Өзі қартайса да, шығармашылық тұрғыдан қажуды, мүжілуді білмейтін асыл тұлғалар бар. Уақыт өткен сай...
Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және олимп (роман-элегия)
“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”
Абыз Ахмет Иассауи
Түркі данасы
“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”
(халық сөзі)
“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”
(халық сөзі)
(Жалғасы)
Байлық – батпақ емес
1
...Байлық жолына көзі тұна бас қойып, бәрін де ұмытып, дүние-әлемнің түпсіз тұңғиығына түсіп кетіп, жоқ болған жандай елес-бейнеге ауысып бара жатқан жұмыр бастыларды-ай, мына...
* * *
Шерқалада немере інісі бар. Аты – Доспан.
Сол інісі жақын күндердің бірінде аяқ астынан безілдете телефон шалған. Таң қаларлығы – тұңғыш рет өзі хабарласып тұр. Бұндай әдеті мүлде жоқ еді, бұл хабарласпаса, өліп кетсең де шаруасы шамалы, өлі елдің адамындай, үн-түнсіз жата беретін. Әуелде қатты қорқып, елде шұғыл бірнеңе болып қалды ма деп үрейленген. Оған себеп – Доспанның үні тым бәсең, әрі салқындау. Сыздылау.
– Ау, не бүлінді? Айтсаңшы? – деп еді, інісі тілін тістегендей кілт тоқтап, мүлде үндемей қалғаны.
Шын қорықты. Шынымен ауыл жақта айтуға ауыз бармас сұмдық бір оқиға орын алған сияқтанып кеткен. Жүрегі дүрс-дүрс соғып ала жөнелген.
Сәлден соң елдегі бауырына қайта тіл бітіп, әлсіз дыбыс шығарған-ды.
– Аға, – деді ол. – Мен сізді өте жақсы көремін. Сізбен мақтанамын.
– Жарайды. Бұл – лирика! Тоқ етерін айт енді. Не үшін телефон соғып тұрсың?
Доспан айтты:
– Жақын күндері осындағы бір басылымға үлкен мақала басылып шықты. Сіз туралы...
– Е, не жазыпты? Тағы да бастан-аяқ мақтау ма?
– Жоқ, аға! Мақтау емес, даттау.
– Сонда не депті?
– Тақырыбы былай: “Байлық батпағына батқан адам.”
– Ол кім екен? Мен бе?
– Тап солай, аты-жөніңізді бадырайтып тұрып жазыпты. Сіз байлықты белшеңізден кешіп жүріп, батпаққа қалай батқаныңызды да байқамапсыз.
– Ой, деген-ай! Ой, сабазың-ай!.. Солай деп сілтеп пе?
Інісі қылғына жаздап, ағасының жайбарақат сөздеріне ашуланғандай тарыла түсіп, тез-тез сөйлеп ала жөнелді.
– Сізге бәрібір ме? Ал, мен тамағыма тас түскендей халдемін. Жаныма батып, қолқамды ашытып, жүрегімді ауыртып барады.
– Сондағы сенің жаныңды табаға салғандай шыжғырып, шырқыратып жіберердей ащы сөзі қайсы?
– Айта алмаймын. Тілім барар емес.
– Е, газетке шығып кеткен екен, енді жасырып-бүркемелеп не керек? Айт қане? Сөйле тезірек...
– Ол, – деп мүдірді Доспан. – Оның тілі ащы. Ет пен тері арасына ине сұққандай етіп жазыпты. Бір тұсында өзіңіз жайында былай депті: “Байлық жолында биттің бақайын да санап беруге әзір бизнесмен...” деп кекетіп-мұқатыпты.
Ағасы мән-жайды бағамдаған соң, енді інісіне қайыра сауал берген.
– Оны кім жазыпты? Қайдан шыққан көріпкел жазушы әлгің?
– Өзіміздің Шерқаланың жігіті. Аты – Жасхан. Кейінгі кездері жазушымын деп аспандап, іріленіп сөйлеп жүр ғой...
– Кім дедің? Жасхан-н... Әлгі Жұрқабай шалдың баласы ма?
– Сол ма екен? Мақала соңында Жасхан Жұрқабайұлы деп қол қойғанын көзім шалды. Оқи бастап едім, қаным басыма тепті...
– Түсіндім. Еш уайымдама. Осы кезге дейін мені кім сынамады? Кім тобығымнан қағып, құлатпаққа қам жасамады? Бәрі де артта. Әркез табалаушыларды табанымның астына салып, қызғаншақтарды қара шаң қаптырып келе жатқаным өзіме аян.
Сәл тоқтап, азғана үзіліс жасап барып, қайта сөз ілгектеді:
– Таяуда Шерқалаға барып қайтпақ ниетім бар. Қалғанын сол кезде сөйлесерміз.
– Ал, мен не істейін? Жаңағы жазғышбекпен кездесіп, шаппа-шап сөйлессем деп едім. Тәубасына келтірсем бе дегем. Қиянатқа неге барады жазушы деген дардай басымен...
– Дымың ішіңде болсын. Сен араласпа бұл іске. Онымен өзім тілдесем. Барған соң...
Телефондағы әңгіме осы жерде кілт тұйықталған. Әдейі түймені өзі басты ма, жоқ үзіліп кетті ме – түсініксіз. Дың-дың-дың...
2
Американың Н. провинциясын қоя берші. Мұнда шаруасы дөңгеленіп тұрған бизнесмен деген атының молынан танылғаны түк те емес, әрбірден соң сөз етуге де тұрмайды.
Әлемнің біршама мықты деген кәсіпкерлерімен терезесі бір деңгейге жетіп те қалған жағдайы бар ма? Көбісі бұның уәжді сөзін тыңдайды. Айтар ойымен де, ұсынысымен де есептеседі. Бас шұлғиды.
Оның да өз себептері бар әрине!
Талай рет әлемдік маңызы бар іс-шараларға қатысып қана қоймай, соны ұйымдастырушылардың да бірі бола жүріп, қаржылық қолдау көрсетіп бақты. Ақшасын аяп қалған жоқ. Н. провинциясында өткен іс-шараларда жиналғандарға өзінің ең мықты мейрамханасынан дәм татуды ұсынды. Алғашқы күні тіпті тегін қызмет жасады. Айтпақшы, сондай аты бар симпозиум мен басқосуларға өзінің туған топырағынан да талай марқасқалар қатысып қайтып жүрді – солар да өз көзімен көрді, Аспан, расында да, керек жерінде аянып қалған емес. Тіпті бір пысықай шенеунік оңаша әңгіме үстінде:
– Сыртта жүр екенсіз, елге оралып, қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің қатайып-нығаюына тікелей атсалыссаңыз қандай ғанибет болар еді, – деді.
Бұл айтты:
– Туған жерге көмек беру деген не? Ол үшін міндетті түрде өзің туған мемлекетте тұру қажет пе? Мен осы симпозиумды өткізуші тараптардың жуан ортасында жүргем жоқ па!...
Елден келген шенеунік не бас иземеді, не қарсылық айтпады. “Кім біледі” дегендей, ой сүрлеуін сиырқұйымшақтатты.
– Сіздің барынша шалқып тұрған беделіңізді байқадым, бұл біздің ел үшін үлкен мәртебе! – деді әлгі шенеунік. – Бизнесіңіз жанданып, алға баса берсін...
Қадірі жоқ болса, ол – осы Шерқалада. Оқта-текте елге оралып, бала кезгі күндерін еске түсірейін деп екі-үш күнге аялдай қалса, естімейтіні жоқ. Қазіргі халықтың нашарлау тұрмыс жағдайына ешкім де емес, Олигархтар кінәлі екен. Солар халық несібесін жеп, байлықты теспей сорып, тайраңдап өмір сүріп жатыр деседі. Құлақтарына солай құйған. Өзге сөзді тыңдамайды да, түсінбейді.
Олигарх кім? Ау, ол деген тар жол, тайғақ кешуден әупірімдеп өткен, қандай қиындыққа да төтеп берген, әбден таяқ-соққы көріп барып ысылған, бизнестің майын ішкен жансебіл жан болмас па! Аспан өзін мақтағысы жоқ. Алайда, осы Шерқала секілді кішкене елді-мекеннен шығып, әлемге үн қатса, – ол мақтаныш емес пе! Мақтанар елі, жері, халқы қайда? Мақтау орнына, бұны тобықтан шалып, шалқалатып жіберуге ынтызар. Ынтығып тұр.
Әнебір жылы... Артур Хаземет бұған оңашалап былай деген:
– Шеф, сізге бір ұсыныс айтсам деп едім.
– Ал, айта бер.
– Осы күні Америка топырағында, құдайға шүкір, бір емес, бірнеше танымал мейрамханаңыз бар. Алайда, өзге бәсекелес мейрамхана-кафелерді шаң қаптырып кету үшін бір тосын әрекет керек.
– Қандай?
– Сіздің туған еліңізде не көп – ет көп. Және өте дәмді ет. Рұқсат етсеңіз, мен сол жақпен іскерлік байланыс орнатып, өте дәмді ет алдырып отырсам...
– О-о, жақсы ой...
– Сонда біздің кафелер мен мейрамханаларда қалталылар да, ақшалылар да ас ішіп, көңіл көтеретін болады. Дәмді асты кімнің жегісі келмес...
Көмекші-серігінің мына ойы Аспанның көңіліне бірден қона кеткен.
– Сен бұны кешіктірме. Тездетіп қолға ал. Керек болса, мен де араласам.
– Жо-жоқ, шеф, сіз бұл жерде көрінбей-ақ қойыңыз...
Содан... Артур Хаземет Қазақстан-Қырғызстан жағына әлденеше рет барып жүріп, ақыры қазақтардың арасынан арзан бағаға ет сататын іскер-саудагерлерді тауыпты. Солармен достасып та алыпты. Бір сөз ретінде айтқаны бар.
– Маған тікелей шығып, байланыс жасап кетпесін деп, Шербек деген бір дәулетті қазақ басқаларды маңайыма жолатпай қойды, сіздің қандастардың бойында байлық пен мансап үшін сонша қатты бәсекелестік бар болар деп ойламаппын...
Әп, бәрекелді! Осылай болмасаң, қазақ деп аталар ма едің! Біріңді бірің шалып, біріңе-бірің терең ор қазар “қасиетің” айқайлап тұрмаса, қазақ деген халық атанар ма ең! Беу, аты дардай аңғал жұртым-ай! Өзіңе-өзің қысастық істеп, қара жолыңа қара тас төсеп, адымыңды аштырмай келе жатқаныңды мүлде сезе алмауың қалай?
Жәй халықты қойшы! Тіпті қолына қалам ұстаған, сауатты да сезімді, білімі тасыған жазушысына дейін Олигарх десе төбе шашы тік тұрады. Оларға салса, Олигарх – құбыжық! Ондайлардан бойды аулақ салып, кездеспеуге тырысып, бөлек көшемен жылдам басып, ертерек қара батырғаны әлдеқайда артық.
Жазушысымақ десе! Бұны байлықтың буына мас болған, батпағына батқан бейшара жан көреді екен де.
Байлық – батпақ па? Жоқ, мүлде олай емес! Ол – қазына! Асыл қазына! Ол – жарқын болашаққа жол ашар баспалдақ! Айтшы онда, егер байлығы жоқ, кедейліктен сіңірі шыққан ел болсаң, сені кім тыңдайды? Кім сенімен есептеседі? Ешкім де...
“Жасхан деді ме? Е, неге білмейін оны. Баяғыда-а... мектепте оқып жүрген кезімізде жергілікті газетке шатты-бұтты бірнеңелерін, шимай-шатпағын жариялатып, астына бадырайта атын жазып, бола қалдым дегендей, кеудесіне нан пісіп жүрмеуші ме еді. Сол қияли шығар дәу де болса...”
Неге екені белгісіз, Аспан тап сол күні көңілсіздік күймесіне аяқ артып алып, өзімен-өзі күйгелектеніп, тоқтаусыз дегбірсіздік сезіміне түсіп кеткен. Бұған дейін қаншама халықаралық кездесулерде бой көрсетіп, небір мен деген мүйізі қарағайдай бизнес өкілдерінен қатқылдау сөздер естіп жатса да, тап бүгінгідей ішкі жан дүниесінде жан сыздатар қара бұлт қоюлана түйдектеліп, жөңкіле көшпеген шығар! Неге?
Бәсе, неге?
Елдегі інісі Доспанның телефон арқылы айтқан бір ауыз сөзіне бола ма? Әлгі шимайшының мақаласына ашуланғаны ма?
Жо-жоқ, мүлде олай емес.
Ішінен ойлап байқаса, соңғы уақытта өзінің кіндік қаны тамған кішкене ауылды мүлде ұмытып барады екен-ау! Шерқаланы өңі тұрмақ, түсінде де көруді қойыпты. Бұл не деген сұмдық! Кісінің ең қымбат асылы – туған елі деуші ме еді ауылдағы Қабыш ақсақал! Мейлі көкке ұш, мейлі жеті қат жер астына түс – бәрібір бір күні туған топырақты аңсарың өтірік пе? Бұны да сол Қабыш қария есіне салған.
Ой, жалған-ай!
Оның осындай кедір-бұдыр көңіл күйде отырғанын сезе қойғандай, Ханмұрат телефондады. Ағылшынша судай жүйрік болып алған бозбала қазір қазақша өте жатық сөйлеп тұр. Тілін ұмытпағаны таңқаларлық.
– Қалыңыз қалай, ағатай?
– Е, несін сұрайсың?
– Не жағдай? Үніңізде мазаңдық бар...
– Елдегі бір жазушы мені мазақ етіп қисық мақала жазыпты.
– Ту-у, соған бола күйзелдіңіз бе? Оны кім оқып жатыр дейсіз...
Аз-кем тоқтап, сосын сөзін әрі қарай жапсарлаған.
– Ханмұрат, сен неге соңғы уақытта кіндік қаның тамған елге баруға аса ынталы емессің, а?
– Көңілім соқпайды. Бойымда сондай кертарпа, кержақ күй оянған секілді.
Ағасы аң-таң. Одан дәл мұндай жауап күтпеген.
– Қалайша! Туған жерің емес пе? Кіндік қаның тамды...
– Туған жер өз ұлын тумай жатып өгей көрсе, оған мен кінәлімін бе?
– Әрине, өкпең орынды. Оны түсінем. Бірақ, елдің аты – ел.
– Ал, сіз ше? Өзіңіз неге сирек барасыз?
– Менікі ешқашан бітпейтін бизнес қой. Уақыт аз...
Ханмұрат күлді. Күле түсіп, ағасына еркелегендей үнмен:
– Барғым да келеді елге! – деген. – Соның еш қисынын таппай жүргем жоқ па! Қиюын келтіре алмай... Әйтпесе, әнебір жолы буынып-түйіне бастаған шағымда, сіз тоқтатып едіңіз ғой мені.
– Онда әзір бол. Таяу арада жолға шығамыз.
– Рас па, аға!
– Әлбетте! Шын сөзім...
* * *
Телефонды қоя сала, Ханмұраттың жүрегі өрекпи соғып, өзінен-өзі дегбірсізденіп ала жөнелген. Тап мұндай күйді талай уақыттан бері басынан өткеріп көрген жоқ-ты. Неге бүйтті? Әлде... әлгіндегі Аспан ағасының “туған топыраққа барып қайтамыз” деген жылы лебізінен бе? Сонда қалай? Бұл расымен де сыртымен тартыншақтаса да, ішімен қатты сағынатын болғаны ма сол елді? Ол жақта, тап сол елде сағына іздейтіндей кім қалыпты? Әке де, шеше де – о дүниелік! Ағайын дейтіндей туыстары да жоқ есебі... Бәлкім, достарын сағынар. Дос демекші...
Көп уақыт өтіп кетіпті, жас күнінде бірге ойнап, суға түсіп, доп қуған серігі – Елмұрат бар екен-ау, оны қалай есінен шығара бастады? Елден кетіп бара жатқанда бір-біріне қарап тұрып, серт сөзін айтқаны қайда! “Мен сені ешқашан ұмытпаймын” демеді ме! Тіпті... ортақ армандары да болушы еді, соның бәрі түгелімен әдіра қалғаны қалай? Америкаға келген соң, Томас әкейдің қамқорлығына молынан батып жүріп, жақсы өмір сүргендіктен, бәрін де ұмыта салғаны ма? Иә, әуелде тіл үйренуге кірісті, арнайы мектепте дәріс тыңдады. Содан соң... ең мықты жоғарғы оқу орнына түсірді, оны да үздік тәмамдады. Енді ғана ес біліп, Томас әкейдің ақыл сөзіне құлақ қояр шағында... аяқ астынан айрылып қалғанын қарашы!
Енді, міне, жапанда жалғыз қалған жандай. Өмір де әп-сәтте түрлі-түсті қызығын түгелімен жоғалтып тынғандай.
Тек... Аспан ағасының осында тұрып жатқаны ғана көңілге көп демеу. Әйтпесе...
3
Осы жолы төсек басында тұрған ұйқыбұзар өз міндетін толық өтей алған жоқ. Таңертең зың-зың етіп шиқылдай жөнелетін зарлауық сағаты шырылдамай жатып-ақ, өзінен-өзі ерте көз ашып, жарық дүниеге жанар салған.
Бүгінгі түнде жалғыз өзі жатып, ешкімді де керек қылып іздемеген. Кэт хабарласқан сәтте керіле сөйлеп:
– Сонда бола бер! – деген. Мұнысы – сенің керегің жоқ деген ишарасы еді. Кэт мұндай қысқа жауапқа бәлсініп жатпайды, құп көріп, өз тобымен қала береді. Бұл бірінші рет емес, әлдебір көп жағдайда оңашалықты, жалғыздықты тілейтінін бек біліп те алған.
Әсіресе, қайсыбір күні ел жақтан Доспан деген бауыры телефон соққалы бері мүлде қабаржып, тұнжыраулы күйге түсіп алып еді.
Жеңіл киіне салып, бассейнге барып, жарты сағат балық бейнеге ауысты. Бәрін де ұмытқысы келген. Қызметшілер не сұраса да, құрақ ұшып, лездемде әкеле қояды. Сусын ба, жеміс пе – бәрі де тұр. Бірақ, тәбет жоқ. Ұмытқысы келгенді ұмыта алмағаны кеудесін кергілеп, қинап барады.
“Байлықтың батпағына батқан адам! Ол мына мен бе! Осы құрғақ сөзден сорпа қайнататын жазушы дегендердің тілі неге ащы екен, а? Кісіні шым-м еткізіп шағып ала қоятын сона дерсің! Әй, өздеріңде де құдай сүйер қылық болсайшы! Қашан көрсең де, тіміскіленіп, бірнеңе іздеп жүргені. Сондағысы – бір кілтипан, әлде өрескелдеу, қоғамға қиғаш оқиға іздейді! Жазуға себеп бола кетер қиғаштау, кермектеу нәрсені қалқиды...”
Ой кемесі бассейнде қалқып жүргенде де жанынан жырақтап кеткен жоқ, бұны өз тұзағынан құтқармады. Бірге жүзді. Бірге қалт-құлт етті.
Сосын тез шықты. Қайтып бөлмесіне оралып, жұмсақ креслосына құйрық төсеп, шалқаюға құлқы болмай, қақиып отырып алған.
“Неге мен туралы жазады? Жазығым не? Кімнің қорасына асыр-тасыр басып, әй-шайға қарамай, баса-көктеп кіріп кетіппін? Кімге қиянат жасаппын?..”
Теледидарды қосты. Қайта өшірді. Үстел үстіндегі екі-үш журналды парақтады. Оны да көз сүзгісінен өткізе салуға құлықсыз. Әйтеуір бір мазасыздық... Бір шыбын дызылдап, беймаздық күйін ойнап, арлы-берлі ұша берген соң, қолындағы журналмен жіберіп ұрды. Шыбын не өліп тынды, не қара батырды – әйтеуір үні сап тыйылған.
Шыдамы бітті. Қайтадан Доспанға телефон дыбысын жолдаған. Інісі көтерді.
– Сен ана жазғышбегің кім еді... әлгі Жасханның телефонын тауып берші...
– Аға, оны қайтесіз?
– Өзім тілдесейін...
– Есер неме сияқты, жүрек ауыртар ауыр сөздерін түйдектетіп жіберсе қайтесіз? Күні ертең осында келген кезде бетпе-бет сөйлессеңіз ше?
– Жоқ! Тап қазір тіл байласамын. Неше жерден өзін ақылы тасып кеткен ұлы жазушы санап жүрсе де, қорқарың мен бе – айтарымды айтамын. Қане, телефоны?..
Інісі оның телефон нөмірін сан-санымен нықтап, бөліп-бөліп, амалсыз айтып жатты. Аспан қасындағы көмекшісіне әр санды дауыстап жеткізген. Көмекші дереу жазып үлгеруде.
Сосын жазып алған нөмірді теріп, маған дереу қос деп көмекшісіне төтен бұйрық етті.
Телефон терілді. Арғы жағынан дауыс естілді. Сылбыр, суық үн...
– Тыңдап тұрмын. Жазушы Жасхан Жұрқабайұлымын.
– Мені мұқият тыңда, жазғыш жолдас! – деді Аспан. – Америкадай алпауыт елде бір емес, ондаған кафе-мейрамханасы бар, атақ-даңқы асқақтаған бизнес өкілі туралы аузыңа келгенді оттаған екенсің. Бетпе-бет кездессек, осы алған бағытыңнан айнымай, бұлталақтамай, өз сөзіңде тұрасың ба?
– Кешірерсіз, мен кіммен тілдесіп жатыр екенмін?..
– Бұл сенің кейіпкерің. Яғни, байлықтың батпағына батқан адам...
– Оһо, еһ-е... енді түсіндім. Аспанмын деңіз. Ал, сізді мұқият тыңдадым, бизнесмен жолдас.
– Тағы да айтамын. Мен әлемдік кеңістікке шығып кеткен бизнес өкілімін. Сен секілді өзінің шимай-шатпағына малданып, ауыл арасынан ұзай алмай жүрген жазушысымақ емеспін. Әрқайсымыз өз орнымызды білсек қайтеді, а?
Елдегі жазушыға тап осы жолғы астам сөз аса ұнамады, кеңірдегіне кілкілдек ыза іркіліп тұра қалған.
– Өз орны дегенің менің ми қауашағыма аса орнықпай тұр. Кім қандай жерде, қай деңгейде жүр дегенің бе, әлде... жай сандырақ па?..
– Мен шетелдемін! Сен Шерқала деген шағын елді мекендесің. Орныңды біл деймін, маубас!
Жасхан да бір езулеп алып, енді қисая тіл безеген.
– Қарны шұрылдағандар амалсыз бас сұғар бар дейсің, ә! Ондап саналады дейсің, ә! Е-е, сөз бар ма, қазекем дөп айтқан ғой “ас – адамның арқауы” деп... Басқаны ұқпасаң да, соны ұғыпсың, не керек...
– Асхана деп мұқатпа! – деп, дауыстап жіберді Аспан. – Мейрамхана! Кафе! Кофехана!..
– Соның бәрінің жалпылама аты біреу-ақ емес пе! Асхана ғой... – деген Жасхан.
Аспан мысқылды үнмен:
– Әй, ауылдың қазағы-ай! – деп еріксіз күлген болды. – Өзің осы күнге дейін дәмі тіл үйірер кофе ішіп көрдің бе, а?
– Жоқ! Мен тек қою қара шай ішемін. Шай, ішсең көңілің жай-й...
– Осылай тіл безегеннен басқа нең бар сенің! Тірсегі тірсегіне соғылған қу кедейдің сөзін қара-а...
– Шерқала болмаса, мына мен де, ана сен де – кім болар едік! Әуелі туған жеріңді құрметтеп үйрен, байлық десе өлімін салатын бауырым!
– Сол Шерқаланың атын шығарып жүрген кім екен – мен бе, сен бе?
– Сендей сараң бизнесменге тап бүгінгі күні Шерқала аса зәру емес. Ал, менің ойлы әңгіме-повестерім аулыма керек. Біздің ауыл жаңа жазбаларым арқылы жаны тазарып, алғы күндерде барынша әсемденіп, барынша түлемек...
– Слушай, сен Америкаға келші! Екеуміз көз тіктеп отырып сөйлесіп, ой таластырып көрелік.
– Ол жаққа итім ылағып па?
Кәсіпкер тұрпайылау күлді. Ыңқ-ыңқ-ыңқ...
Күліп барып, өзін-өзі тоқтатты. Сонда да үнінде кекесіннің кермек сызы сезіліп тұрды.
– Қаржы! Қаржы жағы қиындау дейсің ғой, ә! Түсінем қайқы маңдай қу кедейлікті. Оны өзім реттеймін. Тек келем деген сөзің ғана қажет...
– Қайталап айтамын. Маған Америка да, басқа қала да керек емес. Маған Шерқала қымбат! Туған аулымды ешбір шаһарға айырбастай алмаймын, біле-білсең! Осында тудым. Осында өлемін. Туған жермен қаным да, жаным да, тіпті кіндігім де бір...
– Оһо, тым жалаң патриот емессің бе? Осындай жалған ұран қазір кімге керек және қадірі қанша? Оны кім түсінеді? Кім тыңдайды?
– Сен сияқты байлықтың буына ісіп-кеуіп жүргендер түсінбес. Бірақ елім, жерім бар, солар түсінеді. Бағалайды.
– Қысқасы, мен сені, ал сен мені түсіну бұдан әрі қарай қиын соқпаққа бастап кетер түрі бар. Сен келмесең, мен барамын. Қалған әңгімені елге барғанда жалғастыралық. Жалғыз ғана айтарым – ана ұятсыз әрі мағынасыз мақалаңа өзің қарсы жауап жазып қой. Әйтпесе...
– Әйтпесе, не істемексің?..
– Оны барған соң көресің. Өкініп, бармақ тістеп қалмайын демесең, айтқанымды тыңда. Чао!
* * *
Әзер деп, өзін-өзі қинағандай боп, енді ғана жастыққа басы тиіп, көзі іліне берген екен, тағы да қалта телефоны безілге бассын. Амалсыз көтерген.
– Ал-ло-о...
– Бұл мен ғой, аға!
Даусынан тез-ақ таныды. Ханмұрат қайталап телефон шалып тұр.
– Ал, інім, не айтқың келді?
– Ағатай, сізбен сөйлескелі бері жүрегім дүрсілдеп, қатты-қатты соғып, тоқтай алар емес. Бағаналы бері өз еркімнен айрылып қалғандаймын.
– Ойбай-ау, не себеп? Сені осынша әбігерге салардай не айтып едім?
– Сіз... сіз ұмытып қалдыңыз ба? Жақын күнде елге, қазақ еліне сапарға шығамыз деген жоқсыз ба!
– Ә, әрине! Әрине, солай дедім. Ол шын сөзім, балақай...
– Ендеше, әзірлене берейін бе? Қашан жолға шығамыз? Қанша күн уақыт бересіз?
– Ұзамаспын. Жақын күнде...
– Туған топыраққа бірінші рет бара жатырмын. Нені әзірлеп, не аларымды да білмей қатты сасып, абыржып тұрғанымды білсеңіз ғой...
Аспан күліп жіберді.
– Түсінем. Түсінемін-н...
4
Америкалық әріптесі – Джон Дэвис тағы да, осымен екінші рет, өз аяғымен келіп, есік сығалапты.
Өткен жолы өктем басып, иығын көтере, емін-еркін кіріп келген соң, қайталап қабылдамай қойған-ды. Өзінің айтуынша, Томастан бірде-бір кем түспейтін бизнес адамы көрінеді. Тіпті бір сөзінде:
– Мен жолы ауырлап, тұйыққа тіреліп, қатты қиналған сәттерінде Томасқа да көмек қолын созғанмын, – дейді. – Әттең, өзінің көзі жоқ, әйтпесе өз аузымен-ақ айтқызар едім.
– Жарайды, сендік делік. Алайда, бұл факт ештеңеге де себеп баспалдағы бола алмас, – деп, Аспан оны тоқтатудың тәсіл-жолын ойша жағалаған.
– Неге? – деп адырайды Джон. – Сіз үшін Томас Трамс есімі мүлде маңызды емес пе? Менің білуімде, ол кісі...
– Солай! Естігеніңіз дұп-дұрыс. Маған өмір қақпасын көрсетіп, даңғыл жол ашып берген адам.
– Е, мұныңыз үлкен азаматтық. Ал, ендеше, менің айтпағым...
– Кешіріңіз, бүгінге жоспарлаған шұғыл жұмыстарым бар еді. Айып етпесеңіз, кейінірек кездессек...
Алғашқы әңгіме осылай түйінделген.
Содан кейін Аспан Джонды көруге деген ықылас-ниетін әзірге көгендеп қойып еді. Көп сөзділігі мен мақтаншақтығы кеуде кеңістігіне теріс сезім ұялатқан.
Міне, бүгін тағы да келіпті. Таң атпай, қабылдау бөлмесінде ербиіп бой көрсеткен тағы да соның өзі! Айтары белгілі. Қайтадан ымыраға келіп, өткен жолғы әңгімені жапсарластыру...
– Джон мырза, біз сізбен ортақ әңгімеге келе алмадық емес пе! Енді не айтпақпыз? – деген.
Әріптесі бұл жолы тіпті мәйін. Өткендегі дөң айбат, дарақы мінез жоқ. Ізі де қалмаған.
– Сіз не десеңіз де келісемін. Тек қарсы тұра көрмеңізші! – деп қиылып тұр. – Бір жақсы ой туындаған соң келдім... Өзіңіздің қатысуыңыз керек... Былай қарағанда, сіздің бизнес пен біздікі өте жақын ғой...
– Неге мені қайта-қайта іздедіңіз? Әлде... Томас мырзаның есімін алға тарта берсем, қандай ұсынысыма да келіспей тұра алмас деп қулық ойладыңыз ба?..
– Жо-жоқ! Атай көрмеңіз! Томас мырзаны жәй, сөз арасында әңгімеге ілгек еткенім ғана... Ол заман өтті. Бұл заман басқа...
Аспан қабағын суық ұстаған қалпы:
– Дұрыс байқапсыз! – деді. Джон сөз астарын дереу ұға қоймаған. Нені айтты? Бұл заманның мүлде басқа екендігін бе? Болмаса Томас мырзаны бекер әңгіме арасына тықпалай бердің дегенді аңдатқаны ма? Осының ара-жігін ажырата алмай отырып та, басқа әңгіменің басын қылтитып өткен.
– Сіздің қызметкеріңіз Артур мырза тым алғыр әрі ақылды жігіт көрінді – деді. Осы кезде Аспан басын көтеріп, оған тіктеп қараған.
Ана жолғы тапсырмасынан кейін Артур Хаземет Джонмен екі рет жолығыпты, бірақ екеуінде де әңгіме жеңіл басталып, жеңіл аяқталыпты. Артурға көп сыр алдыра қоймаса керек. Сөйте тұрса да кездесу кезіндегі әсерін сездіре:
– Жалпы ой-ниеті түзу адам сияқты, – деген Артур. – Бизнеске жан-тәнімен берілген жан екені әр сөзінен менмұндалап тұр...
– Басқа, бұны білетін кісілерден де ақырындап сыр тартып көрмедің бе?
– Сөйлестім. Бәрінің айтары біреу-ақ: Джон – бизнесмен; өз жолын білетін адам; іскерлігі бір басына жетіп-артылады...
Ойлана тыңдап, ақылға салып салмақтай келе, болған да, артынша:
– Өзім бетпе-бет отырып сөйлеспесем болмас, – деген...
...Аспан ішкі ой сүзгісіне салып көрген соң, бұдан әрі қитыға берудің жақсы жолға бастамасын да аңдаған. Айналып келгенде бұл келісімге қол жеткізсе (алдын-ала саралап-салмақтап алған-ды) оған да, бұған да ақша көзі бұлақ көзіндей лықсып ашылмақ. Өзінде кафе-мейрамхана болса, мына Джонда қонақ үй мен шағын хостелдер бар екен. Егер екеуін бір мақсатпен бағыттап жіберсе... Ендеше, қисая берер не бар! Бір рет жақсылап тұрып мінез көрсетті, сол да жетіп жатыр. Келесі жолы бұнымен өте сақ сөйлесуі тиіс. Көздегені де сол болатын.
Осыдан соң екеуі үстел басына отырып, болашақ жобаны талқылауға кірісіп, ниетке ниет жалғаған.
Арада миллиардтаған америкалық долларға татитын шаруа жайы тілге тиек етілмек.
Көмекші жігіт лыпып тұр. Оның да іші сезеді, шаруа алға басатын түрі бар сияқты.
Әрине, Джон да қаражаяу бизнес өкілі емес, ақшасы мен мүлкі жетіп-артылады, беделі де ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Ол жағынан келгенде арадағы достық қарым-қатынастың берері аз емес екенін де іштей түйіп отыр. Тек... тайсақтай беретін себебі – Томас үзілер алдында осы жігіт туралы айта келіп, “тегінде аса сақ бол, ол дүние жолында бәрін де, тіпті достықты да сатып кете алады” деп ескерткені бар-ды. Сол сөз әр кездескен сәтінде де құлақ түбінен “осыны ұмытпашы” дегендей, жаңғырып тұратын.
Ана жолғы кездесу үстінде сондай көңілсіздік тәп-тәуір басталған келісімді кілт үзген.
Содан кейінгі екінші мәрте жүздесуі бүгін ғана қиюласып отыр.
Кездесуге келісім беруіне тағы бір жағдай жанамалап кеу-кеулеп кеткен.
Әнебір жылдары, Ронни екеуі бизнесті бірге бастап, осы провинциядағы монша-тазалық орындарын көбейтіп, әп дегеннен шаруалары дөңгеленіп ала жөнелген күндерде, кезекті оңаша кездесу кезінде әңгіме-дүкен құрған. Оны бастаған бұл емес, Ронни.
– Сенің өмірлік ұстанымыңды еш түсіне алмай келем, – деген. – Кей шаруаны бастаған кезде не қостағаныңды, не қарсылығыңды байқатпайсың. Түсініксіз...
– Енді-і... – деген Аспан. – ...ойланып алайын деп! Көңіл күдігі деген тез сейіле қоя ма?
Сонда Ронни шарт ете қалып, даусын қатайтып, қатты-қатты сөйлеген.
– Көңіл! Көңіл дедің бе? Көңілге ерік жібін ұстата берсек, ақыры су түбі – құрдымға кетіп тынамыз. Бизнес ондайды көтере алмайды.
– Ал, емеурінің қандай?
– Менің айтарым біреу-ақ: бизнес жолында не достық көңіл, не қастық пиғыл...
– Екеуінің жуан ортасын ұстап жүрсе ше?
– Жоқ! Олай етсең, түптің түбінде құрдым шалшығына құлап тынасың. Осыны біліп қой...
Джон тоқтаусыз хабарласқан сәттерде, неге екені белгісіз, сол Роннидің қатқылдау сөзі ойына еселеп орала берген.
“...Не достық көңіл, не қастық пиғыл!..”
Қиялында шайқап алған соң, ақырында кездесуге қарсы еместігін аңдатқан.
Кезекті әңгіме-келісім де басталып жүре берді. Ортақ пәтуаға желілеп тартылар нәрсе баршылық екені ә дегеннен байқалған.
Бірақ... көңілге кіді алар бір жағдай ойын қайта-қайта бөле берген. Джон қалай сөйлеп, не туралы айтып отырса да, екі көзі ойнақшып, не үстіңнен, не ішіңнен қандай осал кемшілік тауып алсам екем дегендей, ынтығулы ниетін аңғартып ала береді. Әңгімесі шынайы шықпайды, құрақ көрпе секілді аннан-мұннан құралған құрама бірнемелер. Оны тыңдайды да, қайталап Томас марқұмды еске алады. Әй, ол тектен-тек ескертпеген сияқты.
Сөйте тұрса да, тап осы тұста Аспан Джонға, ал Джон Аспанға өте зәру жағдайда екенін қайтерсің! Екеуінің де амалсыз тіркесіп тұрған бір ісі бар, бірінсіз-бірі алға бастыра алмайды оны...
Оның үстіне... сөз арасында Джон айтқан: сіз менің тым лыпылдап, тез-тез сөйлеп, алдыңызға түсе беретінімді дұрыс ұққайсыз; мен тым тұйықтықты, әйтпесе жартылай ғана ашылуды ұната бермеймін; шын сайласатын кісімен ашық ойнағанды құп көрем...
Осы сөзі, неге екені белгісіз, ойынан кетпей қойған.
...Ал, бүгінгі кездесу әлі талай күндерге созылып, тіпті айларға, одан асып жылдарға жалғасары тағы бар-ды.
Жолтай Әлмашұлы
(Жалғасы бар)