Едіге Қожахмет. Таным өзгермей, таңың өзгермейді

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2188

Кез келген оқиғаға (біреудің ұнамсыз әрекетіне деген дұрысырақ шығар) үш түрлі реакция болады екен адам баласында. Олар: актив, пассив және агрессив реакциялар. Пассив реакция - немқұрайлық таныту. Актив реакция - агрессиясыз, сыпайы түрде өз позициясын айту. Агрессив - позициясын ашумен, ызамен білдіру, айбат көрсету. Мысалы, қоғамдық орында біреу темекі тартып тұр делік. Қасындағы кісінің біреуі жақтырмай бір қарайды да, үндемей отыра береді. Бұл – пассив реакция. Енді біреуі жаңағы кісіге бұрылып: «Бауырым, мұнда темекі тартуға болмайтын еді. Сыртқа шығып тартсаң дұрыс болар еді...» – дегендей сыпайы ескерту айтады. 



Бұл – актив реакция. Ал, үшіншісі бірден дүрсе қоя беріп: «Е, бауырым, темекі тартуға болмайтынын білмейсің ба не? Сыртқа барып тартпайсың ба!»– деп айбат шегеді. Мәдениетті әрі комплекстен ада қоғамда актив реакция көрсету қалыпты жағдайға айналған. 

Ал, комплексі көп, мәдениеті кенжелей бастаған қоғамда - не пассив, не агрессив реакция көбірек көрсетіледі. Себебі, адамдарда өзіне деген сенімділік азайып, елдің бәрін жау көріп, өзін үнемі «құрбан», «мазлұм» көру дағдыға айналады. Енді осыны ұлғайтсаңыз – ұлттық сипат ретінде қарастыруыңызға болады. Бірнеше ғасыр бодандықта болып, қызыл қырғынды бастан кешкеннен болар, комплексіміз көбейіп, мысымыздан айырылған ұлтқа айналғандаймыз. Ұялу – жақсы қасиет. Бірақ, жасықтықпен шатастырмау керек (пассив реакция). Өрлік пен батылдық - іріліктің белгісі. Алайда, ұрысқұмарлықпен (агрессив реакция) шатастырмау қажет. Ұлттың комплекстен арылуы үшін - әр азаматтың өзіне деген сенімі артуы тиіс. Мысың да, күшің де сонда ғана ұлғая бермек. Соған жеткенде - тілді қорғаштап, дінді уайымдап, ділді сақтауға тырысып жатудың қажеті де қалмайды. Келімсектер ығыңа жығылады. Шетелдіктер шаңырққа қарап жүретін болады.

* * *

Таным өзгермей, таңың өзгермейді. Таным түзелсе жаның да түзеледі, таңың да ерекше ататын болады... Тәлім – танымды өзгертер, таным – халіңді өзгертер...

* * *

Кейде осы, қолыңды бір-ақ сілтей салғың келеді, бәріне. Тым-тырыс, өзіңмен өзің, бәрінен жырақ, бетегеден биік, жусаннан аласа халде үнсіз ғана тіршілігіңді атқарып, қарыныңды тойдырып, киіміңді бүтіндеп, қатыныңның қабағын бағып, көптің біріндей жүре бергің-ақ келеді. 

Бірақ... оған мінезің, болмысың, дүниетанымың, рухың бағынбай тұрса қайтпексің? Сені қалыптасқан қалыпқа тыққысы келетіндер табыла кетеді. Санадағы тулаған ойлар, болмысыңмен біте қайнасқан «ұлтқа қызмет» дейтін ұлы идея, «қоғамның әр құбылысына жауаптымын» дейтін танымың тыныштық бере қояр ма екен? 

Жоқ! Бермейді! Бермеуі тиіс! Көптің сөзіне көндігіп, еңсесі түсетін ерлерге обал емес пе? Бәйгеге шабар тұлпарды арбаға жеге салатын қоғамның болашағы не болмақ? Баласын «...ел қырылса қырылсын, сен аман болшы!» деп тәрбиелейтін қазіргі аналық махаббаттың қадірі артық па, әлде «... мұнда сені екі көз күтіп отыр, бірақ сыртта саған мыңдаған көз үміт артып отыр, бар, бөгелме! Өлсең де сол жолда өл!» – дей алған бұрынғы аналардың парасаты биігірек пе? Екіншісінің орны үстем, мен үшін! 

Қоғамды өрге сүйрейтіндер – тұлғалар. Тұлға болам десең тобырдың сынына емес, мақсаттың шыңына қарай бой түземек керек! Қолында бармен бөлісу  екінің бірінің қолынан келеді. Қолында жоқ болса да бөлісудің, берудің амалын іздеу – шынайы жомарттықтың, жауапкершіліктің белгісі. Азаматтықтың нышаны жауапкершілік, мінез, мәдениет емес пе?! Ақыл мен қайратыңды жүрекке бағындырып жолға шықсаң, табандылықпен тау қопаратыныңа Абай кепілдік бермеп пе еді?! 

Солаай... Солаай... Мінезің мен болмысың тыныштық бере қоймайды. Түсінетіндер ерер. Түсінбейтіндер қалар. Артылған жүгіңе адал болсаң бір Құдайың жар болар!



* * *

Үлкен корпорацияның төрағасы жекеменшік яхтасына жайғасып, теңіз саяхатына шығып бара жатса, шағын ғана қайыққа мінген бір балықшы жағаға жақындап келеді екен. Түс енді ауған кез болса керек, еріккен бай балықшыға әңгіме айта бастайды:

– Уа, сабазым, ертең қайтыпсың ғой? Ұстаған балығың да мәз емес сияқты... Әлде, балық жоқ па екен бүгін?

– Өй, балық көөп.. Маған бүгінге осы балық та жетеді..

– Бүгінге жеткенде... сонда енді барып не істемексің?

– Барам да демалам. Қатыным балықты жақсылап қуырып қояды. Бала шағамызбен бірге тойып жеп аламыз. Оғанға дейін күн де батады. Сосын аулада біраз балаларыммен ойнап алған соң, күн қарая теңіз жағасына барып көрші-қолаң, дос-жаранмен отырып сейіл құрамыз да сол, не істеуші едік...

– Оой, бауырым-ай... Мұның дұрыс болмады сенің. Мен Пәленше Түгенше деген мықты болам. Өзі бүгін көңіл-күйім жақсы демалыстың алғашқы күні. Саған бір тегін кеңес берейін. Елдер менің бір сағаттық лекцияма аталарының құнын төлейді, біле білсең... Қысқасы, тыңда. Сен бүйтіп түс ауа үйге қайтуды қой да, кешке дейін әбден балық аула. Жегенін жеп, артылғанын саудала. Басында осы төңіректегілерге сатасың. Қатын, бала-шағаңның бәрін жұмысқа сал. Сөйтіп, аздап қор жинаған соң қойма жалда. Соған балық жинап, жарнамаңды арттыр. Сенен келіп көтерме саудагерлер балық алатын болады. Одан соң қасыңа көмекшілер алып, қосымша қайықтар сатып ал да, балығыңды көбейте түс. Ресми компания тіркеп алсаң болады. Бренд ойлап тауып, сол брендтпен бүкіл елге сата бастайсың. Одан экспор жағын да ойластыру керек. Тек балықтың өзін сата бермей, консервілер сияқты қосымша өнімдерге көше бастайсың. Олардан қалатын пайда көбірек болады. Үлкен компанияға айналасың. Ондаған, жүздеген адамдар жұмыс істейтін болады. Өзің балық аулауды қойып, елді жұмыс істетесің. Өзің бүкіл процесті басқарып отырасың. Ол ол ма, кейін, тіпті басқаруды да арнайы мамандарға тапсырып, өзің акционер ретінде менеджерлердің есептерін тыңдап қана отырасың. Компанияңды IPO-ға шығарып, акцияларын қор биржасына саласың. Сөйтіп, өзіңе теңіздің жағасынан мықты бір сарай салдырып, қатын, бала-шағаңмен ойнап күліп жатасың. Кештерде дос жарандарыңмен сейіл құрып, армансыз күн кешесің... - деп әрең тоқтапты сабазың. 

– Іммм... Сонда, соның бәріне неше уақыт кетеді? -деп балықшы жалқаулана қарапты.

– Тынбай еңбектенсең, көп емес, бір он жылда жетіп қаласың мен айтқандай деңгейге.

Сонда балықшы ойланып тұрып:

– Иә... жақсы екен. Бірақ деймін де, менде сол сіз айтқандай жағдай қазір де бар емес пе? Қарным тоқ, керегінше балық аулаймын. Қалған уақытта бала шағаммен ойнап күліп, достарыммен сейіл құрып жүрген жоқпын ба? – деген екен....

Бұл әңгімені кейбір MBA курстарында қаржыны басқару бойынша сабақта мысал ретінде айтады. Сондағы тақырып – адам болсын, компания болсын ақша тапқанда өзінің ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІН айқындап алуы керек дейді. Яғни, саған неше ақша (немесе басқа да қажеттіліктер) керек және не үшін керек? Соны білу керек. Әйтеуір көөөөп болса болды дегеннің мағынасы болмауы мүмкін. Балықшы, мысалы, өз қажеттілігін білген соң оған көп керек емес боп шықты. 

Бұдан туындайтын тағы бір ой, ең бақытты адам өмірде миссиясы мен мақсаттары бар адам болса керек. Сонда оның әр күні мәнді болады. Әйтпесе, әр таңда оянғанда жаңа күннен не күтіп, неге ұмтыларын білмесе, қиын ғой. Әйтеуір "тіршілік ету керек" деген ұғым адамды қажытса керек. Сүймеген ісімен айналысса, ұнамайтын жерде жұмыс істесе... 

Ойлаңызшы: таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін көбіне сол жұмыста жүреді ғой. Одан түнгі сағат 12-лерде жатсын делік.... Сонда өз қалағанындай өмір сүру үшін тәуліктің 3-4 ақ сағаты бұйырғаны ма? 

Аз емес пе? 

Сондықтан, өмірді, өмірдегі приоритеттерді, құндылықтар мен мақсаттарды жиі қайта қарап, ой елегінен өткізіп, өзгертулер мен толықтырулар жасап отырудан тайынбағанымыз жөн болар! 

Рухани жаңғыру – ең әуелі санадағы жаңару!



* * *

«Ер қадірін ерлер білер, зер қадірін зергер білер» деген сөз бар. Рас, әр нәрсені өз маманына қалдырған дұрыс қой. Біздегі бір кемшін тұс осы мамандануға талпынбау. Бір істің соңына түсіп, түбегейлі меңгергенше зерттеп, сол істің хас шебері болсаң, далада қалмасың анық. Матриалдық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да. 

Материалдық дейтінім – шебер болған соң, қызметіңе дегенсұраныс еш кемімейді. Рухани дегенің – сүйген ісіңмен айналысқандықтан жүрегің тыныш болады. Тек, ең бастысы артына түскен ісің қоғамға пайдалы болуы керек. Мағынасыз, ешкімге пайдасы жоқ іспен шұғылданып, соғаг бар уақытын сарп ететіндер де жоқ емес. 

Баяғыда бір ақылды, жомарт патша жар салып, өнерпаз атаулыны жинаған екен. Ел таңданар өнеркөрсеткенге ат басындай алтын беретін бопты. Елдің түкпір-түкпірінен небір өнер иелері келіпті. Солардың арасында бір юігіттің өнері елді бәрін таң қалдырған екен. Ол жігіт он қадам жерде тұрып жіпті лақтырғанда иненің көзінен өткізеді екен. Жұрттың бәрі таңдай қағысыпты. Патша да таңырқап, жігітті шақырыпты да: мына жігітке ат басындай алтын беріңдер де, жүз дүре соғыңдар деп бұйырыпты. Ел де аң-таң, жігіт те аң-таң. «Не жаздым?» дегенінде патша айтыпты: «Өнерің ғажап екен. Сол үшін алтын бердім. Алайда, түкке қажеті жоқ іске талай жылыңды арнапсың. Сол үшін дүре соғуды бұйырдым, елге өнеге болсын деп»...

Пайдалы іспен, кәсіппен шұғылданып, соған бар ынтамен, ықыласпен кірісуді үйрену керек, қысқасы. Кеңес дәуірінен қалған стандартты сценарийден арылу керек: мектеп, жоғары білім, өкіметке жұмысқа тұрып «адам болу» деген. «Ата кәсіп» дегенұғымды қалпына келтіру керек. Атадан балаға қалатын тігіншілік, етікшілік, ұсталық, малшылық, егіншілік, құрылысшылық, дизайнерлік, суретшілік т.б. дегендей.

* * *

Соңғы кездері біздің қоғамда «біз бәлен нәрсені талқылап жүргенде, жұрттың баласы Марсқа ұшып жатыр» деген сияқты салыстырмалы әңгімелер жиі айтылатын болды. Немесе «сол жобаға сонша ақша құртқанша, үйсіздерге үй алып бермей ме» дегендей салыстырулар келтіріледі. Мұндай хайп үшін айтылған теңеулерге дүрліге жөнелудің қажеті қанша? Иә, салыстыру керек. Бірақ, әр нәрсені өз өлшемімен салыстыру керек. Ғылымды – ғылыммен, экономиканы – экономикамен. Мәдениетті – мәдениетпен дегендей. 

Тарихи, рухани бағыттағы шараларды әлемдік ғылым немесе бизнеспен салыстыру қате. Жолға салынатын бюджетті әлеуметтік салаға жұмсалмады деу дұрыс емес. Балаларға арналған ақшаға көпір салу сауатсыздық. Сондықтан, салыстырғанда әр саланы өз ішінде салыстырып үйренейік те. Ол да үлкен мәдениеттілікке жатады. Салмақты  метрмен, бойды килограммен өлшеу қисынға келе қоймас. 

Немесе «мен осы күнде тамақ жей бергенше, оның орнына басқашаруамен айналыспаймын ба?» дегендей боп қалады ғой. Рас, өзіңді сынап, қоғамдағы жағдайға пікір айту керек. 

Бірақ, оның да мәдениеті болады.

Жалғасы бар

Халықаралық инвестиция маманы

Абай атындағы халықаралық мәдениет орталығының директоры

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...