Берлинде казақстандық суретшілер неміс әріптестерімен тәжірибе алмасып жатыр. Бұл жоба «...
Атақты айтыскер Әселхан Қалыбекова дүниеден өтті
Қаралы хабарды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Facebook парақшасында мәлім етті.
«Таңменен суыт хабар жетті. Әселхан апамыздың сағаты соғыпты. Өткен айтыста төрімізді толтырып, жарқырап жүр еді, жарықтық. Амал нешік. Апамыздың иманы жолдас болсын. Халқымыз қазақтың дәстүрлі өнерін қайта жаңғыртқан, жаңа леп алып келген айтулы айтыскер ақыннан айырылып қалды. Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз жолдас болсын, апа! Алдыңыздан жарылқағай. Өзіңізбен бірге бір дәуір көшті. Орныңыз толсын. Талай ақын қыздарға үлгі болып, жол көрсетіп, көш бастап едіңіз. Жаратқан алдыңызды пейіш, артыңызды кеніш еткей», - деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22 сәуірде Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы.
1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті. 1971-91 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған. 1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады.
Ұлттық өнерге қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі үшін бірнеше марапатқа ие болған. 1989 жылы Қазақстан жазушылар одағының Жамбыл атындағы халықаралық сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 6 сәуіріндегі жарлығы бойынша «Қазақ КСРнің Халық ақыны» құрметті атағымен марапатталды. 2001 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, 2005 жылы Елбасының жарлығымен еліміздің жоғарғы мемлекеттік марапаты «Парасат орденімен» марапатталды. Отырар ауданының Құрметті азаматы құрметті атағымен және де көптеген медалдармен сыйлықтармен марапатталған.
"Мәдениет порталы" ақынның отбасына, туған-туыстары мен өнер сүйер қауымға қайғыра көңіл айтады. Апамыздың жатқан жері жайлы болсын.