Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президент тапсырмасы бойынша Екібастұзда...
Алматыда «Жыр алыбы – Жамбыл» атты музыкалық поэзия кеші өтті
Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты музыкалық-поэзиялық кеш өтті.
Іс-шара ҚР Ұлттық кітапханасының өнер бөлімі жанындағы «Інжу-маржан» клубы аясында өткізілді. Музыкалық-поэзиялық кештің мақсаты – ақынның поэзиялық мұрасын жаңғырту, оның шығармашылығын кеңінен насихаттау және дәріптеу, онымен жастарды таныстыру.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, жамбылтанушы мен танымал композиторлар қатысты. Атап айтсақ, Нағашыбек Қапалбекұлы, Темірхан Тебегенов, Салтанат Айбергенова, Балнұр Қыдырбек, Шаяхмет Алжамбаев, Хабиболла Сетеков, Бақытжан Шормақов және тағы басқалары.
Музыкалық-поэзиялық кеш аясында кітапхананың Ораз Жандосов атындағы «Қазақстан кітаптары» және мерзімді басылымдар залында ұлы ақын, суырып салма өнерінің классигі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда ақын шығармалары мен ол туралы әдебиеттер ұсынылды.
«Қазақ поэзиясының көп ғасырлық тарихындағы жырау, поэзия алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толды. Бүгінде мемлекеттік деңгейді халықаралық сипаты бар үлкен іс-шаралар басталды. Соның бір жарқын көрінісі Ұлттық кітапханасындағы шараны айтуға болады. Мұнда арнайы көрме мен ғалымдардың конференциясы ұйымдастырылды. Бұл халқымыздың рухани құндылықтарын ұлықтаудың үлкен көрінісі»,- дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Темірхан Тебегенов.
Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ақын-жазушылар, жамбылтанушылар және қоғам қайраткерлері Елорда да Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Айта кетейік, 25 ақпан күні Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық іс-шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек, ақын өмірінен деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделіп отыр.