"Мәдениет порталына" бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Бүгі...
Тілеуберді Сахаба. Ажалын күткен арлан
«Кедейдің малына қасқыр амырақ» деген тәмсіл бар. Қыр қыстап, жон жайлаған елдің басынан өткен кейбір оқиғаларға қарап, «Расында, түз тағысы жарлының жалғыз малына өш бола ма?» деген ойға қаласың. Себебі, «Бәленнің жалғыз атын қасқыр жарып кетіпті», не болмаса «Жалыз сауын сиырын ит-құс жеп кетіпті» дегенді жиі құлағымыз шалатын.
Тілеуберді Сахаба
Менің кішірек кезімде атамның айтқан мына бір аңызға бергісіз әңгімесі жадымда жатталып қалыпты. Құрмет деген ақсақалдың қойға мінетін жалғыз қарагер аты бар екен. Жалғыз аты болған соң түсінікті ғой, жануар үшін жанын беруге даяр дейді, марқұм. Соны үйдің іргесіне жарып кеткен қасқырды жалаң қолымен қалай соғып алғанын айтқанда аузымыздан сілекей аққанша тыңдаушы едік.
Соны енді сіздерге баяндап берейін:
Қыстауға келіп қонған күні ерулік әкелген көрші-қолаңдардың бәрінің әңгімесі ит-құс туралы болды. Себебі, қарашаның соңы мен желтоқсанның басында жыртқыштардың етектеп,жиі соғып тұратын уақыты. Сосын, қыстауға қоныстанған ел қатары жиілеп, адам қарасы көбейе бастаған кезде үлкен жоталардың басына қарай биіктеп кетеді. Ал, мынау бөрілердің малды ауылдың сыртын ең қатты торуылдайтын шағы. Түнде қораға түсіп кетпесе де, далада түнеп қалған жалғыз-жарым малға ауыз салады.
– Ит-құсыңыз тебінде жүрген жылқыға жауша соқтығып тұр. Әсіресе, кенжелеп туған құлыннан құлын қоятын емес, күнде таңертең бір құлынның буын бұрқыратып жарып кетеді. Ыстық жемтікке құзғын-қарға үймелеп жатқанын көреміз. Ал үй маңында түнеп қалған тайынша торпақтарыңды таңертең тірі көреміз деп ойламаңдар, тура көкбөрілердің оңай олжасы дей беріңіз деді, – қасқа бас Рамазанның ұлы.
Көршінің баласының мына қорқынышты әңгімесін естіген Құрмет ақсақалдың жүрегі зырқ ете түсті. «Япыр-ай, қарагерім қасқырдың жемі болмаса жарар еді» деді іштей күбірлеп. Жүрегі бір жамандықты сезгендей, бірақ анау-мынау күйбеңге айналып, есінен тез шығарғысы келді. Қорадағы қойды күзетіп болса да түннен аман алып шығуға болады, бірақ отқа қоятын жалғыз атты таң атқанша күзетіп отыру мүмкін емес. Аштан аш белдеуге байлап қоюға тағы реті келмейді. Сонымен, жалғыз атын қасқырдың жеміне айналдырмаудың амалына кірісті.
Негізі, кешке атты аулаға шідерлегенде ертоқымын алып тастаушы еді, бұл кісі бүгін алған жоқ. Керісінше, ер тоқымының үстіне адам отырған секілді қарақшы орнатты. Өзінің қара шапанының екі жеңіне ағаш кигізіп, делдитіп, аттың үстіне мінгізіп қойды. Маңайлап келген қасқыр аттың үстінде «адам отырғанын» көрсе жоламауы тиіс. Содан кейін алақандай екі құрым киізді «креосинге» малып, иісін бұрқыратып жалы мен құйрығына байлады. Онысы түз тағылары мұндай жаман иіс шығып тұрған жерге жоламайды деген ойы болатын...
Таңертең түндік ашуға шыққан кемпірінің «ойбай, шал!» деген жан дауысынан оянды. Бір жамандықтың болғанын білді. Шала-шарпы киініп, жығыла-сүріне тысқа шықты. Қарагердің үстіне мінгізген қара шапан қасқырларға «қарауыл» бола алмапты. Тіпті, жұлып-жұлып, арқан бойы жерге сүйретіп апарып тастаған екен. Құйрығы мен жалына байлаған киіз де айдалада жатыр. Жалғыз атының ақтарылып жатқанын көрген қария есінен танып қала жаздады. Үйге арқасымен сүйеніп кетіп, көзінің жасын көлдетті. «Қайран жалғыз қаракерім-ай» деп солқылдасын келіп. Өмірінде дәл бұлай қорланған, мұншама өкініштен өзегі өртенген кезі болмаған шығар. «Жалғыз атымды жарып кеткен қасқырды өз қолыммен ұстап, тірідей терісін сыпырмасам, Құрмет атым құрысын» деп ашуға булықты. Кемпірінің де жүрегі езіліп тұр, сездірмегені болмаса:
– Шал ау, малға бола неге сонша қайғырасың, мына жалғыз бұзаулы сиырды сатсаң да бір ат тауып мінерсің, – деп сабырға шақырды. Құрекең оған да алдана қойған жоқ. Қазан жақта тұрған мүйіз сапты сары кездігін қынына салып, қонышына нығарлады да шыға жөнелді.
– Шал ау, енді қайда барайын деп едің? – деген кемпірінің жалынышты үніне құлақ аспады. Қырбақ қардың бетінде бес алты қасқырдың ізі сайрап жатыр. Үйдің жоғары жағындағы үлкен қыратты жалдай жортып, жоталап кеткен екен. Ақсақал да қиралаңдап әлгі көкжалдардың соңынан кетті...
Түс әлетінде Текелі жотасының ең құзар басына көтеріліп келді. Жыртқыштардың ізінен де адасқан жоқ. Көз ұзартып қараса қасқырлар дәл алдындағы үлкен қара жартастың түбіне қарай айналып кеткен екен. Дәу де болса сол жартастың күнгей жақ түбінде күншуақтап жатқан болуы мүмкін деген ойға келді. Аяқ дыбысын шығармай баспалай жүріп, жартастың төбесіне шықты. Енді төмен үңілсе өзі ойлағандай, дәл жартас астында бір топ қасқыр күнге қыздырылып жатыр екен. Абырой болғанда күн тымық, далада үп еткен жел жоқ. Егер жел болса адамның иісін сезген жерден безіп кетер еді.
Көкжалдар бұлай жусаған кезде, әсіресе, күндізгі уақытта барлығы бірдей ұйқыға кетпейді. Кәрі арландары ұйқтаған уақытта жас бөрілер қарауылға тұрады. Бірақ, жау жартастың дәл төбесінен келеді деп ойламаған болса керек. Құрекең болса өзі әзер көтеретін пештей қара тасты көтеріп келеді де, топтасып жатқан қасқырлардың дәл ортасын меңзеп тастап жібереді. «Қаңқ» еткен бір дауыс естілгенде барлығы жан-жаққа бытырай қаша жөнелді. Дәл ортасында көлбеп жатқан қызыл бөрте арлан жатқан жерінде қалды. Құрмет ақсақал қолына сары кездігін нығыздап ұстап қорқа-қорқа басына тас түскен арланның жанына жақындады.
Зіл тас дәл төбесінен түскенде миын езіп жіберген секілді. Сонда да жаны шыға қоймапты. Төрт аяғы тыржыңдап, құйыршығымен жер сабап жатыр. Танауынан, құлағынан қан кеткен. Екі көзі қанталап, алдындағы қартқа қадалды. Еріндерін тыржыңдатып, азу тістерін ақситып, айбат шеккісі келеді, бірақ оған дәрмен жоқ.
Құрмет ақсақал алдында ашуға булыққан кезіндегі «Тірідей терісін сыпырамын» дегені есіне келді. Арланның өлгенін күтпей-ақ терісін сыпыруды бастап кетті. Бойынан дәрмен кеткен кәрі қасқыр «қыңқ» еткен дыбыс шығармастан демін үзді.
Сол күннен кейін Құрекеңнің ерлігі ел аузына тарап кетті. Жалғыз атын жеген қасқырды жалаң қолымен соғып алып, тірідей терісін сыпырыпты деген әңгіме көпке дейін айтылып жүрді...
Тілеуберді Сахаба