Жақында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты жоба аясында Қазақстан халқы...
Амантай Тойшыбайұлы. Шыңғысханның мазары баяғыда табылған
(Ақырғы ақиқаты)
Тұлабойым қалжыраса қалжырасын,
Тұтас елім бүлінбесін.
Бүкіл денем шалдықса, шалдықсын,
Бүтін елім бөлінбесін... (Шыңғыс ханның лебізі)
Оның мәңгілік мекенін әлем халқы ғасырдан-ғасырға алмаса іздеді. Жүздеген жылдарда әртүрлі болжамлар айтылды, аңыздар өрбіді, қиялдар қаулады. Атын шығарғысы келеген бәтуасыз біреулер «мен Оны таптым, Ол анда жерленген, мұнда жатыр» екен деп дауырықты. Бірақ Ол өз жұмбағын оңайшылықпен аштырмады.
Иә, солай...
Адамзат Оны ауық-ауық еске алып, жақсылығы мен ағаттығын безбендеп, көптеп сөз қозғап тауыса алмады. Қалам тартты, әлі де жазу үстінде. Ол туралы ондаған телехикаялар түсіріліп, театр сахналарында сан алуан драмалар қойылып, мыңдаған роман, хикая, поэма, өлең-жырлар жазылып, әуен-әуез және бейнелеу туындылары, мүсіндеме-кескіндеме, сондай-ақ сәулет кешендері топ-тобымен туындап жатты.
Әлі де жалғасуда.
Жалғаса берері анық.
* * *
...Әлқисса, 1227 жыл. Жаздың соңы, күздің басы. Қайта бас көтерген Таңғұт еліне қол бастап барып, тыныштандырып, қанды жорықтан өз ордасына қайтпақ болған күндердің бірінде Шыңғыс хан қазіргі ҚХР-дың Ганьсу өлкесінің Ши Сү Сяан деген жерінде дүниеден қайтты.
(Қандай жағдайда ажал құшқаны жайлы осы күнге дейін әркім әртүрлі айтты, жазды. Ол өз алдына бөлек әңгіме.)
«Моңғолдың құпия шежіресі» мен басқа да көне әдебиеттерде жазылған дерек бойынша, Шыңғыс ханның мүрдесін қазақ арбасына артып, өз еліне қарай алып жүреді. Арба қозғалған кезде Сөнид тайпасынан шыққан хас батырлардың біреуі Гөлуге жыршы (біздіңше Күшік деген есім) көзінің жасын көл қылып тұрып:
Қайран да менің хан Ием,
Қаршыға құстың қанаты болып қағылып,
Қазақы арбаның жүгі болып таңылып,
Кеткенің бе, ел-жұртыңды зар қылып – деп басталатын ұзақ жоқтау-толғауын айтады.
Жолда орман-тоғайсыз, тақыр бір белегірге келгенде, жауын-шашынсыз құрғақ жерде арбаның артқы екі дөңгелегі жерге кіріп кетіп, алып жүрген адамдар шығара алмай әбігерге түседі. Күштейін десе, жерге батқан арба сынады, асықпай алып жүруге мүрдені жеткізу ісі уақытынан кешігеді. Сонда қолбасшыларының біреуі Көк тәңіріне жалбарынып дұға оқиды:
...Тұтас елің, монғолың,
Тума балаң, ханымың,
Туысы бір ағайын,
Туған Дэлуін-Болдығың,
Тым ұзақта қалып тұр.
Кер айғырдың кекілі,
Кере істеген жалауың,
Керней-сырнай ұраның,
Керлен, Хөдө аралың,
Кіл шалғайда қалып тұр.
Ақтық демің бітсе де,
Асыл туған ақ дене,
Алып, қорғап барайын.
Бөрткелжіндей ханымға,
Бүкіл дүйім халқыңа,
Бақыл етіп берейін.
** *
Арбаны қайырлатқан бұл жер «Алтын гандир» («Алтын мұнара») деп аталатын. Бұл белегір үстіне Шыңғыс хан осы жолы Таңғұтқа қарай жорық жасап бара жатқанда, он алты өрмелі, сабы піл сүйегінен жасалып, алтынмен бірнеше қатар білезіктеліп, алақаны күміспен қапталып шашақталған қамшысын абайсыз түсіріп алып, бір күн аялдағаны бар еді.
Арба тұрып қалуын ырымдаған моңғолдар осы жерге сегіз Ақ Орда үй тіккізіп, қағанның киген киімі мен үй жабдығының кейбірін осында көміп, жерлеу рәсімін өткізіп, сегіз үй орданы ұраңхай мыңдығына күзеттіріп кеткен. Шыңғыс ханның аруағын құрметтеп, ол жерде даяшылық көрсетіп тұруы үшін жеті отог (ру, тайпа) жұртты әдейі бөліп қоныстандырған. Ақыры дөңгелекті жерден шығарып алып, қағанның табыты тиелген қазақ арба батыр сарбаздардың қошауында ата жұрқа бет түзеген. Бұл жол оңай болмаған деседі. Рашид ад-Диннің айтуынша, табыт тиеген керуенге жолай кездейсоқ кезіккен талай мың адамның басы алынып отырған. Өйткені қаған өлімінің құпиясы бүкіл империя бойынша мұқията сақталуға тиіс болған. Сол мүрде артқан арба үш күн аялдаған жер бүгінгі ішкі Моңғолияның (ҚХР) Зүүн хошуун (Сол қол қосыны) ауданының Ежен қора деген жері. Қазірде ҚХР-ның үкіметі сол жерге киіз үй архитектурасымен, заманауи сәнді ғимараттарын тұрғызып, әлем туристерінің ынтасын әлдеқашан жаулаған.
** *
Шыңғыс ханның өлгеніні құпиялап, оның өмірден кеткенін бір жылдан кейін ресми түрде бірақ жариялаған. Ұлы қаған өмірден кеткенімен, оның ісін ұрпақтары орта жолда тастамады. Тарих тегершгінің жылдамдығына үлкен өзгерістер жалғасын тауып жасала берді. Ұлдары Өгедей мен Толуй, немерелері Күйік, Мөңке, Батыйлар бірінен-бірі асып туған көкжалдар еді. Олар Шыңғыс ханның орындауға үлгермей кеткен ойларын орын-орнына қойды.
Жылдар өтті, бірақ уақыт тоқтап тұрып қалған жоқ. Өз ырғағынан жаңылмай, ұлы қаған бастап берген іс неше ғасырға ұласып, жалғасын тауп жатты. Шыңғыс ханның қанды да шаңды жорығының нәтижесі мен қорытындысы, зардабы мен салдары туралы бүгінде кәрі тарих әлемнің әр түкпірінде әртүрлі бағасын беруде.
Құбылай заманында табанына салған аспан елінің астанасынан Тоған-темір хан 1360 жылы қуылды. Таяу шығыстағы Құлағудың Илхандығы 1256-1344 жылға дейін 88 жыл, шағатай хандығы 1241-1350 аралығында 149 жыл, Жошы ұрпақтары басқарған Алтын орда 1242-1292 жылға дейін 50 жыл билік құрды. Олар бағындырған елдері мен жерлеріне Шыңғыс қағанның «Ұлы жасағы» («Их засал») бойынша орталықтандырылған билік құрып, жоғарыдан төмен бағынатын билік құрылымын түзіп, заңдастыруда үлкен істер атқарды. Бағыну-бағындыру дегеннің не екенін білмейтін, үкімет, билік дегеннен хабары жоқ орыс халқының басын қосып, ел етіп орыс княжествосын орнатып берді. Әрине, мұнысы орыстарға жаны ашығандық емес, салық ісін жеңілдетіп, бір орталықтан алып тұру үшін жасалған саясат екені мәлім.
** *
...Қош, сонымен Ұлы қағанның мүрдесін іздеу жорығы басталды. Одан бері де екі ғасырдан астам уақыт өтті. Тек, соңғы екі жүз жылда екі жүзден астам экспедиция орталық азияны оңды-солды кезіп, бастарын тауға да, тасқа да ұрды. Осы мақсатпен жүріп мерт болғандар да баршылық. Барлығы да сәтсіздікке ұшырады.
Мұндай істер алып-қашты сөз, жалған дақпыртсыз бола ма? Қағанның мүрдесін таптық, ол сондай екен, мұндай екен, солай екен, бұлай екен деген кәуесеттер көп шықты. Бірақ, осынау мүрдені іздеген соңғы 200 жыл ішінде шетелдік бір ғана адам қаған мазарының басына барып қайтыпты. Америкалық ол зерттеуші 1903 жылы Моңғолия жеріндегі Хентий (Кентау) жотасындағы Бұрқан-Қалдун тауына барып 6 айға жуық тұрып, жергілікті халықпен әңгімелесіп, тарихты сараптай келе Шыңғыс ханның мүрдесі осында деген қорытынды шығарып, жол белгілеуіне жазып қалдырған. Өзге ешкім де мұндай қорытынды жасамақ түгілі, ол таудың маңына да баспаған екен.
** *
ХVШ ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген моңғолдың дегдары Ванчинбал «Хөх судар» («Киелі шежіре») атты ұзақ хиқаятында (Бұл хиқаяттың соңын баласы Инжинаш жалғастырып жазып бітірген): «Шыңғыс ханның мүрдесі Онон, Керулен өзендері бастау алған Бұрқан-Қалдун тауының төбесіне тас үй орнатып жерленген. Мүрдесін шынар ағашынан жасалған сандыққа әспеттеп орналастырып, сандықты 3 жерден алтын белдікпен сақиналап бекіткен. Алтын белдікті сандық арнайы айналатын механизмге орнатылған деген аңыз бар. Тәңірдің қалауы бойынша қасиетті сандық ғасырда бір рет айналып тұрады-мыс. Сол кезде мүрдені шығаруға рұқсат беріледі деп есептейді. Күн шығыстан көк бұқа мініп келген, белуарына түскен сақалы бар қарт адам мүрдені ашуға тиіс дейді. Мүрденің басы күншығысқа қарамаған жағдайда табылмайды да, табыла қалған жағдайда ашуға, шығарып алуға болмайды. Ондай жағдайда мүрденің киесі атады немесе табиғат апаты болады, күтпеген алапат соғыс басталады, адамзатқа емі табылмас індет тарайды-мыс деген аңыз бар», – деп жазып қалдырған. Мұндайдың неше түрлісі ауызша да көп айтылады. Әйел адамдар, яғни төмен етектілер бұл тауға аяқ басса, не үстіне шықса, аса ауыр күнәға батады деп ол тауды қасиетті мекенге айналдырған.
** *
Енді бүгінгі баянға кезек берейік:
Моңғолияның азаматы (біздің тілмен МХР) Нямаагийн Даваа қазіргі Моңғолия мемлекетінің жерінде көк түріктердің арғы бабасы Күлтегін, Білге қағандардың ескерткіштері, тас бітіктері орналасқан Арханғай аймағы, Хашаат сұмыны, Көше-Цайдам деген жерде туып, бала кезінде сол тастардың арасында өскен. Бабалары өз дәуірлерінде сол кешендердің шырақшысы болған ұрпақтың тұқымы екен. Н.Даваа біздің қазақтармен бірдей «атасы мен апасының баласы» болып, солардың тәрбиесін көрсе керек. Бір күні атасы оны Көше-Цайдам жазығының оңтүстік шығысында 6 км жердегі Шиветі-Қайрқан тауының басына ертіп шығып, тау үстіне арнайы қалап тұрғызған алып кешенді көрсетеді:
– Бұны сырт адамға айтуға, көрсетуге болмайды. Мұнда аса үлкен құпия жатыр. Осы құпияны ашуға атсалыс, – деп өсиет айтады. Н.Даваа ер жетеді, ат жалын тартып мініп азамат болады. Бизнеспен айналысып, үлкен туристік база құрады. «Анод» атты коммерциялық банк ашып, ісі алға басады. Не істесе де дәулеті жетеді, ақша көп, басы жас, ата өсиеті көкірегінде.
Ол Мысырға барады, Перғауын патшаларын тау астын тесіп жерлегенін көреді. Қытайға барады. Тан дәуіріндегі патшалардың таудың ұшар басын тесіп, дәліз шығарып, жер үй орнатып жерлегенін көреді.
Сөйтіп, 2006 жылдан бастап ең әуелі Күлтегін кешенінің жанындағы Шиветі-Қайрқан тауындағы атасы көрсеткен кешенді тарихшы Ж.Бор, архелог О.Батсайханмен бірге арнайы рұқсат алып қазуға кіріседі. Кешенді үйме тастардан тазарту кезеңінде Білге қағанның мүсіні табылады. Алып кешенді 1-2 жылда асықпай тазалап қазу мүмкін емес. Бірақ, алғашқы нәтиже анықталды.
Осы жұмыс үстінде Моңғолия ғылым академиясы мен Үкіметіне мәселе қоя отырып, олардың лицезиясын алып, «Тәңір тегі» атты ғылыми зерттеу қорын құрып, Бұрқан Қалдун кешенін қазу әдістемесін жасайды. Шыңғыс хан өлімі, жерленуі жайлы барлық ақпаратты сараптай келе, геолог, геофизик, радиофизик, архелег іспетті арнайы мамандармен қоса, қазіргі заман техникасымен жабдықталған арнайы экспедиция ұйымдастырып, Бұрқан-Қалдун тауындағы кешенде 2 жыл жұмыс жүргізген. Тікұшақпен аэрофотоға түсіріп, ғарыштық ақпараттарды пайдаланды. Бұрқан-Қалдун тауы теңіз деңгейінен 2367 метр биікте. Кезінде Тайчудтардан қорыққан Темүжін осында келіп бой тасалаған еді. Осындағы Түңкіліг-горкі (Шилі бұлақ) басына жеті тәулік түнеп, аман қалған. Сондай-ақ Хорезм шахына жорыққа аттанарда Шыңғыс хан Бұқан Қалдун тауының ұшар басына шығып, 3 күн, 3 түн бойы мойнына кісен салып, Тәңірден тілек тілеген. Осы әдетін әрбір алыс жорық алдында қайталап жүрген.
Міне, енді осы жерден Шыңғыс ханның мүрдесі табылды. Мұндағы кешеннің биіктігі 22 метр, ұзындығы 280 метр, көлденеңі 190 метр. Геофизикалық бақылаулар, радиометр және радиомагниттік әдістемелер арқылы жүргізілген сараптамалар нәтижесі бәрі бірдей болып шығады. Таудың үстіндегі кешеннің астында 30 метр тереңдікте орналасқан табыттың суретін шығарды.
** *
Моңғолия мемлекеті бұл ақпаратты 2008 жылдың басында ресми тұрғыда жариялады. Бұрқан Қалдун тауының басындағы бұл жер қазір «Ieke Utiq» (Их Өтөг), (Ата Қорық) аталады. Айналасындағы кіші таулардың үстінде Өгөдей, Тулуй немерелері Мөңке, Күйік, Құбылай, Аригбөк және олардың басқа да әйгілі ұрпақтары жерленгені түгелдей расталды. Мұнда тек, Жошы, Шағатай ұрпақтарынан ешкім жоқ. Жошы өз әулетімен Орталық қазақстан аумағында Кеңгір өзенінің бойында мәңгілік тұрақтанып жатқаны біздерге ежелден мәлім.
** *
Енді ары қарай не болмақ?
Меніңше, ештеме бомайды. Ұлы қағандарының сүйегін сырқыратып, мазарын қазуға моңғол халқы рұқсат бермейді. Өз білермендігімен қазуға Моңғол Үкіметінің үкімі жүрмейді. Себебі, моңғолия мемлекетінің билігі халықтың қолында.
Ендеше, әлі де талай ғасыр әлемнің ашкөздерінен өз құпиясын сақтап, кіндік қаны тамған тауының жылы қойнында тыныш ұйқыда жата берер.
Жо-о-жо-қ, заманауи техникалардың соңғы мүмкіншілігін сарқа пайдалана отырып, мазар кешенін ашпай-ақ құпиясын ашар...(деп топшылаймыз)
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ