Фариза Төреәлі жасына толған қызына пәтер сыйлады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Блогер пәтерді...
Қазақ балалар киносының атасы – Қожаға ескерткіш орнатылды
Балаларды қорғау күні қарсаңында Елордадағы Жетісу саябағында «Менің атым Қожа» филімінің басты кейіпкеріне арнап қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
«Жабық кеңесті ашық деп жариялаймын. Күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ. Тәртіпті оқушы болуы үшін Қожаның не істеуі керек?» бұл 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы түсірген «Менің атым Қожа» туындысынан үзінді. Ескерткіште Қожаның айна алдында отырып, өзін тәртіпке шақырып отырған дәл осы бейнесі бейнеленген.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 1 метр 83 сантиметрді құрайды. Гранит және қола материалдардан жасалған. Мүсінші – Талапхан Азамат, ал идея авторы – Мұрат Қожамқұлов.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар мен Жанардың рөлін сомдаған Гүлнәр Құрабаева, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал және Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар келді.
Айта кетейік «Менің атым Қожа» - 1957 жылы жазылған, қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі. Авторы – балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев. 1963 жылы "Қазақфильм" студиясының осы шығармасы бойынша жазылған киносценарий экранға шықты. Режиссері – Абдолла Қарсақбаев.