Біржан Ахмер. Метаморфоза

ӘДЕБИЕТ
5034

Әдебиетте мәтіннің мифологиялық қабаты туралы біршама деректер айтылуда. Сөз бен философиялық идеяның байланысында осындай жасырын мәндер жататынын білеміз. Өмірлік дағдыларды, табиғат құбылыстарын жан-тәнімен сезінген автор, әлбетте, әдебиетте тың сүрлеу салғысы келеді. Ол процесс сол табиғат құпияларын ашуға тырысқанда, сонымен біте қайнасқанда ғана толық іске асатыны мәлім.

Ежелгі Рим ақыны Публия Овидийдің «Метаморфозалар» поэмасында табиғат құбылысынан бөлек, адам жанының да түрленуі, құбылуы суреттеледі. Онда адамдардың жануарларға, өсімдіктерге, тасқа және т.б. заттарға айналу үдерісі бар. Бұл – мифологиялық туынды дегенмен, кейбір мистикалық мотивтердің ішінде де реалды өмірдің ұшқындары кездеседі. Олай болмағанда, «Метаморфозалар» поэмасы күллі Грек халқын, тіпті әлем жұртшылығын тәнті қылмас еді. 

Бізге таныс құбылулардың бірі – жұлдызқұрттың көбелекке айналуы. Бұл – сырт көзге қарапайым құбылыс болып көрінсе де, аталған метафизикалық процестің жұмбағы әлі күнге дейін толық шешілмей келеді. Белгілі бір уақыт өткенде тірі организмнің ішінде тағы бір тірі организмнің «оянып», тәнді жарып шығуы – кез келген жанды қайран қалдыратыны сөзсіз. Алғашқы тән мен жан өліп, келесі бір жаңа түрге «жол береді». Бір қызығы, бұл құбылыс тек жәндіктерде ғана емес, өсімдіктер мен мұхиттағы тірі организмдерде де болатын көрінеді.

Кейбір биологтардың пікірінше, тірі денеде «қасиеттерді» сақтаушы және тасымалдаушы кодтар бар. Сол кодтардың арқасында фотосинтездің немесе басқа да құбылыстардың әсерінен тән ішінен тән жаралып, өзгеше әрекет яки үдеріске бастамашы болады. Осы сарындас метафизикалық құбылыстардың көпшілігі аталған теорияға иек артып, биологиялық жаңаруларды қабылдайды. Біз сөз қозғап отырған осы кодтарда алғашқы жаратылыстың мінез-құлықтары, кейбір машықтары сақталып қалады. Жұлдызқұрт ұша алмайды, сондықтан өз қабілеттерін өзге тіршілікке тапсырып, табиғи тылсымдардың заңына бағынған. 

Француз философы Жак Дерриданың «Дифферанс» атты мақаласында: «Ажырату етістігі өз-өзінен ерекшеленетін сөз арқылы берілген. Бір жағынан, ол айырмашылықты – «өзгелешелік», «теңсіздік» немесе «ажырау» ретінде анықтайды; екінші жағынан, кідірістің килігуін бейнелейді, дәл қазір жоққа шығарылғанды «кейінге» қалдыратын, нақ осы шақта мүмкін емес болса да, ықтимал кеңістіктену мен уақыттанудың интервалын көрсетеді», - дейді. Шынында да, уақыт пен кеңістік жүйесінде метаморфозалық құбылысқа «ілінген» тіршіліктердің қайсысы түпнұсқа, қайсысы көшірме екенін ажырату қиын. Жак Деррида меңзегендей, таңбалардың, сөздердің символдық астарында уақыт пен кеңістік жатыр. Сол секілді табиғат әлемінде де тән мен тәннің, жан мен жанның ажырауында (құбылуында) қандай да бір тылсым сыр бары анық. 

Дегенмен, біз табиғаттан бөлек өмір сүрмейміз. Біз деген – табиғат, табиғат деген – біз. Осы бір біте қайнасқан байланыста адам жанының мазасыз ізденістері бәрінен де күрделі. Адам өз жаратылысында жасырынған формулаларды табу арқылы қоршаған ортамен тілдеседі. 

Адам жанының күрделі қатпарларын Есенғали Раушан да көптеп жырлап, өмірді поэтикалық тұрғыда суреттеуге тырысқаны баршаға аян. Ақын «Ғайша бибі» поэмасында табиғаттың көркем образдарын, сондай-ақ ұлттық рухтың туған тілден, ділден, тарихынан нәр алатынын өлең тілінде сөйлеткен еді. 

Тәрк етіп қара моланы,

Ұшады рухың самғай бір.

Самғай бір барып қонады,

Жәндікке,

Аңға қандай-дүр.

Қаламгер дүниетанымы бойынша, пенде өлген кезде бұл дүниеде не нәрсеге көбірек мейірленсе, қандай аңға, қандай құндылыққа жан-тәнімен сүйсінсе, жаны соған қонады. Қазақ халқының арғы тегі түркі болғандықтан, көне мифтерге сәйкес, рух бөріге қонады. Бөрі – асқақтықтың, өршіл намыстың символы дегенді меңзейді ақын. Бұл моралдік ұстанымның көне дәуірлерден бастау алғанын бірден байқаймыз. Көшпелі халықтардың көбінде осындай дүниетаным қалыптасқан. 

Будда дінінде адам өлгеннен кейін, оның жаны жәндікке, яки жануарға немесе өсімдікке қонады деген түсінік бар. Яғни, дін өкілдері арғы өмірдің бар екеніне, онда күнәһар адам Құдай алдында жауап беретініне кәміл сенеді. «Қайта тірілу» гипотезасы ислам дінінде де бар. Адамның ақырғы демі шыққан соң, оның барлық жері шіріп, жоқ болады, тек құйымшағында жойылмайтын кодтар сақталып қалады. Қияметте сол арқылы қайта тіріледі дейді. 

Біз сөз қозғап отырған метаморфозалық құбылыс та, «қайта тірілу» ұғымы да – өмір мәнін айшықтаудан көрі, мәнсіздіктің және соның айналасындағы элегиялық сарынның бір парасын ғана ашады. Зымыраған уақытқа ілісе алмаған адамзат көші ендігі дәуірде осы бір теорияға еріксіз жұтылғандай. Еуропалық ақындардың ерекшелігі де осында. Олар шынайы болмысқа шідер салмайды, керісінше мұң мен қуанышты шынайы түрде қабылдап, сананы оятуға тырысқан. Ақын Т.Әбдікәкімұлының «тілімен» айтсақ:

Қадірім жоқ,

Өлеңде де жоқ қадір,

Тәу етер ем, Ар храмын таппадым.

Бір орынға, өнегелі-тәлімді,

шешіп тастап кетсем деймін тәнімді...

Жұлдызқұрт метаморфозасына тән осындай құбылысты «шоғы» ысып тұрған күйініш десек те, депрессия десек те, өз еркіңізде. Тәнді шешіп, оны беймәлім мекенге тастап кеткісі келетін ақын жүрегінің жанайқайын сезіну қиын емес. Бұл – қала күбірінің ішінде жан дауысы естілмей, жүрегі дірдек қаққан болмыстың сөзі. Ақын бұл өлеңді «Мән сезілер ауа менен ағаштан, Сөйлемеймін, ұят болар.. жақ ашпан!» деп жалғастырады. Жоғарыда сөз болған әлгі мән – күллі табиғаттың, оның ішінде Күннің, Жердің, жәндіктердің, өсімдіктердің мәні. 

Тақырыптың ашылуына Ә.Балқыбектің «Метаморфоза» атты балладасы да септігін тигізуі мүмкін. Қаламгер осы құбылысты жіті зерттеп, өзінің ғашықтық хәл-күйін өлең арқылы жеткізгісі келген. Көрші аулада өскен гүлге (қызға) ғашық болған автор өзінің тапал бойының кесірінен өз дегеніне жете алмай жүреді. Бір күні гүл сөйлеп, оған биік ағаш болуын, бойының биік болуын қалайтынын айтады. Намысқа тырысқан автор қалай еңселі ағашқа айналып, адамдық қалпын жоғалтқанын да байқамайды. Ақын жүрегін күйіндірген де, ессіз қылған да – осы бір ыстық сезім еді. Балладада: «Өз бойыма қарасам көзімді ашып, Тұр екенмін бір күні терек болып» деген жыр жолдары бар. Ақыры Мәжнүннің күйін кешкен автордың арманы орындалмай, өзегі өкінішке оранады. 

Баллададағы метаморфозалық құбылыс – сана ішіндегі қақтығыстан туған құбылудың түрі. Символдық бейнелер арқылы астарлы мағынаны айшықтауға тырысқан ақын идеясын бірден ұғынуға болады. Бұл шығармада мораль, таным, постмодернистік идеялар басым. Сондықтан оқырманға жаңаша эстетикалық әсер сыйлап тұр.

Символдық тіркестер, түрлі метафоралар мен эпитеттердің өзара байланысында ойдың және шабыттың тізбегі бар. Қоршаған ортадан алған әсер автор санасына сәуле болып түсіп, сол әрекет қайтадан табиғатқа сөз жүзінде оралады. Бұл орайда метамәтіннің алар орны екерше. 

Бір заттың ерінші бір затқа алмасуы – поэзияда да, прозада да ұшырасып жатады. Ол, әсіресе, XX ғасыр басындағы модернистік жазушылардың шығармаларында тың тақырып ретінде көрініс тапқан. Бұрыннан бар нәрсені басқа қырынан танытуға ықпал еткен, оқырманды жалықтырмайтын, керісінше санасын сілкіндіретін тақырыптар ішінде осы «түрдің түрге өзгеру» процесі де болды. Әйгілі жазушы Франц Кафканың «Құбылу» новелласындағы басты кейіпкер Грегордың оқиғасы – шын мәнінде, фантастикалық ойлардың жиегіндегі іс-әрекет. Бір күні Грегор таңертең ұйқыдан тұрғанда үлкен, қорқынышты жәндікке айналып кеткенін көреді. Ұлының құбыжыққа айналып кеткенін көрген әкесі оны сол бөлмеден шығармай, қамап қояды. Грегор көп уақытын бөлмеде рухани әрі тәни ауыр азапты жалғыз өткергендіктен, ақыры өліп, оның отбасы қалыпты тіршілігін мәз-мейрам көңілде жалғастыра береді. Ф.Кафканың бұл туындысы – өзге шығармалары секілді адамның жалғыздығын, элегиясын, мұңын көрсететін новелла. 

Автор да, кейіпкер де өмір мәнін іздеп, депрессияға түскен жоқ, керісінше, кенеттен пайда болған күрделі ситуациялар олардың қоғамнан ажырауына себеп болды. Қоғамнан оқшаулану бар да, қоғамнан оқшауландыру бар. Біздіңше, бұл шығармада автор мұның екінші қырын айтуды көздеген секілді. Бұл, бейне бір – мансапқа ұқсайды. Адам қолында мансап, атақ бар кезде барлығы оның «табанында». Содан айырылғанда, қоғам да теріс айналады. 

Шынтуайтына келгенде, қоғам – адам бойындағы комплекстерді қабылдамайды. Яғни, олар өмір-мұхитында «артық» адамдарды жағаға шығарып салып отырады. Кафка осындай бір қылдай жіңішке мәселелерді көтергенді ұнатады. 

«Құбылу»... Ақиқатында, кімнің құбылуы? Басты кейіпкер Грегордың ба, әлде оның жаңа түрін қабылдамаған ата-ананың, жақын жандардың құбылуы ма? Белгісіз. Белгілісі – кейіпкердің психологиялық ахуалы – бүгінгі адамдардың тіршілік үшін, нақтырақ айтсақ, тірі қалу үшін жанталасқан бұлқынысы. Пенде қым-қуыт дүниеде жүріп, өзін ұмытып, өзге бір денеге айналып кетуі мүмкін. Бірақ оны бірден байқай қоймайды.

«Сенің өткен шағың – ішіңдегі «меннің» біртіндеп жаралуы. Әлем патшалығы да солай жаралған әлі де жаралуда» дейді қаламгер Антуан де Сент-Экзюпери. Қиялдан кейіпкер жаратудың азабы мен ләззаты да осы пікірге негізделеді. Осының барлығын бір жүйеге келтіріп, үйлестіріп отырған – автор санасы. Сана сілкінісінен туған кейіпкерлермен бірге оқырман да іштей «оянады».

Біржан Ахмер

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...