Елордада «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің көрсетілімі өтті.«Қазақстан»...
«Жаңғырық» фильмінің түсірілімдері Алматы облысында жүргізілуде
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіріп жатқан «Жаңғырық» толықметражды фильмі үшін Алматы облысы Долан ауылының маңында «Қоянды жәрмеңкесі» декорациясы тұрғызылды, - деп хабарлайды kazakhfilmstudios.kz.
Бүгін режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов бастаған фильмнің түсіру тобы осы декорацияда Константин Демидов, Дулыға Ақмолда, Серік Қалиев, Максим Безкоровайный сынды актерлердің қатысуымен бірнеше сахналарды түсіреді. «Жаңғырық» фильмі – үстіміздегі жылы 8 шілде күні өмірден өткен режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың идеясымен қолға алынға тарихи туынды. Поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің тағдыры туралы баяндайтын «Жаңғырық» фильмі 2019 жылғы ақпан айының басында өндіріске жіберілген болатын. Сол жылы қараша айында бұл жобаның түсіру жұмыстары уақытша тоқтатылды (консервацияға қойылды). Кейін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты фильмнің түсіру жұмыстары тек осы жылы тамыз айында қайта қолға алынды. Фильмді түсіруге режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың ұлдары – Асқар-Мұхит (қоюшы режиссер) және Ескендір Нарымбетовтер (қоюшы оператор) бекітілді.
- Түсірілімдер бір ай бұрын Петропавлда басталды. Жақсы команда жиналды, жұмыстың бәрі де ойдағыдай жүріп жатыр. Дайындық кезеңі барысында әкеміз белгілі бір сахнаны түсіріп үлгерді, біз ол сахнаны фильмге міндетті түрде кіргіземіз. Негізгі актерлерді де әкеміз таңдап алған болатын, - деді режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов.
Режиссердің айтуына қарағанда, «Қоянды жәрмеңкесінің» декорациясында түсіру жұмыстары ертеңге дейін жалғасады. Кейін фильмнің түсіру тобы Қапшағай қаласының маңына ауысып, түсірілімдер сол жерде тұрғызылған «Адольф Янушкевичтің жертөлесі» декорациясында жүргізіледі екен (16 күн бойы). Фильмнің кейбір сахналары келесі жылдың көктем айларында түсіріледі.