Қазақ әдебиеті тарихында «Қыз Жібек» хиссасы ғашықтық жырлар қатарына жатқызылған. Ал он...
Қалбан Ынтыханұлы. Әке өсиеті: Сыма Чиян біз үшін кім?
Тотаритарлық жүйедегі Кеңес одағы тұсында Қытаймен болған екі арадағы келеңсіздіктерге байланысты ежелгі Қытай мұралары елімізде зерттелмей кенжелеп қалды. Сөйткенмен де, еліміз тәуелсіздік алғалы бері, екі ел қарым-қатынастарының дұрыс бағыттарда сәйкестік табуына байланысты көптеген игі бастамалар жолға қойылып, ежелгі қытай мұраларын зерттеу жұмыстары шындап қолға алына бастады.
Қалбан Ынтыханұлы
Соның нәтижесінде Қытай тарихнамаларындағы ұлтымызға қатысты деректер молынан жинақталып, не бір қомақты еңбектер жарыққа шықты. Бірақ, азғантай жетістіктерге бола арқаны кеңге салу тым ерте, әлі де тереңдей зерттеуді күтіп жатқан ежелгі қытайдың көне тарихи жазба деректері аз емес. Солардың қатарында, ежелгі қытайдың әйгілі тарихшысы Сыма Чян және оның атақты шығармасы «Тарих естеліктерін» («Шы жи» бұл шығарма «тарихнама» деп те аталып жүр, шын мағынасы тарих естеліктері дегенге сәйкес келеді) атауға болады.
Ерте ертеде, тіпті, жыл санаудан да бұрын Сарыөзен (Хуаңхы) алқабындағы қытайдың орта жазығы мен соның төңiрегiндегi жерлерде ірілі-кішілі мемлекеттер қалыптасып, түрлі өркениеттер өркен жайған болатын. Сол өркениеттер тарихта «Хуаңхы мәдениеті» деп аталды, сондай-ақ бүгінгі заманғы қытай мәдениетінің арыдағы мәйегі де сол еді. Әне, сол замандардан бастап, қытай өзінің жазу мәдениетін қалыптастырып үлгерді әрі түрлі жазба мұралардың қомақты қорын жинақтады. Біздің заманымыздан бұрынғы 221 жылы Чинь Шыхуаң Қытайдың орта жазығы мен соның төңiрегiндегi мемлекеттердің басын біріктіріп, қытай тарихындағы ең алғашқы тұтастыққа келген Чиң патшалығын құрды. Бүгінгі Хань ұлтының мәңгілік ел болып қалыптасуындағы мызғымас іргетасы міне, осы тұста мықтап қаланған болатын.
Қытайлар әне сол замандардан бастап ел тарихын жазуға баса мән берді. Қытайдың оған дейінгі және одан кейінгі шынайы тарихы дәл сол замандардың өзінде жазылып хатталды әрі мұрағатталды. Есепсіз көп жазылған тарихтар мен естеліктер қытай мемлекетінің бүгінге дейінгі іргесінің берік болып тұруына түрлі жақтардан тәжірибелер мен тәлімдік сабақтарды үйретіп, пысықтатып келеді. Сол жазылған тарихтардың ішіндегі ең алғашқысы әрі ең маңыздысы Сыма Чян жазған «Тарих естеліктері» еді.
Ежелгі Қытайдағы Хан патшалығы елінің әйгілі тарихшысы әрі әдебиетшісі Сыма Чян біздің жыл санауымыздан бұрынғы шамамен 145-ші жылы сол кездегі Хан патшалығы елінің астанасы Чаң-аньға жақын маңдағы Шия яң ауданының бір қыстағындағы (қазіргі орыны Шаньши провинциясының Ханьчың ауданының батыс оңтүстігінде) тарихшы, ғұлама Сыма Тан шаңырағында дүниеге келген.
Оның арғы аталары да тарихшы болыпты. Әкесі Сыма Тан тарих және астрономия, жағарапия ғылымдарына жүйрік болғандағы себепті патша ордасына шақырылып, сарайдың бас тарихшысы болыпты.
Әз тарихшы Сыма Тан өз әулетінің ізгі дәстүрін жалғастырмақ ойымен баласы Сыма Чянды білімдарлыққа ынталандырып, оны жастайынан қолына қалам ұстатып, жазушылық өнерге баулиды. Сыма Чян он жасқа толысымен өз заманынан бұрынғы, сол кездің өзінде оқылуы қиын болып есептелетін қытайдың алғашқы тіл жазуларын танып, жаттық оқитын шамаға жетеді. Ат жалын тартып мінісімен ел аралап, жер көріп, атақты тауларды, өзен-суларды, мемлекетінің түпкір-түпкіріндегі елді мекендерді түгел аралап шығу мен бірге мемлекеттің іші сыртындағы түрлі ру-тайпаларды, елді мекендерді және сонда болған оқиғаларды түгел естелікке алады.
Біздің заманымыздан бұрынғы 108 жылы Хань елінің патшасы Хань уди тұңғыш рет ата-бабасына ас бермек болып, иісі қытайдың игі жақсыларына сауын айтады. Осы бір дүбірлі жиынға, патшаның сауын айтып шақырған асына бас тарихшы Сыма Тань созылмалы науқасының себебімен бара алмай қалып қатты күйзеліске түседі. Әкесінің бұл жайынан хабардар болған Сыма Чянь, алыс сапардағы жолынан ат басын кері бұрып, жол бойы дамылдамастан суыт тартып әкесіне келеді. Құсада төсек тартып жатқан Сыма Тань, алыстан ат өксітіп жеткен ұлын көріп, төсектен басын көтеріп, көңілі азда болса серпіліп қалады. Сол тұста, Сыма Тань ұлының қолынан ұстап тұрып, көзіне жас ала: «ұлым, мен өлген соң орныма отырып тарихшы бол, ата жолын қу, дәстүрді жалғастыр, менің бұл өмірдегі араманым үлкен тарих жазу еді, амалым қанша, арманымды орындай алмай кетіп бара жатырмын, менің осы арманымды сен орында, еш қашан есіңнен шығырушы болма, сөз жоқ орында» – деп үлкен өсиетін айтады. Әке өсиетінен бас тартатын ұл болушы ма еді, сонда Сыма Чянь жылаған бойында, қамқор әке алдында жүгініп: «Әке, мен сіздей аса қабілетті болмасамда, бар біліміммен сіздің бұл өсиетіңізді сөз жоқ орындаймын», – деп серт береді.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 108 жылы, Сыма Чянь патшаның әмірімен ордаға шақырылып, әкесінің орынына бас тарихшы болып тағайындалады. Әке жолын өнеге тұтқан ол жан-тәнімен тарих жазуға бел буады. Ол кезде Хань патшалығы үлкен империяға айналған болатын. Хань Уди батысқа және терістікке жорық жасаған кездерінде бір неше рет Сыма Чяньды да жанына ертіп алған болатын. Осындай қолайлы орайларды қалт жібермеген орда тарихшысы Қытаймен көршілес жатқан Ғұн, Үйсін елдері туралы шынайы деректерді жинақтап естелікке түсіреді. Патша ордасындағы үлкен кітапханада отырып ерте заманғы тарихтарды оқып, ерте замандағы деректерді реттейді және өзінің жан-жақты білімін толықтырып, қабілетін шыңдайды. Сонымен бес жылдық іздену мен құлшынуының нәтижесінде жыл санаудан бұрынғы 104 жылы Хан Удидың алғашқы жылнамасы «Тәй чу жылнамасын» жазып жарыққа шығарады. Ол еңбегі үшін патша оған оң қабақ танытып, жақсы бағасын береді. Осы еңбегінен кейін ол ең әйгілі шығармасы «Тарих естеліктерін» бастап жазуға да қызу кірісіп кетеді.
Алыптардың алдынан қашанда бір қасіретке толы кереғар кедергінің шыға қалатындығы сонау жыл санаудан бұрынғы замандарда басталғанға ұқсайды. Оның да себебі бар әрине, шын таланттардың ақиқатты жақтайтындығы, шындықтан жазбайтындығында жатыр. Жыл санаудан бұрынғы 98 жылы “Ли лиң оқиғасына” байланысты Сыма Чян істі болып түрмеге жабылады. Осы айтылған “Ли лиң оқиғасы” былай болған, Сыма Чянь өмір сүрген заманда Хань мен Ғұнның арасындағы бұрыннан жалғасып келе жатқан құдалық қатынастар үзіліп, оның орыны өліспей беріспейтін кескілескен соғыстарға ұласқан болатын. Сол Хань мен Ғұнның бір жолғы соғысында Ғұндар жағынан жеңіліп қалған Хань елінің Ли лиң деген сардары Ғұндарға бағынып, сол жаққа өтіп кетеді. Енді Ли лиң кім, Сыма Чянь неге түрмеге қамалды? Дейтін сұрақ туындайды. Ли лиң Хань мен Ғұнның соғысында үлкен жеңістерге қол жеткізген, ғұндарды әлсіретуге үлкен үлес қосқан атақты Ли гуаң сардардың немересі. Енді «Ханьнамадағы» мына бір үзіндіні келтіре кетсек өте анық болары хақ. «Ханьнамада» :“ Ли лиң Сұңқар тауында Ғұн тәңірқұты мен бетбе-бет шайқасқа шықты. Тәңірқұт Ли лиң қосынын 30 мың жасағымен қоршауға алды. Тау шатқалында қалған Ли лиң арбаларды бір-біріне тіркеп бекініс жасады ... тәңірқұт Лилиң қосынының шегінер жолын кесіп, таудан тас құлатты. Ли лиң жасақтарының көбіне тас тиіп қырылды, олар алға ілгерлей алмайды, сөитіп Лилиң:‛енді патшаға қай бетіммен барамын’,-деп ғұндарға тізе бүкті ... Ли лиңнің ерлігіне тәнті болған тәңірқұт оған қызын беріп, оң қанат аламан хан етіп тағайындады”,-деп жазылған. Ендеше атақты Ли гуаңның ұрпағы Ли лиңнің Ғұндарға тізе бүгуі Хань патшасы үшін аса ауыр соққы әрі қорлық болып есептелері хақ, оның үстіне Ли лиң жай адам емес болатын, ол туралы «Ханьнамада»:“ Ли лиңнің жанама аты Шау-чиң. Жас шағында Жияньжаң сарайының бақылаушысы болды. Ат құлағында ойнайтын батыр да мерген, жұртқа жағымды, ақ көңіл, ел алдында беделі бар адам. Хань Уди : «Ли лиңге атасы Ли гуаңның киесі қонған», – деп есептеп, оның қол астына 800 сарбазды жасақтап берді...», – деп жазылған.
Сенім артқан сардарының, Хань елінің ата жауы Ғұндарға тізе бүгіп кетуі патша үшін әрине үлкен қасырет. Сөйтіп қаһарына мінген ашулы патша бкіл уәзірлері мен ақылман кеңесшілерін ордаға шақырып мәжіліс ашады, осындай орайды ұзақтан бері күтіп жүрген, Ли лиңге іштарлық жасайтын ордадағы тоғышар қотанбайлар оны барынша қаралап, патшаны одан ары ашуландырады. Олардың кейбірі: “Ли лиң ғұндардың басын қосып, қол бастап, Хань елінің шекарасынан кіріпті”,–деген қауесетті де өз жандарынан қосып жібереді. «Жаралы аю жанды аямас» дегендей патша Ли лиңнің отбасын түгел қырып салады. Ли лиңді ғұн елінен алдыртуға кісі жібереді, бірақ ол әрекеті іске аспай қалады. Дәл осы бір аумалы төкпелі кезеңде дағдарған патша орданың бас тарихшысы Сыма Чянды шақырып алып оның кеңесін тыңдайды. Ли лиңмен еш қандай етене байланысы жоқ болса да оған ара түспек болған Сыма Чян Ли лиңді ақтап бірер ауыз ғана сөз айтады, бұл оның басына үлкен пәле болып жабысарын ол ешқашан ойламаған болатын.
Бұл іс туралы «Ханьнамада»: « Патша осы іс туралы бас тарихшы Сыма Чяннан кеңес сұрады. Сыма Чян Ли лиңді мақтап: «Ли лиң елін қорғайтын ер мінезді, үлкенге құрметі, жұртына қайрымы бар қамкор адам. Бойындағы осы қасиеттері оның дегдар адам екендігін білдіріп тұратын. Қазір қара басының қамы мен қатын-баласынынң қамын жейтін әлде кімдер оның жіберіп алған ағаттығына бола асыра қаралап, үлкен пәлеге жығып беруі өте аянышты болды... Ли лиң қосынының барар жері, басар тауы қалмаған жағдайы астында да жаумен ақырына дейін қарсыласты. Олардың Ғұн қосындарын әлсіреткендігінің өзі мақтауға ылайықты іс. Ли лиң жау қолында қалғанда өзін өзі өлтірмеуінің себебі қылмысын жуу үшін Хань еліне еңбек көрсету орайын күткені шығар»,– дейді. Соғыс болардан бұрын Хань уди патша ордадағы нейіс сардары Ли гуаңлиды ерекше жасақталған қосынмен жорыққа аттандырып, Ли лиңды тек қолғанаттыққа ғана жіберген болатын. Ли лиң қосыны Ғұн тәңірқұтымен кезігіп шайқасқан кезде нейіс санғұны Ли гуаңли мардымды ерлік көрсете алмаған еді. Сыма Чянь шындыққа жанаспайтын сөз айтып, алдамшылық істеп, нейіс санғұнны Ли гуаңлидің абыройын түсіру арқылы Ли лиңді ақтап отыр деп ойлаған патша оны кемсіту жазасына кесті»,-деп жазылған. Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі дегендей, аңқау басымен патшаға осындай ғана бірер ауыз сөз айтқаны үшін Сыма Чянь өмірлік азаптағы ауыр жазаға тартылып, бүкіл өмірін қорланумен өткізді. Жоғарыдағы айтылған кемсіту жазасы өте бір ауыр жаза болатын, атап айтқанда адамды мал орнында пішіп тастау, сол заманда әтек болған адам малмен бірдей саналатын. Әтектің қасында болуға қара шұнақ құлдың өзі қорланатын. Сыма Чянь осындай бір аянышты халге душар болған соң қатты қасыреттенді, өзіне қол салғысы да келді, бірақ әке өсиетін орындау үшін «Тарих естеліктерін» бас алмай жазуға ресми кіріседі.
Сыма Чян өзінің әйгілі шығармасы «Тарих естеліктерін» тапжылмай отырып он алты жылдың ішінде жазып бітіреді. Келелі істің кедергісі көп демекші, ол еңбегі жазылып біте салысымен бірден қоғамға ашық тарата алмады, себебі сол замандағы шындықтар ашылатын болса үлкен пәленің шығатыны сөзсіз.
Сұңғұла тарихшы алдын ала бір нұсқасын өзінен туған қызы Сыма иңге көшіртіп жасырын сақтатады, сонымен бірге сол қызынан туған жиен немересі Яң иңге бүкіл шығарманы бастан ақыр жаттады. Көшірме нұсқаны өз ұлдарына тапсырып, туған жері Лоңмыншан тауына апарып тыққызып тастайды. Содан көп өтпей, досы Рын ань істі болып, өлім жазасына кесіліп, үиі тінтуге алынған кезде Сыма Чяньның оған жазған бір хаты табылып, ол хат патша Хань Удидың қолына табыс етіледі. Сонымен Сыма Чянға қайта тінту жүргізіліп, табылған «Тарих естеліктерінің» түп нұсқасы өртеледі. Кейін, Хань Шуанди билікке отырып, патша тағына мұрагерлік еткенннен кейін Сыма Чянның жиен немересі Яң иңнің жатқа айтуы және балалары тығып сақтаған көшірме нұсқасы бойынша әйгілі «Тарих естеліктері» жұртқа жария етіледі.
Осыдан екі мың жыл бұрын жазылған осы бір ұлы еңбек бүгінгі күнде тек қытайдың ғана емес бүкіл әлемнің ең таңдаулы шығармаларының қатарынан орын алып отыр. Кітап жиыны 526000 иероглифпен жазылған, бес бөлімге бөлінеді. Осы ұлы еңбектің қандай ерекшелігі бар, ендігі сөзімізді солай қарай бұрайық.
Тарихи шындықтар – «Тарих естеліктерінің» ең басты ерекшелігі. Сыма Чян осы шығармасын жазған кезде ақиқатқа барынша адал әрі шығарманың әрбір сөз сөйлеміне дейін мұқият болған. Ол әр қандай тарихи адамдар мен тарихи оқиғаларды жан-жақтылы зерттеуден өткізіп, салыстырып анықтап алғанан кейін барып естелігіне жазған. СымаЧян жас шағында көп жерлерді аралап, көп елдің салт-санасымен, шаруашылық жағдайларымен танысқандығы себепті көкірегі ояу, көзі ашық тарихшы бола алды. Сол Хань дәуірінде шыққан қытайдың тағы бір атақты тарихшысы Бань гу Сыма Чяньды жоғары бағалап: « Шығарма жинақы да ретті, тарихи деректер өте шынайы, бос сөз жоқ, бұрмалаушылық болмаған нағыз тарих», – деген болатын. Сондықтан «Тарих естеліктерінің» ғылымилығы өте жоғары. Осы әйгілі шығарманың 110-томы «Ғұн баяны» деп аталады. Бұл томда Ғұндардың ең арғы тегі, қайдан тарағаны, қандай ел болғандығы, қандай дәстүрді ұстанғандығы, тұрмыс салттары, олармен кіндік жазықтағы қытай патшаларының қандай қарым қатынаста болғандығы, екі арадағы соғыстар, алым-берім, құдандалық қарым-қатынастар, Ғұндардың патшалары, билік түзімдері, саясаттары сияқтылар түгел қамтылып жазылған. Осы заманғы тарихшылардың Ғұндар туралы жазып жатқан шығармалары түгелімен осы кітаптағы деректерге сүйенген. Бұл шығарманың көп бөлімі қытайдың төл тарихына арналса да, біздің де ежелгі замандағы тарихымызды анықтау үшін деректер жинауымызға үлкен көмегін тигізіп отырғаны анық. Бұл еңбекте біздің тарихымызға қатысты үйсін, қаңлы, сақ, ружы, деңлең, сармат сияқты ежелгі этностар көп кездеседі. Осының өзі-ақ көп деген деректердің бетін ашып, төл тарихымызды зертеуге үлкен пайдасын тигізіп жатқаны шындық.
Шығармадан тарихшының сүйіспеншілігі мен өшпенділігі анық көрінеді, позициясы айқын. Сыма Чянь нағыз тарихшыларда болатын ізгілікті жақтайтын, пасықтықты ашатын қасиетті бойына жақсы тоғыта білген. «Тарих естеліктерінде» ежелгі замандағы халық арасындағы ықпалды адамдардың, батырлардың, ақындар мен дәрігерлердің өмір баяндары жазылған тұстарында, тарихшы оларға өз мадақтауларын қосып отырған, отанын сүйген ержүрек адамдарды мақтаған. Қарапайым халық бұқарасына өз аяушылығы мен тілектестігін айқын білдірген. Тарихтағы Чын шың бастаған дихандар көтерілісіне қолдаушылық танытқан. Бұндай ұстаным патша ордасындағы кез келген тарихшының бойынан табыла бермейді. Орда тарихшылары көбінесе жоғары жіктегілерді зор, төмен жіктегілерді қор санайтын стилді ұстанатын. Ал Сыма Чянь олай істемеген, ол патша ордасындағы алаяқ уәзірлер мен кеңесшілеррдің, әскер басылары мен билікке жақын ұлықтардың іріп-шіріген пасық әрекеттерін барынша әшкерлеген. Сол үшін, «Тарих естеліктері» әр қашан халықтың көңілінен шыққан таңдаулы туынды болып саналады.
«Тарих естеліктері» Қытай әдебиетіндегі әйгілі классикалық шығармалардың қатарына кіреді. Ол ертеде жазылған аса маңызды тарих болумен бірге көркем әдеби шығарма болып та есептеледі. Шығарманың тілі көркем де образды. Автордың шығармадағы кейіпкерлерді суреттеуі жанды да нақты. Жазушының шеберлік өресі өте жоғары өреден көріледі, аз сөзге үлкен ой түю шығармадағы басты көркемдік ерекшелік. «Тарих естеліктерінде» осыдан екі мың жыл бұрынғы халықтың арасындағы аңыз- ертегі, мақал-мәтел, өлең-жыр, тәмсіл, нақыл сөздер өте көп қамтылған, сол себепті ол бай мазмұнды әдеби көркем шығарма. «Тарих естеліктері» Қытай әдебиетіндегі проза жанрының қалыптасуы мен оның дәстүрлі жолға түсу жолындағы мәңгілік ескерткіш болып табылады. Қытайдың ертеден бері қарайғы ақын-жазушылары түгелімен «Тарих естеліктерін» оқулық еткен, сол арқылы өздеріне шабыт шақырып, жігер беріп отырған. Осы әйгілі еңбектен нәр алған талай ақын жазушылар өте көркем жазылған деректі романдарды жарыққа шығарды. Соң дәуіріндегі атақты жазушы Шы найяань жазған «Үш патшалық қиссасы» осының айқын дәлелі. Таң , Соң дәуірінің ақын жазушылары «Тарих естеліктерін» стилистикадағы тіл қолданудың шеберлік өлшемі еткен. Қатайдың қазіргі заманғы әйгілі жазушысы Лу шүн мырза: «Тарих естеліктері» тарихшының асқақ жыры, ұйқассыз жазылған қара сөзді өлең, «Қоштасу жырының» қара сөзбен жазылған түрі» , – деп мадақтаған болатын.
«Қоштасу жыры»(«ли сау» деп те аталады) жыл санаудан бұрынғы жауласқан бектіктер заманында жазылған әйгілі поэзиялық шығарма. Авторы қытайдың ең ертедегі отаншыл ақыны Чүй юань. «Тарих естеліктері» қытайдың тек тарих ғылымдарына ғана емес, сонымен бірге қытай әдебиетіне де сүбелі үлестер қосты. Сондай-ақ, бүкіл әлемдік тармх ғылымдарына да үлестер қосты, сол үшін өте құнды шығарма есептелінеді. Ал бүгінгі тәуелсіздік алып енді-енді ес жинап іргесін бекіткен тәуелсіз отанымыз Қазақстан үшінде бұл шығарма аса құнды. Өйткені бұл кітаптың ішінде біздің ежелгі замандағы тарихтарымыз қамтылған. Ендігі міндет осы кітапты қазақ тіліне аударсақ, халыққа жеткізсек, тарихшыларымыздың зерделеуіне өткізсек нұр үстіне нұр болар еді.
Қалбан Ынтыханұлы
Жазушы, аудармашы, деректанушы ғалым