* * *Жер сілкінді,қашырды жел сұрқымды… Ер түркімді жалмады,көрші ұлтымды....
Луи Хорхе Борхес. Посейдон ғибадатханасы және тағы басқалар
ПОСЕЙДОН ҒИБАДАТХАНАСЫ
Меніңше бір замандарда теңіз құдайы, тіпті күн құдайы деген ештеңе жоқты; екеуі де алғашқы қарабайыр саналық тұжырымдар болатын. Ал теңіздер болғанды, олардың бірі - Посейден, бірақ ол да әлденендей құдай емес, зат сипатты теңіздің өзі еді. Ал құдайлардың шежіресі мен Гомер көптен кейін пайда болды, Сэмюэль Батлердің пікірінше Гомер Иллиядадағы карикатураның аралық тарауларын әр дәуірдің мысалдарымен бір-біріне жымдап байланыстарған көрінеді. Заман да, заман тудырған аласапыран соғыс та құдай бейнесін күлге айналдырып, кейінге тәңірдің басқа тәмсіліне айналған теңіз қалса керек.
Әпкем бірде барлық нәсіл атаулының Христиан діні келуден бұрын болғанын айтқанды. Өздері жасаған белгі, күмбездерге қарамастан Гректер де дәл солай. Ал дін дегендері шын мәнінде ережелер жиынтығы емес, керісінше бір қиял құрамасы болғанын әрі олардың құдайларының да тағдыр, жазмыш алдында шарасыз екенін байқаймыз. Посейден ғибадатханасы б.з.д бесінші жүз жылда, яғни философтардың әр неге күмәнмен жақындай бастаған кезеңге жуықтайды.
Әлемде әу бастан құпия болмаған ештеңе де жоқ, бірақ осы құпиялық кей нәрселердің басқа екінші бірінен айқындалып, ашыла түсуіне себеп болады.
ESJA OTELI, REYKJAVIK
Адам баласының өмірінде басынан кешкен көптеген қарапайым оқиғалар да игілік болып саналады.
Қонақ үйге енді ғана келіп едім. Ақ тұманның ортасында көр жанарыммен маған арналған белгісіз бөлмені сүзіп шықтым. Кедір қабырғаға баяу жақындап, жиһаздардың маңынан айналшықтап жүріп, цилиндр формалы үлкен бір бағанға тап болдым. Үлкендігі соншалық алақанымды жая, құлашымды кең ашсам да, екінші қолыммен қауыштыра ұстау қинынға соқты. Түсі аппақ екенін бірден сезе қойдым. Биіктігі өзі аласа төбеге дейін созылыпты.
Бірнеше секунд та болса адамның белгілі бір архетип ретінде көретін нысанының алдында жан дүниесіне әсер ететін өзгеше қуанышты сезімді мен де бастан кештім. Сол сәтте, Евклидтік геометриясының саф формаларын, цилиндрді, кубті, глобусты, пирамиданы алғаш рет көргендегі сезінген сол бір тәтті сезімнің дәмі тамағымда тұрғандай болды.
КЕМЕ
Ағаштан жасалған ғажайып бір мүліктің бүгінде күл-талқаны шыққан. Оның темір қылышты сермеп қалып (бейне аңыздағы тәрізді) және темірден Vae victis* сөздерін жаздырған Бреннның сойынан шыққан адамдар тарабынан ба, әлде басқа бірінің әмірімен қарарланып, жасалғаны белгісіз, себебі қаншама адамзат қазынасынан ғасырлардың тұманды жондарында көз жазып қалдық. Мұның бір замандарда жүздеген данасы болса да, бүгінде бәрі шаң қауып, топырақ астына жұтылған. Рона және Арв өзендерін, Еуропаның асқазаны саналған сонау тәтті теңіз суларын екіге жара алға ілгерлей тартты ма екен бәлкім, ол жағы да белгісіз, әрі біліп болмастай жұмбаққа айналған. Галлиялықтар оны Цезарьдан бір ғасыр бұрынғы ұзақ сапар үшін жобалапты, кейін он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде қаланың екі көшесінің түйіскен жеріндегі мазараттан бөлшектеліп күн көзіне шығарылып тасталған көрінеді, осынау жағдайяттардан хабарсыз сол кеме – бүгінде
Жан Кальвинның тағдыр туралы ілімін жариялаған шіркеудің жақын маңындағы бір музейге қойылып, көрермендерін қайран қалдыруда.
*Vae victis:( ˈwae̯ ˈwiktiːs, латын тілінде – «жеңілгендерге қасірет») – жеңімпаздар әрқашан өз шарттарын айтып, үстемдік құрмақ, ал жеңілген тарап қандай да бір қайғылы жағдайына дайын болуы керек.
ШТАУББАХ
Лаутербруннендегі Штауббах – Ниагара Сарқырамасы сияқты атақты болмаса да, мөлдір суы шашырай аққан көрген жанның көңілінен кетпес көркем бір сарқырама. Онда 1916 жылы белгілі себептермен жолай соқтым. Сонау ерте заманнан бері үлкен биіктіктен құлай аққан сарқыраманың екпінінен пайда болған көлшіктерге құятын, тас арасынан сылдырай аққан ғажайып су дыбысы естіледі. Судың тоқтаусыз сылдыры, жырақтағы ауылдың әлдеқандай жайбырақат тіршілігін еске салады. Онда болған сол бір түн бізге өзгеше бір рахат сыйлады.
Алуан әлемді Швейцарияда әрненің көптігі сондай, тіпті жаныңызды жайлаған қорқыныштан арылтуға мүмкіндік беретін де орындар бар.
ШӨЛ
Пирамиданың үш жүз-төрт жүз метр маңына барып, жерге иіліп алақаныма құм толтырдым, барынша еппен құмды сәл алысырақ шашырата төгіп жібердім де бәсең дауыспен былай дедім: «Мен Сахара Шөлін өзгертемін». Істегенім елеусіз ғана бір әрекет еді, бірақ толқи айтқан бір ауыз сөзім шынайы болатын және оны ұзақ бір өмір сүргенім үшін ғана айта алғанымды түсіндім. Сол қас қағым сәт Мысырда бастан кешкен естеліктерімінің ең мағыналыларының бірі еді.
ТИГРЕ АРАЛДАРЫ
Менің білуіше басқа ешбір шаһар, мимырттап болса да жылып аққан өзен сулары бойында бір-бірінен жырақтаған және көзден ғайып болған жап-жасыл аралшықтардың өзгеруімен қайта туған бір үйір жұмбақ аралдың сұлулығына теңдесе алмасы анық. Өз көзіммен көрмеген осы аралдардың бірінде Леопольдо Лугонес өз-өзіне қол жұмсағанды; Бәлкім ол осынау ғаламдағы әрнеге арнап метафора, сын есім, етістік табу сияқты “қиямет” бір міндеттемеден құтылғаны үшін ғұмырында өзін тұңғыш рет еркін сезінген шығар.
Көп жылдар бұрын көз алдымдаТигре шаһары, Конрадтың кітаптарыдағы Малай немесе Африка сахналарын еске салып, бәлки жаңылыс суреттердің жандануына себеп болғанды. Көрер көзге өтпестей көрінетін әр жексенбінің қоладан соғылған мүсін сияқты ертеңге қалмасы бесенеден белгілі болса да, мен осы бейнелермен бір ескерткіш тұрғызар едім. Тигренің құрлықтары бітпей жатып тұтқиылдан тоқтағанына қарамастан жібін үзбейтін, сол себепті де мен үшін әлі күнге ақындардың ішіндегі ең жұмбағы болған Горацийді есіме алып едім. Оның классикалық (ойлау) менталитетіне қарамастан, ескіні тағы да қайталй беруден әдейі бас тартуы әрине орынды еді. Жоғарыда жазғандарымды қайта оқығанымда әлемдегі әр нәрсенің мені бір дәйексөз немесе бір кітапқа бастайтынын ащы бір сағынышпен сеземін.
ФОНТАНДАР
Қаламынан бір сыпыра ғажайып туындылар шыққан Леопольдо Лугонестың бізге мынадай қуатты тіркестері жетіпті: «не де болса мен альпинисттің бірімін, шаңғымен достығының – адам рухы үшін қандай маңызды екенін жақсы білемін».
Мен Лугонесті альпинист деуге болатынына сенімді болмасам да, бұл географиялық сенімсіздік, оның өзіне қарата айтқан бір ауыз тіркестің эстетикалық мәнінен маңызды емес.
Ақын адам баласымен шаңғының жақындығын тілге тиек етсе, мен одан да тамырлы әрі жұмбағырақ басқа бір достық яғни, адамзат пен судың жақындығы жайында меңзеп өтейін. Одан да терең, тамырлы дедім, себебі біздің пайда болуымызға бірден-бір себеп болған нәрсе ет пен сүйек емес; бірден ойымызға уақыттың жылжуымен жетіліп, белгілі процес арқылы қалыптасатын жаратылыстың белгі, ишараты саналатын су келеді. Бұны Гераклит баяғыда-ақ айтқанды.
Әр қаладан бірсыпыра субұрқақ табуға болады, бірақ олардың жасалу мақсаттары да алуан түрлі. Ажар нәсілінен тараған халықтарда субұрқақтар ескі замандағы шөлде жасаған қауымның сағныш, аңсарын білдіреді, бүгінге жеткен мәліметтерге қарағанда бұл елдің шайырлары, цистерн (жерасты су қоймасы) яки, бір оазистен (шөлдегі өсімдіктері мен суы бар жер) қасиет тұта, медет сұрайтын көрінеді. Италияда субұрқақтар – Италия рухының типтік өзгешелігі саналған сұлулыққа тән қажеттілікті білдіреді. Швейцария қалалары алаңдарындағы субұрқақтар – атақты Альпі тауындағы сарқырамаларды символ еткені айтылады. Ал, Буэнос-Айрестегі субұрқақтар – Женева иәки Базельдегі фонтандардан да сәнді әрі таңғаларлық.
Аударған Естемес Шакіржан