Идеялар әлемі және Эфлатунның үңгір аллегориясы

ТАНЫМ
9236

Идеялар әлемі және материалдық дүние

Идеялар әлемі, қай жерде екен деген сұрақ заңды түрде пайда болады. Оның орнын Платон «Гиперуранияда – ол аспаннан да жоғары орналасқан», – дейді. Олай болса, ол материалдық әлемнен басқа, оны тек ақыл-оймен ғана түсінуге болады. 

Платон идеялар әлемін белгілі бір жүйе ретінде қарайды. Олай болса, оның төменгі және жоғары дәрежеде орналасқан құрамдас бөліктері бар. Жүйенің ең шыңында ізгілік идеясы орналасқан. Ол Бірліктің көрінісі. Оған қарсы тұрған екінші бастау – ол Диада – шексіз көптіктің бастауы, – үлкен мен кішкентайдың, шексіз үлкен мен шексіз азды қамтиды. Осы екі бастаудың қосылысы идея әлемін құрайды. Әрбір идея – бір жағынан шексіз, екінші жағынан шектелген. Бірақ әңгіменің ең қиындығы – идея әлемі материалдық Дүниені қалай тудырады? Материалдық емес нәрсе – материалдық сезімдік өзгеріп жатқан әлемді қалайша дүниеге әкеледі? 

Платонның ойынша, материя – мәңгілік өзімен-өзі өмір сүріп жатқан енжар нәрсе. Оны хаостық жағдайдан космосқа, тәртіпке келтірілген Дүниеге әкелген Демиург. Ол идеалды әлемді үлгі ретінде алып, материяға бітім беріп, бұл Дүниені тудырды. 

Идея әлемі – парадигма – ол мәңгі, алғашқы, Демиург та Құдай ретінде мәңгі, бірақ сезімдік әлем, түп нұсқа емес, жасалған, көшірме болғаннан кейін – өтпелі, жалған, көлеңке. 

Әрине, бүгінгі таңдағы білім тұрғысынан біз Платонның идея әлемін қатты сынға ала аламыз. Әрбір Дүниедегі жеке заттың тек өзіне ғана тән жақтары мен бірге басқа заттарға оны жақындататын жалпы жақтары бар. Адам таным процесінде заттардың жалпы қасиеттерін зерттеп, оны белгілейтін ұғымдарды туғызады. Оны адам тіл арқылы береді. Олай болса, әрбір сөз Дүниені жалпылайды, әсіресе, ғылыми ұғымдар. Мысалы, адам ұғымы жер бетінде өмір сүріп жатқан бірнеше миллиард адамзатты қамтиды. Нақтылы жеке адам Дүниеге келіп, кетуі мүмкін, ал адам ұғымы қала береді. Бірақ осы нақтылы тірі өмір сүріп жатқан адамдар болмаса, онда адам ұғымы да болмас еді. 

Мәселе Платонның идеалдық әлемінде емес, әңгіме сол идеялар әлемін тудыратын ұғымдарда. Одан кейін ұғымдарды зерттеу, олардың табиғатын ашу, бір-бірімен байланысын көрсету – философияның негізгі мәселелерінің біріне айналды. 

Осыған байланысты да біз Платон мен Аристотельден бері ғылыми таным мәселесі ортаға қойылды деп есептейміз. Ол ғылым тілі – ұғымдар әлемін ашып, интеллектуалдық әрекет деп ұғымдарды қолдану арқылы іске асатын ой қызметін анықтады. Аристотель де ұстазы секілді ғылыми таным деп – ұғымдар арқылы жүзеге асқан танымды айтты, яғни мұндағы ұғым дегеніміз, қазіргі тілмен айтқанда – жекелеген заттар мен құбылыстардың мәніне өтуге, оны терең зерттеп білуге мүмкіндік беретін, олардың жалпы, мәндi қасиеттерi мен белгiлерiн бейнелейтiн ойдың формасы немесе тиімді құралдар. Осы ғылым тілінің қалыптасуымен, ертедегілердің әлі де бөліне қоймаған, адам-әлем, табиғат, өмір – біртұтас, айнала дүние, болмыс жайлы түсініктері абстрактілік ойлаудың көмегімен ғылыми таным объектісі ретінде бөліп алынып, зерделене бастады. 

Үңгір аллегориясы

Өзінің идеялар әлемі түсінікті болуы үшін Платон «Үңгір жөніндегі аңызды» пайдаланады. Соңында бұл аңыз метафизика, гносеология және диалектиканың символына айналды. 

Көзімізге үңгірде, я болмаса зынданда, аяқ-қолы байланған адамдарды елестетейік. Үңгірдің аузы күншығысқа қараған, сондықтан оның сәулелері сондағы адамдар қарап отырған жаққа түсіп тұр. Жер бетінде керуен кетіп бара жатыр, адамдар әртүрлі заттарды көтеріп бір-бірімен сөйлесіп келеді. 

Үңгірде қамалған адамдарға солардың қозғалып бара жатқан көлеңкелері көрінеді, түсініксіз күңгірт дыбыстар естіледі. Олар жер бетінде шын өмір барын білмейді, сол көлеңкенің өзін шын өмір екен ғой деп есептейді. Бірақ сол қамалған адамдардың біреуі ойланып-толғанып, ақырында өзінің көлеңке әлемінде тұрып жатқанын түсінуі мүмкін. Ал екіншісі, аяқ-қолын қалайда шешіп, үңгірдің сыртына шығып, күн көзінің сәулесіне көздері үйренгеннен кейін шынайы өмірдегі адамдарды, заттарды, соңында жарқырап тұрған күннің өзін көреді. 

Үңгір аңызынан қандай философиялық тұжырымдар жасауға болады? Біріншіден, болмыстың әртүрлі деңгейлігі жөнінде – сезімдік болмыс пен құдіретті болмыстың бар екендігі; үңгірдің ішіндегі көлеңкелер – сезімдік әлем, ал жер бетіндегі адамдар мен заттар – нағыз болмысты құдіретті әлемді көрсетеді, ал күн – ол ізгілікті көрсететін идея. Екіншіден, танымның деңгейлерін байқауға болады – ол сезімдік таным, ақыл-оймен тану, интуитивтік жолмен соңғы себептерге жету. Үшіншіден, бұл аңыздың моральдық, аксиологиялық жағын да байқауға болады. Өмірде тек қана сезім толқынының шеңберінде болу – ол үңгірдегі өмір. Рухани өмір сатысына көтерілу – ол нағыз болмыс әлеміне көтерілумен тең. Ал күннің өзін көріп тамашалау – ол құдіретті күшті көрумен тең. 

Басқаша айтқанда, Платон бізді қоршаған заттардың мәнін солар туралы терең ойлағанда, соларды өзіміздің ақыл-ойымызбен игергенде ғана түсінетінімізге сенімді болды. Бұл біршама қиын шаруа және аз ғана уақыт ішінде жүзеге асыру мүмкін емес. Ол нақты дүние біздің қабылдауымыз бен түсінуімізден сыртқары жатқанын көрсеткісі келді. Платонның ойынша, адамдардың басым көпшілігіне қоршаған ортаны алғашқы сәтте қалай байқаса, сол күйінде қабылдау дағдысы тән. Ол мұны қанағат тұтпады. Қарапайым адамның әдеті саналатын қандай да бір объектінің сыртқы қасиеттерін бейқам да үстірт қабылдау дағдысы мен философтың әдісі саналатын нақты дүниенің мәні туралы терең пайымдау дағдысы арасындағы айырмашылықтарды көрсетуге ұмтылды. Платон хикаяны баяндады. Кейде ол «игі өтірік» деп көрсетіледі. Бұл – осы хикая қоспасыз шындық емес, бірақ жағдайдың қалай болғанын көрсетеді деген сөз. «Үңгір аллегориясы» деген осы. Платон адамдардың көбі үңгірдегі адамдарға ұқсайтынын айтады. Олар үңгірдің артқы қабырғасына қарайды. Адамдардың артында аласа қабырға бар. Заттардың бәрі соны жағалай орналасқан. Осы аласа қабырғаның арғы жағында от жанып тұр. Үңгір қабырғасына қарсы отырған адамдар не көреді? Олар үңгірдің артқы қабырғасына осы заттардан түскен көлеңкені көреді. Бірақ бұлай емес қой. Заттардың қандай екенін көру үшін адам күн сәулесі түсіп тұрған жерге шығуға тиіс. Алайда біздің жарыққа шыққымыз келе ме? Адамдардың көбі үңгірде отыра беруге үйреніп алған. Олар сыртқа шығуға қорқады. Өздеріне салсаңыз, олар аса жайлы жерде отыр. Оларға нақты дүниенің сыртқы белгілері жеткілікті. Заттарды шынайы күйінде көргісі келмейді. Көздеріне күн сәулесінің шағылысқанын қаламайды. Нақты дүниенің сыртқы белгілерін қабылдау мен олардың шынайы мәнін саналы түрде ұғыну үшін өмірін сарп етуге дайын философтар ғана – тіпті, өздері алғашқыда елестеткендей болмаса да, жарқыраған Күн астында әлемді өз бейнесінде көретін адамдар.

ФИЛОСОФИЯНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ. СОКРАТТАН ДЕРРИДАҒА ДЕЙІН. 

Сократ пен Платон: от пен күн. 

3-бөлім. 1-тарау. Антикалық философия

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...