Ерболат Баятұлы. Әйел жаны (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
8062

Бұл өзінің туған анасы туралы әбден кеш білді ғой. Гүлайша деген бейтаныс әйел мұны әлденеше рет шақыртқан. Ол кезде апасы тірі болатын. Қадиша марқұмнан қаймықты ма, әлде жүрегі дауламады ма, әйтеуір сол адамға іші жылымаған. Кейінірек көрші ауылдағы бір шілдеханада бір рет ұшырасқаны бар. Дөңгелек жүзді, ашаң өңді адам екен. Сөзі өткір, мінезі адуындылау көрінген. Суырыпсалмалығы да бар сияқты. Сол шілдеханада Әндібай деген озат шопанмен айтысып, ауызын аштырмаған. Бәтіш сол әйелден өзінің көз жанарын көрген. Жастық-ай деген, ертеңінде қайта-қайта айна алдына келгіштеп ұялы қой көздеріне әлсін-әлсін үңілген. Онысын апам көріп қала ма деп қарадай қуыстанғаны есінде.

Міне содан кейін Гүлайшаны көріп тұрғаны осы. Баяғыдағы дөп-дөңгелек нарттай жүзінен шырай да қалмапты. Төсекте әбден ауру меңдеген шөкімәйттай кемпір жатты. «Қатты науқаспын. Санаулы күндерім қалды. Бәтеш келіп бір көрінсінші!» – деген соңғы тілегін аяқ асты ете алмап еді.    

Алғаш және соңғы рет еріксіз маңдайынан иіскеткен. Әлсіз саусақтарымен бетінен сипап, кеберсіген еріндерін маңдайына тигізгенде Гүлайшаның демі оттай қарып түскен. «Тағдыр ғой, Бәтеш. Әкең Мәлғажы тұяқсыз жалғыз еді. Кешір мені!» - деген екі ауыз тіл қатқан. Жанарынан екі тамшы жас әжімді арық бетінен баяу сырғығанын байқап қалған. Алла десейші, мұның көзінен жас та шыққан жоқ. Бірақ жүрегі тығылғандай болып, жүзін теріс бұра берді де аурухана палатасынан далаға ата жөнелген. Кейін білген. Майданда құдай қосқан күйеуі жастай қаза тауып, қара жамылған, Гүлайша Мәлғажыдан осы қызды туған екен. Ел ішінде әңгіме жата ма. Бұл бір ұзақ хикая.

Бәтіш ауруханадан былай шыққасын көз жасына ерік берген. Бәрі бір қимастық сезім бардай. Оның үстіне марқұм апасы еріксіз есіне оралған. «Қайран апам, жүрегің неткен кең еді!» - деп, аруағының алдында кешірім сұрағандай боп еді. Расында мұның апасы қандай еді шіркін! Әкесі Мәлғажы кезінде жүйрік ат ұстап, ән салып, сауық қуып, өзінше салдық құрған ауыл-аймаққа танымал адам еді. Уақытында аздап дән-дәулет біткен. Жұлып алма сөзге ұста болатын. Әр жерлерде жиын-тойларда қыз-келіншектермен айтысып, қағысып көптің көзіне түскені тағы бар. Бір атадан жалғыз тұяқ екен. Кейінірек басқармада ат үстіндегі барып кел,шауып келдің шаруасын атқарды. Бұл ес білгелі әкесі үйде омалып күн ұзаққа отырмайтын. Асығып аттанып, араға күндер салып қоналқаға аптығып жететін.

Бәтіш қыздың басынан құс ұшырмады, ұлша киіндіріп, мойнына мінгізіп өсірді. Байқұс апасының қам-қаракеті, күйеуі Мәлғажы мен жалғыз ,Бәтішінің үстінде болды. Байыпты, сырбаз мінезінен жаңылған емес. Қоңыр дауысымен бапты сөйлейтін. Өсек-аяңға жоқ, ненің болса да тоқ етерін бір ауыз сөзбен жеткізетін. Үй шаруасына да қылап. Ағайын-туысқа да жұғымды болатын. Күйеуінің алдың-дұлдың, әпенділеу мінезіне үйренген. Сәл жымиып, басын шайқайтын да қоятын. Бұл әке-шешесінің ұрсысып, кермалдасып жатқанын өмірі көрмепті. Соның негізі апасының сабырлы, кешірімшіл мінезіне байланысты екен ғой енді ойлап отырса. Иә, мұның апасы сондай еді ғой.

Әлі есінде бұл бірінші класты бітірген жылы бұлардың отбасында бір ерекше жағдай болды. Соғыстан кейін ел іші енді-енді ес жиып, бір шама тоғайып қалған кез. Ұлша киініп, даладағы сотқар балалармен асық ойнап үйге келсе ,Рысқайша тәтемен апасы күмбір-сыбыр сөйлесіп отыр екен. Алдарына қойған иықты самауырын да орталап қалса керек. Рысқайша деп отырғанымыз, Мәлғажының немере жеңгесі. Ара-тұра абысын-ажын болып апасы екеуі шүңкілдесіп қалатын. Апасы қою шайды демдеп жатып,

 - Пұшпағы қанамаған мен бір сорлы болдым ғой – дегенді айтып қалған. Күрсінгенін анық сезген.

– Е, Қадиша-ай, көнесің, көнесің, енді не істейсің?! Алланың да, адамның да алдында абыройың ақ, жүрегің таза! – деген Рысқайшаның сөзі де анық естілген. Апасы жылаған секілді. Көздерінің жиегі қызарған сыңайлы. Жаулығының ұшымен сүрткен.

 – Ә, Бәтішжан, сен келгесің бе? Далаға бар ойнай ғой! – деп қолына екі шақпақ құрт ұстатып алдаусыратып шығарып жіберіп еді. Ертеңінде таңғы шайдан соң апасы бір жаққа жинала бастаған. Әкесі үйде жоқ болатын.

 – Бәтіш, сен де киін! – деді анасы қатқылдау үнмен.

- Алыс ауылға барамыз. - Қайда, кімге?- деп Бәтіш те сұраған жоқ.

 – Алақай, алақай апаммен ауылға барамын! – деп қуанып жүрді. Бір киерін киіп, тор атты ерттеп, Бәтішті артына мінгестіріп Қызылағашқа жол тартқан. Бір іске бекінген апасының қимылы ширақ еді. Жол бойы қызына тіс жарып ештеме деген жоқ. Қурайлыны асқанда, Өкпетінің жазығы алдарынан мен мұндалап көрінер еді. Ауада желкем самал бар. Көз жетер жердің барлығы жаз қызығына малынып тұр. Анау алыста мұнар кілкиді. Мұның аттан түсе қалып жүгіргісі келген. Апасының толықтау белінен тас құшақтап алып, үнсіз отырды. Бір уақытта апасы ыңылдап ән салған. «Талдан таяқ таянбайды» деген сөзі анық естілді. Кейін білді ғой, сол ән «Бір бала» екен. Сонан кейін апасының ән айтқанын өмірі естімепті. Бұлар Қызылағашқа келгенде күн сәскеден ауып кеткен еді. Шеткері бір жұпыны үйге түскен. Саман үйдің табалдырығы биік, еңсесі аласа. Үйде екі әйел отыр. Бірінің жанары суалған соқыр екен. Екіншісі отыздарды орталап қалған сүйреңдеген сөзшең келіншек. Алыс жолда тақымы созылған Бәтіш келе салып ұйықтап қалыпты. – Тұр, қызым, үйге кетеміз – деп, апасы оятқан. – Түу, мына бала дым сызбады-ау. Мына сүтті жолда қызыңызға бересіз! – деген әлгі сөзшең әйел бөтелкені апасының қоржынына салып жатып. Бәтіш енді байқады, әлгі келіншектің оң қолында ораулы бір түйіншек бар екен. Жып еткізіп түйіншекті мұның апасына ұстата қойды. Апасы;

 – Бисмилла! - деп ақырын күмірлеп түйіншекті бауырына басты. Қаршадай қыз көзін уқалап, «бұл не болды екен?» деген таңданыспен қарап қалғаны сол еді, апасы;

 - Бәтішжан, бұл сенің бауырың болады! – деді жұмсақ үнмен. Бұлар есікке қарай аяңдай жүрді. Сол сәтте төргі бөлменеден әлде адамның, әлде иттің қыңсылағаны секілді жайсыз дыбыс естілді. Өксік қысқан ащы үн. Булыға шығады. Сол сәтте тіл-ауыздан жұрдай болып отырған соқыр әйел,

 - Тәйт ары! Ойнап жүріп, от басқан салдақы! – деп қатты зекіп қалды. Құндақтағы нәрсете де шар етіп жылаған еді. Қырқынан жаңа ғана шыққан нәрестені алдына өбектеп, Бәтешті артына алған апасы түнделетіп үйге оралып еді. Ертесінде Аягөз жақтан әкесі келген.

– Ұста мына ұлыңды, атын өзің қоярсың! – деген апасы баланы әкесіне беріп жатып. Бір сазарып, бір бозарып, бір қуанып, бір қымсынып тұрған әкесі «Әуп!» деп баланы қолына көтерген қалпы аласалау киіз үйдің шаңырағынан түсіп тұрған жап-жарық сәулеге тосты. Күбірлеп ішінен тілек тілгендей болған. Көзінен ыстық жас домалап түскен. Емірене келіп, бар ризашылығымен жары Қадишаның маңдайынан сүйген. Сол сәтте әкесі жарықтық тәлтиіп тұрған Бәтішіне қарап алғаш рет,

- Қызым, сен жалғыз емессің, енді сенің соңыңнан ерген туған бауырың бар!- деген. Сол күні мұны тұңғыш рет қызша киіндірген. Апасы жарықтық баланы ешкінің сүтімен асырады. Содан бері қанша жыл өтті. Әкесі өтерінде апасына, «Екі дүниеде саған разымын! Бәтешің мен Саматыңның қызығын көр!» - деп шын ықыласын білдіріп кетіп еді. Үш жылдан соң әз апасы да қош айтысты. Бәтешті жетектеп, Саматты арқалап өмірден өтті ғой байқұс анасы. Өтер-өткенше қызғыштай қорып, жаттан қызғанып, бөтен-бастақ бір ауыз сөз айтпай кетті байқұс апасы. Бұл өмірге Мәлғажының әр жердегі тұқымын теріп алып, жеткізу үшін, бар қызғаныш, күйінішін өз ішінде өлтіру үшін ғана келгендей. Тағдыр деген ауыр арбаны жалғыз өзі сүйресе де иінін түсірмей, рухын жықпай адал, қайсар қалпында аттанып кете барды. Бәтіш ауруханадан шыққаннан кейін өз үйіне келе жатқан бағытынан кіл айнып, бауыры Саматтың көк шатырлы еңселі үйіне қарай тартқан. Самат та үйінде екен. Жайраңдап қарсы алған апайын. Білеуленіп ісініп кеткен Бәтіштің көзін көргесін артық ештеме демеді. Ол да Гүлайшаның ауруханада хал үстінде жатқанын естіген болатын. Соған жылаған шығар деген ойда қалды.

– Самат, машинаңды от алдыршы! - деді Бәтіш.

– Қайда барайын деп едіңіз? – деген бауыры.

– Зиратқа, апамның басына.

– Бұлар зират басына барып келе жатқанда ауруханадағы, Гүлайша да үзіліп кетіп еді. Бәтіш машина ішінде келе жатып, «Әйелдің жанынан сірі және жұмсақ ештеме жоқ екен-ау!» - деп ойлады.

Ерболат Баятұлы

author

Ерболат Баятұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Бір кездері өнер әлемінде жарқ еткен, алайда кейін көрінбей кеткен әнші Сырым Исабаев "1001 түн" бағ...

Спорт

Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем...