Аударған Б. Қожабекова1Күз кезі, түн ортасы. Нанкиндегі Циван − цзе көшесіндегі бір үйде көне...
Сартр неге Нобель сыйлығынан бас тартты?
Жан-Поль Сартр өзінің 1964 жылғы Нобель сыйлығының үміткері ретінде ұсынылғанынан хабардар болған соң, ізінше Швеция əдебиет академиясына хат жазып, үміткерліктен бас тартатынын, тіпті сыйлық берілген күнде де, оны алмайтынын ескертеді. Алайда Швеция əдебиет академиясы Сартрдың бұнысына қарамастан, сол жылғы Нобель сыйлығының Сартрға берілгендігін жариялап жібереді. Бұдан соң Сартр дереу бір баяндама əзірлеп, оны швед тіліне аудартып, жария етуге өзінің Швециядағы баспагеріне жібереді. Баяндама 1964 жылы 22 қазан күні жарияланады. Оның француз тіліндегі нұсқасын Францияның «Дүние газеті» қатарлы бірсыпыра басылымдар басады. Төменде Ж.П.Сартрдың 1964 жылы 24 қазанда «Дүние газетіне» басылған Нобель сыйлығынан бас тартуы турасында жазған баяндамасының толық мазмұнын беріп отырмыз.
«ЖАЗУШЫ БИЛІКТЕГІЛЕРДІҢ САТЫП АЛУЫНАН ҚАШАНДА САҚ БОЛУЫ КЕРЕК» (Француз жазушысы Жан-Поль Сартрдың Швеция әдебиет академиясына жазған хаты. 1964 жыл.)
«Көзалдымда болып жатқан істерге тек өкінішпен ғана қараймын: сыйлық маған берілді, ал мен болсам оны алудан бас тарттым. Осының бəріне себепкер болған сыйлықтың маған берілетінін кеш білгенім болып отыр. 15 қазан күні мен «Дүние əдебиет газетінен» Швецияда тұратын тілшінің осы жылғы сыйлықтың маған берілуі мүмкін екенін, бірақ бұл істің əлі толық тұрақтанбағаны туралы жазған хабарын оқыған едім. Ол кезде мен Швеция əдебиет академиясына бір хат жазсам болды, сонымен мəселе тыным болады деп ойлағам (ол хатты мен екінші күні-ақ жазып, жолдап жіберген едім).
Ол кезде мен Нобель сыйлығын беруде үміткердің пікірімен есептесіп жатпайтынын білгенім жоқ, қайта бұл істі тоқтата аламын деп ойладым. Мен Швеция əдебиет академиясы бір бекімге келіп алғанда, одан қайтпайтындарын да білетін едім.
Хатымда жазғанымдай, менің сыйлықты алудан бас тартуым Швеция əдебиет академиясына немесе Нобель сыйлығының бір басына қатысты шаруа емес. Мен Академияға жазған хатымда сыйлықты алудан бас тартуымның мынадай екі түрлі себебін айтқан болатынмын.
Жеке басымнан алғанда: мен сыйлықты алудан ойланбай бас тартып отырған жоқпын, мен бұрыннан-ақ үкіметке қатысты əрқандай марапаттаудан бас тартып келдім. Соғыс аяқтаған 1945 жылы біреулер маған еңбегің бар деп орден бермек болды, мен одан бас тарттым, үкімет тарауларындағы достарым үгіттегенде де мен солай істедім. Соған ұқсас, мен Француз академиясына кіруді де ойлаған емеспін, біраз достарым мені сол топқа қосылуға көндірмек те болған, бірақ, мен оны қаламадым.
Бұның бəрі менің жазушылыққа қатысты өмірімнен алған тəжирибе-сабағым.: Саясатқа, қоғамға, əдебиетке өзіндік көзқарасы бар жазушы үшін жазған дүниесінен артық дүние болмауға тиіс. Басы артық атақ-абырой оқырманды да мезі етеді, меніңше, бұның қажеті жоқ. Жан-Поль Сартр деген есім мен «Нобель сыйлығының иегері Жан-Поль Сартр» деген есім мүлде екі басқа түсінік береді. Сыйлық алып атақ-абыройға кенелген жазушылар өз басымен қоса өзінің партия-тобын да бірге ала жүреді: бір кезде мен Вэнесуэланың қарсылық көрсету ұйымына қолдау білдіргенмін, ал бұндай жағдайда Нобель сыйлығын алған өзгелермен қоса сыйлық беретін ұйымның өзі менімен бірге қосақталып əлгі топты қолдаған болып шыға келуі əбден мүмкін ғой.
Сондықтан жазушы үкімет беретін шен-шекпеннен бас тартуы керек, тіпті ол Нобель сыйлығы сияқты үлкен мəртебе болып келсе де, солай істеген жөн. Бұл менің жеке таңдауым, бұнда ешқандай да Нобель сыйлығын кінəлау ойы жоқ. Мен осы сыйлықты алған біраз қаламгерлерге құрметпен қараймын, олар бұндай құрметке лайық деп те ойлаймын.
Менің енді бір көлденең тартқан объектив себебім: адамзаттың бүгінгі мəдениеті шығыс пен батыс болып қақ жарылып отыр. Мен олар бірін-бірі құшақ жая қарсы алсын демеймін, себебі ол мəдениеттердің ортасында өткел бермес ордың барын жақсы білемін, олардың ортасындағы керіс бəрібір осылайша күрес арқылы ортаға шығады. Дегенмен, мұндай теке-тіреске адамдар, мəдениеттер араласса да, əлгіндей қоғамдық ұйымдардың бейтарап тұрғаны жөн еді.
Мен жоғарыдағы екі түрлі мəдениеттің қайшылығын жақсы сезінемін: себебі ол қайшылық менің басымда да бар. Менің бүйрегім социализмге бұрылып тұрады, мен Шығыс беттегі топқа жан тартамын, дегенмен мен буржуазия отбасында өмірге келдім, буржуазия мəдениетінен мəйектендім. Содан да осы екі топты бірден жақын тартқан адамдармен істес болып келемін. Десе де, мен соңында шығыс беттегілердің «жеңімпаз» болуын қалаймын немесе социализм жеңіске жетсе екен деп тілеймін.
Сондықтан мен əлгі екі жақтың қайбірінің жоғары дəрежелі орындары ұсынған əрқандай марапатын алудан бас тартамын, ол орындардың неге олай істегенін толық түсініп тұрсам да, солай істеймін. Мен шығыс беттегілерге қолдау білдірсем де, олар берген марапаттан бас тартамын, айталық Кеңес Одағы маған Ленин сыйлығын берсе де, мен оны алудан бас тартар едім.
Мен Нобель сыйлығының батыстағыларға ғана тəн сыйлық емес екенін жақсы білемін. Бірақ, бүгінде ол сондай ерекшелігімен көзге түсіп отыр. Бұны жөнге салу Швеция əдебиет академиясының қолынан да келмейтін сияқты. Содан да, байқап отырсақ, бүгінде Нобель əдебиет сыйлығы батыстың жазушылары мен шығыстың сатқындарына беріліп келеді. Айталық, Латын Америкасының айтулы ақыны П.Неруда мен М.Шолоховқа неге Нобель сыйлығы берілмейді, Л.Арагон да осы сыйлыққа лайық жазушы еді, бірақ оған да Нобель сыйлығы берілмеді. Оның есесіне Б.Пастернакқа сыйлық берілді, оның ауызға алынған шығармасы тек шетелде жарық көрген, өз елінде шектелген кітап болып шықты. Жұрттың бұл жайды енді бір қырынан түсінуіне болады. Алжир соғысы болып жатқанда, мен «21 адамның үндеуіне» қол қойған едім, бұл сыйлық маған сонда берілуі керек еді, мен онда қуана-қуана қарсы алған болар едім, себебі онда сыйлық менің бір басымның ғана емес, бостандық сүйгіш барлық күштердің еңбегіне берілген лайықты баға болар еді. Бірақ, олай істелген жоқ. Сыйлық маған соғыс ақырласқаннан кейін ғана беріліп отыр.
Швеция əдебиет академиясы сыйлықтың маған берілгені туралы арнау сөзінде «бостандық» дегенді айтыпты, бұл өзі түрліше түсіндіруге болатын сөз. Батыста, жұрт бостандықты қарапайым түсінеді, ал мен оның нақты болуын қалаймын, оның билікпен отаса бермейтін қасиеті бар. Меніңше сыйлықты алу сыйлықтан бас тартудан əлдеқайда қатерлі. Егер мен сыйлықты алар болсам, біреулер жағынан «сатып алынған» болып шыға келуім əбден мүмкін. «Әлем əдебиет газетінен» мен осында біреудің «өткендегі саяси бейнесінің қателігіне қарамастан» деген сөздерін оқып қалдым. Мен бұл ойдың Швеция əдебиет академиясынан туындамағанын білемін, бірақ ол мынаны аңыс етіп отыр: мен сыйлықты алсам болды, оңшыл күштер өз тастарын осылайша төрттен қоймақшы. Өзімнің «өткендегі саяси бейнемнің» оң-терісін мен өзім білемін. Жіберген кейбір қателіктерімнің барын мойындасам да, əлгілерден ақыл сұрамаймын. Мен «Нобель сыйлығы буржуаздардың сыйлығы» деп отырған жоқпын, менің айтайын дегенім, буржуаздар ортадан олжа түсіріп кетпесін - дегелі отырмын.
Соңында ақшаға қатысты ойымды айта кетейін. Əдебиет академиясы сыйлық беріп, мол ақшаны қолға ұстатумен қоса, сыйлық алушыға өзгеше жүкті де бірге арқалатады. Бұл да мені қатты толғандырады. Бірде мен сыйлықты алайын, осы қаржымен қаржы қажет етіп отырған ұйымдарға қолдау көрсетейін деген ойға да келдім, айталық, Оңтүстік Африканың нəсілшілдікке қарсы ұйымына қолдау көрсетуіме болатын еді.
Немесе сыйлықты алудан бас тартып, өз қолыммен əлгіндей ұйымдардың мүмкіндігін шектеп қойдым ба деп те ойландым. Бірақ, бұлардың бəріне де түсіністікпен қарауға болатын істер. Жиып келгенде мен 250 мың долларға бола өзімді биліктегілерге сатып жібергім келмеді. Соңында мен өзімнің швед халқына дəн риза екенімді айта кеткім келеді.»
Мақаланы аударып, дайындаған - Ардақ Нұрғазы