгергеннің арқасы деп ойлаймын, себебі дене кез келген іс- қимылға бейім тұрады. Сондықтан, кинодағы барлық ұрыс қимылдарының негізі-хореографияда жатыр деуге болады. «Томирис»  жобасында өте қызық болды. Мен ондағы қойылымдардың бірінде жаудың он сарбазымен шайқасуым керек болды. Ал мен әрбір жасаған қадамымды,  соққымды және іс-қимылымды бидегідей есептеу, санау арқылы жасадым. Яғни, хореографияның барлығын сегіздік бойынша бөлдім және оларды осылай есте сақтап отырдым. Әрине, біздің каскадерлар алғашында маған күлді, ал артынан бұл әдіс барша қатысушылар үшін жеңіл және тиімді болып шықты. Себебі,  бәрі есептелеген, барлық дубль бірдей, қатысушылардың бәрі кімді және қай кезде ұру керектігін  жақсы біледі.

F: Сіздің  ән салатын өнеріңіз бар екен. Кезінде сахнада өнер көрсеткен екенсіз, клип  түсіріпсіз. Қазір бұл бағытта қандай жаңалық бар?

- Иә, мен ән айтқанды өте жақсы көремін. Бір кездері өлең шығарып, әндер  жаздым, тіпті олар Қазақстан радиоларында берілді. Сахналарда өнер көрсеттім, клип түсірдім. Бірақ, менің уақытымның басым бөлігі киноға кетіп қалды. Дегенмен, қазірде сахнаға шығып тұрамын, бірақ өкінішке орай бұрынғыдай  көп емес. Ең соңғы  рет, жанды дауыста осыдан бір жыл бұрын, осында өнер көрсеттім. Мен  Америкада   үш музыкалық театрдың қойылымына  қатыстым, басты рөлде ойнадым, олардың бірі Бродвейлік қойылым, екіншісі Золушка болатын. Бірінші қойылымда өте бір қызық нюанс болды, менің кейіпкерім Бродвейдегі кәсіби биші, ол Нью-Йорктан, қаланың лашықтарында өскен, сондықтан мен оған көп дайындалдым, маған нью-йорқтық акцентпен сөйлеу керек болды. Негізі кинематографияда тілге көп көңіл бөлінеді, маған ең алдымен акценттен арылу туралы  талап қойды, себебі оның көмегі орасан, сондықтан бұл бағытта көп жұмыс істеу керек болды. Осылай кастингке қатысып,  барлық кезеңнен сүрінбей  өттім, мені рөлге бекітіп қойған, екі ай бойы жаттықтық, кенет бір сөзді дұрыс айтпай қалған болсам керек, олар менде акцент барын байқап қалды. Әлі есімде, режиссер таңқалып, менің қайдан екенімді сұраған еді. Ал мен Қазақстаннан екенімді айттым, олар сене алмады, себебі мені Американың бір жерінен екен деп ойлаған. Бір айта кетері, бұл жерде жақсы бір заң бар, оған сәйкес продюсерлерге, режиссерларға, кастинг директорларына сенің ұлтыңды, шығу тегіңді сұрауға тиым салынады, қысқасы этникалық топтарды қорғауға бағытталған. Егер, сенде акцент болмаса, сенде ешкімнің шаруасы жоқ. Ал мен осы заңның арқасында осы рөлге ие болдым.

ФОТО:Евгения Берман

F: Сіздің модельдік салаға қатысың бар екен. Қандай да бір компаниялармен істеген кезіңіз  болды ма?                     

- Иә, модель бизнесімен де  айналыстым. Бұған дейін жарнамаларға, журналдарға түстім, бірақ олар қазір азайды.  Подиумға көп шықпадым, себебі бойым небары 170 см. Осында бір  қызық жағдай болды, Лос-Анджелесте үлкен бір көрсетіліп өтіп, менің агентім онда мен туралы мәлімет жолдап, дизайнердің өкілдеріне бойымды 178 деп көрсетіпті. Мен  бұл жайында ештеңе білген жоқпын, әлгі шараға келіп, грим бөлмесіндегі  суретіме  және жанындағы мәліметті көріп, қатты уайымға салындым, біліп қойса қалай болады, Құдайым-ау, неге былай жасады екен деген сауалдар мазалады. Ең биік өкше кигеніме қарамастан, көйлектер артымнан сүйретіліп  тұрды, ал басқа қыздардың бәрінің бойы ұзын болды. Нәтижесінде күлкілі жағдай болды, олар тез арада модельдердің киімдерін  ауыстырып, мен осы бір кешті алғаш болып аштым  және өзім жаптым. Дәлерек айтсам, осы шоудың ең басты көйлегі менде болды, бұл соңынан  шығуы тиіс тойға арналған көйлек болатын. Ал қалғандарына қалыңдықтың құрбысы киетін көйлектер бұйырды. Себебі, менің бойым  олардың арасында бірден байқалып қалды, сондықтан ұйымдастырушылар бір сәтте осындай қадамға барды, осылайша бәрін байқатпай жіберді.

F: Сізге негізінен қай сала көп кіріс  әкеледі? Америкада жұмыс істеу қаншалықты табысты?

- Қазір менің  табысым тікелей актерлықпен байланысты. Продюсерлікті қолға алсам деймін, бірақ бұл тек болашақтың еншісінде.  Америкада табыс көп, бірақ табысты болу өте қиын. Өйткені, бәсеке өте күшті, егер саған рөл берілсе, саған жақсы төлейді, бірақ ондай рөлге қол жеткізу оңай емес.  Себебі, сен әлемнің әр түкпірінен келген  ең мықты әрі талантты адамдармен бәсекеге түсесің. Сондықтан, бұл жерде босаңсуға болмайды, әрдайым өзіңмен жұмыс істеу керек, талапқа сай  болу қажет. Мен америкалық актерлардың гильдиясына кіремін, гильдия біздің  құқымдызды жақсы қорғайды. Бізде әрбір санатқа байланысты берілетін жалақымыз бар, продюсерлер одан төмен төлемеуі тиіс, ал керісінше болса ережелерді бұзады. Бұл жерде 8 сағаттық жұмыс күні қатаң қадағаланады, ал одан асып кетсе қосымша төленеді. Түскі ас кешіктірілсе, оған да өтемақы беріледі, тұман немесе түтін қолданылса, түсіру алаңында киімің су болса, тағы төлейді. Америкалық жобаларда актерлық гонорардан бөлек, жануарлармен жұмыс істесең, мысалы атқа мінсең, каскадерлық трюктарға қатыссаң және оларды өзің әдемі және шебер жасай білсең жақсы төленеді.На съёмочной площадке "Базар Жок Мексика!"

F: Сізді жақында Берлинале фестиваліде байқап қалдық. Онда «Томирис» туындысының тұсаукесері болғанын білеміз. Фильм қалай қабылданды, бұл  қандай көрсетілім болды?

- Иә, Берлинде «Томирис» көрсетілді. Бұл Еуропалық нарыққа арналған  тұсаукесер болды, Еуропа кино үшін ең үлкен нарық болып табылады. Фильм екі рет көрсетілді, мен оның біреуіне қатыстым. Қазақстандық жоба өте жоғары бағаланды,  оны  бәрі ерекше ықыласпен қабылдады.

F: Сіздің  жоспарыңыз қандай? Олар қаншалықты Қазақстанмен байланысты?

- Әрине, болашақтың жоспары тікелей Қазақстанмен байланысты. Қазақстандық жобаларға түсу мен үшін бақыт, отандық жобалармен жұмыс істеп, келешекте өз отанымда өз жобамды түсірсем деймін. Қазақстан -менің үйім, Қазақстанда менің отбасым тұрады. Қазақстанда кино түсіру үшін керемет локациялар бар, мүмкіндігі зор. Менің арманым-голливудтық  блокбастерде  қызықты рөлдердің бірінде ойнау және оның Қазақстанда түсірілгенін қалаймын.  

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...