Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекес...
Елордада «Музей түні» акциясы өтеді
18 мамыр күні елорда тұрғындары мен қонақтары Ұлттық музейге тегін кіріп, «Музей құдіреті» мәдени шарасы аясында музейдегі құндылықтарды сағат 18:00-ден түні 00:00-ге дейі тамашалай алады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Музейге келушілер қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар жәрмеңкесіне қатысып, отандық классик суретшілердің туындыларын тамашалай алады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» акциясы аясында «Музей құдіреті» атты мәдени-танымдық шара өтеді. Аталған шараның мақсаты – мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.
ҚР Ұлттық музейінің БАҚ-пен байланыс бөлімінің қызметкері Дидархан Құрманғазыұлының айтуынша «Музей түні» шарасы Қорғаныс министрлігі мен ұлттық Ұлан оркестрінің салтанатты дефилесімен басталып, ішкі атриумда «Астана опера» театрының қойылымы ұсынылады. Одан әрі «Астана циркі» өнерпаздарының қойылымына жалғасады. Сондай-ақ Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерті жоспарланып отыр. Одан бөлек, «Жұлдызды гид» жобасы аясында Бейбіт Қорған, Рухия Байдүкенова, Ақерке Тәжібаева, Әділхан Макин және тағы басқа өнер жұлдыздары келушілерді музей залдарымен таныстырады», дейді ол.
Айта кетейік елімізде «Музей түні» акциясы 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Салтанат Есенқұлова