"Ел мен Елес" (Мерейтой қарсаңында)

ӘДЕБИЕТ
1610

Асылтас келер жылы жазда елу жасқа толатын еді. Енді сол мерейтойға асығыс әзірленуді бастады. Осы жолы өз атын бүкіл қазаққа әйгілеп, барынша шығарып алуды іштей армандап та қоятын.

Өзінен бір-екі жас үлкен екі азамат өткенде мерейтойын қалай өткізгенін көрген-ді. Олар туралы газетке де жазды, теледидардан да айтты. Қысқасы, аттары дүркіреді бір! Міне, сол күннен бастап, Асылтас та күндіз-түні өзінің мерейтойы туралы ойланатын болған.

Кім біледі, осынша бас қатырып жүрмес пе еді, әнеукүні суретші досы бұған:

– Елуге даярлық қалай? – деп сұраған.

– Оған не даярлық керек?

– Сен олай деме! Кез-келген мерейтой елдің мерекесіне айналғаны абзал. Сонда ел де ұтады, өзің де ұтасың.

– Мен не ұтам?

– Сол кеш арқылы атағың тағы да шыға түседі. Ұмытқан жұрт есіміңді қайтадан ауызға ала бастайды.

– Сонда не істегенім дұрыс?

– Алдымен өзің туралы мақалалар жаздыр. Белгілі-белгілі кісілерге. Содан соң, теледидар арқылы интервью бер. Тереңдеп сөйле. Толғап сөйле. Ел-халықтың жағдайын айт. Ұлтқа жаны ашитын адам болып сөйле. 

– Оны айтуға болады. Ойда жүрген мәселелер баршылық.

– Олай болса, не тұрыс?

* * *

Асылтас кейінгі кездері негізгі қызметін мүлде доғарды десе де болады. Күнде таңертеңгі шаруасы үлкен ағаларына телефон соғудан басталады.

– Әло, бұл мен едім, – дейді даусын майдалатып. – Сізге телефон соғып жатқаным – жақында елуге жасқа толамын. Соған орай мен туралы бірнеңе жазып, республикалық газетке...

Арғы жағынан «тіпті уақытым болмай жатыр» деген сөзді естіді ме:

– Ә, түсінікті! – деп жылдам қайырады соңғы жағын. – Жоқ, ешқандай реніш болмайды. Өкпелеп қайтемін... 

Содан соң телефон трубкасын қойды. Қойды да блокнотына үңіледі.

«Енді кімге хабарлассам екен!..»

Бір ағасының телефонын табады. Табады да, нөмірді тереді.

– Әло, бұл мен едім. Сізге айтайын дегенім...

Сөйтсе, ол ағасы шұғыл түрде шетелге жол жүріп бара жатқан болып шығады.

Асылтас күйіп кетеді.

«Ау, бұлардың бәріне не болған! Осы ағалардың тойында біз де жүгіріп жүріп қызмет жасап едік...»

* * *

Бүгін таңертең жұмысында көңілсіздеу отыр еді. Телефон безілдеп қоя берді. Алды. Тыңдады.

Бір сыйлы ағасы екен.

– Айналайын, сенің мерейтойың жақындап қалды дей ме? – деді.

– Рас, ағатай, жақында елу жасты тойлаймын.

Сол-ақ екен әлгі ағасы өлең оқи жөнелді.

– Бүгін сенің күн дидарлы елуің,

Елу емес, жүзді екіге бөлуің!

Елу емес, сол елуді қақ жарып,

Екінші рет жиырма беске келуің!..

Інісі мына өлеңге риза болып:

– Ағасы, қандай тамаша жыр, – деген.

– Бізден не көмек керек?

– Ештеңе де. Тек келіп қатыссаңыз болғаны, – деді.

Сосын аз-кем үзіліс жасады да, нар тәуекел деп бұйымтайын да айтып салды.

– Ағасы, – деді енді даусын барынша жұмсартып. – Сіз, кешірерсіз, мұндайды айту да ыңғайсыз екен, дегенмен...

– Айта бер, ыңғайсызы несі! – деді ағасы қамқор дауыспен.

– Айтпағым – сіз мен жөнінде бір мақала жазбас па екенсіз?

Арғы жақтағы дауыс көпке дейін шықпай қалды. Үнсіздік.

– Әло! Әло!.. Мені естіп тұрсыз ба?

– Естіп тұрмын, – деді сәлден соң ағасы. – Естуін естіп тұрмын. Тек...

– Ағасы, не болды?

– Шырағым, менің прфессор деген атым бар. Көптеген монография жазған ғалыммын. Талай-талай қазақтың жазушы-ғалымдары туралы мақалалар толғағанмын.

– Оны білем ғой.

– Білсең былай: сенің әдебиеттегі өз қолтаңбаң қалыптаспаған; сосын да не айтуға болады; не жаза алам?

– Қолтаңба деген не? Жас кезде ешкім бізді елемеді. Енді міне, жігіт ағасы жасқа көтеріле бастағанда ештеңе бітірмепсің дейсіздер...

– Оған біз кінәліміз бе? Нағыз талант тасты да жарып шығады.

– Осы сөзіңізді айтпаңызшы, аға! Талантқа да қамқор көңіл, ыстық ықылас керек екенін неге ұмыта бересіздер! Әлем әдебиетінде жарқырап көрінген қай талантты да әуелде атақты кісілер қолтығынан демеген. Талантына қанат байлаған. Ал, сіз...

– Қанат байлау үшін қарағым, ұшқындап тұрған талант болуы керек. Талант деген не бар, не жоқ...

– Бұған да айтар қарсы дауым бар. Толстой айтқан: «Талант бір пайыз, қалғаны еңбек» деп. Олай болса...

– Сол бір пайызды көре алсақ кәні! Қазіргі жастарда бір пайыз да байқалмайды. Тек кеуде соға береді. 

– Талантқа мінез де керек емес пе! Кеуде соқса, арғы жағында бірдеңкесі бар шығар! Соған үңілетін кісі қайда?

Ағасы бұдан әрі үндемеді. Тек айтқаны:

– Тойыңа жеңгең екеуміз барамыз, – болды.

Інісі, бірақ, оның осы жолғы «тойға келем» дегеніне аса қатты қуана алмады.

* * *

Ертең біз сөз еткен Асылтастың елу жылдық мерейтойы өтеді.

Өзі асығып-үсігіп, абылып-сабылып жүр. Ал, былайғы жұрт...

«Әй, осы неменесіне шабылып жатыр екен,а?» дейді. «Елге айбарақ етердей не тындырып тас­тапты өзі?»

Газетке жөні түзу мақала да басылған жоқ. 

Теледидардан арнайы хабар да берілмеді. 

Сонда да еңсе түсірер жан Асылтас емес.

Бағана үлкен мекеменің алдында бір топ кісі сөйлесіп тұрды. Орталарында – Асылтас. Ол ерсілі-қарсылы бірнеңелерді айтып жатыр.

– Осы қазақ, – дейді ол. – Өз таланттарын шын бағалауды білмейді. Басқа елде болсақ қой, әлдеқашан атымыз шығып, мәртебеміз асқақтап кетер еді... Біздің қазақ – көрсоқыр! Көрмейді! Көре алмайды...

* * *

Халық айтқан: «Өз деңгейін өзі білгеннен өткен данышпан жоқ...»

:Жолтай Әлмашұлы


author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...