ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама бас...
Балаларға базарлық: Үш аңшы
Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу. Осы мақсатта «Мәдениет порталы» жазушы Әлібек Байболдың аудармасында әлем халықтарының ертегілерін жүйелі түрде ұсынбақпыз. Назарларыңызда «Еуропа халықтарының ертегілері» циклынан француз ертегісі «Үш аңшы». Мархаббат, періште оқырмандарымыз!
ҮШ АҢШЫ
(француз ертегісі)
Ерте, ерте, ертеде үш аңшы болыпты.
Екеуі – тыржалаңаш, ал үшіншісінің үстінде – лыпасы жоқ.
Аңшылардың үш мылтығы болыпты.
Екі мылтық – оқталмаған, ал үшіншісінде – мүлде оқ жоқ еді.
Аңшылар таңсәріде қаладан шығып, ұзай береді, ұзай береді, ұзай береді және де ұзай береді...
Олар орман жанынан үш қоян атып алады, бірақ соның екеуі ұстатпай кетеді, ал үшіншісі қаша жөнеледі. Олар қашып кеткен қоянды лыпасы жоқ аңшының қалтасына салады.
– О, тоба! – деді олар кейісті үнмен. – Қашқан қоянды қазанда қалайша қайнатпақпыз?
Сөйтіп, үш аңшы қайтадан жолға шығады.
Олар қаладан әлем алыстап, ұзай береді, ұзай береді, ұзай береді және де ұзай береді.
Сонан соң қабырғасы, шатыр-төбесі, есігі, терезесі, ештеңесі жоқ үйді көреді.
Үш аңшы үш дүркін қатты-қатты есікті қағады: тарс, тарс, тарс!
Үй иесі жоқ еді, бірақ ол:
– Кім-ей, бұл? Сіздерге не керек? – дейді.
– Қолғабыс берсеңіз! Қыш құмыра қажет. Біз соған қашып кеткен қоянды қайнатсақ деп едік.
– О, тоба! Достар, менде үш-ақ құмыра бар: екеуінің түбі – тесік, ал үшіншісі – тіптен жарамсыз!
Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.
Ертегі аудармашының ұсынуымен жарияланды. Көшіріп басуға болмайды!