ӘШ-АҒАМНЫҢ СҰРАҒЫ

ӘДЕБИЕТ
2646

Қазақ халқының қамы үшін аянбай күресу керек. Менің көңілімде тұратын ең бірінші нәрсе – өз халқымның қамы. Мен ана халықтың да, мына халықтың да бәрін құшағыма алам деп айта алмаймын. Оған құшағым да, шамам да жетпейді. Шамам өз халқыма да жетпейді. Бірақ, жеткенінше Алаш халқының азаттығы үшін, азаматтығы үшін, абыройы үшін жан қиюға әзірмін. Өйткені, егер Ел болуды көксесек, қазақ халқының саламаттығы керек. Осы мемлекетті құрушы халықтың хәлі онша болмаса, басқалардың өмірі құйқылжып кетеріне дау жоқ. Мен оны қаламаймын. Қазақ халқы төменде жатып, қалғанының қалықтағаны маған керек емес. Оны көргенше О дүниеге аттанып кеткен жақсы. Өйткені, әкемнің де, шешемнің де менің құлағыма құйып айтқаны осы. Балаларым мен немерелеріме де осыны айтам. Қазақ халқына иненің жасуындай пайдаларың тимесе, қалған қайраткерліктеріңнің пайдасы шамалы дегенді үнемі ескертіп отырамын. Ол менің өз еркім, жеке құқым. Оған ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ...

Марқұм Әшірбек аға Сығаймен құрған сұхбатымда жарықтықтың жүрегі осылайша ақтарылған еді-ау. Ол 2012 жылдың жазы кетіп, күзі келген қоңырсалқын кезі тұғын. Менің Қазақ радиосында қызметте жүрген шағым. Абайлап емес, Абай құсап толғайтын қасиетінен танбай, қоғамдағы көп кеселдің бетін тіліп-тіліп көсіліп еді көсемсөзші көкем. Ана министр мен мына әкімге тиіп кетпесін деп, Радио басшылары да сол хабарымның құлағын құнтитып, мұрынын шұнтитып, қорқасоқтап эфирге әрең қойғаны есімде.

Әшірбек ағаны бала кезден-ақ телеэкран мен басылым беттерінен жақсы білетінбіз. Ата-анам мен бауырларым бар – бәріміз жақсы көретінбіз. Сірә, ол кісінің азаматтық келбетіне бас имеген қазақ кем шығар...

Сұхбат бітіп, студиядан шыға бере: 

Не жазып жүрсің? –  деді. 

Мен сиясы кеппеген жырымды оқып бердім. 

– Мынауың классикалық дүние ғой!

Көкейімде «аванс үшін айтқан шығар» деген ой тұрғанмен, ағаның бір ауыз сөзінен қанаттанып кеттім. Бұл сұхбатты Алматыда алдым да, Радионың бас штабы Алатаудан Арқаға көшкенде Астана студиясынан таратқан алғашқы хабарым осы болған.          Не керек, содан бастап екеуіміз бір-бірімізге жиі хабарласып тұрдық. 

Әрдайым қоятын бірінші сұрағы – сол: «Не жазып жүрсің?» еді.

Ол кісі де қызмет бабымен Алматыдан Астанаға қоныс аударды. Бұдан соң арамыз одан бетер жақындай түсті. «Қазақстан» РТРК басқарма Төрағасының шешімімен Қазақ радиосының Көркемдік кеңесіне қатар мүше болып, ай сайын, кейде тіпті апта сайын әндерді бірге сұрыптап жүрдік. Мұнда да талғам-таразымыз үйлесім тапты. Қатарымызда Нұртілеу Иманғалиұлы, Секен Тұрысбек, Балнұр Қыдырбек сынды сөз бен ән өнерінің майталмандары болатын. Аға сол Көркемдік кеңестің Төрағасы ретінде төрімізде қасқайып, қара қылды қақ жарып отырды. Жиналыстың соңында оңаша қалып та жиі сырласып жүрдік. Қай кездесуіміз болса да ол кісінің алғашқы сұрағы – сол баяғы: «Не жазып жүрсің?» еді.

Осы дәстүрлі сұрақтың арқасында 2014 жылы «Қарашаңырақ» деген кезекті жыр кітабым жарық көрді. Жаңа кітабымның Ұлттық академиялық кітапханада өткен тұсаукесеріне Әшірбек аға алып-ұшып елден бұрын келді. Лентаны қиып, тағы да сол баяғы сарынымен ағынан жарылып, шығармашылығыма пікір білдірді. Оңашада аздап ескерту айтатын ақылман кісі елдің алдында сынмен сойып салса не болар екен деген үрейімді ағаның ақжарма тілегімен өрілген өлеңдеріме деген ыстық ықыласы ұмыттырып жіберді. Бұл не деген ірілік деп іштей ерекше риза болдым. Көкемнің осы қасиеті менің құрметімді одан сайын күшейте берді. 

Күндердің күнінде Қазақ радиосы үлкен концерт өткізетін болып, басшылар Әшірбек ағаны сол шараға құрметті қонақ ретінде шақыруды ұйғарды. Ал ағаны күтіп алу жауапкершілігі маған жүктелді. Концертке бір күн қалғанда хабарласып, қаншада қай жерге келу керектігін пысықтадым. Ол кісі ерекше көңілді екен. Әдеттегідей алғашқы қойған сұрағы – сол: «Не жазып жүрсің?» болды...

Әңгіме соңында Баянғали Әлімжанның нөмірін сұрадым. Ағам: «Қойын дәптерімнен қарап көрейін. Егер табылса саған қайта хабарласам, ал хабарласпасам таппағаным» деді де, телефон тұтқасын шұғыл тастап жіберді. Енді хабарласпас деп күмәнді ойға беріле бастағаным сол еді, телефоным шыр ете қалды. Сұрағаным дәптерінде бар боп шықты...

         Екі сағаттан соң естіген қаралы хабар есімді жиғызбады!

         Бұл – ол кісінің маған жасаған соңғы жақсылығы екен...

         Асыл ағамның нөмірі менің де қойын дәптерімде сақтаулы. 

«Не жазып жүрсің?» деген дәстүрлі сұрағы да жүрегімде жаттаулы. Бүгінде сол сұрақты мен ғана емес, тұтас Қазақ Өнері қажет етіп тұрғандай. Бірақ, бұлай сұрайтын Әш-ағам жоқ!..

Серік СЕЙІТМАН

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық «Қазақ Тілі» қоғамының Құрметті мүшесі,

Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ докторанты



author

Әшірбек Сығай

ЖАЗУШЫ

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...