Әдеби байланыс тұтастырады

ӘДЕБИЕТ
2514
2022 жылдың 30 тамызында Қазақстан мен бауырлас ел Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қатынастар құрылғанына 30 жыл толды. Тәуелсіздік алған соң алғашқы кезде әдеби-мәдени байланыстар бірден жетіліп, дамып кетпеді. Әр ел өз ішкі құндылықтарын бағамдап, қайтадан аяққа тұру үшін ұмтылып жатты. Уақыт өте келе туысқан ел әдебиеттері бір-бірімен қарым-қатынас пен байланысты күшейту керек екенін сезінді. Өйткені түбіміз бір, біріне-бірі бауыр болған халықтар әдеби-мәдени жағынан араласуы керек. Әйтпесе жаттың күйін кешетініміз анық. Осы ретте соңғы жылдарда екі ел арасындағы әдеби байланыстардың жандана бастауы мұзды жарып, сеңді қозғады.

2017 жылы Әзербайжанда «Жаңа қазақ поэзиясының антологиясы» жарық көргені бәрімізді қуантты. Басында Әзербайжан тарапынан Әкбар Қошалы мен Рәсмия Сабир, Қазақстан тарапынан Танагөз Толқынқызы мен Дәурен Қасенов болған бұл кітапты Дүниежүзілік Түркі жас қаламгерлерінің бірлігі шығарды. Жинақтың алғысөзін танымал журналист, Әзербайжандағы «Каспи» газетінің басшысы, доктор Сона Вәлиева мен ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек жазған.Антологияға Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Алмас Ахметбекұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Әмірхан Балқыбек, Талғат Ешенұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Анар Шамшадинова, Руслан Нұрбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Саят Қамшыгер, Сағыныш Намазшамова, Танагөз Толқынқызы, Алмат Исәділ, Елена Әбдіхалық, Қалмахамбет Мұхаметқали, Азамат Есалы, Қазыбек Шахан, Назира Бердалы, Құралай Омар, Жанар Әбсадық сияқты ақындардың жырлары енген. Сонымен қатар Толқын Қабылша, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Гүлназ Файзуллақызы, Ұларбек Нұрғалым, Рахат Әбдірахман, Бақытгүл Бабаш, Ербол Бейілхан, Әнуар Бимағамбет, Хамит Есаман, Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Рауан Қабидолдин, Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман, Мақпал Жұмабай, Динара Мәлік, Батырхан Сәрсенхан, Әлия Іңкәрбек, Жанар Айлаш, Нұргүл Маулина, Жұлдыз Бейсек, Мақпал Мыса, Досбол Ислам, Наурызхан Ғазизұлы, Индира Керей, Олжас Қасым, Жанаргүл Қадыр, Айжан Табаракқызы, т.б ақындардың өлеңдері бар. Бұл антологияға кірген жырларды әзербайжан ақындары Рәсмиә Сабир, Тәранә Туран, Гүлнар Сәма, Афак Шихлы, Әкбар Қошалы, Елхан Зал Қараханлы, Ибраһим Ильяслы, Интикам Яшар, Руслан Дост Әли аударды.

Антологияның Бакуда өткен тұсаукесеріне жиырмаға тарта қазақ ақыны арнайы барып қатысқаны да қуанарлық жайт.2018 жылы Астана қаласында «Жаңа заман Әзербайжан поэзиясының антологиясы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. «Фолиант» баспасы шығарған бұл жинақ Астанада сол кезде өтіп жатқан Еуразия халықаралық кітап көрмесімен сәйкес жарық көріп, Әзербайжаннан арнайы ақын, аудармашы Ильгар Түркоглы, кәсіпкер Иылмаз Окуклы, ақын Әкбар Қошалы келіп, тұсаукесерге қатысқанын ерекше атап өткіміз келеді.

Осы игі істің ұйымдастырушысы болған ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен Танагөз Толқынқызы бұл антологияның сапалы болып шығуына үлес қосқан. Әзербайжан ақындарының поэзиясы қазақ тілді оқырманның жүрегіне жетті. Кітаптағы өлеңдерді аударуға қазақтың біраз ақыны жұмылдырылды.

Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған сол кездегі Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамадов екі елдің арасындағы әдеби байланысты нығайтатын осы кітаптың маңызы туралы ақтарыла сөйлеген болатын. Антологияға қырықтан астам әзербайжан ақыны енген.

2020 жылы 27 қыркүйекте басталған Қарабақты қайтарып алу қақтығысында бауырлас Әзербайжан халқына қазақ зиялылары, ғалымдары мен ақын-жазушылар, өнер адамдары, журналистер мен блогерлер рухани қолдау көрсетті. 44 күнге созылған соғыстан соң Әзербайжан өз меншігіндегі жерлерді қайтарып алды. Осы кезде қазақтың өр ақыны Рафаэль Ниязбек «Қарабақтың көз жасы» деген өлең жазды.

Қарабақты қасиет, кие көріп,

Жат жұрағат кеткелі иеленіп.

Екі елдің арасы ушығып тұр,

Соғыс өрті тұтанып, шиеленіп.


Өзен түгел тартылып нұрлы арналы,

Ізгі ағаштар тұр, әне қуарғалы.

Қарабақты қарау күш жайлап алған,

Көз жасына бау-бағын суарғалы.


Бөрібүлік сойқанды таптағалы,

Неге ерлердің қонбайды атқа бәрі?

Қарабақтың тұнығын білсең егер,

Лайлағалы қай заман жат табаны.


Бір бүліктің жатқанда түбірі өніп,

Неге тұлан тұтпасын күн түнеріп.

Қарабақтың тапталып ар-намысы,

Жатыр неге, ағайын, күңіреніп?


Дүр дүние жаралып, нұр сіңгелі,

Неге егіліп сыңсиды тылсым желі?

Жер-жаһанға атойлап тұр естіліп,

Қарабақтың қан жұтып күрсінгені.


Табылатын қасынан қысылғанның,

Талай елге жыр құсын ұшырғанмын.

Әттең, түркі әлемі біріккенде,

Жыламас ед жері өксіп мұсылманның...


Алда қандай зауал бар... кім біледі,

Көк аспада бұлт көшіп дүрлігеді.

Ей, ағайын, толықтай азат болса,

Қарабақтың көзінде күн күледі!

 

Осы орайда қазақ ақындары өз жырларымен осылайша үн қосып, әзербайжан халқына қолдау білдірді. Бұл жырлар әлеуметтік желілер мен басылым беттерінде, түрлі сайттарда әзербайжан тіліне аударылып, басылып жатты. Сондай жырлардың бірі – Дәулетбек Байтұрсынұлының туындысы болды.

Қайтарылсын Қарабақ!

Тұтас едің бір кезде Ер түріктің мекені,

Басы қиыр шығыста, Қаратеңіз етегі.

Солтүстігі мұз мұхит, оңтүстігі Кашмир де,

Төсіндегі көк түрік лапылдаған от еді.


Алған оны тілімдеп кегі кеткен көп жендет, 

Бірі шығыс, ал бірі солтүстіктен өңмендеп.

Шекаралар тартылып, кесілсе де кең Тұран,

Қағанаттан қалған ел Түркі жұрты өлген жоқ.


Шайыр өткен Низами Гәнжәуидей даңқты,

Соның туған мекенін жат ниеттер алыпты.

Анасынан айырылған тірі жетім Қарабақ,

Шырылдады отыз жыл, қолын созып жалықты.


Жауға кеткен баласын алу үшін бөтеннен,

Қайтаруға тап берді Қарабаққа төтеннен.

Әзербайжан ұлдары ұрандады ерлікпен,

Тайсалмастан тап берді, Туын биік көтерген.


Болмас енді дұшпанның арам пиғыл дегені,

Көк түріктің өр рухы көтеріліп келеді.

Жетім бала – Қарабақ анасына қайтады,

Әзербайжан туғандар жеңілмейді, жеңеді!

 

 Саят Қамшыгердің «Алға, оғлан!» атты өлеңі де осындай рухты биіктетер туынды еді. Бұл өлеңді әзербайжанның ақын қызы Аида Эйвазова тәржімалаған болатын.

Төрткүл дүние назарында – Қарабақ,

Тұтас тұрған ағзадағы қара дақ.

Азат етсе әзербайжан оғланы,

Қарабақтан ізгі сәлем тарамақ.


Қайта гүлден, түркілердің аймағы,

Отан – Ана ұл-қызының қайрағы.

Алдағы күн Рух қырандай қалықтап,

әділдіктің желбірейді байрағы!


Алға, оғлан! 

Елің гүлге оранар,

Сілкінбесең ұлы мұраң тоналар.

Қарабақтың бағы қайта жанғанда,

босқан халық бостан болып оралар.


Дұға тілеп, тілек айтам сыртыңнан,

Айбаттанған арыстандай түр-тұлғаң.

Айналайын, әзербайжан әскері,

ар-намысын қорғау үшін ұмтылған!


Алға, оғлан!

Әзербайжан тірегі,

Жеңесіңдер, жаным сезіп, біледі.

Оң көзімнің қарашығы – Қарабақ,

Шуша деген – түркілердің жүрегі.


Әр қадамың – он, жүздеген шақырым,

Сен жеңесің, алыстағы жақыным.

Алға, оғлан!

Ақиқаттың семсері,

Ұлы жолда ұл боп туған батырым!

Қазақ ақындардың сөзбен қолдап, жыр жазғаны әзербайжан халқына Рух берді, күшке күш қосты. 2020 жылдың желтоқсан айында Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Мамадов Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қабылдау ұйымдастырып, қиын кездерде қолдау көрсетіп, әлеуметтік желі мен ақпарат құралдары арқылы өз сөзін арнап, әзербайжан халқына тілектестік білдірген зиялы қауымды, ақын-жазушы, өнер адамдарын шақырып арнайы алғысын айтып, Құрмет грамотасымен марапаттады. Енді жылдар жылжып, уақыт өткен сайын қазақ пен әзербайжан халықтары бір-біріне жақындай түсуде. Алдағы кезде одан сайын жақын болуымыз үшін әдеби шығармаларымызды аударып, халықаралық басқосу, фестиваль, жиын, конференция, кітап, әдебиет жәрмеңкелерін жиі өткізіп, ұйымдастырып тұру маңызды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркі академиясы сияқты ортақ мақсатты мүдде еткен орындар ғана емес, әр адам осы жолда атсалысуы керек деп ойлаймыз. Себебі әдеби байланыс халықты тұтастырады, рухани күшті арттырады, тарих пен тегіміз арқылы бірлестіреді, ғаламдық жұтылудың алдын алады.

Әкбар Қошалы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (Әзербайжан);

Саят Қамшыгер, ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты (Қазақстан)

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде рэп оқитын полицей елді таңқалдырды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Мәліметтерге...

Жаңалықтар

Адамды адам еткен—кітап,                   &nbsp...