«Айбоз» төңірегіндегі дау. Кітап палатасы жауап берді

ӘДЕБИЕТ
1327

Биыл тұңғыш рет «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығына үздік шығармаларға байқау жарияланып, кеше соңғы нәтижесі жарияланған. Енді осы бәйгенің номинациялары бойынша  қатысушылар мен әдебиетші қауым ішінде  дау өршіп тұр. Ол туралы белгілі аудармашы Баян Хасанованың жазбасын жариялаған едік. Содан кейін танымал жас жазушы Досхан Жылқыбайдың осы сыйлық төңірегіндегі көзқарасын да назарға ұсынған едік. Көп кешіктірмей ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының әлеуметтік желідегі парақшасына алақандай жауап жарияланды. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының әлеуметтік желідегі парақшасына жарияланған жауабы 


Биыл тұңғыш рет жарияланып отырған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлықтың қорытындыларына байланысты жұртшылықтың, әсіресе, әдебиет жанашырларының тарапынан бірқатар сұрақтар мен пікірлер туындауда. 

Осы ретте, әдеби сыйлықтың ұйымдастырушысы ретінде осы мәселелерді қазылар алқасымен кеңесе отырып, соның нәтижесінде түсініктеме бергіміз келеді.

Алдымен «Үздік аударма» номинациясы айналасындағы сұрақтарға байланысты. Бірінші – жеңімпаз еңбегінің авторлық құқық иесімен келісімшарт жасалған-жасалмағаны турасында.

Рас, байқаудың ережесі бойынша аудармашының авторлық құқық иесімен келісімшарты болуы керек. Бірақ бұл байқауға Стефан Цвейг шығармалары сияқты қоғамдық игілікке айналған (автор қайтыс болғаннан 70 жылдан кейін шығармалар қоғам игілігіне өтеді) туындылардың аудармасы қабылданбайды дегенді білдірмейді. Яғни, қоғамдық игілікке өткен шығарманың аудармасы байқауға қатысуына ешқандай қайшылық тудырмайды.

Сондай-ақ, конкурстың ережесінде туындының түпнұсқадан аударылуы қажет деген де шарт болған жоқ. Номинацияның атауы «Үздік әдеби аударма» болғандықтан, шығарма қай тілден аударылса да, қазақ әдебиетіне көркемдік құндылығы жоғары еңбек қосылса – басты олжа да, түпкі нәтиже де сол деп санаймыз. Мысалы, кезінде Абайдың өзі «Қараңғы түнде тау қалғып...» өлеңін Гетеден емес, Лермонтовтан аударған. Абайдан басталған қазақ аудармасы тарихындағы осы классикалық үлгі ұлт руханиятын молайтпаса, кемітпейтінін ескерген орынды.

Оның үстіне, аудармашының мәлімдеуінше, шығарманы аудару барысында түпнұсқамен де, басқа тілдегі аудармалармен де қатар қойып, салыстыру арқылы жұмыс жасалған. Жұртшылықтың пікірін ескере отырып, қайта талқыға салған Қазылар алқасы да осы мәселені басты назарда ұстап, жеңімпаздың еңбегі байқау талаптарына сай келеді әрі жеңімпаз деп тануға болады деген тоқтамға келді.
Енді «Үздік комикс» номинациясына келер болсақ, өтінімді қабылдағанда байқауға түскен жұмыстар біздің мекеменің, яғни, «Кітап палатасы» қоры арқылы тексерілді. Республика бойынша жарық көрген кітаптардың барлығы міндетті түрде Кітап палатасына тіркелуге тиіс. Аталмыш еңбек ол тізімде болмады.

Алайда, автор тамыз айында аз таралыммен болса да жарыққа шығарған комикс жинағын 15 қыркүйек күні «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының талаптарын ескерместен конкурсқа қатысуға өтінім берген екен. Көпшіліктің пікіріне сәйкес, аталмыш сұрақты қайта сарапқа салған қазылар алқасы үздік деп танылған шығарманы, байқау талаптарына сәйкес еместігін ескере отырып, жүлдеге лайық емес деп таныды. 
Байқауға түскен басқа еңбектер жүлдегерді айқындайтын шығармалардың шекті межесіндегі дауысқа ие бола алмауына байланысты, әділ қазылар алқасы биылғы «Айбоздың» «Үздік комикс» сыйлығы ешбір еңбекке берілмейді деген шешім қабылдағанын хабарлаймыз.



Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...