«Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсаукесері өтті

КИНО
1824

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүгін елордада Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаясының тұсаукесерін өткізді. Тұсаукесерге депутаттар, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен журналистер қатысты. 

6 бөлімді тарихи туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады. 

Тарихи туындының мақсаты – Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын қызықты сюжеттік желі арқылы кеңінен насихаттау арқылы жастар бойында мемлекетшілдік рухты қалыптастыруға ықпал ету. 



«Qazaqstan» арнасы Тәуелсіздік күні қарсаңында Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған тарихи телехикаяны көпшілік назарына ұсынып отыр. Соңғы жылдары отандық телеарналарда ұлт руханиятының ұлы тұлғарын ұлықтауға арналған, тарихи тақырыптардан тамыр тартқан түрлі туындылар көрсетілуде. Мазмұндық әрі сапалық тұрғыда олардың көпшілігі талғампаз көрерменнің жоғары бағасына ие болып отыр. Бүгінгі «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы сол тағылымды үрдісті жалғап, өз үдесінен шығады деп сенемін. Жалпы, Міржақып Дулатұлының шығармашылық болмысын зерделеуде жасалып жатқан осындай үлкен ізденістер лайықты бағасын алуға тиіс», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбілдаева. Сценарий авторлары – Мұрат Есжан, ақын, драматург Ұларбек Нұрғалымұлы және алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахман.

Сериалда бас кейіпкер Міржақып Дулатовтың рөлін Бақыт Қажыбаев, жары Ғайнижамалдың рөлін Зарина Кармен, қызы Гүлнар Дулатованың рөлін Гүлжас Әпсетова ойнайды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханов бейнесін «Qazaqstan» телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының басты кейіпкерлері Байғали Есенәлі мен Бауыржан Қаптағай сомдайды. 



Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы және Қостанай облыстарында өтті. «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері 18:00-де эфирге шығады.



 «Бұл – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының соңғы екі жылда түсірген 11-ші тарихи телехикаясы. Екі жыл ішінде көрерменге түрлі жанрда 500-ге жуық бөлімнен тұратын 33 телехикая ұсындық. Қазір біз үшін де, сериалдар өндірісімен айналысатын продакшн компаниялар үшін де шыңдалу кезеңі. Тарихи сериалдарға қатысты өткен жылы көрермен тарапынан айтылған кейбір кемшіліктерді, қателіктерді қайталамауға тырыстық. Жалпы, телевизиялық сериал өндірісінде қойған мақсатымыз – алдымен, озық қоғамдық құндылықтарды, тұлғаларымыздың өмірін насихаттау болса, екіншіден аудиторияның өз отандық өнімдерімізбен мақтанатын деңгейге жету», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай тұсаукесер шарасында сөйлеген сөзінде. 




 Басқарма төрайымы «Міржақып. Оян қазақ!» телехикаясының тұсаукесерінен кейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тарихшы, ғалым Әлкей Марғұлан тұлғасына арналған 4 бөлімнен тұратын «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» сериалы эфирге шығатынын жеткізді. Ал  Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлесе түсіріп жатқан «Қорқыт ата» сериалы 2023 жылы жарыққа шықпақ.


Жаңалықтар

Ақтөбедегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлады madeniporta...

Шоу-бизнес

Танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде марқұмды еске алып жазба арнады, деп хабарлады madeni...