Мархабат Байғұт. Ақпандағы мысықтар

ӘДЕБИЕТ
1774

Кейінгі күндері Шуақты кентінің тұрғындары мауыққан мысықтардың жан түршіктіре шыңғыратын дауыстарынан шошып оянатынға айналды. Үй-жайлары басқашалау бәдізделген «Шалғын» мөлтек ауданының адамдары үшін бұрнағы жылы ашылған базар шуы да, Дарабоз батыр даңғылымен күні-түні, ерсілі-қарсылы ағылатын темір көлік шуылы да, тіпті таяқ тастам тұстағы шойын жолдың тарсыл-гүрсілі де, түп-түгел нәніпәтір еді. Алайда, ақпан айы бастала бере, қас қарайып, тұманытқан түннің етегі еркін қымтап үлгермей жатып-ақ тұс-тұстан құлақ тұндыра үн қосатын мысықтар аза бойды қаза қылатын болды.

Осы жағдаятқа байланысты алғаш әңгіме айтылғанда, «Зайып» фирмасының президенті миығын түрткен мысқылды сұқ саусағымен басқан-ды. Ал, «Шалғын» мөлтегіндегі үйіне қонып шыққан күннің ертесіне өзінің досына, қала әкімінің білдей бірінші орынбасарына телефон соқты.

Қызметінен қалжырап оралып, сұрық қашырар сансыз сұрақтың қамауында құлақтарына мақта тығып: «Мен үйде жоқпын, естідіңдер ме-әй, мен жоқпын, тек үш адамға ғана бармын», — деп отыр еді, «Зайыптың» президентіне құрақ ұша қуанғандай. Телефонды құлағына тақай бергенде, кенет шаһардың күллі мысықтары дауыс салып қоя бергені.

«Ың-ң-ңа, ың-ң-ңа, а-а-а-а...»

«Уға-ға-ға, у-у-уға-ға, а-а-а, ғы-ғы-ғы-р...»

«А-а-а-ах! И-и-иһ!»

«Ы-ыр-ғғ-а, ы-ыр-ғағ-ға, ыр-ы-ы-р...»

— Естіп тұрсың ба? — деді «Зайып» жағы.

— Өзің ше?! Немене, сен де естідің бе мына пәлені?! — деп шошыды әкімшілік жағы.

— Құдды адам ғой мынау, адам! — деп күлді «Зайыптың» президенті.

— Япыр-ай десеңші! Іш болмаса біреуі «мияу» демейді-әй, жүдә! — деді қала әкімінің бірінші орынбасары. — Мысық адамға, адам мысыққа айналып алды-ау, осы, а?!

— Бұ дүние не боп кетті өзі? Заман не болды? — деді «Зайыптың» президенті. — Мысық екеш мысық та басынып, басқа шықты. Өзі, сендер осы проблемамен айналысып жатсыңдар ма?

— Не істерімізді білмейміз, жұрттан да жалыбы көп. Жайша хабарласып тұрсың ба?

— Соны айтсам деп ем.

— Нені?

— Мысықты да. Айтпақшы, ертең мұхиттың арғы жағына ұшамын ғой, көріскенше!

— Өзің бе?

— Телефонның әңгімесі емес. Әбден шаршадым, сәл-пәл былай, дегендей...

— Түсіндім, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары. — Әй, әй, тоқташы, саған айрықша тапсырма берейін. Ақыры, мұхит өтіп, алыс кетіп барасың ғой. Анықтап, айқындап сұрашы, мауыққан мысықтармен, мына кесепатпен қалай күреседі екен өркениетті елдегілер? Шын айтам, жөндеп біліп қайтшы, жарай ма?

— Жарайды-жарайды, мынауың қызық болды-ау! — деп қарқылдай күлді «Зайып» жағы. — Ха-ха-хаһ, қараптан-қарап, ө-ө-өһ, өстіп жүріп жүк жамап алатыным бар... Ө-өһ-өзіміз һәм мысық болып бара жатқанда... жа-жаһ-жарайды...

Сәл ғана саябырсыған мысықтар шыңғырма әуендеріне қайта басты. Жан-жақтан жамыраса жыласып-сықтасқандай ма-ау, сағынысып табысқандай ма-ау, әлде сақ-сақ күліскендей ме-ау, небір үдемелі үндер кенттің астын үстіне келтіре жаздайды.

* * *

Институттың дап-дардай кафедрасында аға оқытушы болып істеп жүрген жерінен тағдыр айдап отырып, базардан бір-ақ шығарды. Шілде айы ортасынан ауа бере «Шалғын» мөлтек ауданындағы базарда тұрды. Келестегі кластасының екі ай бойы үгіт һәм насихат жұмысы болмағанда, қаңғырып, қоңыз теріп кетуі де әбден кәдік-ті. Ол оқтын-оқтын облыс орталығы арқылы өтеді де, бұған көкөністің әйтеуір бір түрінен бірнеше жәшігін тастап кетеді. Соларды алғаш ұяла-ұяла, кейіннен әжептәуір ұмтылыспен саудалай бастады.

Бірде институт кафедрасында екі жылға жуық уақыт бірге жұмыс істеген профессор кемпір бұдан қызанақ алды. Әуелгі кездері таныс кісілер келе қалса, бетінен оты лап етуші еді. Ал, профессор кемпір мұның алдына үшінші айда келіп тұрғандықтан, онша қызара қоймады. Профессор кемпір бұған қарап-қарап алды да, қатты күрсінді. Күрсінгені түп-түгел өтірік еді. Егер осы апайының күрсінісін көкөніс тартатын таразысына салса, жалғандығы ап-анық аңғарылар еді. Ол кісі тіпті көзіне жас алмаққа әрекеттенді. Жуық арада жанарлары жасаурай қоймады. Профессор кемпір кемсеңдеген болып, бұған бір, қызанаққа екі қарады. «Е-ей, заман-ай, не боп кетті бұ дүние?» — деді. «Ең ақыры, саудаға икемі жоқ сен баланы да базарға айдап шығарған соң, не үміт, не қайыр?!» — деді тағы да. «У-уһ!» — деп қосты. «Бекер істедің ғой, балам», — деді одан әрі жалғап. «Бәрін естідім, әркім әртүрлі айтады», — деді тағы.

Мұның келіншегі проректормен бірге сол кісінің кабинетінде, күтпеген жерден, кенеттен құлыпталып қалып, бұл әңгіме әп-сәтте тарап кеткен. Содан бір күн өткенде, бұл осы профессор кемпірден қалған бір бөлмелі үйін тастап, келіншегіне қайырылып та қарамастан, безіп кеп жөнелген. Ендігі тұрысы мынау, профессор апатайының айтысы анау.

Қызанақ алуға қызығып, төрт-бес адам тізіліп тұрып қалған-тын. Бұл ләм-мимсіз, төмен қарап, тыңдаған боп тұрған. «Апай, әңгімеңізді қысқартсаңызшы», — деді кезектегілердің бірі. «Аласыз ба, алмайсыз ба?» — деді екіншісі. «Екі кілә тарта ғойшы», — деді профессор кемпір. «У-уһ!» — деді тағы да. «Қандай талантты бала едің, екі жылда кандидат, үш жылда доктор, профессор болады деп жүр ек қой сені», — деді. «Жақсы-жақсысынан сал, айналайын», — деді ақырында.

Келес қызанағының жаманы жоқ-ты. Ең тәуірлерінен тартып берді. «Кафедраға не сәлем айтасың?» — деп жанын егеуледі егде профессор. «Жақында Келестің жүзімі келеді, апай», — деп бұлтарды бұл. Кемпір кеткеннен кейін де, қызанақты қайта-қайта таразыға тартып жатса да, теңгесін санап алып тұрса да, самай тұстары шыңыл қағып, «кафедра», «кафедра» деумен болды. Біраздан соң басын көтеріп, иықтарын қозғап-қозғап қойып, кенет қарсы беттегі киім-кешек сататын қат-қабат қатарларға көзі түсіп кетіп еді, әлдебір тұстан профессор апатайының тесіле қарап қалшиғанын байқады.

Тап сол бір сәтте Ханым келе жатты.

Ханыммен танысқанына біраз уақыт болған. Алғаш көргенде онша мән бере қоймаған. Бәлкім, бұрын да келген шығар, бұл қайдан білсін. Қыз-келіншек, әйел атаулыға мән-маңыз қаузап, назар жығып, қарауды қойған. Түңілген әбден. Осылай ойлайтыны рас-ты. Өзімді-өзім емдеп, жанымның жарақатын жазып жүрмін деп санайтыны өтірік емес.

Сол жолы ол, яғни мына Ханым, базарда алымсақ азайып, сатымсақ шамалы шаршаңқырап, көз шырымын алмаққа сәл ғана мүлгіп кетер мезетте келді. Айнала-төңірекке қарап алып, жуық маңайда күдіктің жоқтығына көзі жетіп, тіл қатты бұған.

— Атың кім? — деді сәл-пәл тәлпіштеніп.

— Базаршы, — деді бұл есінеп. Іле-шала ұялыс тауып, қызарып кеткенін сезінген.

— Атыңды айтпайсың, затыңды алғанға қарамайсың, қандай базаршысың өзің? — деді әйел. — Мен осымен үшінші рет қызанақ алғалы тұрмын.

— Қайдам... Байқамаппын... Кешіріңіз...

Осы сөздерді бөліп-бөліп, асып-сасып айтқанына таң. Табан астында өзін-өзі жоғалтып алғанына жыны келді. Сасқалақтағаны шығар, қолдары жіті қимылдап кеткендей көрінді, басының басшылығына бағына қоймай, қызанақтың бірінен соң бірін алып, сүрткіштеп, қайта қоя бастады.

— Менің атым... Жарайды, мен де айтпайыншы саған, — деді еркетотай күйінде. — Жайында, мен «Ханым» деген сөзді керемет ұнатам. Сен де солай атай бер, жарай ма? Мен сені Базаршы дейін.

Қолын ұсынды Ханым. Бірден ала салуға ыңғайсызданып, өзінің оң алақанына көз тастаған Базаршы, аударып-төңкеріп әлекке түсті. Кей жерлері жырым-жырым, кей тұстары тілім-тілім. Базарға қойып кеткелі қолына, әсіресе алақанына анықтап үңілмеген екен де. Мұның хал-күйін Ханым аңғармай қалған жоқ әрине. Сондықтан шығар, ұсынған қолы әуеде қалқыған әппақ шағаладай жарқырап тұра берген-ді; сәл сәттен соң алға созып, алмауға амал қалдырмады. Алақанының күйіп-жанған ыстық табы жырымдалған жараларын деп-демде емдеп жөнелгендей, солқылдатып әкетіп барады. Алабұртқан күйде әйелге қарады. Шашын қызғылт қоңырға бояпты, келте кеспестен, иығына жетер-жетпестен уыстай буыпты. Мойны, тамағы, беті, маңдайы — бәрі әппақ, тап-таза. Сары күз секілді сап-сары көйлегіндегі ірі-ірі қара шеңберлер зыр қағып кеткендей.

Базаршының бастан-аяқ қарап, есінеудің қайда кеткенін білмей, есінен адасқанына риза кейіпте күлімсіреген Ханым қаракөлеңке мұнарға оранған базар түкпірлеріне тінткілей көз тастап алып:

— Күн қысқарып барады, ә? — деді.

— Қанша тартайын? — деді Базаршы бұдан әрі не істерін, не айтарын білместен.

— Қанша тартсаң да, өз еркің, — деді Ханым ерке үнмен.

— Қанша көтере аласыз? — деді бұл да батылдық танытып.

— Оһо! — деді Ханым. — Өзіңмен қоса, түп-түгел көтеріп әкетсем ше?

— Іһім, — деп, тамағын қырнап, тежеліңкіреді Базаршы.

— Жарайды, бұл жолы бес кілә тарта ғой, — деді Ханым. — Ал, түптің-түбінде әкетем сені!

— Шынымен бе? — деді бұл қызанақтан бетер қызарып.

— Мен сөзде тұратын ханыммын. Айтсам, істемей тынбан...

Қызанақты қалай тартқанын, қалай салып бергенін, қайтіп қоштасқанын біліңкіремейді Базаршы. Одан кейін де бірнеше мәрте келді. Күлкісі, көзқарасы өзгермейді; көптің көзінше сыр бермей ғана, тиісті нәрсесін тартқызып алып кетеді. Бұл білдірмей ғана қарайды келіп, қарайды. Жүрісі сол, емін-еркін әрі ерке күйден жаңылмас. Бұл мөлтекте сымбатына тең келер жан табылмас... Бүкіл ғұмырында титімдей қиналыс көрмеген, қиындықтың дәмін татпаған жан шығар, сірә.

Қарашаның соңынан қаңтардың аяғына дейін, екі ай бойы көрінбей кетті. Екі айдың ішінде Базаршы азапты аз шеккен жоқ. Азап атаулы Ханымға ғана байланысты емес-ті. Базардағы алғашқы қыс ауыр соқты. Жаурап-жасынап, дірдектеп, саудасы да жүрмей, салы суға кетті. Митың-митың тірлігін мұз құрсаулап, тұмауратып жатып та қалды. «Шыда, бұл саған социализм кафедрасы емес, келер күзде мынау деген саудагер болып, сылқым бір сұлуға үйленесің әлі!» — деп қайрайтын Келестегі кластасы ғана. Сөйтіп, жүдеп-жүнжіп жүргенде, аяз қысқан бозторғайдай бүрісіп тұрғанда, «Шалғын» мөлтек ауданының атақты әппақ үйлері жағынан Ханым көрінді-ау ақырында.

Ақпан айы жаңа басталған. Сүрі қардың сатпақ-сатпақ бетінде алысып ойнайтын мысықтар молайған. Кешке қарай олардың шыңғырған шуылынан құлақ тұнатын шақ еді. Әппақ үйлердің өзі сұрқайланып көрінетін кезеңде, сұрғылт тұман арасынан жарқ етіп шыға келген Ханым әнебір кездердегідей айнала-төңірекке тінткілей қарамай-ақ, топ-топ адамдарға көңіл аудармай-ақ, бүрісе тоңып тұрған Базаршыға тіке тартты. Қолын ұсынды. Тұп-тура алғаш қолын берген күнгідей, қазан айындағыдай. Тек үстінде қара шеңберлер зыр қағатын сары көйлек емес, жалт-жұлт еткен ішік тон. Базаршы бұл жолы қол беруге қаймықпады. Көкпеңбек күйде ыржиып, алақанға жеткенше асықты.

— Мен сені аяймын, — деді Ханым сыбырлай еркелеп.

— Ал, мен көкпеңбек болып тұрып-ақ аяғанды жақтыра бермеймін, — деді бұл.

— Мен сені аяймын және аялағым келеді, — деді Ханым, төңіректегі аязды түгел ерітіп.

— Шынымен бе? — деп, Базаршы күзгі жауабын қайталады.

— Мен сөзімде тұрдым, — деді әйел. — Сені әкеткелі келдім.

Базаршының тілі күрмелді, бәлкім, байланды да. Ханым бұған тілдей қағаз ұсынды. Мұз кұрсаған митың тірлікке титімдей бір шоқ түскендей, Базаршының бүйірі жылыды.

— Бүгін кешкісін күтем, жаным! — деді әйел. — Анау көрініп тұрған әппақ үйлердің шеткісі. Алыс емес, адаспайсың. Күтем...

Бұл не жұмбақ? Кел дейді, күтем дейді. Сене ме, сенбегені жөн бе? Базаршыдай кір-қожалақ пақырда несі бар бұл сұлудың? Мазақ етпек пе, әлде? Күдіктенейін десе, жанары алдамайтын секілді емес пе? Жарқылы бар, жалғандық жоқ сияқты ғой. Бару керек пе, бармау керек пе енді? Көкөніс саудалап көнтерілене бастаған, жуынып-шайынуға да жағдайы жоқ, татар шешетайдың жалдамалы жыртық тамында тұрып жатқан бұл Базаршы анау әппақ үйлерге қалай кірер? Күтем деді-ау: «Күтем».

Осындай ойларға қамалып, басы айнала бастағанда, таныстау дауыс құлағына ұрды. Меңірейген кейіпте қарсы алдына караса, кафедраның тағы бір өкілі, доцент ағатайы тұрыпты. Ханым құсап қолын созады-ай. Амандасты. Доцент ағатайының алақандары аса етті-тін. Мұның сауда саласында шытынап, шыныға бастаған қолына тандыр нан таңдағандай аударып бір, төңкеріп екі қарады-ай. Тартып ала қойғысы келіп бір оқталды да, құмарын қандырсыншы деп түйіп, одан бетер ұмсындырып, доцент-танауға тақай түсті. Бұл ағатайларын жас оқытушылар «доцент-танау» десетін-ді. Бұл кісі де «Шалғын» мөлтек ауданына базарлап келген жоқ. Профессор кемпір Базаршы бала хақында үш ай бойы хикая шерткен шығар. Қолдарының қалайынша тозғанын, түрінің қайтіп тотыққанын, қара бұйра шашының түбіттеніп, түте-түтесі шыққанын тәптіштеп талай тамсанысты ғой бәрі. Енді мына доцент ағатайы бәр-бәрін қайта жаңғыртып қайтпаққа келгені-дағы. Зерттеу һәм зерделеу жөніндегі жұмысын тындырып, тауарын алып, танауын көтерді. Бір қызығы, бұрынғы оқытушы бұл қайтарған теңгені теріс айналып тұрып санады. Кафедрада әлдебір шаруа-шараларға ақша жинағанда да, екінші қабаттағы кассадан жалақыларын алғанда да, бұл кісі тиын-тебеніне дейін теріс айналып тұрып санайтын. Бұл жолы да сөйтті.

Базаршыны кенет күлкі буды. Бүкіл базарды басына көтеріп, көп айлардан бермен қарата тұңғыш рет бар ынты-шынтысымен, қатты-қатты күлгісі келіп кетті. Өзін-өзі әзер-әзер ұстады.

— Кафедраға не сәлем айтасың? — деді «доцент-танау» кетерінде кекесінділеу үнмен. — Жаман емессің, көзіңде бір ұшқын бар секілді.

— Өлеміз бе, ағай, кейде біздің де күлмек құқымыз бар шығар, — деді Базаршы бала. — Келіп-кетіп тұрғайсыздар, сағындырмай...

Базардан шығарда ғана қатты шаршағанын сезді. Екі қолын сәл жоғарырақ көтерейін десе, икемге көнбейді тіпті. Зар қақсайды тағы да. Тастақ көшесіне бұрылатын тұстан троллейбус күтуі керек-ті. Төрт қатар жолдың шеткісімен бұралып өтіп, төртінші троллейбус келер. Соңғы аялдамасы болғандықтан, ақпанның тұманытқан, ұнамсыз кешінде адам онша көп отырмас. Қаракөлеңкелеу бұрыштағы бос орындыққа бір жайғасып алар ма еді, шіркін-ай! Содан созыла сызылған троллейбус Тастақ көшесіне қарата сырғанай жөнелер. Қалғып кетер-ау байғұс Базаршы. Соңғы аялдамада жүргізушінің өзі-ақ түртіп оятар. Кейде осы төртінші троллейбус тоқтау таппай кете берсе, кете берсе; кете берсе, шіркін-ай, дейтін. Мәңгі-бақи тоқтамаса, деп арман ететін.

Әнеки, төртінші троллейбус төрт қатар жолдың арғы шеткісімен бұрала сызылып, Дарабоз батыр даңғылына шығып барып тоқтады. Бұл мінбекке мүлде асығар емес. Адамдар отыра бастаған. Базаршының бір бұрыштағы бос орындыққа жайғасуын күткендей, төртінші ұзақ кідірген. Кей-кейде осы троллейбустың меңірейе мәңгіріп тұратын күйін өзіне ұқсататын.

Базаршы мінбеді ақыры. Троллейбус томсырая ренжігендей, әншейіндегі баяу мінезінен жаңылып, жұлқына қозғалды. Ұрлықка баратынын біреу бақылап тұрғандай-ақ, айналасына алақтады бұл. Артынша, өзін-өзі бағындыра алмастан, өзіне-өзі келе алмаған күйі, «Шалғынның» орта тұсындағы әппақ үйлерге қарай бұрылды. Табандарында жан жоқтай, өз адымын өзі сезбейтіндей. Жон арқасы құныса тырысады, жауырындарының астына бәле іздеген бездер ұялап алғандай.

Әппақ үйлердің жанына жақындағанда жүрегінің атқақтаған үнін ап-анық естіді. Оны да оншалықты тыңдағысы жоқ. Бұл үйлердің төңірегі де тап-таза екен, айналадағы әрбір түп ағашына дейін өз орнын, жөн-жолын тауып, биіктерге қарай беделді түрде, түп-түзу өрлеп бара жатқандай. Базаршы бәрін аңғарып, сауыс-сауыс күйінде мәрмәр баспалдақпен жоғары көтеріліп, тілдей қағаздағы тиісті нөмір жазылған қаракөк темір есікке де жетті-ау. Сәл кідіріп, әлі де болса кері қайтудың кеш еместігін ойлады. Бұлдыр сана түкпірінен қылаңытқан бұл ойына кіржиіп, өз ішіне өзі үңілмектен қашқақтап баққан. Базаршы тым-тым шаршаулы-тын. «Не болса, о болсыншы, құрысыншы бәрі де...» Деп, күбірледі ішінен. Қалтыраған қолын қоңырауға қарай көтере берді.

Қаракөк темір есік күткендегіден тезірек ашылды. Қос қабатты әрі аса ауыр екен. Қарсы алдында Ханым тұрды. Аяй қарады ма, аялай қарады ма, жеңіл-желпілеу көрінген жымиыс лез-демде шынайылыққа айналғандай.

— Бірінші өтінішім: қысыла көрмеші, өзіңді емін-еркін ұсташы, өз үйіңдей көрші, жаным! — деді Ханым. — Алдымен беті-қолыңды шайып ал да, шайға отыр. Жеңіл сорпа ішкеніңше, біз Арзан екеуміз саған әдемілеп тұрып ванна әзірлеп қоямыз.

Жеңіл ғана шайынып, шайға отырды. Орта бойлы, шашын бір бұрым етіп өріп алған қыз бала мақта гүлді кесемен сорпа әкеліп қойды. Кереметтей пиньюар халат киіп алған, шашы сол қоңыр қызғылт күйінде, сәл-пәл сәуле шашыратқан Ханым:

— Танысып қойғын, Арзан деген қарындасың болады, — деді. Қыз жапондарша жұмсақ иіліп, тәжім етті, тіке қараған жоқ. Тез-тез басып, шығып кетті.

— Екінші өтінішім: мына сорпаны әдейі ғана, өте аз құйғыздым, жаным, — деді Ханым. — Негізгі тамақты сен ваннадан шыққаннан кейін, демалып болған соң, екеуміз бірге жейміз, жарай ма? Ал, мен кеттім. Арзанға жәрдемдесейін. Саған ваннаны өз қолыммен әзірлесейін. Жарай ма, жаным?!

— Жарайды, — деді Базаршы бал татыған сорпаны сораптай бастап.

Байқаса, бұл әлі ауызғы бөлмеде отырғандай. Айналадағы аса күрделі әлемнің ашылып, айқын тарта бастаған тұстарынан аңғарғаны сол, алты-жеті бөлме бар сияқты. Бәрінің есіктері бөлек-бөлек. Тәтті-дәмді сорпадан басы тағы айналды. Тер тұс-тұстан бұршақтады. Кір көтергіш деп киетін қарақоңыр, қалың жейде шылқылдауға айналды. Осы сәтте Ханым сұлу қайта оралды қасына. Қолбырап отырған күйін аңғара қойып, тұрпаты таңсық жиһаздың бір бүйірін ашып жіберді де, мамық түкті, үп-үлкен орамал әперді. Бүкіл бөлмені назға толтырып, қайта кетті.

Көзі кілегейленіп, кірпіктерін әзер қимылдатып, ұйқысырап барады екен; қараса, қарсы алдында пиньюар халаты жайнап, өзі одан бетер жанып, Ханым тұрыпты.

— Үшінші өтінішім: енді ваннаға барасың, — деді Ханым, — саған әдейілеп әзірлеген жеңіл киімдерді, арнайы алған халатты жатырқамай кигін, жарай ма, жаным? Мыналардың бәрін Арзан қарындасың жуып, кептіріп, үтіктеп қояды... Жарай ма, жаным?!

— Жарайды, — деді бұл. «Өңім бе, түсім шығар», — деп, орнынан тұрды. Базаршы алты айдан бермен қарата алғаш рет ваннаға қарай беттеген еді.

«Доцент-танаудың» үйіндегі ванна бөлмесіне бұлардың қатты қызыққандары жай әурешілік екен. Обалы нешік, доцент ағатайлары кафедрадағы бірер жігітті үйіне шақырып, шай берген. Кафедра меңгерушісі зейнеткерлікке шығады екен дегенді естіп қалып, дәмесін білдіріп, дәм татқызғаны ғой, баяғы. Сонда, сол кісінің үшінші қабаттағы үйіне, әсіресе, ваннасына жас оқытушылар әжептәуір таңданыспен қараған-тын. Арманға айналып кеткен ваннаға түсе бере-ақ буын-буынына, сүйек-сүйегіне ыстық бу еніп, шашының ара-арасынан тер шүмектеп қоя берді. Көзін ашқысы келмей, қайда, кімнің үйінде екенін ойламастан, рахатқа батқысы бар. Сөйтпекке тырысып бақты. Ваннадан кейін: «Ал енді, бара ғой, Базаршы», — десе-дағы, риза болатындай.

Қалғып кеткен екен. Қанша уақыт өткенін білмейді. Кенет есік ашылып кеткендей болды-ау деп, шошып оянып, көзін ашса, Ханым кіріп, таңдана қарап қалыпты. Жалтыр ванна ішінде тайғанай домалап, әуреге түсті.

— Кешір, жаным, — деді Ханым. — Жым-жырт болған соң қорқып кеттім емес пе? Өткенде, біздің орталықтағы үйімізге көрші тұратын бір кісі ваннада жатып-ақ жүріп кеткен, айтқан жерден аулақ. Қатты қорықтым, жаным.

Ханымның кос жанары дымқыл жарқылмен апталып, ғажайып пердемен капталып, Базаршыға қарап-қарап тұрды-тұрды да, терге малшынған, бұрынғы бұйра, бүгінде түсініксіздеу шашынан бір жұлқып, қайта шығып кетті. Бағанағы пиньюар халатының белінен төменгі жағы түймесіз-тін. Тайғанақтап жатып-ақ мұның мұңды көздері қайда-қайда түскенін тәлпіш қатын байқамай қалған жоқ, әрине. Су ішінде отырған күйі жуынуға кіріскен. Денесінен шығып жатқан кір Тастақ көшесінен былжырап ағатын қоймалжың қалдық секілді. Ханым сұлу тағы бір себеп тауып, кіріп келмесе екен деп тәңірінен шын тіледі Базаршы. Әй, әйтеуір үлгерді-ау. Енді жайбарақаттау жағдайда қайта-қайта шайынды. Ыстық судың ағысына ыңылдай көз тастайтындай халге де жетіп, мұнысына бас шайқады. Адам дегеніңіз, міне, осындай. Жаңа ғана жасып, жасқаншақ тартқан пақырыңыздың ыңыл шығарғысы бар-ай енді. «Не болса, о болсыншы, құрысыншы бәрі де!» — деп күбірлеп, сол жағындағы киім ілгішке көз қиықтады. Ғұмырында үстіне ілмеген һәм өзгеден көрмеген дүниеліктер тізіле төгіледі. Әрбірін алып киген сайын беті бір-бір ду-ду етеді. Ішкиім жағын түгендеп, жүдә бейтаныс матадан тігілген, ұзын халатты да иемденіп, белін буып алды. Сол сәтте сәл де болса, басқашалау, бөтендеу біреуге айналғанын аңдады. Айна атаулыға көз салмау жолында күресіп бақты. Алайда, айнадан қашып құтылу мүлде мүмкін емес-ті. Өзін-өзі танымады. Түп-түгел сыпырып тастап, қаша жөнелгісі келгендей де күй кешкендей. Қашпады бірақ Базаршы.

Ханым қамыр илеп тұрыпты. Көре сала билей басып келіп, ұнның ұрпағы жұққан қолдарын тигізгісі келмей, қос шынтағын Базаршының толқынды ыстық су мен толқыныстан солықтаған кеудесіне тіреген күйі екі бетінен алма-кезек қадала сүйді.

— Жаным, — деді Ханым еркелей, шыдамсыздана назданып. — Сен мына бөлмедегі (сүп-сүйкімді иегімен нұсқады) диванға жатып, біраз тынығып алшы. Он-он бес минөттен соң екеуміз ет жеп, шай ішеміз. Жарай ма, жаным?!

Соңғы жылдары Шуақты шаһарында «жаңа еуропалық жөндеу жүргізу» деген шығып еді, бөлмелерінің бәрі ертегідегідей көрінетіні содан болар, сірә. Төңірегіне таңдана қараудан шаршаңқырап, терең диванда жатып қалғыңқырап барады екен, Ханымның жанына келгенін лебінен сезгендей, кірпік арасынан сығалады.

— Шамды жаққым келмеді, — деді Ханым. — Жаным, шаршағаның басылды ма?

Базаршының жанына отырды. Қай жері тисе де, еріте елбіретіп жөнеледі. Базаршының батылы барып, алғашқы сүйгені икемсіздеу шықты. Ханым сәл жымиып қойып, орнынан тұрып, жетекке алды.

— Жүр, жаным, тамақ жейміз, — деді. Сол қолынан ұстаған бойы үстел жанына жеткізді. — Не ішесің, жаным?

— Бәрібір, — деді Базаршы.

Ханым жиһаз-жабдықтардың әлдебір құпия қойнынан қарақоңырлау құтыны алып шықты.

— Мынау бір затты айрықша қымбатты, жақын тартқан бір жігітпен ғана бірге татсам дейтін ем, — деді ол. — Жеттім ақыры арманыма... Мақсаты-ма-а-а...

Даусы дірілге буылды. Жанарынан бағана байқаған дымқыл жарқылды қайта тапты. Мәдениеттің жоғары деңгейіндегі қайталанбас машықпен құйғанына дейін қандай жарасымды еді, шіркін-ай.

Коньяктің дәмін онша ажырата алмайтын. Сонда да анау-мынау зат еместігін түйсінді. Әдейі кесіліп қойылған алтынсары алмадан алды. Сәлден соң тағы қайталасты да, ет жеуге кірісті. Дәмді қамыр мен майлы етті апырақтай жапыра жөнелгенін алдындағы ыдыстың түбінен түйір гүл көрінгенде ғана аңғарды. Тәбетін тежей алар түрі жоқ, тартынбады.

— Алшы, — дейді Ханым. — Сендей Базаршыға бұл дегенің немене? Алшы, жаным.

Ыстық-ыстық сорпа берді өзі.

Жатар алдында шәрбат шырын ішкізді.

Алғашқыда карсы бөлмедегі диванда ол Базаршыны балтәтті құшағына алып, ұзақ-ұзақ аймалады. Әрине, Базаршы мұндай-мұндайды тек кинолардан ғана көретін еді. Бір кезде Ханым мұны басқа бір бөлмеге қарай жетектеп әкетіп бара жатты. Әйелдің жиірек жетектей бастағанына намыстаныңқырап, оның белінен өзі құшақтаңқырап, алға шықпақшы еді; қай бөлмеге кіру керектігін білмейтінін ескеріп, кідірістеді. Ханым сұлу беліндегі Базаршы қолын асқан ризашылықпен қыса түсіп, оң бүйірдегі бөлмеге бұрылды. Жұмбақ есік ашылғанда, жұп-жұқа, бұйра толқынды, көгілдір перде пайда болды. Ханым әлдебір тетік арқылы сәл ғана ысырды оны. Арғы жағы жұмақтан бетер секілденіп сезілді. Ханым сәл әрегірек барып, тағы бірдемені шырт еткізгендей. Кенет оның үстіндегі жеп-жеңіл, үлбіреген нәзікеш нәрсе сыпырылып түсті де, төменнен көтерілген қызғылт мұнар бүкіл бөлме ішіне арайлана тарап бара жатты. Әппақ дене мынадай мұнарсыз да ғажайып еді, ендігі ертегіден есі шығып кеткендей. Баяулай басталған бір әуен алыстан талып естіліп, бірсін-бірсін таяна түсіп, тербете теңселткен. Ханым «Аһ!!!» — деп, Базаршыны құшақтай құлап түскен.

Базаршы баяу ғана басталган әлгі әуенді енді таныды. Қайырмасы: «Сағыныш-а-а-ай, сағы-ныш-а-а-ай!» — деп келетін ән екен. Мұндайда Ханымның айтпағаны қалмайды екен. Небір сөздерді қалай-қалай тауып айтады десеңші.

— Көршілер... Кө-көрші - іһілер, — дейді Базаршы. — Көршілерің естіп қоймай ма?

— Ести берсін, естісін қайта! — дейді Ханым күйіп-жанып. — Жа-жа-жаһаны-ым, естімейді. Қорықпашы, бұл жай ғана, қатардағы үйлердің бірі емес қой... А-аһ-арма-ны-ыһ-ы-ым...

Таң алдында да талшыбықтай бұралып Базаршының бауырында жатты. Біраздан соң еркелей жорғалап, төрт адам емін-еркін сиятындай төсектің арғы шетіне аунап-аунап-аунап барып, ойнақылана шақырды. Сол күйі жетелеп апарып ваннаға түсірді. Өзі. Алғаш жас баладайын мәпелей жуындырды. Сосын өзі жас балаша еркелеп, мәз-мәйрам болды. Өзі қосыла шомылғанда, Базаршы одан көзін ала алмады. «Мұндай сұлу дене киноларда да кездесе қоймас», — деп масаттанды.

Сәске кезінде түндегі ет жеген бөлмеде шай ішісіп отырды. Түндегі жеңіл желеңін аңсай іздеп еді, оның орнына жейде мен шалбарға келіңкірейтін, кең де келісті, басқа бірдеңе киіпті.

Түс ауғанша тағы да бірге ұйықтасты екеуі. Еркелеп жатқан Ханым:

— Енді Арзанды қайта шақырамын, — деді Базаршының шашын тілімен бұйралап қойып. — Мен шаршадым, жаным. Енді саған тамақ істей алмаспын бүгін.

— Ол кім өзі? — деді Базаршы манаурап.

— Қызметші қыз ғой.

— Сонда... Қызметші ұстайсыңдар ма? Қызық екен!

— Өзің қызықсың, жаным, — деді Ханым. — Мына үйдің қай жағына жетем мен? Бұған қоса қаланың ортасында екі қабатты коттеджіміз бар.

— Оһо?! — деп, ұйқысын ашты Базаршы.

— Бұлар аз десең, қалалық әкімшіліктің қарсы бетіндегі ерекше үйде төрт бөлмеміз тағы тұр.

— Өздерің нешеусіңдер сонда?

— Үшеуміз, жаным, үшеуміз, — деді Ханым, — үшеумізде үш үй бар. Күйеуім «Зайып» дейтін атақты фирманың президенті. Қаладағы мықтылар санатында. Байлығы мен дәулеті жағынан, әрине. Ал, жалғыз қызымыз Америка Құрама Штаттарында оқиды. Мен сенен әлдеқайда үлкенмін, Базаршы бала!

— Сенбеймін, — деді бұл таңданыспен.

Кенет есіктің қоңырауы бұлбұлша сайрап қоя берді. Базаршының байғұс жүрегі сулап алып жөнелді. Ханым есік жаққа беттеген.

— Кел, Арзан, кел-кел, — деді Ханым. — Тезірек бірдеңе істеп жібермесең, біз аш-жалаңашпыз. Апайыңның қайраты бір қамыр жайғаннан артылмас, айналайын.

— Қазір-қазір, бәрі әзір болады, — деген қызметші қыздың жуандау даусы естілді. Ханым мұның қасына қайта оралды.

— Мен сені сағынып қалдым, жаным, — дейді Ханым. — Сенесің бе, сен?! Есікті барып ашып, Арзанмен аз ғана уақыт сөйлесіп қайтқанның өзіне шыдай алмадым...

Сол сәтте Ханымның тамағынан шынымен-ақ өксіген үн шыққандай болғаны анық. Базаршының иығына екі қолын қабаттап қойып, олардың үстіне иегін сүйеп, біразға дейін үнсіз қалды.

— Кү-күйеуің қайда? — деді Базаршы үнсіздікке шыдай алмастан.

— Мұхиттың арғы жағында, «теңіз жағалай жүгірген тарғыл мысық», — деді Ханым.

— Кіммен кеткенін, немен кеткенін білем. Білмеген болам. Сезбеген сияқтанам. Бәрін-бәрін айттым-ау, тәмәт-тәмәм еттім-ау...

Сол күні Базаршы тағы да қонып қалған.

Екі апта бойы, күн сайын да, күнара да келді. Санақтан жаңылды. Соңғы түні екенін Ханымның сөзінен білді бір күні:

— Бүгінгі түн, бәлкім, соңғы түніміз болар, — деді ол. Жанарындағы дымқыл жарқыл жас тамшысына айналып, төмен сырғанады.

— Шынымен бе?! — деп тұтықты Базаршы.

— Мүмкін... Сағынып кетсем... Базардан қайта әкелермін... Кім білсін-ай, кім білсін, бірақ...

— Сонда... Сенікі тек кек қайтару ғана ма?

— Кімнен? — деді Ханым біліп тұрып-ақ.

— Әрине, күйеуіңнен де.

— Білмеймін, жаным, білмеймін, — деді ол. Сосын, артынша: «Бұл ә-ә-әһән; бұрынғы ән-не-неһен өзге-ре-е-ек», — деп, Шәкәрім ақынның атышулы ән-өлеңінің жолдарына ұластырып барып, жылауын үдете түсті.

Базаршы оны ұзақ жұбатты...

* * *

Шуақты кентінің әуежайына мұхиттың арғы жағынан келген ұшақ баяу қалықтап барып қонды. Арада жарты сағат өткенде, «Зайыптың» президенті өзінің сүлік қара «Мерседесімен» қалаға қарай зулаған. Кентке жақындай бере қалта телефонын қолына алып, дереу досына қоңырау шалды:

— Ало-э-эһөу, — деді «Зайыптың» басшысы шет ел акцентіне салмаққа тырысып. — Амансыңдар ма?! Міне, біз де кеп қаппыз қалаларыңызға.

— Оу! Өзің қалай? Өздерің қалай?

— Кер-р-ремет! Ми-и-ия-аһау! И-их-ха-аһ-а!

— Әй, айтпақшы, менің айрықша тапсырмамды неғылдың сен?Ақпанда қағынатын мысықтармен қалай күреседі екен өркениетті елдегілер?

— Сұрадым, — деді «Зайып» жағы. — Білдім бәрін.

— Иә-иә, қалай екен? — деп шыдамсызданды әкімшілік жағы.

— Біріншіден, ол жақта қазір ақпан емес екен, тамыз айындай-ақ тамылжып тұрыпты, — деді президент. — Біздіңше ақпан оларда мамыр секілді...

— Не дейді енді сонда?

— Өркениетті елдің мысықтары да өркениетті болады да. Сөзбе-сөз айтсам, сен секілді қала мэрінің бірінші орынбасары былай деді:

«О, қымбатты қазақстандық мырза, сұрағыңызды өте жақсы түсіндім. Бізде қаңғыбас мысық деген ұғым мүлде жоқ. Әлгі айтқан айыңызды асыға күтеміз біз. Мысықтарымыздың ойнақ салуына арнайы орындар, әдейі қаржылар бөлеміз. Мысықтардың шыңғырма шығармашылығы сүйкімді естіліп, сүйсіне тыңдаймыз. Керек десеңіз, қазақстандық мырза, магнитофонға жазып алуға ұмтыламыз». Әне, әріптесіңнің сөзі осы. Қырғыз досыма қотарғызып, қойын дәптеріме жазып алғам. Оқып отырыппын.

Қала әкімінің бірінші орынбасары сенер-сенбес күйде, сүлесоқ тартты. «Зайыптың» президенті: «Ми-и-ия-аһ-ау!» — деп, әзілдемекші еді, онысы далаға кетті.

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...