Ол жан еркіндігін бәрінен жоғары қояды. Өз затына маман деп емес, әйел деп қарайтындарға суреткердің...
ҚР Премьер-министр орынбасары: «Әдебиет» аталымы бойынша мамандықтар санын көбейтуге назар аударылатын болады
Осыған дейін ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал (Мыса) Тәжмағамбетова Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің отырысында қазіргі қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын әлем тілдеріне көркем аудару және оны насихаттау хақындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдаған еді. Оның толық мәтінін "Мәдениет порталы" жариялаған болатын. Бүгін ҚР Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға төмендегідей жауап қайтарды.
Құрметті депутаттар!
Сіздердің әдебиет саласындағы пәндер бойынша «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде әдебиетші-қаламгерлерді оқуға жіберуге және әдебиетші мамандардың әлемдік фестиваль, форумдарға қатысуын кеңейтуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап келесіні хабарлаймыз.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде кадрлар даярлау еңбек нарығына қажеттіліктерінің ортамерзімді болжамын ескере отырып әзірленетін Басым мамандықтар тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес жүзеге асырылады.
Халықаралық стипендиясы іске асырылған 28 жыл ішінде барлығы 130 стипендия «Филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша тағайындалған, оның ішінде 10 стипендия «Ағылшын тілі және әдебиеті», «Ағылшын әдебиеті», «Тіл және әдеби білім», «Тіл және медиа», «Заманауи тілдер мен әдебиет» мамандықтары бойынша берілген.
Ал соңғы бес жыл аралығында «Филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша 26 стипендия (бакалавриат – 1, магистратура – 11, докторантура – 6, тағылымдама – 8 стипендия) тағайындалған, оның біреуі «Ағылшын әдебиеті» мамандығы бойынша. Қазіргі таңда олардың ішінен 17-cі оқуын аяқтады, 9 стипендиат білім алу үстінде.
Жалпы Тізбеге поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысты пәндердің бағытындағы магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде білім алуға бағытталған мамандықтар енгізілген.
Оның ішінде «Тіл білімі және әдебиет», «Тіл, әдебиет және мәдениет», «Әдеби тіл білімі», «Ежелгі және қазіргі тілдер мен әдебиет», «Қазіргі заман әдебиеті», «Салыстырмалы әдебиет мен мәдениет», «Балалар әдебиеті», «Ағылшын әдебиеті», «Классикалық тілдер мен әдебиет», «Әлем әдебиеті ағылшын тілінде», «Салыстырмалы әдебиет және сыни аударма», «Жаһан әдебиеті мен мәдениеті», «Ағылшын тілі және салыстырмалы әдебиеттану», «Испан тілі және әдебиеті», «Грек/латын тілдері мен әдебиеті», «Француз тілі және әдебиеті», «Неміс тілі және әдебиеті», «Латын Америка әдебиеті», «Француз және роман тілдері мен әдебиеттері», «Ағылшын әдебиеті: әдебиет және қоғам: ағартушылық, романтизм», «Ағылшын әдебиеті: әдебиет және қазіргі заман: 1900 жылдан қазіргі уақытқа дейін», «Ағылшын әдебиеті және Америкатану», «Жазба өнері және басылым», «Драмалық жазу», «Әдебиет және кино», «Драмалық әдебиет, театр тарихы және кино» Тізбеде мамандықтар қамтылған.
Депутаттық сауалда көрсетілген ұсыныстар ескеріле отырып, тізбедегі «Әдебиет» аталымы бойынша мамандықтар санын көбейтуге назар аударылатын болады. Сонымен қатар, жалпы «Болашақ» бағдарламасы аясында әдебиет мамандығы бойынша білім алатын түлектер саны үміткерлердің осы мамандыққа қызығушылығына тікелей байланысты екендігін ескеру қажет.
Бұл ретте Қазақстан жазушылар одағы осы мамандықтар бойынша іріктеп ұсынған талантты қаламгерлердің кандидатуралары зерттеледі және қолданыстағы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына конкурстық негізде қарастырылатын болады.
Бүгінгі күні «Рұхани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлем әдебиеті авторларының аудармалары жарық көруде. 2021 жылы әлем балалар әдебиетінің Даниэль Дефо «Робинзон Крузо» (аударған Кеңес Дүйсен), Джонатан Свифт «Гулливердің саяхаттары» (аударған Жамалхан Асықова), Стивенсон Роберт Льюис «Қазына аралы» (аударған Қадыр Дәуітов) сияқты авторлардың аудармалары басылып шығып, республика кітапханаларына таратылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың 2021 жылға арналған жол картасы аясында «Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы іске асырылды, әлемнің 53 елінде 280 іс-шара, оның ішінде түрлі кездесулер, мүшайралар, форумдар мен кездесулер өткізілді. Барлық іс-шараларға отандық әдебиетшілер мен қаламгерлер қатысып, шетелдік әдебиет өкілдерімен пікір алмасып, оқырманды өз шығармашылығымен таныстыруға мүмкіндік алды.
Алдағы уақытта да әдебиетшілер мен қаламгерлерді түрлі әдеби фестиваль, форумдарға қатыстыру және олардың шетелдік қаламгерлермен тәжірибе алмасуын ұйымдастыру жалғасады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және Үкіметтің бақылауында.
ҚР Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов