Қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза 86 жасы...
Әлемдік ойдың алыбы
Ғұлама туралы қысқа қайырма
2020 жылы әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға, біздің бабамыз – Әбунасыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толмақшы. Бұл мерейтой өзінің биік деңгейінде аталып өтуі керектігін ойластыра отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев арнайы Жарлық та шығарды. Осы орайда даңқты бабамыз туралы аз-кем ойларымызбен бөліскенді жөн санадық.
Бірінші сөз
Бұл қазақ расымен-ақ, кіммен және немен мақтануды әлі күнге білмей келе жатқаны ма? Егер дейміз-ау, тап осы Әбунасыр әл-Фараби деңгейлес бір түйір ғұламасы бар болса, өзге халықтар әлемнің төбесін ойып жібере ме еді, қайтер еді! «Шығыстың Аристотелі» деген абыройлы атағының өзі неге тұрады? Ал, біз жайбарақатпыз баяғы! Соңғы уақыттарда мен осы теңдессіз ой иесінің еңбектеріне көбірек шұқшия бастағам. Телегей теңіз білім адамы десем, ол да аздық ете ме, қалай? Философия алыбы десем, тағы да олқы соғар ма? Ойды көп шашырата бермейін. Бір ғана мысал. Әбунасыр сонау 9-ғасырларда-ақ «Қайырымды қала» (Ақылды қала десек те болар) идеясын ұсыныпты. Және сол ойларын ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп-шегелеген. Ақылды қалада кімдер тұруы керектігі, оларға қойылатын талап-тілектер жайынан терең қозғап сөз еткен. Жазып қалдырған ойлары осы күнге дейін маңызын жоймай келе жатыр. Бұл енді ұзақ әңгіме. Тереңге бастайтын пәлсапа! Әзірге осымен тоқтала тұрайын.
Екінші сөз
Ол өз жазбаларында Қайырымдылық пен Өшпенділіктің ара-жігін толық ажырата білуге үгіттеді. Өшпенділік етек алған жерде береке де, бірлік те бола алмайды, қоғам ыдырайды. Ал, Қайырым – жинақтаушы күш! Сол себепті де Әбунасыр «Қайырымды қаланың тұрғындары» жайлы трактат жазуға аса ықыласты болған. Бұл еңбекте ең алдымен Білімділік, Қайырымдылық және Әдемілік бірлігін сақтауға шақырды. Осы үш қасиет адамды биік етіп көрсетпек. Осындай бірлік қана қайырымды қалаға негіз қаламақшы. Сол себепті де Әбунасыр жазды: «Егер адамдар бақытқа жету жолында бір-біріне қол созып, көмектесетін болса, жер бетінде қайырымдылық сезімі қанат жаяды!» Бұл жолда ол кез-келген адамның білімі мен білігіне табан тіреп, соны барынша көтермелеп-бағалауға үндеді. Сосын да «барлық нәрсені адамның ақыл-ойы ғана шеше алатынын» баса айтумен болған. Қандай да бір іс болмасын, ол «адамның жаратылыс-болмысынан, тәлім-тәрбиесінен» бастау алып жататынын шегелей айтумен болды. Қысқасы, Әбунасыр қайырымды да ақылды қалада өмір сүруге қол жеткізу – барлық адамдардың мінез-құлқы мен ақыл-парасатына келіп тірелетінін жан-жақты түсіндіріп бақты.
Үшінші сөз
Көне қала Отырарда 870 жылы туып, 950 жылы Шамда (ДАМАСК) көз жұмған ғұлама бабамыз 160-тан астам трактат жазып, әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерсе де, өте қарапайым болып өмір кешіпті. Ешқашан «мен» деген сөзді айтпаған деседі. Өз кезінде замандастарының бірі үлкен ғұлама-философтан сұрапты: «Дүниедегі ең ұлы адам Аристотель ме, болмаса сізді айтамыз ба?» дейді. Сонда Әбунасыр былай деп жауап берген екен: «Егер мен Аристотель заманында дүниеге келсем, онда оның көп шәкірттерінің бірі болып қалар едім!». Байқайсыз ба, не деген қарапайымдылық! Қандай ұстамдылық! Ешқашан кеуде қағып, өзін алға оздыруға тырыспаушылық кісіні онан бетер абыройлы да беделді ете түсетін шығар! Міне, керек болса, Әбунасыр баба бізге осы жағымен де үлгі!
Төртінші сөз
Ұлы бабамыздан мұра боп қалған «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қарастыруға тырысады. Көне философ Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда табуды әдетке айналдырады» деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін тізбелеп, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, ірі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындары тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқасы, философ ғалым ғылым жетістіктері мен билік әдістерін неғұрлым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, бабамыздың он ғасыр бұрын айтып-жазып кеткендері әлі де маңызды болып көрінеді. Ойланғанға ой берерлік қауқары бар сияқты!..
Бесінші сөз
Кейбір жазба деректерде Бағдадта тұрып жатқан Әбунасыр бабамыз бір кезеңде (дәл уақытын айта алмаймыз) Самарқанд билеушісінің өтініш-тілегі бойынша туған қаласы – Отырарға оралып, біршама уақыт тұрақтап жұмыс істеген делінеді. Міне, сол шақта «Ат-Талим ас-сани» (Второе учение) деген еңбегін жазып, аяқтаған деген тұжырым да бар. Мұнда Ортаазиядағы ғылым мен білімнің даму сатылары жайынан ой қозғап, осы кезеңдегі көптеген оқымыстылар мен ғалымдардың еңбегін талдап, жақсы жақтары мен кемшіліктерін таразылап, ой елегінен өткізе отырып, өзінше салмақтап баға берсе керек. Осыдан соң көптеген оқымысты-ғұламалар Әбунасырды «Екінші ұстаз» деп атай бастапты. Тіпті медицинаның атасы болып есептелінетін Ибн-Сина (Авицена) да Әбунасырдың тағылымды еңбегін оқып болған соң, енді ғана ұлы философ Аристотельдің түпкі ой-пайымдарын толық түсінгенін мойындаған. Сөйтіп, өзінің «Книга исцеления» деген туындысын (тіпті оны Әбунасыр еңбегінің конспектісі деп те атаған) жарыққа шығарған деседі. Егер бұл еңбекті расымен конспекті деңгейінде қабылдайтын болсақ, онда бабамыздың жазбасы қандай деңгейде болғаны? Әттең, Әбунасырдың сол ойлы жазба-еңбегі әлі күнге табыла қойған жоқ, қолға түспей келеді. Бірақ көптеген әлемдік ғалымдардың ғылыми-философиялық талдау еңбектерінде аты жиі-жиі аталып жатады. Біз іздеп жатырмыз ба? Тапқымыз келе ме? Сол ой аракідік кеудеге кептеліп келіп қалады да, өзекті өртей бастайтыны бар!..
Алтыншы сөз
Қазіргі заманда адамдар ұғымында қисықтау пікір қалыптасқан: әкесі атақты-белгілі кісі болса, баласы шалағай, ой-өрісі тар ұрпақ болып өседі деп айтып та, жазып та жатады. Осы сөз, асылы, шындыққа сәйкес емес, даулы пікір. Бұған дәлел – ұлы ойшыл Әбунасырдың өмірі деуге болатындай. Тарихи деректерге сүйенсек, Әбунасырдың әкесі Махмет (Мұхаммед) Отырарда әскер басы (кей жазбаларда – сол маңдағы Бесік-қорғанда) болған делінеді. Ол заман – жаугершілік заман, екі күннің бірінде тұтқиылдан жау лап қойып, жеріңді де, еліңді де тып-типыл қылуы бек ықтимал. Демек, әскербасы еңбегі бұл кезде өлшеусіз де ұшан-теңіз, оған халық тағдыры мен жер тағдыры сеніп тапсырылған десе де болғандай. Міне, осындай өте беделді әрі ықпалды отбасында Әбунасыр дүние есігін ашқан. Олай болса, оған жоқшылық-таршылық деген мүлде жат екені өзінен-өзі белгілі. Не ішем, не кием демеген. Әке абыройының көлеңкесінде ештеңеге бас қатырмастан, өте бақытты ғұмыр кешсе де болатын ба еді! Бірақ, зерек ұл ол жолды таңдамады, өзі жанымен қалаған өзгеше сүрлеуін іздеді. Қыпшақ даласынан шығандап шығып, әлемдік ақыл-ойдың қызу майдан-ошағына мидай араласты. Сөйтіп, жарқырай көрініп, ең биік шыңға көтерілді, ерекше талант қырларымен айналасындағыларды таң-тамаша етті. «Шығыстың Аристотелі» атанды.
Артында өлместей мол рухани мұра қалдырып, тарихқа атын мәңгіге жазды. Әбунасыр әл-Фараби біз үшін сосын да аса қымбат, мейлінше құрметті!
Жетінші сөз
Түркі халқының ең үлкен мәдени-ағарту орталығы ретінде сол замандарда-ақ танылған Фараб (Отырар) шаһары Әбунасыр дүниеге келмей тұрып, бір ғасыр бұрын бейбіт жолмен Ислам дінін қабылдағаны айтылады тарихи жазбаларда. Сол шақта әрбір сауаты мол мұсылман ислам діні қағидаттарымен шұғылдануы тиіс болатын-ды. Әбунасыр да сөйтті, әу бастан түркі-араб тілді ғалым болып танылды. Отырарда өте бай кітап қоры сақталған кітапхана болғанын тарихи құжаттар дәлелдейді, сол мол мұрадан қажетінше сусындаған. Содан соң Араб халифаты берік орын теуіп, өркендей түскен Бағдад қаласына сапар шеккен. Әбунасырдың бұл елде жүрген кездегі ең үлкен орнықты ісі – араб, парсы және түркілер көзқарасы арасындағы алауыздық пен түсініспеушіліктерді, кейбір кертартпа әрекеттерді түбегейлі жоюға күш салуы. Оның мұндай ізгі ойына барша зиялы қауым аса құрметпен қарады, қолдау көрсетті, ісінің ілгері басуына барынша мүдделілік байқатты. Кешегі кеңестік кезеңде Әбунасыр бабамызды дінге қарсы болған, оны мансұқ ету бағытында жұмыс істеген деп көрсетуге тырысып баққан. Бұл – үлкен жүректі ғалымның ұстанған бағытын бұрмалап, оған жасалған көпе-көрінеу қиянат демеске амал жоқ! Араб-парсы-түркі үштігінің бірлігі жолындағы жасаған қадамы мен еңбегі өз алдына талданып, жеке әңгімеге тақырып болып сұранып тұрғандай. Ал, одан соң дін мен философия бірлігі, олардың аралық байланысы жайына ауысқанда да Әбунасыр тосын да тың ойларға соқпақ сала білген. Бұл сала өзінше соны сүрлеу болып қала бермек!
Түйінсөз
Қайта-қайта оралып, тілге тиек ете беретін тақырып бұл! Әбунасыр баба жайы сөз болса, бұл қазақтың расымен-ақ селқос, марғау, мимырт, аңғал екені қайталап көзге ұрады! Бағымызға орай, өткен ғасырдың 60-жылдарында осы мәселені ғұлама ғалымымыз Ақжан Машан мырза бел шеше кіріспесе, «жабулы қазан жабулы күйінде» қала бермекші екен-ау! Тарих былай дейді: 1962 жылдың басында, яғни «Білім және еңбек» журналының бірінші нөмірінде ғалым Ақжан Машанның Әбунасыр туралы алғашқы мақаласы басылды. Мақаласы емес, Әбунасырдың «Ғылым үйрену туралы» деген еңбегі тұңғыш рет қазақшаға аударылып, қалың қазаққа жария болды. Ал, Ақжан ағамыз мақалаға алғысөз жазып, Әбунасыр біздің бабамыз екенін, көне Отырар қаласы маңында дүние есігін ашқанын, содан ғылым қуып алыс сапарға аттанғанын дәлелдеп көрсеткен. Арты талас-тартыс, жоққа шығаруға ұмтылыс, кері мақалалар – қысқасы, бұл қазақ өзінің атышулы бабасын да тосырқап қарсы алған. Бөтенсініп кекжиген! Бергі жағындағы қилы-қилы қазаққа тән кертартпалық пен кесір оқиғаларды тізбектемей-ақ қоялық, айтайын дегеніміз мүлде басқа нәрсе! Сонда дейміз-ау, бұл қазақ өзінің шыққан тегіне, өзінің ұлы перзенттеріне неге тым суық, неге тым салқын? 60-жылдарға дейін «екінші Аристотель» атанған Әбунасырдай ұлы перзенті болғанын білмей келу, білуге ұмтылмау – қалай айтсақ та сүйекке сын! Бұл бір жағы! Екінші мәселе – біз неге Әбунасыр деген өз ныспысы бола тұра барлық жазбаларда әл-Фараби дей саламыз? (Айталық, әл-Фараби атындағы ұлттық университет, т.б.). Тіпті кей жазбаларда Фараби деп те қоя салатын болып жүрміз! (Мысалы, Д. Досжанның бір повесі –»Фараби» деп аталады!) Осының бәрі де біздің әлі күнге көп нәрсеге аса ыждағаттықпен мән бермейтінімізді, ал солай айта салуды мін санамайтынымызды қайталап әйгілесе керек! Біздікі – ой ғой! Ал, сен – Қазағым, бұған қалай қарайсың?Әйтеуір, бос елең-селеңмен жүрмей, ойлана жүрсек деген ізгі ниет қой біздікі...
* * *
Ғылымның ең биік шыңына көтеріле алған ойшыл баба – Әбунасыр әл-Фараби турасында соңғы 10-15 жыл төңірегінде біршама ойланып, ой қозғап жүрген жайымыз бар. Ғылыми еңбек жазуға талпынбадық, бірақ әдеби-көркем дүниелер тудырсақ деп қайта-қайта ұмтылыс жасағанымыз рас.
Әуелі «Отырардың жусаны» деген философиялық әңгіме өмірге келген. Содан соң «Шамда сөнген шырақ» («Ғұлама-ғұмыр») деген драма жазып, ол туындымыз Мәдениет министрлігі жариялаған жабық бәйгеде «драматургия» номинациясы бойынша 2015 жылы жүлдеге ие болды.
Енді, міне, «Әбунасыр әл-Фараби» атты философиялық кинороман жазып, аяқтау үстіндеміз. Аманшылық болса, аз уақыттарда жылы баспа арқылы жарыққа шығып та қалар. Ал, кино тіліне айналу жағы...
Бір өкінерлігі – министрліктің беделді байқауында ерекше аталып өтсе де, төрт жыл өтіп барады, әлі күнге «Шамда сөнген шырақ» атты пьесамызды сахналауға ұсыныс түспей жатқандығы.
Селқостық па? Білмедім. Әбунасырды қадірлеп-сыйламау ма? Тағы да білмедім.
Сөздің тоқ етер түйіні – әлем таныған Әбунасыр бабаны өз биігінде қадір тұтып, барынша құрмет көрсету, бүгінгі жас ұрпаққа мейлінше мол қырынан танытуға құштарлық байқату – біз үшін перзенттік міндет!
Жолтай Әлмашұлы