«Есіңе мені алғайсың»: Елордада ерекше кеш өтті

Жаңалықтар
2369

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар..." деп Абай ақын жырлағандай, кеше бір есті әнді  жанды дауыста тыңдаған сырлы да, нұрлы сәт өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы» Елорда тұрғындары мен қонақтарына «Есіңе мені алғайсың» атты Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған музыкалық - поэзиялық кешті сыйға тартты.

Мұқағали поэзиясы жүректі тулатқан,жанды тебіренткен сезімдердің, кемел ойдың, биік парасаттың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің терең зердеден туған көркем дестесі ғой. Кеште ақиық ақынның осы дүниелеріне жазылған әндер шоғыры орындалды. Сүйсінткені - ән сөздерінің  әуен жетегінде көмескіленбей, онымен әсем қиюласып,айқын төгілгені. Әншілердің ән авторының миссиясын санасымен қабылдап,жүрегінен өткізгені  қимыл-қозғалысынан да, әнді шырқау нәшінен де көрініп тұрды. Содан болар әндер әуені жүрек қылымызды шертсе, сөзі тұтас ғұмыр, яғни балалық шақты, алғашқы махаббат сезімі, көңілдің кейбір сәттерін, қарттық ғұмыр секілді өмір белестерін көз алдымызда кинолентадай сырғытып, тірліктің мән-мағынасын сана биігінде бір салмақтап бергендей болды.

"Әннің де естісі бар" дегенде Абай хакім де бұл дүниенің осындай құдыретін меңзесе керек. Өнер сүйер қауым бұл кеште Сәулежан Тағзияның орындауында "Сәби болғым келеді", Светлана мен Қанат Айтбаевтардың орындауында "Ұнатамын мен сені", Елена Әбдіхалықова мен Алтынбек Арыстанбектің орындауында "Есіңе мені алғайсың", Арайлым Рақымқызының орындауында "Шәмші қайда", Майра Ильясованың орындауында "Қариялар азайып бара жатыр" және бір топ жас әншілер орындауында "Аңса жаным", "Айналайын " хорының орындауында "Оралыңдар" және тағы  басқа да әншілер орындаған біраз  әнді тыңдады. "Жылтыр көйлек" секілді "шөп те өлең,шөңге де өлең болып", "өмірді оздырып,тоздырып" жүрген әндер көбейіп кетті ғой бүгінде. Бұл кеш соларға кеткен есемізді қайтарғандай болды.Сөздің құдыреті салтанат құрды.Кештің мазмұнын бірқатар әннің табиғатына сай жасалған көріністер аша түсті. Мұқағали жырларының  да оқылуы бұл концерттің мағынасын тереңдетті.  Осылайша бұл ән шеруі қазақтың тіліне жотасын беріп тұрған  бас қаланы ән арқылы сөз киесіне тізе бүктіргендей болды. "Теп-тегіс жұмыр келген айналасы" дегенді Абай ақын осындай дүниелерге қарата айтса керек. Иә, есті ән  өнер туындысы ғана емес,ол - рух! Осындай кештердің жиі өтуі елордамыздың рухани келбетін айшықтап қана қоймай, ән сүйер қауымның талғамын көтеріп, көкірек көзін аша түсері хақ. Кейбір миллиардтар жұмсалып жатқан форумдарды мұндай кештер он орар еді.

Осы орайда классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымға айтар алғыс бөлек. Өйткені концерттің мазмұнынан бастап, ұйымдастырылу жұмысы осы сіңіліміздің еңбегі. Сондықтан оған және осы кештің жоғарғы деңгейде өтуіне ат салысқан шығармашылық ұжымға алда да жемісті еңбек тілейміз.

Айша Құрманғалиқызы Тұрмағанбетова,

Журналист

Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...