Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай Қытай концлагерлері туралы кітабын жазып шығарды. Онда ол өз көзім...
Еуропарламент делегациясы ҚазҰУ-ға келді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Еуропалық Парламент делегациясы арнайы сапармен келді. Мәртебелі меймандар ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бастаған оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерімен кездесті. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еуропарламент өкілдері алдымен «Әл-Фараби» музейін аралап, қара шаңырақ тарихына қанықты. Сонымен қатар қонақтарға ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун институтының қызметі баяндалып, оқу орнының даму жоспары таныстырылды.
Делегация құрамына «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының төрағасы, Көлік және туризм комитетінің 3-ші вице-төрағасы Андрис Америкс (Латвия), елші, ҚР ЕО өкілдігінің басшысы Кестутис Янкаускас, ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының мүшесі, ЕП Сыртқы істер комитетінің мүшесі Франциско Миллан-Мон (Испания) және басқа да ұйым мүшелері кірді.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қонақтарға арнап сөз сөйледі. Ол 2010 жылдан бастап Қазақстан Болон процесінің толыққанды мүшесі және Жоғары білімнің еуропалық кеңістігінің қатысушысы мәртебесіне ие екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ол Болон процесінің бақылау тобының тең төрағасы болып табылады. ҚазҰУ әлемнің 500-ден астам үздік және жетекші университеттерімен ынтымақтастықта, көптеген ірі халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді және білім беру бағдарламалары мен ғылыми бағыттарының ауқымы аса кең. 16 қосдипломды білім беру бағдарламасы Еуроодаққа мүше 10 елдің жоғары оқу орындарымен бірлесіп іске асырылуда. ҚазҰУ-дың сегіз факультеті Еуроодақ елдерінің 13 серіктес жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Университетте 92 білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде оқытылады.
Қара шаңырақ Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал ету» бағдарламасының тұрақтылық жөніндегі жаһандық хабы ретінде мақсатты түрде жұмыс істеп, оқытушы-профессорлар қызметін интернационалдандыру жолымен ғылыми-білім беру бағдарламаларының деңгейін арттыруда.
ҚазҰУ-да жекелеген еуропалық елдермен ынтымақтастық жөніндегі орталықтар табысты жұмыс істеуде. Ректор сөз соңында: «Біз Қазақстанның Еуропалық одақпен халықаралық мәдени-білім беру ынтымақтастығын интеграциялау және дамытуға аса мүдделіміз. Осылайша ҚазҰУ еуропалық елдермен ғылыми зерттеулерді дамыту саласындағы ынтымақтастыққа өз үлесін қосады», – деп, бұл кездесудің өзара ықпалдастықты нығайта түсеріне зор сенім білдірді.
Өз кезегінде ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының бірінші вице-төрағасы, ЕП Көлік және туризм комитетінің 3-ші вице-төрағасы Андрис Америкс: «Біз әртүрлі елдерден келдік, бірақ бәріміз еуропалықпыз. Біз бірліктен әртүрлілікке дейінгі бірегей процестерді бірге өткізудеміз, ортақ бірегейлікке иеміз. Біз еуропалық ұлттардың терең тарихымен бөлісіп, Еуроодақ қағидаларын Қазақстанға жеткізу үшін келдік. Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, негізгі қиындықтарды еңсере алған елге барлық жақсылықты тілегіміз келді. Сіздердің елдеріңіз азаматтық қоғамда маңызды рөл атқаратын мәдениетаралық диалог пен адам құқықтарын қолдауға септігін тигізеді деп үміттенеміз», – деп пікір білдірді.
ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропарламент делегациясының мүшесі Франциско Миллан-Мон жиналғандарға, әсіресе жастарға Еуропарламент қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев бастаған реформалардың дер кезінде қабылданғанына тоқтала келе, ҚазҰУ жетістіктерін жоғары бағалады. «Университет шығыстың ұлы ұстазы әл-Фараби мұрасын сақтай білді, сонымен бірге болашаққа сеніммен қарайды, цифрландыру жұмыстарын жүргізуде. Сіз халықаралық университеттермен тығыз байланыс орныққаны туралы, еуропалық өркениет қағидалары мен БҰҰ құндылықтары жайында баяндадыңыз. Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар Еуроодақ елдеріне де танымал университетке толағай табыстар тілеймін», – деген лебізін жеткізді.