Осы жолы Нобель екі жазушыға тапсырылдыОльга Токарчук Нобель сыйлығын алған польшалық бесінші жазушы...
Айгүл Омарова. «Өлеңіммен келеді түйін шешкім...»
(Ақын Светқали шығармашылығы туралы бірер сөз...)
«Өлеңіммен келеді түйін шешкім...» ақын Светқалидың жыр жинағын қолыма алған сәтте көзіме осы жыр жолы жарқ ете түсті. Жыр сүйер қалың қауымды елең еткізіп, күміс жырларымен күміс бұлақты сарқыратқан ақын Светқали Нұржан, Айтман поэзия әлеміндегі өзіндік ерекшелігімен тәнті етті. Ақынның жырлары арқылы жүрегіне үңіле отырып, терең сырды, ұшқыр қиялды, астарлы өмір шындығын ұғынарың хақ.
Өлеңдерінің сыртқы пішіні болаттан құйылғандай нық келеді, ал ішкі әлемі теңіздей буырқанған тіршілікке, бірде жандырған, бірде күйдірген, ал енді бірде аяздай қарып тоңдырған аласапыран сезімдерге, қарама-қайшы сезімдер соқтығыстарына толы келеді. Айтман жырларынан ең бастысы өзіндік ерекшелікке толы қуатты Рухты сеземіз. Сөзім дәледі болу үшін ой желісін одан әрі ақын шығармашылығына көз жүгірте отырып сабақтайын.
Қош делік... Сезім толғаныстары мен ой толғамдары арқылы ақындық тұлғасын, арман-мұратын танытатын:
...Ақиқатын айтады құдай бір күн...
Жырым түскен жерінде биігінен –
Асқақ, әппақ Күмбезге бата оқырсың!–деген сөздерін келтірсек те жеткілікті шығар. Ақын сөзімен айтсақ:
Біссімілә! – Сөз басы,
Тіл тиегін қозғашы,
Нәр бере гөр шабытқа,
Қара өлеңнің көз жасы,–деп мен де қара өлеңнің құдіретіне табына сөз бастадым. Өзінің поэзиясындағы өзгеше тынысы арқылы Светқали ақын ерекшелігімен оқырманға тез танылған ақындардың бірі болды. Оның қаламынан туған өлеңдерінде лирикалық сыршылдық, психологиялық таным-түйсік көркемдік тінмен тұтасып келіп ерекше үйлесімдік табады .
«Торғай – жыр» өлеңін оқығанда ақын жанының, ақындық шабыттың табиғи жаратылысын психологиялық таным, түсінік арқылы бейнелі жеткізу поэзиялық сезім иесі – ақынның шеберлігіне тәнті боласың.
Жүрекке тырнақ салып қыли дауыс,
Өкпемді үңгиді кеп көк түтін үн, – деген жыр жолдарындағы қыли дауыстың жүрекке тырнақ салуын шартты құбылыс деп қарауға болады. Жүрек – адамның ең нәзік те таза мүшесі. Оған салынған тырнақ аяушылық сезім тудырары сөзсіз. Ақын бұл өлеңінде ақындық шабыттың оянуы мен өлеңнің тууы туралы айтып отырғанын жырды оқи отырып аңғаруға болады.
Өлең өзіндік тұтас композициядан тұрады десек те артық емес. Лирикада сюжет бола ма? Сюжетсіз композиция қалай өрбиді? Осындай заңды сұрақтар туары рас. Дегенмен де өлеңнің өн бойынан әдемі өрілген, дамыта өрбуді байқауға болады. Өлеңнің алғашқы жолдарын ақын: «Құдай-ай, менен тағы кетті тыным...» – деп бастайды. Оқырман осы алғашқы тармақтан-ақ елең ете түседі. Неге тынымы кетті екен ? Түнді мыстанға балаған метафора арқылы ақын жанының өлең туар мезгілі түн екенін бірден аңғарасың және мыстан сөзі арқылы түннің лирикалық кейіпкер үшін мазасыздығын байқайсың. Бүрсиген жалқы шыбық – ақынның өзі. Осындай кейіптегі шыбықтың тамырын кеміріп, қанын сорған түн неткен қорқынышты!
Мыстан түннің тырнағына ілінген шыбық жалғыз жапыраққа жабысып жан ұшырады. Көк бұтақтары бытырлап сынып жатса, аяушылық сезіміміз одан сайын өрши түседі. Дәл осы сәтте торғай – жыр келіп қона алмай кетуі нені аңғартады? Шабытсыз әдемі жыр тумайды! Торғайдың таңдайынан тамған тамшының маңдайды нұрландырып жіберуінде астарлы ой жатыр. Таң ата қонар орын таппай шырылдаған торғай кешкісін бозторғай болып бұтаққа қонады. Ақынның қағаз, қалам, үстел дайын деуі өлеңнің жұмбақ түйінін шешіп жібергендей болады. Сонда манағы торғай – ақынның жүрегінен жарып шығар өлеңі екен.
«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта...» деген осы екен ғой! Өлең астарлы бір ойға меңзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады. Поэзия – адамзаттың көркемдік ойлау дүниетанымының көрсеткіші. Астарлы ой қозғайтын бұл өлеңі тектес және үндес құбылыстарды, қарама-қайшылықтар мен қақтығыстарды қатпарлы қалпымен тұтастай қамтып суреттеумен ерекшеленіп тұр. Жүрегінен жұпары бөлек жыр туған ақын шеберлігі әр өлеңін оқыған сайын қызықтыра түседі. Ақын жырының өзегі болып отырған қандай тақырып болмасын идеяны ашуда көзі қырағы оқырман түйсікпен барлап түсінеді.
Айшықтау, көркемдік тәсілдерінің шебер де жымдаса өрілуі нәтижесінде мазмұны терең, идеясы салмақты, поэтикалық айшығы келіскен өлең дүниеге келген. Мысалы «Дала. Түн. Тылсым. Дүниетаным» деген өлеңін алып қарайық.
Қоп-қою ғып бояп әрбір Дауысты,
Түн мен Тылсым, құмырай қауып қауышты.
Сүт – айдынның қаймақ – бұлтын ай тілмен,
Мысық – аспан жалап-жалап тауысты.
Бұл өлеңі ішкі толғаныстары тұтасқан поэтикалық көркем кестелер көрінісі секілді. Поэзиядағы психологиялық шарттылықпен алынған поэтикалық толғаныс десе де болғандай. Бұл – ақынның жан әлеміндегі сезім тебіреністерін қамтитын кеңістіктің сипаты. Өлеңде лирикалық кейіпкер деректі және дерексіз заттық мағынасы бар ұғымдарымен тілдесу, сырласу, ой бөлісу, т.б. сан алуан психологиялық жағдайдағы қарым-қатынаста болады. Осы шумақта « ...сүт – айдынның қаймақ – бұлтын мысық – аспанның ай тілімен жалап-жалап тауысуы» метафоралық тұтастық құрап тұр. Осы арқылы көз алдымызға ашық аспанды түн суреті келеді. Өзіндік сыршылдығымен тербеген ақынның жан әлемінде даралық та, ортақ көңіл-күй әуендері де поэтикалық көркемдік өрнектерімен айқындалады.
Бар маңайды алғасын тау қаусырып,
Дала жым-жырт,
Жатып қалды тау сұлық.
Шың ұшынан Нұр саулатқан ай да өлді,
Балауыздың Сілемейі таусылып...
Жыр жолдарындағы таудың сұлық жатуы тыныштықты, түнгі тыныштықты білдірсе, айдың өлуі – шарттылық. Таңның сібірленіп атып келе жатқанын ақын осылайша әдемі өрнекпен жеткізіп тұр. Бұдан әрі тәтті қиялға өрмелеп кеткен кейіпкердың «...Көгершін – түн , бастан ұша көрме...» – деп тілеуі ойды дамыта отырып түйіндейді. Табиғат құбылыстарын ақын кейіптеу, астарлау, ауыстыру, пернелеу әдістерімен қолданған жеке сөздер, сөз тіркестері арқылы өлең сөздің сипатындағы көркемдік-эстетикалық әсерлілікпен шебер суреттейді. Ақын табиғаттағы құбылыстарды суреттей отырып, нысанаға алынғандар арқылы мағыналық тұжырымдар, түйіндеулер айтады. Сондықтан да табиғат құбылыстарын суреттеген өлеңдерінде философиялық және психологиялық тұтастықты байқау қиын емес.
Осы арқылы адам жан діліндегі психологиялық хал-ахуалдың табиғи сипатын шебер береді. Сондықтан да лирикалық көңіл-күй сараланып көрініп отырады.
Мәселен,
Жел соққанда толқыны жарға атып,
Тұнығы шайқатылып;
Кіреуке мұз қысқанда қайта тынып,
Жаға жатыр тағы бір таңды атырып...
Бұрымы тарқатылып,
Тұр ағаштар күп-күрең қан қақырып.
Сұп-сұр танау тастар да тұмауратқын,
Жамалы – Ана күннің
Көрінбейді – кірпігін қырау қапқан.
Күз тоқырап түстікте – құстың көбі,
Қырым бар-мұз етегі.
Шешкізердей лыпамды үстімдегі,
Көктен түскен күйдірді ұшқын мені.
Миымнан сыз өтеді –
Неткен ыстық, япырмай, қыстың демі?! – деп келетін өлеңінде күздің сүреңсіз құбылысы әдемі, жүйелі өріледі. Ышқына соққан желден бұрымы тарқатылған ағаштар, сұп-сұр тастардың тұмауратуы, күн кірпігінің қырау қауып көрінбей қалуы тамаша үйлесім тапқан. Оқырманды күз құбылысымен тоңдыра отырып, түршіктіре отырып, көктен түскен ұшқынның күйдіруі, мидан сыз өтсе де, қыстың демінің ыстық болуы қарама-қарсы қолданылу арқылы өлең идеясын ашуда керемет қолданылып тұр. Өлеңде ақынның астарлы ойлар арқылы сөзді ойнатуы керемет байқалады. Құбылту мен айшықтау арқылы көркем бейнелеудің психологиялық-философиялық сарындарын шебер тұтастыра келе, көркемдік ойлау кеңістігінің шексіздігін көрсетеді.
Жалпы алғанда өлеңнің тұтас жүйесі қайшылықтар мен үйлесімдердің, нақты айтсақ, қарама-қарсы ұғымдардың шендескен, егізделген сипатымен жырланған. Өлең талдағанда немесе оқығанда, ақын үнімен үндесе сырласқанда сөздiң жеке тұрғандағы мағынасын берумен шектелсек, шығармадағы сөздер үйлесiмiн, олардың бiр-бiрiне әсер етуiн аңғармай қаламыз.
Мәселен, «Сұп-сұр танау тастар да тұмауратқан...» жолында « сұп-сұр» сөзі реңк берумен ғана шектелмейді. Бұл жерде танау сөзімен тіркесіп келіп тастардың айырықша сипатына көңіл аудартады. Ал «тұмауратып» сөзі алдыңғы ойды дамытып тұр. Тастардың тұмауратуының себебін күннің кірпігіне қырау қатуы арқылы ажарландыра түскендей. Бар-жоғы осы екі тармақтан-ақ сөз бен ойдың көріктенуі біріншісі екіншісіне дайындық, ал екіншісі алғашқыны жалғастырушы ретінде жарасым тапқан. Бұдан кейінгі тармақтардағы сөздер мен сөз тіркестері іргелес сөздер шарпуына бөленіп, соның ықпалымен әсерлене түскен. «...көктен түскен ұшқынның күйдіруі» қарама-қарсы қоя суреттеу арқылы үшінші бір затты астарлы меңзейді.
Бұл – ақынның шабыты, өлең-құсы. Өлең туардағы ақын жанының бір ысып, бір күйіп, бір сууын, тоңуын заңдылық деп қабылдаған жөн. Сондықтан да бұл жердегі қарама-қарсы сурет өлең идеясына ешқандай кері әсер бермейді, ой шашыраңқылығы жоқ. Оны қарағаштың: «... өліара шақ өтеді көп ұзамай ...» деген сөзімен дәлелдеп береді. Ойға септесе келген:
Қалармыз дірдек қағып,
Қарағаш пен екеуіміз қыр басында, – жолдарымен түйіндейді.
Ақын шығармашылығынан тек қана бірер өлеңіне ғана шолу жасадым. Менің пайымдауым мынау болды: Светқали ақынның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер сезімін бейнелеу дара мақсатқа айналмай, ол ақынның өмірді өзінше танып, өзінше бейнелеу шеберлігі арқылы тамаша жеміс берген. Адамзат баласының уақыт пен кеңістіктегі қарама-қайшылықтардың тоқталмайтын күресін, ажырамайтын бірлігін поэзияға тән мазмұн мен пішін жүйесі арқылы тоғыса тұтасқан өрнектермен жырлаған нағыз сөз шебері Светқали Нұржанов деп тануымызға түрткі болған жырларына осылайша ой жүгіртіп өттім.
Қате, кемшін тұстары болса, айып етпессіздер. Қазақ поэзиясының «Көкмойнағы» Айт-Ман ағамызға Алла қуат берсін!
Маңғыстау облысы.