Тұрсын ЖұртбайҚарындасым дүниеден қайтқалы өң мен түстiң арасында жүргендей күй кешудемiн. Менiң ерк...
Клара Қабылғазина. Күйзеліс (әңгіме)
Клара Қабылғазина -1950 жылдың 4 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы, Жалғызтал ауылында дүниеге келген.1966 жылы орта мектепті бітірген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітірген..
Филология ғылымдарының кандидаты (Ph.D), доцент, әл -Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының профессоры.
К.Қабылғазина, 4 электронды оқулық, 7 оқу құралын, 1 оқулық (ҚР БҒМ) жазған. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің бағдарламасы бойынша шыққан «Радиожурналистика» атты оқулықтың үш тарауын, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша шыққан «Қазақ журналистикасы» атты үш томдықтың бір тарауын дайындаған, бірнеше типтік бағдарламалар шығарған. Екі жүздей ғылыми, публицистикалық және имидждік мақалалардың авторы.
Ол. Қазақстан Республикасы Журналистер Академиясының дипломымен, Құрмет грамоталарымен, "ҚазҰУ 80 ж." мерекелік медалімен марапатталған. «ҚазҰУ-нің үздік оқытушысы» атағының иегері. Көркем прозамен шұғылданады, жас ұрпаққа үлгі – тәрбиені насихаттайтын әңгіме, новеллалары республикалық басылым беттерінде жарияланып тұрады. 2012 жылы К.Қабылғазина туралы мемлекеттік тапсырыс бойынша СТВ арнасында «Қоғам және әйел» бағдарламасы негізінде деректі фильм жасалған, «Қазақстан» арнасында жеке бағдарламаға арналған («Сырғалым»), «Білім», «Мәдениет», «Асыл арна» және «Хабар» , «Еуразия» арналарында сюжеттер түсірілген, БАҚ беттерінде мақалалар жарияланған, «Қазақстан ғалымдары», «Үздіктер» атты және Шығыс Қазақстан облыстық энциклопедияларына енген. Өмірлік ұстанымы: шыншылдық, адалдық, турашылдық және шәкірттен талап ету үшін ұстаз өзі өнеге көрсетуі керек.
Клара Қабылғазы үлгілі шаңырақ иесі, төрт баланы тәрбиелеп өсірген ана, әже. Қызы – медицина ғылымдарының кандидаты, С.Асфендияров атындағы медициналық университет доценті, екі ұлы заң қызметкері, кішісі компьютерлік модельдеу маманы, математик.
Тағы келді ғой, құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып,- деген ән жолдары қайта-қайта санасына оралып, тіліне үйіріліп, кеудесіндегі мұңды одан әрі қалыңдатып, көкірегін кере күрсінді. Ағынды суға қарағанына да біраз уақыт болды. Өзеннің бұрала, үйіріле аққан, сыңғыр-сыңғыр сылдыры да көңілін жадыратпады. Қос аққу да бір-бірінен алыстамай, айналшықтап жүзіп жүр. Екеуі де сұлу, екеуі де табиғат жарастырған жұп.
Әзімхан екеуіне де айналасындағылар туыстар, дос-жолдастар, қызметтестер солай деуші еді ғой... Тіпті бірде үлкен құдағи, сексеннің сеңгіріне келген Асылы апа да:
- Әй, Әзімхан, Күміс екеуің сондай жарасатын жұпсыңдар, - деп сүйіспеншілігін жасыра алмай, шын ниеттен қуанатынын айтып қалған-ды. Енді не болды? Күміс жалғыз. Жан-жарынан мұндай опасыздық болар деп тіпті үш ұйықтаса түсіне, оянса есіне келмеген екен... Бір-ақ ауыз сөз бүкіл тірліктің күл-талқанын шығарды:
- Күміс, осы уақытқа дейін мен сені сүймеген екенмін... Өзімді-өзім алдап жүріппін... Сондықтан... Мен... сүйетін адамыма кетемін.
Төбесінен соққы тигендей, мең-зең, меңірейген Күмістің аузына сөз түсер емес... Үндемеген, мелшиген күйі қала берді... Қала қазағының әдетінше балалар бөлек тұратын да, сенбі күндері бәрі осы қара шаңыраққа жиналып, бастары қосылатын. Немерелер де кең үйде шапқылап, анда барма, мұнда жүрме деген тиымдардан құтылып, мәре-сәре болатын. Ата-әже болып, масаттанып, масайрап, солардың қызығына қуанатын сәттердің бәрі де алдамшы болғаны ма сонда?
Бала-шаға жиналып келетін күнге дейін Күміс жанын қоярға жер таппады. Телефон соғып, бәрін шақырып алып, әкелерінің іс-әрекетін айтпақ болды.
-Одан не пайда? Кімнің сөзін ол тыңдай қояр?... Бұл не деген әділетсіздік? Бүкіл өмірімді сол жарыма, осы балаларыма арнадым емес пе? Енді қайттым? Не істедім?
Жылай-жылай көз жасы таусылды. Мынау өмір өзен суындай суылдап өте шығыпты-ау... Тұңғышы – қызы туғанда екеуінің қалай қуанғандары көз
алдына келе қалды. Титтәй нәрестені құшағына ала тұрып, қуаныштан ол көзіне жас алған-ды! Жарының басынан бақайына шейін сүйіп, ризашылығын білдіріп, ұрпағын дүниеге әкелген адамға деген шексіз ықыласын білдіріп еді.
Сол бақытты сәттің ендігі бақытсыздығын сезініп, жанардан жас саулады...
Ұлдың үлкенінде ше?! Ол туғанда тіпті не істерін білмей абдырап, елдің бәрінен, кездесе кеткеннің әрқайсысынан сүйінші сұрап, абыл-дабыл болды ғой...
Ұл мен қыз есейіп бара жатқан сәтте кішісін дүниеге әкелгеніндегі шаттықты, бақытты сәтті қайтып ұмытарсың? Қалаға бейімделіп, қызмет қуып, мансап іздеп, күйкі тірліктің бірде бар, бірде жоқ тірлігінде жүргендер біреумен немесе екеумен тежеп, «есептерінің мықтылығына» мәз болып, «модаға» бет бұрып тұрған заманда өтті ғой бұлардың жастықтары. Соның бәрінен аттап, үшінші баласы Азаматты дүниеге әкелгенде Әзекесі.
- Күмісім, Алтыным, Жақұтымсың... Саған тең келер әйел жоқ бұл жалғанда... Балпақтай ұлды қылдың, тұлымды қызды қылдың ,жаным... Сенің құлың болып өтуге даярмын енді...,- деп тебірінген еді. Сонда сол бақытты сәттердің, әдемі де әсерлі сөздердің бәрінің де жалған болғаны ма?! Яғни, мені ғана емес, ұрпақтарын да жалған жақсы көрген ғой... Мұндай да болады екен? Ой, Аллам-ай...
Есіктің алдында ағып жатқан судың сыбдыры жүйкесіне тигендей... Қашан кеш батып, ертеңгі күн келер екен? Көздерін сығырайта күнге қарап еді, орнынан қозғалмапты. Ол да мұны мазақ еткендей... Нәр сызбағанын, көз ілмегенін кімге айтпақ? Қызметтестеріне ме? Онда өсектің ордасына түсіп, отына күймей ме?
- Ойбай, ана Күмісті отыз жыл отасқан байы тастап, жас қатын алып кетіпті.
- Өзіне де обал жоқ, сонда ғана бай бардай қайқаңдап жүруші еді...
Айтылар сөздер, тіпті аузы-аузына жұқпай сөйлейтін сары әйелдің даусы да құлағына келгендей болды.
- Құдай-ау, досқа күлкі, дұшпанға таба қылдың-ау... Енді қайттым. Ұятынан өлетін болдым-ау... Өзімді үлгілі отанасы, ерім тәрбиелі отағасы, балаларымның бәрі білімді, әдепті шаңырақ иелері құдайға шүкір, немерелеріме берпекпіз ендігі жиған-терген тәлімімізді, қолдағы барымызды, - деп талай жерде айтып жүретін адамдар едік қой...
Қаумалаған қалың ойды телефонның шырылы ыдыратып жіберді. Екі қолын кеудесіне ала салып, жүгіріп кірді. Жеткенінше сан ойлар келіп, сан ойлар кетті:
-Әзімхан бе екен? Құлағына таныс дауыс, жағымды қоңыр үн келгендей:
-Кешірші, жақұтым, мен ит болып адасыппын... үйге келейінші...
-Балаларға айтпашы, ұят болар бәрі бір-бір үйдің иесі ғой...
-Жаздым, жаңылдым... Енді сені ешқашан ренжітпеспін. Сен мені алғаш әке атандырған балаларымның анасысың ғой. «Өлімнен ұят күшті» деген бабалар ұрпағымыз ғой, менің ісім әбес болған екен...
-Өмірдің небір қиындықтарынан бірге өтіп, ендігі ісім сатқындық болған екен... Отбасын сатқан отанын сатқанмен бірдей ғой, кешірші... Сайтан сезім соларды ойлауға жол бермепті...
Осындай сан түрлі ойлардың бірі отағасының аузынан шығар деген үлкен үміттің жетегінде бебеулеп жатқан тұтқаны көтерді:
-Алло?...
-Әлеу, Әзекең бар ма екен?
-Жоқ үйде...
-Қайда екен?
-Білмеймін...
-Сіз кімсіз?
-Әйелі едім...
-Онда неғып білмейсіз?
-Япырмай, мені қинадыңыз-ау, шындығында білмеймін...
-Жақсы онда, сау тұрыңыз...
-Сізде сау болыңыз!
Лүпілдеген үміт оты жалп етіп сөнді. Абажадай-абажадай есіктерден әлдекімдер сығалап, бұған күліп, мазақтап қарағандай болады. Алқын-жұлқын қайтадан далаға жүгірді. Дәліздегі айнаға көзі түсіп еді, таралмаған шаштары қобырап, жылағаннан көздері ісініп, қан жүрмей сұрланған табиғатынан әдемі бет әлпеті тіпті өзгеріп кеткен екен... Оған көңіл бөлуге мұршасы да болмай, далада әлдене ұмыт болғандай шыға жөнелді. Даңғарадай үй-іші даладай. Тіпті пана болмақ түгілі азынап, ішіне суық толып кеткендей.
Күн әлі тас төбеде. «Ал, жылжымаймын, қайтесің?»- дегендей. Үйдегі телефон тағы безілдеді. Тұра ұмтыла беріп әлденеге шалынып екбетінен ұшып түсті. Жараланып қалған тізесін құшақтап, ебіл-себіл көз жасына ерік берді. Бебеулеп, бебеулеп телефон да тоқтады:
- Қап, Әзекем болып «тұтқаны неге алмады?» деп уайымдап қалды ма екен? Бірақ, аса қажет болса ұялы телефонына соғар еді-ау деген ой келмеді басына. Сол отырғаннан отырып, жылай-жылай көз жасы таусылып, жанары жасып, кештің салқыны өте бастаған соң үйге қарай жүрді. Күнде самаладай самсып жанып тұрған шамдар жанбады. Еңсені басқан түнерген түн жақындап келе жатты. Ілбіп, құр сүлдері ала көлеңке дәліздегі орындыққа отыра кетті. Мұндай жан күйзелісін алғаш кешуі. «Кеше түнгі 9-да Әзімхан үйден шығып кеткен, бүгін болыпты ғой, яғни тоғыз бен тоғыздың арасы он екі сағат, яғни, мен осынша уақыт осылай сенделіп жүрмін... Ештеңеге зауық жоқ, тәбет те жоқ. Кеше қай күн еді? Бейсенбі ме еді? Яғни, күн жұмаға ауғанда ол кетті. Осы түн өлмесем ертең балаларым келеді. Ал, өліп қалсам ше? Онда өте өкінішті жай болады. Мынадай қорлықты көрем, осындай бейшаралық күнді бастан кешемін. Сонда неге өлмекпін? Жоқ «аққа құдай жақ» дегендей, Алла маған болысса керек-ті». Ішін әлде бір өткір нәрсе тырнап-тырнап жібергендей болды. Бүктетіле құлады.
Басы айналды, айналаның бәрі көшіп бара жатқандай... Қолдарын ербеңдетіп, әлденені қармағысы келді. Көзге түрткісіз қараңғылық үйде де, түзде де. Әр жер әр жерден көздер сығалағандай... Кенет шыққан дауыстан жаны түршігіп, арқасын аяз қарығандай сезім пайда болды.
-Біз, сайтандармыз, сенің ерің Әзімханның санасын улап, жолынан тайдырған, сені бақытынан айырған біздерміз.
-Кетіңдер әрмен! Кетіңдер, құрыңдар!
-Жоқ, кетпейміз, сенің қандай күйде екеніңді еріңнің құшағындағы сайқалға жеткіземіз. Оның жаны кіріп, рахаттанады. Ал, сен азап шегесің!
-Не жазығым бар? Неге жазықтымын өйтетіндей?
-Сенің жазығың сол, бала-шаға, үй тіршілігі деп, солардың жағдайын жасаймын деп оған жөнді көңіл бөлмедің...
-Ойбай-ау, менің ғана бала-шағам емес қой...
-Бәрібір көңілді оған көбірек бөлуің керек еді...
-Көргің келе ме көңілдесінің қайтып жатқанын!
-Жо-жо-оқ... Қажет емес маған...
-Тіпті болмаса не деп жатқанын есті. Әне...
«Сендей еркек жоқ бұл дүниеде... Сен менің пірімсің, сен менің барымсың, байлығымсың... Сені өле-өлгенше сүйемін» деп жатыр. Сен өйтіп айттың ба? Жоқ, айтпадың. Сен оны сүйдің-ау, жаныңды ол үшін құрбан етуге бар болдың... Сүймедің демеймін. Тек оны уысыңнан шығарып алдың...
- Енді не істеймін?
- Ештеңе істей алмайсың... Анау сайқал менен де ақылды сайтан. Ол талай еркектің ығына жығыла тұрып айтқанын істетіп үйренген. Тәжірибесі мол, сен бейшара жастай тиіп, көргенің сол және оның бала-шағасы. Сондықтан, мен сенің еркек сымағыңды оған құл ғып бердім. Ал, сен талай қызықтан мақрұм қалған әйелсің. Сен өміріңді соған арнап жүріп талай дүниеден құр қалдың. Ал, ана әйел оны мақтап қойып, білгенін істей береді. Өйткені, өзін болашақта бағатын балаларын баққызып, өз тұрмысын жақсартуы керек. Мына сайқал заманның әйелі де сондай сайқал болады. Ал, сен ақымақ әйелсің!
-Болды, жетер енді! Қажама мені сен сайтан! Құрт көзіңді, кет аулақ!
Дірілдеп, өн-бойы қалшылдаған әйел орнынан тұруға қарекет жасап еді, қол-аяқтарын жерге шегелеп тастағандай қозғала алмады. Астындағы орындықты сайтанға қарай лақтырмақ болып ұмтыла беріп, шалқасынан тағы құлады.
Әдеттерінше түске қарай жиналып келген балалар ес-түссіз жатқан шешелерін қаумалай көтеріп, жатын бөлмесіне апарды. Бірі дәрігер шақыруға жүгірді. Әкелерінің телефоны өшірулі болып шықты. Әлдеқандай жамандықты сезгендей еді олар.
Дәрігер ем-домын аяқтап бола: - ол қатты күйзеліске түскен, оны медицинада стресс деп атайды, содан талып қалған. Біраз уақыт тыныштықта ұстау керек,- деді. Шамалы уақыттан соң өз-өзіне келген аналары болған жайды баяндап берді балаларына. Түсі сұрланып кеткен кішісі:
-Шаңырақты шайқаған ол әйелді мен атып өлтіремін де, әкемді алып келемін,- деп тұра ұмтылды.
-Ойбай, қой құрысын! Одан әрі кетсін! Сенің басың бәлеге қалмасын! Қоя қой, қой, - деп жаны шығардай тіксініп, анасы айқайлады.
-Болмайды, күнаһарлардың жазасын Құдай өзі береді, сен қолыңды былғап қайтесің..., -деді үлкені.
-Енді көзімізге көрінбесін, «әке» демейміз,- деді қызы.
Жан күйзелісі деген биологиялық құбылысқа санаң, денең, ойың, болмысың, жанарың, қозғалыс әрекетіңнің бәрінің қатысының бар екенін Күміс енді ұққандай. Ойында тек қана ол, бүкіл тұла бойы сал болғандай икемге көнбейді. Ешнәрсе ойлауға құлқы жоқ. Жанары күңгірт, солғын, қол-аяқ сананың бұйрығына көнбейді. Ілгері басқан аяқ кейін кеткендей. Сөйлер сөз таусылып, ертеңгі күннің шырағы әлсіз ғана жылтылдап сөніп бара жатыр.
Жасау-жабдығы келіскен өзінің хан сарайындай көретін үйі енді жат, жабырқау, сұр, көлеңкелі. Шетелден әкелген анау аспа шамдары көздің жауын алып, сан құбылып, жарқырап тұр. Соған неменеге жүгіріп, анау алыстан әкелдім?! Керегі не? Мынау дүниеден бір зат мұның күйзелісіне демеу бола ала ма? Жоқ, әрине... Сонда осы дүниенің бәрін не үшін жинаған?! Бұрын жатын бөлменің сәнін келтіріп тұратын жиҺазы, киім толы сөрелері де жүйкесіне тиді. Осының бәрінің қажеті қанша? Үлкен залда жиі бас қосатын қонақтардың жүздері келе қалды көз алдына. Оларды күтіп, не үшін шақырып, әуре болдым?! Не үшін... Не үшін...? Кім үшін... Кім үшін?
«Күлкі мен құлқында ар жоқ»,- деп көсемсіп отыр еді ғой анада біреу... Кім айтып еді?... Дегенмен, рас-ау..., ішегі шұрылдап, азық сұрағандай болды. Не жеп едім?! Әрі ойлап бері ойлап есіне түсіре алсашы. Қашан, не жедім? Құдайым-ау, есте сақтауым мықты еді ғой... не болды маған? Қашан, не іштім? Су да татпадым ба? Қой, бірдеңе ішкен сияқтымын...
Ас үйге барайын. Құдайым-ау, қол-аяғым қозғалмайды ғой... Алла сақтай гөр! Балаларға масыл болып қалмайын. Олардың күндері өзімен- бірі қызметіне, бірі оқуына, бірі бақшасына дегендей... тарап кеткен. Енді қайттым?»
Ұмтыла беріп сылқ етіп отыра қалды. Шынымен-ақ аяқтары жұмыс істемей қалған. Қаталап барады. Енді жүйке жүйелерінің бәрінде қаталаған қапас тұрды. Өмір деген қасиетті ұғымның құдіреті жеңе бастады. Өлмеу үшін қарекет басталды.
Есіне Ұлы Отан соғысының ардагері болған әке әңгімесі түсті. Бір майданда қатты жараланған ол ұрыс даласында қалып қояды. «Көзімді ашсам түтін, тұман араласқан дала тып-тыныш. Жақын маңда тірі жан бар екені сезілмейді. Қол-аяғы қозғалмайды, шамасы сол жақтан жараланған болуы керек. Енді қайттым?! Суықтан да үсіп қалғандаймын. Бір-екі қадам жерде жатқан неміс солдаты жақында ғана о дүниелік болған секілді, денесінің жылуы бар екен... Жан-дәрмен қолымды жылытып, жан шақырдым. Сонан соң, далада қалып өлмейін деген қорқыныш бойымды билеп, екі қолымды тіреп алға қарай сүйретіле бердім, сүйретіле бердім... Өліктерге үйірілген қарғалар шүйіліп-шүйіліп кетеді. «Құдайым-ай, осыларға жем қылмай-ақ қойшы...» деп жалына-жалына жылжи бердім. Қанша жылжығаным есімде жоқ. Естен танып қалған жерімнен медсанбаттың адамдары тауып алыпты. Аллаһым, сендерді көрсін, жар сүйсін, өмірдің дәмін татсын деген ғой, қарақтарым» деп әңгімелеуші еді.
Сол әке қасиетті жан екен ғой... Өмірді қандай сүйген? Әке рухы дем берген әйелдің де өмір сүруге құштарлығы оянды.
Жан-дәрмен аунап түсіп, бұл да екі қолын жерге тірей еңбектей бастады. Сұлбасын сүйрете-сүйрете асүйге жетіп, сүйеніп, шынтағын тіреп орнынан тұрды-ау, әйтеуір.
«Түу-у, бір жұтым су-ай! Сарайым ашылып, санам оянып, көз шырақтарыма сәуле қосқандай болды... Өмір дегенің бәрінен мықты екен ғой... Жан үшін, жарық сәуле үшін ұмтылдым-ау! Яғни, өмір деген ең қасиетті, ең қымбат, ең керек осы екен... Тағы да жылжып-жылжып диванға жетіп құлады. Сусыны қанып, шәрбат суын ішкендей рахаттанып, көзі іліне берді. Сол жатқаннан мол жатты.
Көзін ашса терезеден түскен күн сәулесі үй ішін нұрға бөлеп, төгіліп тұр. Айнала жап-жарық. Өн бойына қуат қосылғандай. Сал болмаған екен, аяқтары жаңа қадамды еркін бастауға икемделгендей... Шүкір, Алла!
Өмір дегенің бір сәттік сәуле екен ғой,- деген өлең жолдары санасына сап ете қалды.
- Жоқ, есім ауыспапты... Ендеше, алға ,жаңа күнге қадам аттайын!
Клара Қабылғазина