Сәукеле (Деректі эссе)

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
7419

https://turkystan.kz/wp-content/uploads/2021/03/saukele.jpg"Сәукеле киген қыз". 1987 ж. Автор: Ағымсалы Дүзелханов

Адамзат тарихында көптеген материалдық құндылық заман өте келе алғашқы функциясынан ажырап, басқа сипатқа ие болды. Оның ішінде адамзаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданған заттар да бар. Сондай бұйымның бірі – сәукеле. Тарихи деректерге қарағанда, сәукелені бұрын бай ақсүйек әйелдер ғана киген. Қазір сәукелені жаңа түскен келін беташар салтында дәстүрлі киім немесе сахналық киім ретінде қыз-келіншектер киеді. Алайда осынау аристократиялық баскиімнің тарихына үңілсек, небір қилы тағдырды бастан кешкенін көреміз.

Көмілген байлық

Патшалық Ресей тұсында қазақ же­рі­нің тер­риториясы қазіргіден кең болғаны белгілі. Қар­ға тамырлы қазақ алыс-жа­қын елдегі ағайын­мен араластықты үзбей, туыс­тықты қуы­сып, қыз алысып, қыз берісіп тұр­ған. Қа­зіргі Ресей, Қытай, Моңғолия және Қа­зақстан ел­дерінің шекарасы түйіскен Ал­тай тауларын мекен еткен қазақтар арасында ба­рыс-келіс үзіл­меген. Сондай оқиғаның бірі – Моң­ғо­лия­ның Алтай-Бесбоғда тауының ете­гін жай­лаған Өлеңбай деген бай ұлы Найын­ға Шы­ғыс Қазақстан өңірі Қатонқара­ғай же­рін­де өмір сүрген атақты бай Достар қажының Зағи деген қызын айттырады. (Ол кез­де қа­зір­гі Ресей жеріне қарап кеткен Рах­ман ара­са­ны арқылы ары-бері өтіп тұрыпты). Достар қа­жы қызын ұзатар кезде отыз күн ойын, қы­рық күн тойын жасап, жиырма атан­ға жа­сауын арттырады.

Ол кезде қазақтар арасында жөн-жо­рал­­ғыда көбіне-көп күміс жүргені бел­гілі. «Алтынның жолы – ауыр жол» деп ырым­даған. Ұзатылған қыздың жасауына күміс табақ, күміс қасық секілді тұрмыстық заттарына дейін байлар күмістен жасататын болған. Достар байдың да қызы ұзатылған кез­де осылай күміспен күптеліп, алтынмен ап­талыпты. Басына біркелкі күміспен әше­кейленген сәукеле киген екен. Сол заманда байдың байлығы ұзатқан қызының басына кигізген сәукелесімен өлшеніпті.

Заман бір аунаған тұста кеңестік қы­сым күшейіп, байлардың мал-мүлкін кәм­пескелей бастайды. Найын мен Зағи дү­ние­лерінен баз кешіп, Алтайдың Қытай жағына көшеді. Көшерде Зағидың төркінінен келген алтын-күмісті екіге бөліп «заман тү­зелсе тауып алармыз, бір кәпірдің қо­лын­да кеткенше өз жерімізде қалсын» деп көміп кетеді. Бірақ жалшысы Хасен деген кедей байлықтың бір бөлігін иеленіп кетіпті деседі ұрпақтары (ел ішінде сол байлықты әлі де іздейтіндер бар көрінеді). Бұл жерде басқа байлық емес, бізге қызықтысы – Зағи апаның күміс сәукелесі еді.

Зағи апаның қызынан туған жиеншары Құндызбай, Жанатхан деген ұрпақ­тары қазір елорданың іргесіндегі Талапкер ауылында тұрады. Зағи апаның шөбересі Жанатқан апайда жуандығы саусаққа таяу күміс білезік және тұмары қалыпты. Ал күміс сәу­келенің бұдан кейінгі тарихы бұлыңғыр.

https://turkystan.kz/wp-content/uploads/2021/03/img_20190817_214130.jpgЗағи апаның күміс білезігі. Қазір шөбересі Жанатхан апайдың қолында

Зағи келін болып түскеннен кейін жал­ғыз қайын сіңлісі Қадиша ұза­тылып бара жатқанда күміс сәукелесін сыйлаған екен. Қадиша (Қалақ апа) Баян-Өлгейдің Алтай деген жеріне сопы Бабархан (Бабаш молда) Жолдыұлы деген кісіге ұзатылады. Ал Бабаш молда 1937 жылы жаппай қуғын-сүр­гін құрбаны болып, дүние-мүлкі талан-та­раж­ға түседі. Күміс сәукеленің осыдан кейінгі тағ­дырын ешкім білмейді.

Жалпы, сәукеле туралы қилы да қы­зық­ты дерек көп. Мәселен, сақтардың биік баскиі­мі­ болғаны көне грек тарих­шы­лары­ның жазбаларынан белгілі. Есік қорғанынан табыл­ған алтын адамның бас киімінің де сәукелеге ұқсастығы байқалады. Бұған қо­са, қазақтың апайтөс даласынан табылған бал­бал тастардың арасында сәукеле секілді шо­шақ баскиім киген әйел бейнесі көптеп кез­деседі.

«Сәукеле көбіне қызыл түсті матадан ті­гі­леді, ақ киізден жасалады, ішінен киетін шаш басарлары болады. Сәукеле – қалың­мал­дың құнын орап әкететін дүние. Шеберді таң­дап, қолақысын беріп, айлап, жылдап ар­найы тіктіреді. Оған халқымыз гауһар, жақұт тастарын, бар байлығын қадаған. Қа­зақтың «Жеті жастан жинасаң жетеді, алты жас­тан жинасаң асады» деуі бекер емес. Сәу­келе басқа адамға берілмейді, егер қыз барған же­рінде қайтыс болса, сәукеле төркініне қай­тарылған», – дейді этнограф Сымбат Ахметова.

Ал этнограф Тәттігүл Ерсайынқызы: «Біз­дің жерімізге келген байырғы Томас Ат­кинсон, Джон Кэстл секілді саяхат­шылар­дың кескіндемелеріне қараңызшы, қазақтың ұзатылатын қыздары сәукелемен бейнелен­ген. ХІХ ғасырда жарыққа шыққан «Народы России» атты этнографиялық альбомда да сәу­келенің бірнеше суреті берілген. Сәуке­ленің музейлерде сақталған кезеңі ХІХ ғасырдан басталады. Бұл оған дейін қазақта сәукеле болмады деген сөз емес. Алайда ол кездегі сәукелелер сақталмаған», – дейді.

Тағы бір қызығы, француздардың эн­нон деген биік баскиімін ХVII-XVIII ғасырда ең байқуатты әйелдер киген. Бас­киім­нің артында қытай жібегінен вуаль бол­ған. Жібек жолы арқылы қазақтың сәукелесі Еуропаға жетіп, сәнге айналған деген дерек­тер кездеседі.

Ал әйгілі ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ХVІІІ ғасырда болған сәукеле тура­лы екі оқиғаны жазып қалдырыпты. Оның жазбасында сәукелені тіпті ер адам кигені жай­лы жазылған.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дере­гінше, Қуандықта Қорысбай деген ас­қан бай кісі ас беріп, Алашқа сауын айт­тыра­ды. Сол асқа Шоң биді шақырады. Шоң би асқа алып барған ақыны Сақауға: «Ал­дымен мына Шондыжанға өлең айтып, ба­­­­сындағы тақиясын алып ки! Сонан соң бар да, Саржан төреге өлең айт, онан кейін Өте­бай жындыға айт, басындағы сәукелесін сұра, қанша дүние берсе де алма. Егер сәукелесін бере қалса, етегіңе орап, алды-артыңа қара­май мұнда алып кел. Елі білсе, тартып алып қалар» деп батасын беріп жөнелтіпті. Сақау Саржан төреден кейін Өтебай жындыға барыпты. Бұл Өтебай жынды Алтай-тоқаның Тоқасынан. Көктің көліндегі емен баласынан шыққан сал екен. Әкесі Күшікбайға он екі мың жылқы біткен екен. Сол он екі мың жыл­қы мұны жындандырмай қалай тыныш қоя­ды. Осы асқа киіп келуге өзіне арнап сәукеле тіктірген екен. Тоқа Сапақ қызының, Алтай Алдажұман қызының сәукелесінен де ар­тық болсын депті. Жасаған ұсталар жүз бие­нің құнына пұлын жеткіз деген екен. «Асқа барғанның бәрінен биік боламын» деп сәукелені басына киіп, түйеге мініп келген екен. Өзі бір үйде жалғыз жатады екен де, сәукеле басында, үлкен құс жастық арқа­сында, аяқ жағында есіктей айна қойдырып, өз түрін өзі айнадан көріп «бар түрің осы ма, бар болғаның осы ма, ішіңді ұрайын» деп ай­наға қарап, ернін шығарып, өз-өзін ке­ле­междеп жатады. Сақау кіріп барып, өлең­ді қоя береді. «Үйден барып қысырақ ал, жүзді ал, мыңды ал» дейді сал. «Басыңдағыны бер­месең, тіпті алмаймын» деп бұл да өлең­мен әліне қоймай бүріп кетті. «Өзіме де сүйкімсіз болып, түрімді бұзып жатыр еді… Ішіңе ұрайынды әрмен алып кетші, көрмегенім осы болсын» деп басынан жұлып алып, есікке қарай лақтырды дейді.

Өтебай салды Мәшһүр Жүсіп «жынды» деп сипаттайды. Өйткені сал-серіні «жынды» деу бұрыннан бар. Сонымен Өтебай сал кім? Арқа жерінде көптеген сал-сері өт­кені белгілі. Әрқайсысының аңызы бір-бір дас­тан. Сол сияқты Өтебай сал туралы жет­кен там-тұм жазба деректердің өзі оның ас­қан сал образын көз алдыңа әкеледі. Басына жүз байталдың құнын төлеп тіктірген сәу­келесін «өзіме де сүйкімсіз болып, түрімді бұ­­зып жатыр еді… Әрмен алып кетші, көр­ме­генім осы болсын» деп басынан асырып, есік­­­ке қарай лақтыру үшін адам қандай болуы керек?

«Баянаулада көркейіп шыққан салдардың ең ұлысы Өтебай сал (XVIII-XIX ғғ.)» деп жа­зыпты академик Әлкей Марғұлан «Қазақтың сал, серілік дәстүрі» деген мақаласында.

Ал қа­ламгер Әліп Смақ: «Өтебай сал – ел ара­сын­да аты аңызға айналған өнерпаз. Көп­теген әдеби шығармаларда ол кісінің ерекше киінгенін ғана айтады. Өтебай шәкірт тәр­биелеген өнерпаз екенін білеміз. Жо­ғарыда айтылған Бақмағанбет, Сейфол­ла­лар оның шәкірті, болмаса шәкіртінің шәкірті», – деп сипаттайды.

(Мұндағы Сейфолла деген кісі Сәкен Сейфуллиннің атасы, атақты күйші сері болған адам).

Сәукеленің құны

Мәшһүр Жүсіптің «Тоқа Сапақ қызы­ның, Алтай Алдажұман қызының сәукелесінен де артық болсын депті» деген дерегіне қарап, ол замандағы асқан байлар­дың қызына деген құрметін байқауға болады. Байлар дәулетін көрсеткісі келеді деп қарауға болмайтын секілді. Өйткені қазақ қызды «қонақ» деп қадірлейді. Сондықтан ХVIII ға­сырда қазақтардың қыз балаға, жалпы әйел затына деген құрметі жоғары болды деуге негіз бар. Себебі байлары қыздарына кигізген сәукеленің төменде келтірген құнына қа­раңыз: Бірінші, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сәукелеге қатысты дерегінше, XIX ғасырдың алғашқы жартысында кіші жүздің Байсақал деген байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамай­мын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есеп­теп берсе болды» дейді. Сонда Кенесары хан­ның ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал болады екен, сондықтан қы­зының қалыңмалы 500 жылқы» деп кес­кен екен.

Екінші, сәукеленің құны туралы «Ш.Уәлихановтың досы ғалым И.Ибра­ги­мов былай дейді: «Сәукеле – конус тәріздес, күміс, алтын тиындармен және меруерт мар­жан­дармен әшекейленген биік баскиім. Ұзын­дығы – 1,5 аршын… Тойға арналған бас киім­ді тұрмысқа шыққаннан кейін алғашқы кез­де бір жылға жуық уақыт киеді, содан соң оны шешіп, тек үлкен тойларда ғана киеді, оның өзі төрт немесе бес жыл аралығында. ХІХ ғасырда қымбат сәукеле 1 000 рубль не­месе 100 жылқыға тең болған».

Үшінші, академик ғалым Әлкей Мар­ғұ­лан: «Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қа­зақстан облыстарынан және Атбасар уезі­нен барған алтын шашақтары бар жібекпен көм­керілген сәукелелер Петербургте өткен шы­ғыстанушылардың ІІІ конгресінде көр­меге қойылады. Оларды Шыңғыс Уәлиханов, Мейрам Жанайдаров, Сандыбай Шапанов жеткізді. С.Шапановтың сәукелесі 600 рубль­ге бағаланды», – дейді.

Төртінші, М.Орманов деген сұлтанның ұзат­қан қызының сәукелесін 389 рубль­ге баға­лағаны жайлы дерек бар.

https://turkystan.kz/wp-content/uploads/2021/03/2-2-1.jpgАнтропологиялық және этнография музейінде сақталған күміс сәукеле. Санк-Петербург, 1899 ж.

Тере берсек мұндай дерек көп. Бірақ осы төрт мысалға қарап, ХVIII- XIX ға­сырда сәукеленің қаншалықты бағалы бол­ғанын бағамдауға болады. Сонымен, осынша қым­бат бұйымдар қайда кетті? Ел іші – ал­тын кеніші. Бәлкім, сандықтардың түбінде жат­қан шығар? Алайда өз аяғым жеткен Қа­зақстандағы музейлердің көбін аралап көр­дім. Әзірге мұндай қымбат сәукеле кез­деспеді. Музейтанушылардың да бұл жайлы ха­бары аз.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын елор­дадағы Ұлттық музейге саясаткер Иман­ғали Тасмағамбетовтің жеке күміс кол­лек­циясы көрмеге қойылғанда ғана күміспен көм­керілген көне әрі оригинал сәукеле қойыл­ған», – дейді музей қызметкерлері.

Ал Ұлттық музейдің өзінде бірде-бір оригинал сәукеле кездеспейді.

Қымбат сәукелелердің қайда кеткені жайлы академик ғалым Әлкей Мар­ғұлан жазған. Оның айтуынша, патшалық Ресейдің отарлау саясаты «қайта бағалау» деген желеумен тарихи сәукелелердің жо­ға­лып кетуіне әкелген. Ең бағалы сәуке­лелер шет­елдерге жіберілген көрінеді. Атап айт­қанда, әлемдегі ең үлкен музей орталығы – Санкт-Петербургтегі құнды мұралар сақ­талған атақты Антропология және этногра­фия музейі (Кунсткамера) және Кеңес заманында КСРО халықтарының этнография музейі (МАЭ) деп аталған Ресей этнография­лық музейі (РЭА), Татар (Қазан) АССР Орта­лық музейінде, Омбы, Ташкент музейлерінде сақталған.

Ал тарихта 1718 жылы I Петр жар­лы­ғы­на сай, кімде-кім патша коллекция­сына көне бағалы бұйымдар тапсырса, патшадан шен-шек­пен алып марапатталған. Осы жарлық­тың аясында әр өңірден жиналған 250 дана, 30 келідей құнды бұйымдар Петр атындағы Антропология және этнография музейіне (Кунсткамераға) жіберілсе, кейіннен 1859 жылы Эрмитажға ауыстырылады. Дәл осы сияқ­ты сәукелені Қазақстаннан жаппай шығару XIX ғасырдың екінші жартысында басталды. Шыңғыс Уәлиханов, Мейрам Жанайдаров, Сандыбай Шапанов секілді қа­зақ сұлтандарының күшімен олар 1876 жыл­ғы Санкт-Петербургтегі шығыстанушы­лар­дың үшінші конгресінің әйгілі көрмесіне қойылады. 1893 жылы Нижний Новгород көр­месіне де құнды экспонаттар барған. Ал ол бұйымдар 1903 жылы Мәскеуде өткен халықаралық көрмеде қайтадан қойылған. Ре­сейдегі Антропология және этнография му­зейінде (Кунсткамера) «Бір жәдігердің әлемі» атты көрме өтіп тұрады. 2001 жылғы этнографиялық көрмеде қазақтың сәукелесі ең үздігі болып бағаланды. Өйткені музейдегі ең көне әрі ең құнды зат (№439-21 нөмірлі) сәукеле болыпты. Бұл Абылай ханның ұрпақтарының сәукелесі деген дерек бар. Сәукеле құны заманында 1 000 рубльге (100 жыл­қы) бағаланыпты. Биіктігі жарты метр, салмағы үш келіге жетеді екен. Сәукелені музейге 1899 жылғы қаңтарда Лайықжан Беркімбаев және Хасан Имамбаев деген қазақтар алып барған. Олар Санкт-Петербургқа бар­ған бір сапарында Кунсткамерада сақтал­ған қазақ жәдігерлерін байқайды. Сөйтіп, елге келген соң қазақтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпына қатысты жәдігерді бірін сұрап, енді бірін сатып алған Лайықжан мен Хасан Ақтөбе уезінің Торғай болысы мен Қостанай уезі­нің Сарай болысы қазақтарынан бас-аяғы 88 дүниені жиып, Кунсткамераға өткізеді. Көрмеге барған бұйымдар қайтып қазақ топырағына сол күйі оралмаған…

«Қайран қазағым-ай! Дүниеден алар бар еншің осы ма еді?!»

Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Шын­дығында, ежелде еркектер де қарқара, яғни сәукеле киген. Оны сұңғыла суретші Ағымсалы Дүзелханов ағамыздың сурет­тері­нен көруге болады. «Сәу(ке)ле» деген бүлінгі сөз­дің де түпнұсқасы – «Сәуле». Күннің ерте­де­гі бір атауы. Балтық жағалауындағы елдер­де ол «Саул» түрінде келеді. Күн культін тұ­тын­ған күнтекті еліміздің дүниетанымы сон­дай ғажап болған. Қазақтың қыздары ға­на емес, әйелдері де сәукеле киген. Ал біз оны тек қалыңдыққа ғана басыбүтін беріп қой­дық», –дейді.

Расында, белгілі қылқалам шебері, Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері Ағымсалы Дүзелхановтың картиналарының дені – сәу­келе киген арулар галереясы. Оның әр кар­тинасындағы сәукеле киген арулардың ұлт­тық бейнесі қазақтың ерте ерлік тарихынан сыр шертеді.

Ал қазақ киносының шоқ жұлдызы – Шәкен Аймановтың «Қыз Жібек» фильміндегі Жі­бектің сәукелесі Жайыққа ағып бара жат­қан эпизодын ұмыту мүмкін емес.

«Түпнұс­қа­сында көш біреу емес, бірнешеу. Көрсетіліп жүрген нұсқасында ақ боз ат бос келеді де, фильм бітеді ғой. Түпнұсқада ақ боз ат орал­ған­нан кейін Қыз Жібек өз отауына келіп, Төле­генді елестетіп жылайды. Бәрімен қош­тас­қандай болып, Жайықтың жағасына ке­леді. Судың бетінде сәукелесі қалқып қалады. Жоң­ғар батырлары сәукелені найзасымен тұс-тұстан жұлмалайды. Менің ойымша, фильм­нің шарықтау шегі – осы эпизодта. Естуім­ше, фильмнің премьерасы жүріп жат­қан кезде киномеханиктің қасына КГБ-нің бір адамы отырып қадағалапты. Төлегеннің өлер алдында айтар сөзі бар ғой: «Қайран қа­зағым-ай! Дүниеден алар бар еншің осы ма еді?!» дейтін. Осы тұсты сценарийге енгізген – Асқар Сүлейменов», – дейді бір естелігінде Тө­ле­геннің рөлін сомдаған әйгілі актер Құман Тастанбеков.

Сондай-ақ ақын Омарғазы Айтанның «Сәукеле» деген жыр жинағындағы «Сәукеле» өлеңінде ақын патшаның тәжін сәуке­ленің садағасы дейді. Аналардың алтын ба­сын патшаның тәжінен биік қояды.

***

Осынша қисапсыз қилы тағдырды бас­тан кешкен қазақ әйелінің асыл тәжі – сәукеле жайлы айтылар сөздің басы да, соңы да бұл емес. Этнограф, тарихшы ға­лым­дарымыз бұған әлі де тереңірек үңіліп, отар­лық дәуірдің қойнауына сіңген ұлы әже­лері­міздің шерлі де шежірелі тарихын ақтаң­дақтардан аршиды деп үміттенеміз. Бұл рет­те, мемлекет тарапынан зор қолдауды қа­жет етеді. Осынау тәуелсіздік жылдарында ел қоржынын олжалы қылған «Мәдени мұра» бағдарламсы секілді кешенді жоба керек-ақ. Өйткені осынау мақаламызға арқау болған Зағи апаның күміс сәукелесін іздеу бары­сын­да мынадай жайтқа қанық болдық. Іздестіру нәтижесінде көне бұйымның бір дерегін тап­тық. Таптық та қуандық, қуандық та мұңай­дық. Жоғарыда айтып өткен Қалақ апа­ның ұрпақтары талай зобалаң күндерде де күміс сәукелені шаңырақтың киесі тұтып, сандықта сақтап жүріпті. Тіпті, бұл жайлы бө­тен адам түгілі, бала-шағаға да айтпай құ­пия сақтаған. Ел тәуелсіздік алып алыс-жуық­тағы ағайын атажұртқа ауа көшкен ал­ғашқы жылдары Бабаш молданың бала­лары да қазақ еліне қарай көш түзейді. Айналып атажұртына келе жатқан күміс сәу­келе тағы да «қуғынға» ұшырайды. Кеңестік қақпақылдан аман құтылған көне жә­дігер бәрібір Ресей шекара­сында «ұста­лады». Қазақстан көші-қон заңын­да шетел­ден көшіп келетін қандастар өз дүние-мүл­кімен көшіп келуіне шектеу қой­майды. Бірақ Ре­сейдің кедендік талабы бөлек. Тек бұл кү­міс сәукеле емес, атақты Тоқты бақ­сының кие­лі қара қобызы да осы Ресей ше­карасында қол­ды болған деген дерек бар. Сол сияқты ата-бабасынан мирас болып қал­ған талай көне бұйымдарынан айырылып қал­ған ағайын көп.

Бақытбек ҚАДЫР

Жаңалықтар

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Мамыраев ауылына қарасты Сартау қыстағында бірден 14 бұзау қы...

Жаңалықтар

Астана әкімдігі Қазақстандағы негізгі футбол стадионы "Астана Аренада" жөндеу жұмыстары қашан аяқтал...