Жуалыда Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды

ӘДЕБИЕТ
2338

Жамбыл облысы Жуалы ауданында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның  90 жылдығына орай тұлғаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл жайында baq.kz хабарлады. .Шерхан Мұртаза Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. Туған ауылымен байланысын ешқашан үзбеген. Жазушы өзінің алғашқы шығармаларын, оның ішінде әйгілі «Ай мен Айша» өмірбаяндық романын туған жері Жуалы ауданы мен оның ерекше табиғатына арнаған.

Музейге жазушыға тиесілі тұрмыстық заттар, оның құжаттары, дипломдары, марапаттары, медальдары, отбасымен және достарымен бірге түскен фотосуреттері қойылған. Халық жазушысының ауылдастары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Шерхан Мұртазаның кабинетін, кітапханасын дәл сол қалпында көріп, тамашалады. Ғимараттың үшінші қабатында бильярд залы бар. Шерхан Мұртаза бір кездері тек қарымды қаламгер ғана емес, бильярд ойының шебері ретінде де өзін көрсете білген.

Дәл осы күні Талапты ауылында халық жазушысының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Қызметін баспа редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды. Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қарымды журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақтанатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы.  «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған»  деп хакім Абай айтқандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қалдырған Шерағаның қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақталып, туындылары мәңгілік рухани азық болары сөзсіз, – деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Ері Мұхтар Шаханов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбден Оразалы, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы да ойларын ортаға салып, жазушының тұлғалық болмысы туралы әңгімеледі.

Шара барысында жазушылар арасындағы «Ақиқаттың ақ туы» байқауы мен «Шынның жүзі – Шераға» республикалық ақындар  мүшайрасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері «Шер-хан» драма-элегиясынан үзінді ұсынды.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...