Маған оқырмандар көп-көп сұрақ қояды. «Өлең қалай туады?» «Жазушы лабор...
ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ. АБАЙДЫҢ ДОСЫ
Періште: «Мен саған Алла тарапынан жіберілген елшімін.
Сен досыңды қаншалықты жақсы көрсең,
Раббым сені соншалықты жақсы көреді.
Соны саған айтқалы келдім».
Мұхаммед (ғ. с) Пайғамбардың хадистерінен.
Адамда дос көп болмайды. Кемеңгерде — екібастан..
Достықтың идеалдағы аңсары бар да, шындықтағы психологиясы бар.
Идеал дегеніміз не? Қиялдағы кемелдік. Абай өз көңіліндегі кемел достықтың бейнесін «дос-асық» деп атады.
Достық туралы, сопың ішінде идеалдық мағынадағы достық туралы пәлсапалық пайымдар, өмірлік, әдеби мысал, үлгі көп-ақ. Біз оған айналмаймыз. Біз Абайдың өмірі мен өлеңіндегі он сан өрнек достық тәлімінің бірер арқауын ғана тарқатып көруге тырысамыз.
Абай өлеңінде жиі қайталанатын сөздер — кемеңгердің жан дүниесін, ой-аңсарын ұдайы тербеткен көкейкестісінің көрінісі. Сол сөздердің бірі — осы «дос».
Дос-асықтың болмайды бөтендігі
Қосылған босаспайды жүрек жігі,—
деп қиялдағы қаяусыз достың дидарын нұсқалап алған соң, шындықтағы көңілі қалған достығының жайын да тура тілді Абай күлбілтелеп, майдалап жатпайды — жалғаншы достың жүрегін зырқ еткізіп, айтып-ақ салады:
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Достық культін қасиет тұтқан, достықты адамгершілік-этикалық идеалдың негізі деп қараған, қайсыбір достарынан қанша көңілі қалса да, достық рухына адал ер көңілді Пушкиннің өзінен кейде осыған ұқсас аяусыз, ащы сырлар естисіз:
Что дружба? Легкий пыль похмелья,
Обиды вольный разговор,
Обмен тщеславия, безделья,
Иль покровительство позор.
Кейінгі зерттеушілердің анықтауынша, Пушкиннің «Моцарт пен Сальериді» жазуына түрткі болған да – белгілі ақын досының күншілдігін сезуі көрінеді. Пушкиннің дуэлі төңірегіндегі естеліктерге қарап отырсаңыз, ақынның сол тұстағы дос, тілеулестерінің көбі — көз алдарында күннен күнге ширығып, өршіп бара жатқан қырғын қызық драманың бейтарап көрермендері ғана екенін көресіз. Немқұрайдылықтары сонша, солардың бірі Ресейдің ең ұлы, ен ақылды адамының қорлық, мазақ, намыстан тұтанып кете жаздап жүрген сәттеріндегі темпераментіне қарап, «арғы атасы — мавр еді-ау, айтпақшы» деп күнделігіне түртіп қойыпты...
Абайға қамшы көтерілетін Мұқыр болысының сайлауы тұсындағы оқиға да маған достық пен сатқындықтың мәңгі егіздігі туралы хикая сияқты көрінеді.
Әрбір қораш «меннің»—өзінен зор көкірегі бар. Маңына үйірілген бір кездегі «достарының» кебі, күшке — қару, айлаға — ақыл, қисайғанға — тез, дау мен сөзге — қазылық, бедел — бәрі бір басынан табылатын Абайдың жанында өзінін сол кішкентай «мендігінен» айырылып қалатындар болатын. Абай —олар үшін тағдырдың зор әділетсіздігі еді. Тірліктегі абырой, билік бөлісінде Абайға ылғи ғана есесі кеткен, жемтігін еркін алып жеуге жолындағы ашулы арыстаннан қаймығып, шибөріше шуласқан ұжымшыл топқа қарап, арыстаны айбатты, шиебөрісі түгел заманның жабайы сұлулығына тәнті боласың.
Аңыздағы сұлулығына...
Егер істің бетіне тура қарайтын болсақ, пәни-жалғанның жалған жеңісі сол достарға бұйырды — Оразбай, Күнту, Жиренше... тағы басқаларға. Абайдай досты сан қайтара сатқан Өзімшілдіктің қорқылдаған құрдым ындыны Достың тұщы етіне ащы таяқ тигенде де тойған жоқ. Абай таяқты бір кездегі достарынан жеді. Абай ең зор қайғыны достарынан тартты. Абайдың аяулы аты, абырой-даңқы – қалған қазақтағы тілеулеске айбар, дұшпанға — сес еді. Досынан басқа қазақ Абайға таяқ көтермес еді. Таяқ көтермек түгіл, қамшы кезеп сөйлеуге дәті шыдамас-ты.
Ал... достың жөні бір басқа.
Абай өміріндегі достықтың үлкен бір Тәлімі —осында.
...Қолдап достық жасап ем болар-болмас,
Ит мұрындай наданның жыртты бірі.
Абай өзі «қолдан жасап», өрнегін аялап тоқыған «болар-болмас» достығының арқауын үзіп кете беретін психологияның (достық психологиясының) табиғатын сезіп, байыптай алды ма? О, әрине! Кемеңгер түйсік сұрайды:
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау,
Жан жай тапса сен неге
Жат мінезсің самарқау?
Түсініп тұрып, біліп тұрып сұрайды. Түсінгендігі, дос мінезіндегі құбылысты анық танып, айнытпай бедерлегенінен көрінеді. Абайға тағдыр сыйлаған достықтардың айқын бір типі, тұтас бір психологиялық зерттеуге жүк боларлық көркем сипаты бар осы жолдарда. Белгілі: кінәласып отырғаны — жақын досы. Өйткені мұндай айқын мінез, анық сурет, дәл деталь, толқулы көңіл сазы — өлеңге нақты өмірден, шымырлаған жан тереңінен көшеді. Абайдың осы досы — әлем лирикасындағы бедерлі бейнелердің бірі. Тірі адамда болатын бір алуан достық сезімінің қайшылығынан кемеңгердің түйсігі танып, өнері өрнектеген жан, мінез құбылысы бұл... Мына досына — кіріптар, мұқтаж Абай қымбат. Мұның көмегіне, ақылына зәру Абай бағалы. Акуланың тісіне тұрып қалған етті шұқып жеп күн көретін тазалықшы күрт шабақша ол өз қызметінен ірі мағыналар көреді. Абайға еткен жақсылығы — айналып келгенде, өзімшілдіктің тоқтығы үшін, кісілік мақтан, маңыз үшін ғана. Оған мықты, күшті, «жаны жай тапқан» алаңсыз достың керегі жоқ. Мықты Абай бұл «досқа»— мықты кедергі.
Бұл — қанша доспын дегенмен, жайшылықта, қатар тұрып өкшесін қалай көтерсе де, Абайдың иығына жетпейтін басының қадірсіздігін кек көрген шамшыл санадағы кембағалдық комплексінен туатын сезімдер. Мұндай қарым-қатынасты достық өрісіне жатқызуға болады. Бірақ, бұл — өзімшілдік аздырған, қызғаныш тоздырған достық. Абай... бәрін көріп отыр. Біледі — бұл ауру жазылмайды. Онда:
Қайтіп келер есікті
Қатты жаппа, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де
Керек күні бір бар-ау!—
дегені несі? Қайтып кел дегені ме? Тағы да керекпін дей ме? Жоқ, қайтып келмейді. Есікті «қатты жапқан», жетілген, жеткен дос қайырылмайды... Қайырылды — бірақ жау боп шапты: Оразбай, Күнту, Жиренше... тағы басқалар.
Қайтіп келер есікті
Қатты жаппа, жарқын-ау!..
Абайдың ақылы біледі — қайтып келмейді! Бірақ, шын достың жүрегі — асыл. Тот баспас, кіршік шалмас. Мынау есік — Абайдың өз жүрегі үшін ашылған есік. Асыл жүректің, үзілмес, тозбас үміттің кеткен досқа кешіріммен, мейірмен, махаббатпен жасаурай ашылған аялы жанары.
«...Көңіліне билетіп отырушы еді...»дейді Тұрағұл, Абайдың достығында да жүректің билігі үстем. Ал, сенген Жүрегі аяғын шалыс басуға құмар, адастыруға асық. Күйетін де — өзі.
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесін —
Өмір қайда, дос қайда?!
«Дос» ешқайда кеткен жоқ. Баяғы ақыл байқап, ой шамалаған жерде жүр. Тек... жүрек көнбейді. Жүрек күйеді...
«Не пайда?!»
Пушкин «Пушкиннің альбомына» өлеңінде достық «қатал уақыт, қаһарлы тағдырдың алдында да мәңгілік, о қымбаттым!» дейді. Достық өлшемі (критерий) Абайда да, Пушкинде де өте биік. Бірақ, Пушкин — қаталырақ. Сатқан досты кешіру мүмкін емес.
Но если сам прозренной клеветы
Ты про него невидимым был эхом;
Но если цепь ему накинул ты
И сонного врагу предал со смехом,
И он прочел в немой душе твоей
Все тайное своим печальным взором,—
Тогда ступай, не трать пустых речей —
Ты осужден последним приговором.
(«Коварность»)
Пушкин — үзілді-кесілді.
Ал, Абай кеткен досына қайтып келер есікті қатты жаба көрме дейді.
Холерик пен сангвинниктің айырмасы!
Пушкин — үзілді-кесілді, өйткені ол жалпы дос, жалпы сатқындық туралы айтып отыр. Жалпыны «соттау» оңай. Абайдағы кейіпкер — анық дос, адресі нақты адам екені өлеңнің интимдік сазынан байқалады.. Бұл — Абайдың ақыл айтып ұрсатын, сөгіп-сынайтын үйреншікті қазағы емес. Абай теңдесімен, сырласымен кінәласып отырғандай. Лирикалық «менде» кек жоқ — кеңдік бар. Жазықсыздың «Бұл не қылғаның?!» деп аңыруы бар. Рас, сонымен бірге, өз арының тазалығына сенген моральдық мығымдық та бар.
Пушкин дос пен ғашықтан көңілі қайтып, отбасы, ошақ жылуына, отандық сезімге ендігі қымбатым деп қайырылғанда, Абай:
Қызықтан өзге қалсаң бос
Қатының балаң, досың бар
деп соңғы қалған қимастарынан досты ажыратпайды.
Жай пенде үшін де тағдырдың сирек сыйындай ақаусыз шын достық, биік достық ұлыларға да бұйыра бермеген. Бірін-бірі терістейтін көп мысалдар келтіруге болар еді. Моцарт пен Сальери — аңыз ғой... Шын өмірдегі, айталық, Руми мен Мухаммед Табризидің «дос-асықтығы», «Ницше мен Вагнердің шәлкем-шалыстау, Блок пен Белыйдың қиянпұрыстау, Верлен мен Рембоның былғаныштау, Сент-Бев пен Гюгоның арамзалау достығы... Шеллинг пен Гегельдің бақталас бәсеке-достығы, Маркс пен Энгельстің рухани-практикалық тұрғыдағы мінсіз сұлу, Ли Бо мен Ду Фудың романтикалық сағыныш сазды достығы... Маяковский мен Бриктердің түсініксіздеу «үштігі»... Және сондай көп мысалдарға қарап отырсаңыз, ұлы тұлғалардың біразында пікірлестікке, мүдделестікке (әрине, белгілі дәрежедегі психологиялық сәйкестік те бар) негізделген достық-сыйластық басым екенін көресіз. Пікір, идея үйлеспеген, мүдде қайшы келген сәтте (ал ондай, сәт сөз жоқ, туады) — бұл достықтың ғұмыры тәмам. Байлық, биліктің, сондай-ақ, кейде шығармашылықтың да қуат көздерінің бірі — бәсеке. Бәсеке түбі — әлсіздің қызғанышын, бағы кемнің күншілдігін тудыруы мүмкін. Жолы болғаның мардымсуын да есептен шығаруға болмайды... Бәсеке үшін — күштің, жағдайдың теңдігі шарт. Достық — шарт емес. Сондықтан бәсеке-достық та ғұмырлы достық болмайды. Абайдың шығармашылықта бәсекелесі жоқ, — басы ашық. Бірақ, өмірдегі атақ-абырой үлесу, сыбаға бөлісу жолындағы бәсеке-тартыстан шет қалар жан және жоқ. Абаймен бәсекеге кез келген қазақ түсе бермес. Абаймен бәсекеге тек достары түспек! Базаралы айтпақшы, Құнанбай баласы — құдай емес. Демек, Абай — өздері сияқты жұмыр басты пенде. Қойнынан кіріп, қонышынан өріп шығып жүрген күнделікті, үйреншікті достар, ең алдымен, осыған бір көз жеткізіп, көңіл демдесіп алар. Қалай кездеп, қалай қарыстаса да, пенде-Абайдың бойы олардың өлшеміне толық шақ келер. Абайдың ақындығы деген не? Ақындық — байлық емес, билік емес. Өлең — сауық аңдыған, сөз күйлеген жұрттың ермегі. Байлық – атақ, билік – абырой. Ендеше, абырой, атақ неге ғана Ырғызбай, Құнанбайдың зорлықшыл әулетіне бұрылады да тұрады? Және, бұрын беретін – неге ылғи ғана Абай болады? Абай әділетшіл болса, шын-ақ ақылман болса, шын-ақ дос болса, демек, бізді өз басына тең көрсе, неге, мәселен, мына мен болыс болмаймын? Мен кімнен кем? Менің де артымда ел бар. Ол елдің Ырғызбай баласынан көрген зорлығы бар. Аналар – Абайдың туысы болса, мен – досы емеспін бе?...
Абайдың күйкі достарының бір парасы осылай ойлайтын болар... Жаны бар ой. Абайда, қанша дегенмен, саналы-санасыз түрдегі әулеттік эгоизм бар. Рас, сонымен бірге, елді ақылды, білімді, әділ адам, не соның ырқындағы жөнбілікті кісі басқару керек деген сенім де бар.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Абай өз бағасын біледі, сондықтан жұрт меңгермек — не өзінің, не айтқанын тыңдатар, кеңесін өткізер туыстарының үлесі. Бірақ, Абай түбі сені пәлен жасаймын деп ешкіммен достаспаса керек. Бұл – Абай достығының «жоспарында» жоқ есеп.
Достарының өлшемімен осынша апшыған Абай — алысуға да болатын, шыдатпай бара жатса, қол жұмсап жіберуге де лайық пенде. Көп болса, өздеріндей атқамінер, көп болса, Құнанбайдың баласы — құдай емес.
Осы сипатты айдаһарларды Абайдың өзі жемдеп семірткені, кейін өзін көзден дәл атқыш мергендерді өзі баулығаны тағы ақиқат.
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды – мені атты, –
деп, сол дос-сыбайластарын айтып отырғаны күмәнсіз. Абайға жақын жүріп бойы үйренген, сырын алған, жауын мұқатудың, кісі жиын партия құрудың, алыс-жұлыста орайын тауып оңдырмай түсірудің, ашумен ықтырудың, айламен шалудың, күш, зорлық қолданудың барша құрал-тәсілін игеріп, жұрт меңгеру енеріне Абайдың өзінен қанығып, жетіккен сенімді достары енді жау боп қайырылғанда, өкте дұшпан бір төбе де, кеткен досы — бір төбе.
«40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі: өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі: күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия тартыстың, билік, әкімшіліктің жолындағы ру басшы, ел меңгерушісі Абай» – дейді Мұхтар Әуезов (Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы, 1927-33 ж").
Меніңше, өнер мен өмірдің, жаңағы екі Абайдың арасындағы жолайырық – Абайдың өмір күресіндегі жеңілісінің, өнер дүниесіндегі жеңістерінің басы – осы достары сатқан шамадан басталады.
Бұл — Абайдың достары астыртын ымыраласып, Абай мен Оспанды жығып, Күнтуды болыс қоятын жылдар.
Мұхаң айтқан жаңағы «екі Абайға» келейік. Өз ортасынан озбаған, өз келесінің шартынан шықпаған, өз заманының жемісі, өз тұсындағы жол-жобаның құлы — «бірінші» Абай да жау бетке сол достарымен бірге бөлініп шыққандай. Өзінің де тастай алмаған, өртеп жіберейін десе, өртей алмаған «жұртқа көрсетіп жүрген ескі тондай» (М. Әуезов) бұл болмысы — Анық Абайдың будан былайғы басты жауы. Көп жыл қатар жүрген, тізе қосып қимыл жасасқан, бірігіп алысқан, жеңіскен достарының ендігі айныған, кекті жүректерінің айнасынан Абай, бәлкім, өзінің сол бейнесін, бұрынғысын анық таныған болар. Суреткер материалды қайдан алады? Өмірден, рухани тәжірибеден – өз болмысынан. «Бірінші» Абай, сондықтан, суреткер-ойшыл-адамгершіл-азапкер анық Абайға көп материал берген. Демек, өлеңдерінде кемел көркемдік бітім тапқан, эстетикалық, моральдық тұрғыдан сыбаға-бағасын алған жалпы қазақтың мінездер қорында Абайдың өз үлесі де аз болмау керек деп шамалаймын.
Шындығына келсек, сол достарының көбі Абайдың өмір күресі, тіршілік тартысында және оның таза қазақы жолында тапқан, құрал ғып қолданған адамдары. Және, жау боп қарсы тұрысқанда да, достары Абайға сыбағалы уды нақ сол жолмен әкеп тартты. Абайдың өзінен теуіп, қиыс тартқан бұралаң-шәргез соқпақ, барынша ұзап шығандаған тұста... Абайдың өзіне кеп түйісті. Шеңбер тұйықталды... Басқаша жол жоқ-тын.
* * *
Әлем келбеті (көркем шығармадағы) жанрға тәуелді. Әр жанр бейнені өз мүмкіндігімен, өз тілімен, өз заңымен сомдайды. Демек, біз білетін анық Абай, лирикалық «Мен» – өз өнерінің айнасындағы кемел Тұлға. Естеліктегі, аңыздағы Абай – ел көзімен, замана қалыбымен өлшенген «сыртқы» Абай.
Бір қызығы, Абай туралы аңыздарда кемеңгердің тірлік жүзінде көрінген артық-кем мінездері, достықта, жаулықта қылған қайраты мен өмір күресінде жұмсаған әрекет-амалдарының оң-терісі – келіп-кетері жоқ бейтарап төреліктің емес, Абайға тілеулес, дос көздің әділетімен таразыға түседі де тұрады.
Абайдың тұщы етіне ащы таяқ тиетін әйгілі Мұқыр болысының сайлауы тұсындағы оқиғаларды сараптасаң анық Абай — аңыз бен ақиқат болып екі жарылады. Бірі — жауын кешіріп, елдің тыныштығын, ұйтқысын сақтаған Абай. Бірі — өзін сабағандарды шағып, сенатқа орысша өте сауатты арыз жазған Абай. Білгіштер екі жарылады: біреулері «аңыздағының бәрі өтірік, бояма, идеализация» десе, екіншілері «бәрі рас, бәрі осылай болған, сенатқа арызды ет қызумен туыстары ұйымдастырып жіберген» дегенді айтады. Жөн-ақ. Бірақ, одан не өзгереді? Жазса — жазуға толық хақылы. Өз қолымен жазғанда да заң жөнінен, адамдық хақы жөнінен ешкім кінә қоя алмайды. Өнерінде адамшылықты, әділет пен рахымшылықты алтын қазық еткен кемеңгер өмірде бірыңғай «жылы жүректің» дегенін ұстана алмай қалып жатса, оған тіпті де жазықты емес. Бегеш би айтпақшы, «құдайдың берген бағын көтере алмаған» кеселді көп, топас тобыр айыпты. Заманы жауапкер. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп қан жүректі қайғылы сол өзі мен ортасының осындай шешусіз шие түйіндеріне нұсқайды.
Сонымен, бір қисын — Абай өз жауларына нақ осы жолы да рақымсыз болды, өкіметке шағым түсіріп жазаламақ болды. Ол жаулары Абайдың ұлы жүрегінің кешіріміне лайық қазақтар ма еді — оны да қоя тұрайық. «Досыңа достық — қарыз іс, – Дұшпаныңа әділ бол» демеуші ме еді анық Абай? Мына Абай сол үдеден шыға алды ма? Және біз оған төрелік айта алармыз ба? «Досына достық – қарыз іс» – түсінікті. «Дұшпаныңа әділ бол»ше? Әділ болу — міндетті түрде мейірімді болу емес. Қылғанына лайық жаза кеспек те – әділет. Қанша дана болса да, мейірім-шапқат, рақымшылық туралы өзгеге қаншама ғибрат, өсиет үйретсе де, бұл дүниеде көрген жәбірін о дүниенің әділетіне, жаппар иеміздің жарлығына тапсырып, әрекетсіз қарап отыру үшін, Абай — Абай емес, сопының монтаны болу керек. Адам бойындағы кемшілікке кешірімсіз ақын, өзіндей пенденің зорлығы мен зұлымдығына, қысас-қорлық, қастығына төзуі мүмкін бе? Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ашық пікір болып айтылмағанмен, бүкіл шығармашылық рухынан танылатын этикасы мен мораліне бұл сиымсыз. Абай – тақуа емес, сопы емес, бәрінен бұрын — теңдессіз ерен «Мен». Алла туралы толғануы, «ақылға симасты» ақылға салуы, оның сол алапат «мендігінің», тұлғалық, орасан қуатының көрінісі. Нәтижесін алдын-ала біле тұрып, «өлшеусізге» өлшеу іздеген тәкаппар, кемеңгер парасаттың шексіздікке құлаш ұрған қанағатсыз аңсары.
Абай, ең алдымен, суреткер, ақын. Ақын болғанда да, арғы-бергі қазақ тағы ең зоры. Ондай өлшеусіз өнер сиған «қалыптың» да жайдақ болмасы белгілі.
Осыншалық шалқар Бітімнен әулие жасаудың қажеті де жоқ, болатын. Шындық та осыны құптайды. Арыз ақыры, архивтен табылды — орыстар айтпақшы, жазылған нәрсе балталасаң да өшпейді екен. Ал, аңыздың куәлігі Абайды басқаша кейіптейді. Айтылмыш сайлаудағы Оразбайлар тобының қастығынан соң, әр рудың игі жақсылары Абайдың кегін әпермек болып жиналғанда, сөз бастаған Бегеш биге қарап отырып, кемеңгер: «Мені бір ит қапты ғой. Қапқан иттен өш аламын десем, мен де ит болғаным ғой. Айыпты әпермеңдер, аяғыма жықпаңдар» депті. Осы аңыздың енді бір әдемі нұсқасында Абай парасаты тіпті кең өріске шалқиды. Ол билерге берген жауабында өз әулетінің Жігітекке көрсеткен зорлығы мен қысастығын еске алады. «Өздерінің бұзықтығынан, тентектігінен болған шығар. Бірақ, біздің рақымсыз, мейірімсіздігімізден де болды... Heше рет Жігітектің адамын айдаттық, малын талауға салдық, жеңдік. Бірақ кек артынан кек туды... Қырық жыл елдік жоқ болса, қырық жыл жаулық та жоқ... Енді осы істің артын кексіз тарқатсам деп отырмын». Аңыз бойынша, осымен бітім болып, ел ұйытқысы қайта тұтасады. Бәлкім, аңыз тым-тым әсем шығар... Рас, архив құжатының сезімсіз куәлігіне көпе-көрнеу қайшы келіп-ақ тұрған шығар... Бірақ, мен үшін осы аңыздағы Абай, анық Абай қымбат! Аңыздағы (шындықтағы!) Абай, жылы жүректі, кең ақыл кемеңгер — потенциалды ақиқат. Өлеңдегі Абай, заманының қиян-кескі талқысынан бөлініп-жарылмаған бүтін Абай — өмірдегі, дәл осы аңыздағы кесек тұлға, кең бітімнің нақ, прототипі, түпбейне-негізі. Өксігін ішке тығып, жанға батқан жарасының аузын басып отырып, жауына кешірім қылатын кемелдің нақ өзі. Аңыз да — өнер, өлең де — өнер. Аңыз-Абай мен; өлең —Абай бірін бірі дәлелдегі, бірін-бірі айқындап, анық Абайды нұсқалағандай.
Абайдың кешірімі — Иассауи уағыз қылатын: «Зәлім егер жәбір қылса, Алла дегіл» емес. Бұл — христиандық көнбістік пен мойынсұну, толстойлық «зұлымдыққа қарсыласпау» емес. Өзгеше абайлық таным, адамгершілік сенімнен — абайлық әділеттен туған үлгі. Өзінің қадірін білгендік, қазақтың дәстүрлі айтыс-тартыс рәсімі шеңберіне симайтын зор тұлғасын танығандық.
Кемеңгер кейінгіге өнерімен ғана үлгі емес, соқтықпалы-соқпақсыз тіршілік-кешуімен де сабақ.
Өмірдегі алды – кең, ақылы – әділ, беделі – зор Абайдың өлеңдегі ересен Тұлғасымен рухани мазмұндастығы – Абай туралы аңыз-естеліктердің қайталанбас қадір-қасиеті болып табылатыны сондықтан.
* * *
Достықтың сыры көп... Достықтың мың түрлі реңі бар. Достықтың болжаусыз өрісін шиырлап мың бұралаң жол жатыр.
Достық – рухани деңгейлес адамдардың еншісі. Кемеңгердің теңі табылмағы –қиын іс. Абайдың өзіндей ақын болу шарт емес. Бірақ рухани өрісі, жан қуаты жетеқабыл кісі болуы міндетті. Достықтың өзге туыстық-жақындықтан ерекшелігі – поэзиясында. Ең тәтті сыйластық, ең ыстық туыстық, бұл тұрғыда қарапайым достыққа теңесе алмайды. Ең қарапайым жанның жүрегінде поэзия – махаббат пен достықта көрінеді. Ең елеусіз пенде – махаббат пен достықта кемеңгер шығуы ғажап емес!
Тіршілік күресіндегі тізелестің, ынтымақ қосқан мүдделестің, немесе жай тілеулестің жөні бөлек. Мұны – дос көңіл дейді. Пікірлестік – сыйластыққа, мүдделестік – сыбайлас-жаһаттастыққа әкеледі. Ал, достық... Бұл да – махаббат. Адам жанының өз «мені» шеңберінен ұлғайып, өзге бір «меннің» рухани өрісіне ұласуы. Өз «мендерін» тұтастырмай, яки өз «мендерін» бір-біріне «кепілдікке» қоймай, сол арқылы өздерінің шынайы биік «мендігін» іздемей, достық жоқ. «Қосылған босаспайды жүрек жігі» деп Абай осыны айтса керек. «Шын дос – жер бетіндегі игіліктің ең зоры, әйткенмен, біздің ең аз іздейтініміз де – сол» – депті атақты француз моралисі Ф. –де Ларошфуко. Бұл ақиқатқа тар жол, тайғақ кешулі өз тағдырының мағынасымен жеткен Абай
Құдай берген бұл достық кәннің бірі
Сырласқанда қалмайды көңіл кірі, –
...Достықтың сыры көп. Достықтың мың түрлі реңі бар: дoc-жау, дос-бәсекелес, дос-тілектес, дос-пікірлес, дос-сыбайлас, дос-құл, дос-әзәзіл, дос-деспот, дос-ұстаз, дос-шәкірт, дос-серік... Осылардың ішінде тірі пенденің қолынан келер достықтың ең асыл мағыналысы — Абай айтқан «дос-асық» болса керек.
Абай сол Досын тапты ма?
«Ақында адамзаттан дос болмайды»—дейді Мағжан.
Мағжан — романтик. Романтикалық дәстүрде, меніңше, тұлғаның шындығынан гөрі, оқшаулығы мұрат. Ал, Абай — реалист. Абайда романтикалық үзілді-кесілді үкім жоқ, аңсардағы әсемдікті (дос-асықты) іздеудің қажыры, табудың үміті бар... Тапты ма?
Мен білмеймін. Менің білетінім — Абайдың достық идеалымен, достық аңсарымен ғұмыр кешкендігі.
Білетінім — Абай, әйтеуір:
Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан,—
деп, сол қиялдағы аңсарына, өзі іздеген, өмір бойы іздеген ақаусыз достың аяулы дидарына таппаған асылын мұң ғып шаққан, жетпеген арманын шер ғып шерткен бір зарықты мінәжатпен қарайды...
* * *
Абайдың ақылына тәнті, білігіне ғашық, кеңесіне құмар жанда, әлбетте, есеп жоқ. Абайдың әділетіне жығылған, туралығын мойындап, адамгершілігін таныған, қолдауына, қамқорлығына зәру қауым және бар. Абайдың бұдан басқа да тілеулестері, жақын-жуығы аз емес. Осының біразы, дағдылы жолмен, «дос» деп те аталады. Абайдың Найман еліндегі пәлен досы, Керейдегі түген досы... дегендер де толып жатыр. Бұлар, шынтуайтында, жаңағы «қазақы» жолдағы ымыралас, жай сыйлас, бастас адамдар. Өз елінің белді кісілері. «Сыйлас» деуге болғанмен, «бастас» деу де шартты — қайбір тұрғыдан дәрежелес қана болуы мүмкін (мәселен, ол да болыс, ол да бай, би, шешен дегендей). Сол тұстағы біртегістеу қазақтың жайпақтау төбесінен ата қаздай мойны озық шыққан Абаймен бастас, яғни, білік-парасаты қарайлас, ой-сезім дүниесі деңгейлес түсетін адам бола қоймас. Ал, «бірінші» Абаймен өрелес, болмыстас жандар жетіп-артылатын — Оразбай, Жиренше, Күнту, тағы басқалар. Бұлардың «бірінші» Абаймен есепті мәмілелестігінде достыққа тән тағы бір оқшау белгілер бар. Белгілі пәлсапалық бір қисында, дос — досынан өзінің толық сыңарын, идеалдық бейнесін көреді, жетілген нұсқасын таниды. Өз бойындағы міннің емін, жетімсіздің кемелдігін досынан тапқысы келеді. Тапса да, таппаса да, достын досқа тартылысының бір сыры, бір импульсі — осы. Оразбай (лар) да Абайдан, екі бөлінгенге дейінгі тұтас Абайдан, саналы-санасыз түрде, өзінің кәмалатты болмысын іздейді. Табады да. Бірақ., сайтан азғырған достыққа табу — қанағат емес. Оразбай (лар) Абай болғысы келеді! Бірақ, бұл, түпнұсқа — Абай тұрғанда мүмкін емес. Мүмкін — тек Абайдан кіндігін үзіп, қайта туса ғана, жаулық жолына шығып, балуан досын қырқай шалып шықса ғана... Пушкиннің «Моцарт пен Сальериі» туралы пайымдар көп. Соның ішінде маған орыстың діни философы С. Булгаковтың тәпсірлемесі тереңдеу көрінеді. Оның байыптауынша, бұл — қызғаныш қан-сөлден жұрдай қылған «ауру» достық туралы хикая. Сальери Моцарттағы өзінде жетіспейтін данышпандыққа ғашық. Сальеридің гений болғысы келеді! Моцарт — Сальеридің арманы. Моцарт — Сальеридің күйігі. Өмірін улаған азабы. Бірақ, досынан, Моцарттан басқа данышпанға у беру Сальеридің ойына келмес еді... Азап пен күйіктен бір құты у құтқарды ма? Пушкиннің үкімі — Моцарттың аузымен айтылатын: «данышпандық пен зұлымдық, бір келеге сиыспайды». Моцартты, генийді өмірден аластағанмен, өзінің бәрібір Моцартбола алмайтынын өмір бойы сезініп өту — Сальеридің жазасы.
«Достарының» сорына Абай екі тарапта да гений еді: анық Абай — өз өрісінде, «бірінші» Абай — өз келесінде. Оразбай(ларға) бергі Абай, өзі келелес Абай, биік мансап, биік абыройға қалықтап ұшып, қыранша қонақтайтын Абай – мақсұт. Жалғаншы дос үшін Абай – күйік, Абай —«Моцарт».
Рас, тіршілік, күрес заңы деген бар. Әр заманның, әр ортаның өз сипаты, өз ереже-шарттары бар. Бірақ, қызғаныш, күншілдік, қай дәрежедегі болсын, сатқындық — қай заманның, қай ортаның болсын моралі айыптайтын пиғыл. Осы жөннен келсек, досын сатпаған, досынан жаза, қиянат көрген, жау бетке анық шыққан достарына ғана еруліге — қарулы қылған Абайдың моральдық жүзі — жарқын. Кісілігі — мінсіз. Досын таяққа «жығып», намысын қорлап, сүйегіне таңба салған Ораз¬бай (лар) қосарынан ұтылған болып шығады: Абай бола алмады — басы ашық, досының түңілген көңілінде, қазалы жүрегінде моральдық тұрғыдан өлді – тағы анық. Даланың жабайы майданындағы моцарттық-сальерилік мәселе Пушкинше шешілді: зұлымдық, залымдықтың Абай болуына жол жоқ.
...Абайды мұқатып, пәни-жалғандағы барша миссиясын атқарып болған адамша, осы оқиғадан кейін бірер жыл өткенде, Мекеге бармақ, сол үшін Абайдың ырзалығын сұрамыш Оразбайды көреміз. Абай ырзалық беріп қош айтысса керек. Ырзалығын шынымен берсе де, анық Абайдың бойына лайық іс. Әлде... өлген адамға ырзалық бердің не, бермедің не — әдепкі бейтарап рәсім сақтау ғана болды ма екен?..
Қайткен күнде де, осы көрген жазасы Абайды қалай күйретсе, достары да өзін жеңімпаз сезініп жарымағаны анық. Бірақ, бұлар да жарық дүниеге босқа келіп, текке кеткен жоқ: жүрегіне түскен бар жараның түйіні Абайдың шерлі тілі болып шешілді, дертті көкіректің арманы болып ақтарылды. Ұрпақтың ұрпағына кемеңгерден сыр қалды... Достықтың қиянпұрыс қатпарлары туралы аңыз бен тәлім қалды...
"Шын жүрек - бір жүрек" кітабынан алынды
Жалғасын оқып алыңыз 8. АБАЙДЫҢ ҚИЯСБАЙЫ