Тауда өткізген үш күндік демалысынан кейін таңсәріде Венаға келіп жеткен белгілі беллетрист Р., вокз...
Ж.Аймауытов пен Ә. Асқаров прозаларындағы ұлы үндестік
Жалпы, сөз өнерінде, әдебиеттану тарихында тұлғалар үндестігі, түрлі сипаттағы үйлесімділік уақыт алшақтығына көнбейді. Ешбір уақыт күші сом тұлғалардың шығармашылығындағы ішкі тылсым тоғысуды үзе алмайды. Белгілі жазушы Әлібек Асқаров қаламынан Ж. Аймауытов мұрасымен мәңгілік ұлы байланысты көремін. Сөзімнің дәлелі ретінде «Ақбілек» романы мен «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романдарын нысана еттім.
Академик С. Қирабаев Жүсіпбектің әдеби болмысы жайлы былай деп пікір білдірген: «Әдебиеттің әр алуан жанрында белсенді қызмет ете отырып, Жүсіпбек жаңа дәуірдегі әдебиеттің негізін салушылардың алғы легінде болды. Көптеген ірі шығармаларымен жаңа ізденістерді толықтырды.» Жүсіпбек прозалық шығарманы поэзия тіліндей сұлу өрген тұңғыш қаламгер болып ұлт әдебиетінің төрінде есімі айрықша қалды.
Дәл осы ретте Ә. Асқаров шығармашылығы турасында сөз етейін. С. Қирабаев Әлібек прозасы жайлы «Өр Алтай етегіндегі елдің биіктікке емес, етекке қарап қалғанына қынжыласың. Сөйтіп, оқырманын қуанта да, қынжылта да алған жазушы қаламының қарымына риза боласың!»-деп тебіреніске толы көзқарасын паш еткен.Ғалым пікіріне сүйенсек, Жүсіпбек те, Әлібек те жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетін жасаушылардың алғашқы сапындағы қаламгерлер болып табылады. Жүсіпбек ХХ ғасырдағы ұлт әдебиетіне тіптен айрықша қасиет бітіріп, тыңнан түрен салды. Ал, Әлібек Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетіне классиктер ізін жалғап келіп, әдебиеттің даму кезеңінде түрліше жанрларды енгізді. Жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құмарлық-екі жазушының мен анықтаған алғашқы ортақ қасиеті.
Бұған дейін «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» атты сыни мақаламда қос қаламгердің тоғысқан тілдік табиғаты туралы мөлтек сыр ұшқынын жазған едім: «Ал, жас буын өкілі бола тұра, менің байқағаным-Жүсіпбек Аймауытов пен Әлібек Асқаров прозаларында ортақ поэтикалық үйлесім бар. Аймауытов тәрізді Асқаров та прозаның өзін поэзиядай ұйқастырып, ән тәріздендіріп тербетіп жазады. Оқыған жанның ойын алып, тыңдаған жанның тынысын кеңітетін бір құдірет Аймауытоы талантымен тоғысып жатыр.» Жүсіпбек қаламындағы прозаны ән тәріздендіріп тербетіп жазу үрдісі бүгінде Әлібек қаламы арқылы түлеп отыр. Асқаров прозасындағы «...Аймауытов талантымен тоғысып жатқан бір құдіретті» рет-ретімен анықтайын.
Иә, әдебиеттің басты қаруы-көркем тіл. Қос қаламгерді ең алдымен тілдік тұрғыдан ортақ үндестігін сараптайын. Екі жазушыға да тән үндестік қасиет-проза тілдерінің поэзия тіліндей ұйқаспен, тым көркем өрілуі. Тіптен ғажабы сол-қос тұлғаның сипаттап отырған обьектісі біреу-Өр Алтай. Енді осы Алтай пейзажының тоғысқан сұлу сөзді суретіне кезек берелік. Жүсіпбектің Алтайы былай бедерленеді: «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың бер жағында әлемге аян Алтай бар...Сол Алтай мен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы Қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып қалғаны.» Мұнан аңғаарғанымыз-Жүсіпбек қаламынан туған Алтай суретінде етістіктер сөйлем ішінде ұйқасып, өлеңдей болып төгіліп тұр. Дәл осы прозаға біткен поэтикалық табиғатты Әлібек қаламынан да ұшыраттым. Сөзіме дәлел келтірейін. Тура осы Алтай көрінісін Әлібек қаламгер былай деп айшықтайды: «Ескі көздің дерегіне қарағаеда, осы ауылдың ескі аты «Айдарлы» екен. Болса болар, өйткені ауылдың Алтай жарықтықтың айдарындай тынысты арқада, ырысты ортада тұрғаны рас-ты. Өрісі майлы, қонысы жайлы мұндай жаннат мекенді табудың өзі қиын шығар. Түстік қанатында сыңсыған қара орман, қарабарқыт бөктер. Қара орманның бергі етегі көкорай шалғын, арғы төрі-саңғал таулар, қарлы тәжі күмісше жылтыраған Ақшоқы. Бір бүйірінде қыздың жасауындай текшеленген жартасты жон. Текшеленген сол жартастардың бірінде желмен шулап самырсын мен балқарағаай жайқалады.» Асқаров сөйлем ішіндегі тіркестерді өзара ұйқастыра қолданып, Жүсіпбектің поэзия болмысты проза табиғатын түрлендіре ұсынады. Бір ғана Алтай пейзажының өзінен оқырманға тірі көрініс елестеп, хас шебердің қолынан шыққан мінсіз мүсіндей тым көркем суреттелген сөз саптасы арқылы көңіл төріне қонақтайды. Бұл Жүсіпбек стилінің қайталануы емес, қайта Әлібек тарапынан Аймауытовтың сөз түрлендіру, сөз кестелеу, тіркес ойнану қасиетінің толығып, жаңарған тұсы десе орынды болар.Дәл осы Алтайды Жүсіпбек «қарт Алтай» деп қасиеттесе, Әлібек «Алтай жарықтық» деп кие тұтады. Бір ғана ұлы қасиет екі қаламнан бірдей сөз өрнектерін туғызғаны да тылсым сарындастық екені ақиқат. Иә, Асқаров прозасының бұл көпке танылмаған ерекше қыры. Бұл-Асқаровтың көптің аузына жиі ілініп, жауырға айналмаған тың табиғаты. Ойымды профессор Сауытбек Абдрахмановтың «Әлбіек Асқаров-әдебиеттегі бөлекше құбылыс. Жұрттың бәрі оның суретшілңтен суреткерлікке келгенін айтып жатыр, жазып жатыр. Соның өзінде
Әлібек прозасы әлі де зерттеліп, тиянақталып, алдағы уақытта оның қырлары мен сырлары толық ашылатынын кез келеді деп ойлаймын. Өйткені, Әлібек бояу политрасындағы нақтылық, тіліндегі нақтылық,
ойындағы нақтылық, көркемдік құралдарындағы қолмен ұстатқандай ажарлы жайлар қаламгер прозасын бір ерекше сипатқа ие етіп тұр,»-деген сөзімен дәлелдеймін. Профессор С. Абдрахманов атаған «ерекше сипат» Әлібек қаламы арқылы жаңғырған Жүсіпбек дәстүрі десе орынды.
Жүсіпбектің жазу стилі жайлы академик С. Қирабаев былай дейді: «Ақ өлең үлгісінде жазылған шығарманың тілі Жүсіпбектің прозадағы жаңа бір ізденісін танытады. Оның ырғақты прозасы-ескі рухани тіршілігі өлеңмен байланысты болған халықтың жаңа жанрды игерудегі өзгеше талабы.» Прозаны ақ өлең үлгісінде Жүсіпбек жазса, бұл дәстүр бүгінде жазушы Әлібек прозасында көрініс тауып отыр. Бұл-қасиетті әдеби үдерістің желісі бір үзілмейтін ұлы қасиет екенін дәлелдейді.
Енді кейіпкер портретін тудырудағы тілдік үндестіктерді анықтау кезегі келді. Жүсіпбек Аймауытов Алтай аруларының мынадай ғажайып көркем кестелі, ұйқасты тіркестерге толы толық портрет тудырған: «Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлықтай айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңыңдай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса –есің кетіп, сұңқыл қақса, шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кетеді.» Алтай аруларының портретінен байқағанымыз-автор сөйлемдердегі етістіктерді өзара ұйқастыра, ән тәрізді әуезді айтылуын, оқырманға өлеңдей сіңімді болуын қамтамасыз еткен. Ал, енді Асқаров прозасындағы дәл осы әйел портретіне үңіліп көрелік. «Әйел парасаты» топтамасында берілген «Балғаным мен Задаш» әңгімесіндегі басты кейіпкер Балғанымның портретін Әлібек былай деп әдемі әдіптейді: «Оның үстіне атастырған қалыңдығы мойылдай мөлдіреген, торғындай үлбіреген, қиырдағының көзін тартқан кермиық арудың нағыз өзі болып шықты.Ақ құбаның аққу өңдісі екен.» Әлібек қаламының Жүсіпбекпен пара-пар, тоғыспалы қасиетке ие болуының тағы бір дәлелі-жазушы портрет тудыруда қара сөздің өзін әндей әәдіптеп, өлең тәріздендіріп түрлендіріп, құбылта беруі.
Ұлылардың тілдік үндестігін тағы да бағамдап байқайын. Жүсіпбектің Ақбілегінің портреті тіпті кейіпкердің әрекеті кезінде де тым ерек ашыла түседі: «Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі-жас түлегі, айы-күні, жалғыз қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл-жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген еді. Қарабайыр баяндауда «Ақбілек көрпелерін қағып, үйге әкелген,»-деп солғын тартар еді. Ал, сөз зергері Жүсіпбектің суреттеуінде Ақбілек арудың жай ғана көрпесін қағып, үйіне енуінің өзі бір сұлу көрініс, тартымды портрет болып туған. Аталған сұлу портретті Әлібек романынан да іздеп таптық. Романда ғашықтықтың зарын тартып, сүйгеніне жете алмай, мұздың ойығына түсіп қаза болатын Меңсұлудың портреті былайша жарқырайды:« Әй, өзі де Меңсұлу десе дегендей-ақ сұлу еді–ау! Аққу мойын, қылыш қас, боталаған жанары қараған жанның көңіліне шоқ тастайтын. Айтса айтқандай-ақ сымбаты бөлек еді-ау, ажарлының төресі болатын!» Кейіпкер портреті арқылы сабақтастыра саралауымнан шығатын қорытынды- Әлібек қаламының құдіреті Жүсіпбек қаламымен егіздес бейнеде туып отыр. Өзіне дейінгі классиктер ізін жалғастырып, қайталауға ұрынбай, жаңашыл ырғақта, соны сипатта жалғастырып алып кетуінің астарында да ұлылықпен қоңсы қонған қасиеті жатқаны даусыз.
Әлібек тілінің тағы бір ғажабы-ол Жүсіпбектей шындықтан тамыр алады. Шындықтан тамырын ала тұрып, реалистік сарында романтикаға ұласады.Оған мына үзінді дәлел: «Қара орманды қалың таудың арасы.Иен жер. Тамылжыған тұңғиық түн. Тұңғиық түнде екеуі ғанасы. ..Өлең сөзді қара тілден айыра білмес Нұрекең бұл түні аяқ асты ақын болып кете жаздаған. Қиыстырып нелер бір өлең оқыды, қиюластырып қайсыбір шұрайлы сөздерді шұбыртты дерсің Қадишаға. Қолына қанат байлап, құсқа ұқсап аспанда қалықтап ұшқысы келді. Қадишаны жетектеп, айлы түннің астында көк шалғынды кешіп, алақайқап жүргісі келді. Басын мәңгі қар басқан анау мұзарт шыңдардың биігін арман етті. Шатқал табанында сылаңдай аққан ақжал толқынды Ақбұлақтың асаулығын аңсады. ...»
Аңдаған ақиқатымыз сол-Әлібек жазушы пейзаж бен адамның ішкі сезімін астастыра суреттеп, поэтикалық тілмен адам нанғысыз романтиканы бейнелейді. Жүсіпбектегідей психологиялық иірімдерге толы Әлібек қаламының тылсым қырын еріксіз мойындайсыз.
Осылайша екі қаламгердің өзара егіздескен алғашқы ортақ қасиетін-тілдік көркемдік тұрғысынан алып сараптадым. Дәлелдер көрсеткендей, Жүсіпбек те, Әлібек те түрлі әдеби кезең өкілдері екендіктеріне қарамастан, ұқсас тілдік табиғат тұрғысынан үндестік тауып тұр.
Қос классик ақ өлең үлгісімен прозалық туынды жазып, нені өзек етті, нендей идеяны ту етті? Осы сұраққа Жүсіпбектің «Ақбілек» романы мен Ә. Асқаровтың «Әйел парасаты» әңгімелер топтамасына енген бірқатар әңгімелерін салыстыра талдау арқылы жауап табатын боламыз.
Екі жазушының да көтеріп отырған тақырыбы біреу-әйел тағдыры, әйел табиғаты, әйел бақыты. Ал, Әлібек Асқаров «Әйел парасаты» әңгімелер топтамасында әйел затының биік болмысын, асқақ адами бейнесін тақырып етіп алды. Қазақ әдебиеттану ғылымында қолтаңбасы қалған ғалымдар пікірін көлденең тартайық. Жазушы, Қазқстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақау Дәуренбеков былай дейді: «Әлібек қаламының қарымын аңдау, көкжиегіне көз жеткізу қиын емес. Тақырыптың өзін қаншалықты еліктіріп әкететіні қаламының желісінен-ақ байқалады. Әйел парасатын қара сөзбен жырлаудың соны соқпағын салып, мұңды да сырлы жайын ақиқаттың арқауына айналдыра, астарлы әдіп, мінәйі мәнерімен жеткізе білгеніне тәнті боламыз. Өзіндік қолтаңба деген осы болар.» Аймауытов қазақ әйелінің бақыты үшін күрес жолын тақырып етсе, Әлібек қазақ әйелінің биік болмысына әңгімелер топтамасын арнап отыр. Бұл-мен пайымдаған қос ұлының екінші ортақ үндестігі. Тағы да Ж. Дәуренбековтың пікіріне сүйенсек, «Жалпы, «Әйел парасаты» циклімен жазылған әңгімелердің өзіндік ерекшелігі бар, публицистикалық қайырымдары да, көркемдігі де кеңінен. Әңгімелерде қарапайым қазақ әйелінің бейнесі, парасаты мен отбасылық парызы айрықша орын алады. Әр әңгіменің темірқазығы да сол, қазақ әйелі ошақтың отын сөндірмейтін от-ана, құдіреті ретінде қабылданады.» Қазақ әйелінің шынайы табиғатына тән отбасылық болмысын Әлібек Асқаров әңгімелер топтамасына арқау етіп отыр. Аймауытов қазақ әйелінің күрделі тағдырын оның бүтін қоғамымен бірлікте ақиқатын ақтарса, Асқаров қазақ әйелінің үлгілі, өнегелі, ғибратты бейнесін барынша бедерледі. Ендігі ретте қаламгерлердің өз сөздерін мәйек етейік. Жүсіпбек бұл тақырыпты өз романының өн-бойына азық ете отырып, былай дейді: «Қазақтың қара көздерінің сиқырлы күші Еуропа әйелінен кем емес.» Жүсіпбек романында автор көзқарасы ретінде жазылған бұл бір ауыз сөзде қаншама шындық тұнып тұр. «Сиқырлы күш» деп қазақ әйелінің ұлттық табиғатын, адамгершілік болмысын, бақыт жолындағы тоқтаусыз күресін меңзеп отырғаны даусыз. Ал, Әлібек ақиқаты былайша автор сөзінен сыр болып ақтарылады: «Әйел парасаты» атты айдармен бес-алты әңгіме жазғаным бар. Олардың бәрі де әйел затының кемел ақылын, биік парасатын меңзеу, ер адамның қолынан келмес өрлік әрекетіне, ерлік қарекетіне тағзым етуге тұспалдау. «Менмін» деп көкірек керген әрбір тұлғалы еркектің артында ұлылығы сол еркектен кем түспейтін әйел тұрғанын астарлау болатын.» Әлібектің бұл сөзі жазушының әйел тақырыбына не себепті осыншама терең барғанын анық аңғартып тұр. Қазақ әйелінің парасатты, биік тұлғасына тағзым ету мақсатында жазған әңгімелер топтамасы Жүсіпбектң «Ақбілек» романының тақырыбымен тоғысады. Өзара тоқайласқан ұлылар қаламы тақырыптық тұрғыдан кезекті рет сарындастық танытып отыр. Жүсіпбек «қазақ қара көздерінің сиқырлы күшін» тақырып етсе, Әлібек «әйел затының биік парасатын, кемел ақылын» тақырыпқа айналдырды. Осылайша қазақ әйелі тақырыбы қос қаламгердің ортақ өзегіне айналды.Сөз болып отырған жазушылардың осыған дейін зерделеген поэтикалық тілдері аталмыш тақырыпты ашуға қызмет етіп отыр. Автор тіпті кейіпкерлерін сипаттауда да осы тақырыпты тұспал етеді. Сөзімізге мығым дәлел: «Мұқаштың да көбінесе түзде жүріп, шалықтап оған-бұған ұрына беретіні Алтынайдың арқасы ғой. Қатыны үйін тапжылтпай, бар-жоғын білдірмей отырғандікі де.Алтынай ырысы бар кедейдің маңдайына бітетін қатын ғой. Дүниеде байының тауып әкелгенін ұқсата алмай, ас-суында бір береке болмай, байын борышқа ұрындырып, бір-біріне қоспай, қатының салдыбалақтанып ызыңдап отырар ма еді, кәпір! Одан қырсық не бар дейсің? Бұл үзінді-дәйектен аңғаратынымыз-кейіпкер Алтынайдың отағасы Мұқаштың шаңырағының шырқы бола білгендігі. Осылайша әрбір кейіпкер басты тақырыпты мейлінше паш етуге бағытталады. Ал, дәл осындай әйел бейнесі Әлібек қаламынан да туып отырғаны таңғажайып құбылыспен пара-пар. Сөзіме «Әйел парасаты топтамасына енген «Балғаным мен Задаш» әңгімесінен үзінді келтірейін: «Балғаным-Задаштың құдай қосқан қосағы, балаларының аяулы анасы. Кімнің қайда жүргенін, бұл маңда не болып, не қойып жатқанын көңілмен көріп, көкірекке түйіп отыратын баянды бәйбіше.»Бұл сипаттауды түсіндіріп, арғы астарын қазбалаудың өзі артық. Бір ғана «баянды бәйбіше» тіркесіне автор қазақ әйелінің бүкіл ғажап, қайталанбас тұлғалық қасиеттерін байлап береді. Көпсөзділікке ұрынбайтын, аз сөзбен көп мағына астарлайтын, қаламы қарымды Әлібектің кейіпкері Балғаным мен әдебиетте оған дейін пайда болған Алтынай образының мазмұндары бір-бірімен тұтасып тұр. Бұл тұтастық қазақ әйелінің биік парасатын, қоғамымен тығыз байланысты күрделі тағдырын, өршіл, тік бейнесін бейнелеудегі Жүсіпбек жаңалығының жаңашыл ХХІ ғасырда тереңнен қопарыла жалғасын табуы деп білген абзал. Тақырыпты ашуға авторлық тұрғыдан қатысу бар. Оны екі қаламгерден де анық аңғаруға болады. Жүсіпбек кейіпкерін «Алтынай ырысы бар кедейдің маңдайына бітетін қатын ғой,»-деп өзі-ақ әспеттеп отырады. Автор ретінде өз кейіпкерін әспеттеу Әлібек қаламына да тән үрдіс. Ол «баянды бәйбіше» деп Балғанымның образын автор тарапынан бағалап, көтере түседі. Міне, тақырыпты ашуда қолданған екі жазушының да өзіндік тәсілдері бір арнаға сайып жатыр.Екі жазушы да ортақ үн қатып, қазақ әйелінің бар болмысын шығармаларына биік арқау етті. Әр заман өкілі болса да, Жүсіпбек те, Әлібек те өз кейіпкерлерін бүтін қоғамымен тұтас бірлікте алып, нанымды суреттейді. Шындықтан негіз ала отырып, әйел кейіпкерлерін әлпештеп әкеліп, өлмес тақырыптың тірегі етті. Тақырыптық үндестік осылайша қос жазушының әдеби мұрасында терең танылып, олардың тоғысқан ұлы қырлары болып анықталды.
Ендігі ретте идеялық сарындастық қасиеттерін анықтауға күш салайын. Жүсіпбек пен Әлібекке ортақ идеяны танытар түйін сөздерін де, «көзге бадырайып көрініп тұрмайтын» жасырын тұстарын да зерделеп бағайын.
Ұлы тақырып ұлы идеяны қозғайды. Ұлы идеяны «жасыру» үшін де, «сиқырын ашу» үшін де ғажайып тіл керек. Осы үш бірлік Жүсіпбек пен Әлібек прозаларынан табыла кетті.
Алдымен «Ақбілек» романының идеясын ашуға ұмтылыс жасайық. Романда қазақ әйелінің күрес арқылы ескі заман езгісінен азат болып, жаңа заман жаңалықтарынан баянды бақытын табу идеясы қоюлана, түйдектете берілген. Романда әйел мен еркекті қоғам алдында қатар қойып, әйелді ерекше асқақтату идеясы да бар. Ақбілек жан дертінен айығып, қасиетті бақытына қол жеткізеді. Ол үлкен күрес жолынан өтеді. Күрес мектебінде шыңдалады. Тағдыры қанша тауқымет арқалатса да, шыдап бағады. Бұл қазақ әйелінің ерлермен тең бейнеде көріне алатынын, тіпті оның бар кемшілішін бүкпесіз баян еткен алғашқы қазақ романы болып табылады. Ақбілек қиялдан жасалған жасанды бейне емес. Ол төңкеріс кезіндегі аумалы-төкпелі заманда жазықсыз жапа шеккен «шерлі сұлу.» Шерінің емін оқу, білім іздеуден таба алады. Шер шемені көңілінде шөгіп қалмай, қайғы бұлты ыдырай бастайды. Бұл қасірет торын бұзуға қарекет жасаған Ақбілектің өрлік пен қайсарлыққа толы бейнесінде романның бүкіл идеясы тұтасқан. Қасіреттен күрес арқылы құтылып, бақытқа жету идеясы туындының өн-бойынан тамшылап тұр. Бұл орайда Ақбілек пен өзге де кейіпкерлер типтік бейнеге ұласып, Тәуелсіздік идеясын астарлайды. Ақбілекті романның тұтас бойында өлімші етсе де, өлімге тап қылмауының басты себебі де осы астарланған тәуелсіздік идеясынан екені ақиқат. Осылайша роман қасіреттен жанталас күрес арқылы арылып, өмірлік бақытына қол жеткізген мықты, өр, рухты қазақ әйелінің болмысын асқақ идея етіп алады. Жүсіпбек бұл идеяны романның соңғы сөйлемдеріне байлап берген: «Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас Балташтың сүйген жары, Ескендірін құшып, сүйіп, бала болып, ана болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса шыпылдайды.»Қайғы-қасіретінен ада болып, бар күнәсінен таза болып, бақытты өмірге аяқ басқан Ақбілекті атвор «кеудесіне бағы сыймай» деп түйін сөзбен ашып береді. Бұл тұста идеяны бүркемелеу, жасыру, мұнарға тұмшалау жоққа тән. Керісінше, романның негізгі өзегін ең соңғы сөйлемдерде сөйлетіп, ашық үн тастау басым.
Жүсіпбектің Ақбілегіне Әлібектің әйел кейіпкерлері астасып, идеялық тұрғыдан бір арнаға сайып жатыр. Бұл ұлы үндестіктің астарына көрнекті қаламгерлер үңіліп, терең пайым жасап үлгерген. Солардың бірі-ақын Қорғанбек Аманжол. Ақын Қ. Аманжолдың сөзіне сүйенсек, «...Шынында да автордың айтар ойы айшықты суреттерінің астарынан әдемі аңғарылып отырады. Дәйім осылай. Көркемдік кредосынан әсте жаңылмайды.» Ақын атаған «автордың айтар ойы» Асқаровтың шығармаларының басты идеясы екені даусыз. Бұл идеяларды Әлібек жазушы әдемі суреттерінен, кейіпкер сөздерінен, өзіндік баяндау, сипаттаулардан, кейіпкерлердің өзара оқиға қақтығысанн аңғартып отыр.Сондай-ақ, ақын Қорғанбек Аманжолдың мына пікірі ойымызды тереңдете түседі: «Жазушылық өнердегі қилы шеберлікті қисынымен игерген. Кемерінен асып төгілмейді, Орынсыз әсіреқызылға берілмейді. Шығармадағы тіл шұрайын, өмір шырайын жеріне жеткізе құлпыртатын жерде әсте де кейін шегінбейді. Жалаң баяндау мен жайдақ ұраншылдықты маңайына жолатпайды, жанына дарытпайды. Иә, оның эстеттігі, көзді алдайтын көпіршік, іші қуыс, сырты даңғаза жылтырақ емес, өмірдің қаз-қалпындағы шынайы, мағыналы көрінісі.» Демек, дәйек-пікір дәлелдегендей, Әлібек прозасы «мағыналы өмір шындығын» ұлы идея етіп алған. Бұл ұлы идея қазақ әйелінің биік болмысын бедерлеуден туып отыр. Ендігі ретте жазушының идеяашар түйін сөздерін алға тартайын. Жүсіпбек «Ақбілек» романының бүкіл идеясын соңғы сөйлемдерде «сөйлетті.» Мұндай авторлық қатысу Асқаровта да бар екені даусыз. Автордың идеясын «жасырған» тұстарын әңгімелерінен тауып көрейік. «Балғаным мен Задаш» әңгімесінде бәйбіше өзге әйелден туған ұлды баласындай қабылдап, биік әрекет жасайды. Сол әңгіменің соңғы сөйлеміне автор бүкіл идеяны ойнатқан: «Задаш қырық екі жыл отасқан әйелін жаңа танығандай сарғыш жанары жасаурап, біртүрлі елжіреп қарап қалды...»Әңгіменің түйіні осы сөйлемде. Отағасы Задаштың «көзін жасауратқан»-бәйбішесі Балғанымның асқақ адами, биік әйелдік қасиеттері. Міне, осы идеяны жазушы Әлібек соңғы бір ауыз сөйлемінде тіл бітіріп отыр. Бұл-әрі жазушы шеберлігі, әрі идеяның толыққанды ашылу сәті. Мұндай шығарма идеясының шымылдықтай айқара ашылған сәті «Әйел парасаты» топтамасына енген әрбір әңгімеде бар. Солардың бірі-«Ғаббас пен Шура» әңгімесі. Әңгімедегі әйел бейнесін мадақтау идеясын автор мынадай сөздерге сыйғызып жіберген: «Көрден тірілгендей қу сүйек, үміттен ада мүгедек жігіттің етегінен ұстап, ол байқұсты сұм тағдырдың тәлкегіне тастап кетпей, өмір бойы имандай қадірлеп өткен Шура жеңгейдің ғазиз жүрегіне, шексіз ізгілігіне, кіршіксіз жан тазалығына таң қалмасқа лажың жоқ. Өмір бойы өзінің мойнына масыл боп өтетін сорлы жан екенін біле тұра, оны адамдықтан айырмай, өмірден түңілдірмей, ел қатарлы асырады, жадаған жанына шуақ құйды, басына бақ қондырды.» Аталған ұзіндіден байқағанымыз-Асқаров Жүсіпбекпен көркемдік сарындастық танытып, дәл сол классиктей шығарма идеясын оқырманына ашық түрде ұсынады. Тіпті еш жасырмайды, бұқпалап әуреге түсірмейді. Әңгіме кейіпкері Шураның мүгедек жігітке шын ғашық болып, «оның басына бақ қондырғанын» өзі тарапынан таңдана баян қылады. Ғибрат етуге шақырады. «Көрден шыққандай қу сүйек, үміттен ада Ғаббас» Шураның асқан адамгершілігі, шексіз мөлдір махаббаты арқасында ел қатарына қосылып, бақытты ғұмыр кешеді. Бұл-қазіргі қоғам үшін де, кейінгі келер келешек үшін де таптырмас тәрбиелік маңызы зор туынды. Адамды сырт түріне қарап емес, ішкі жан сұлулығына қарай бағалап, тіпті ғашық болуға, оны барынша қадірлеуге болатынын жазушы осы әңгімесі арқылы аңдатып, адами үн көтереді.«Ер адамның басына бақ болып қонатын кейіпкер Шурадай бол!»-деген ұлы идеяны өршіл үнмен сонау биіктен тастайды. Тура осы сәтте жазушы Асқаровтың өз сөзінен дәлел келтірудің орайы туып тұр:«...әрі осы баян бүгінгі жастарға тағлым болар ма деген үмітпен, құрметті оқырман, қаз-қалпында өздеріңізге ұсынып отырмын.» «Қалжан мен Ләзиза» әңгімесін осылай аяқтаған қаламгер өзінің басты жазушылық ұстанымы-Адам тәрбиесі екенін тура мәлімдеп отыр.Өмірдің боямасыз шындығына құрылған әрбір әңгімесі қай қоғам үшін де биік идея, асқақ тағлымға айналып отыр. Осылайша, «Ақбілек» романы арқылы Жүсіпбек қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесінің көркем үлгісін жасаса, Әлібек Асқаров «Әйел парасаты» топтамасымен әңгімелер жазып, әйел затының ғибратты, өнегелі қырларын танытуды мұрат етті. Қос қаламгерде тақырып біреу, өзара астасқан ұлы идея дара сипатта оқырман жүрегінің төріне қалықтап барып қонақтады. Жүсіпбек Аймауытов қазақ әйелінің күрескер бейнесін идея етті, Әлібек Асқаровта да мұндай әйел өрлігі, ерге бергісіз қаһармандығы, отбасының шырайын кіргізетін бақыт күшіне ие құдіретті бейнесі ұлыланып, мәңгілікке ұласуда. Бұл мәңгілік өзіне дейін ұлылар салып кеткен өшпес классикалық ізден жарық нұрын алып отыр.Жүсіпбек әдебиетке әкелген қасиетті Алтай тақырыбы, Алтай арулары бейнесінің киесі Әлібек Асқаров қаламына қонып, одан бетер жарқырауда. Киелі Алтайды жазу арқылы Асқаров классикалық қазақ әдебиетінің шыңына көтерілді. Жүсіпбекпен ортақ тақырып-әйел бейнесін ашу арқылы ұлылардың ізін жалғады. Жүсіпбектің ақ өлең үлгісін прозаға енгізу дәстүрі тек қана Асқаров қаламы негізінде қайта жаңғырды. Әдеби дәстүр жаңашыл бейнеде жаңарып, түлеп, ұлт әдебиетінің шаңырағын биік етті. Әлемдік аренаға Асқаров өзіне дейінгі қазақ ұлылары салып кеткен ұлы жолмен жүре отырып шықты. Жазғандарының шетел тілдеріне үздіксіз аударылып жатуы да соның айғағы. Бір ғана «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романының оқырмандардың сұрауымен сегіз рет қайта басылуы да сол мәңгіліктің тартуы екені даусыз. Жүсіпбек пен Әлібек әлемдерінің тоғыспалы тұстарын тіл көркемдігі, тақырыптық, идеялық қырлары арқылы бір арнада екенін дәлелдеп бақтым.Сөзіме белгілі жазушы Төлен Әбдіковтың пікірін өзек етейін: «Әлібек Асқаровты бүгінгі қазақ прозашыларының ішіндегі елеулі тұлға деп есептеймін. Әдебиетке дабырасыз, жарнамасыз, сыпайы ғана еніп, көркемдік дәрежесі биік туындыларымен өзін мойындта білу-шын таланттың еншісі.»Бұл исі қазақты, қала берді күллі әлемді мойындату қазақ классиктерімен үндескен ұлы табиғатынан деп білемін.
Айзат Рақыш
жазушы