Қазақстан театр сыншылары жылдың үздіктерін анықтады

ТЕАТР
1431

Желтоқсанның 19-шы жұлдызында Алматы қаласында «Сыншылар жүлдесі 2022» жылдың қорытынды марапаттау салтанаты өтті.

Қазақстан театрларында болып жатқан шығармашылық үдеріс пен оның даму жолындағы бағыт-бағдары, репертуарын жасаудағы ұстанған саясаты, көрерменнің қойылымға келуі мен қабылдауы т.б. туралы мәселелерін дер кезінде сараптамадан өткізу отандық және халықаралық театр қауымдастығы тарапынан қызығушылық тудырып келеді. 



Осыған байланысты «International Union of Тheatre Critics» еліміздегі бөлімі «Қазақстан театр сыншылары бірлестігі» биыл төртінші рет «Қазақстан театрлары» мониторингінің қорытындысы мен «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының марапаттау салтанатын өткізді. 

Еліміздің барлық өңірінің 60 театры (республика театрларының 97%) қатысқан бұл мониторингтен 2022 жылда жасалынған жыл премьералары, ойналған барлық қойылымдар, драматургия, гастрольдік және фестивальдік іс сапарлар, шығармашылық құрамға өткізілген шеберлік сыныптары мен семинарлар, техникалық құрамның біліктілігін арттыру, БАҚ театр туралы (газет, журнал, ТВ, радио), қойылымға театртанушы мамандар шақыру, шығармашылық пен репертуарлық саясатты қамтыған жұмыстар сарапталды. 



Сараптаманы еліміздің белгілі театртанушылары – Сәния Қабдиева, Аманкелді Мұқан, Бақыт Нұрпейіс, Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова, Зухра Исламбаева, Айжан Ахмет, т.б. жүргізді. 

        Үздіктерді анықтайтын мерейлі додада Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Есеналиев Талғат Қамқабайұлы  - «ЖЫЛ ТЕАТР МЕНЕДЖЕРІ», Болатбек Нұрқасымов – М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрындағы «Қарагөз» спектаклі үшін «ЖЫЛ ТЕАТР КОМПОЗИТОРЫ», «Астана балет» мемлекеттік театры - «ЖЫЛДЫҢ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫМЕН ҮЗДІК ЖҰМЫС ІСТЕГЕН ТЕАТРЫ» номинацияларын иеленді.

 Сонымен қатар, ҚАЗАҚСТАН ТЕАТР СЫНШЫЛАРЫ БІРЛЕСТІГІ шешімімен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Сағызбай Қарабалин “Король Лир” спектакліндегі «Лир» образымен «ЖЫЛ АКТЕРІ» номинациясымен, тәуелсіз «Шам» театры сахналаған “№37” спектакліндегі рөлі үшін Лиза Серікова «ЭПИЗОДТЫҚ РӨЛДЕГІ ЖЫЛ АКТРИСАСЫ» номинациясымен марапатталды. «ЖЫЛ ЖОБАСЫ» аталымында астаналық «Қанаттылар» инклюзивті театры «Қыз жылаған» спектаклімен үздік атанса, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бахаргүл Құрбанова - «Қымбатты Елена Сергеевна» спектакліндегі Елена Сергеевна ролі үшін «ЖЫЛ АКТРИСАСЫ» атанды. «ЖЫЛДЫҢ ПЛАТИСКАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМЫ» аталымында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры «Текебұрқақ» қойылымымен үздік атанса, «БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖЫЛ ҚОЙЫЛЫМЫ» номинациясын Ф.Достоевский атындағы Семей мемлекеттік орыс драма театры «МАЛЕНЬКИЙ ПРИНЦ» спектаклімен жеңіп алды. 

Сараптама нәтижесінің қорытындысы бойынша отандық театрлар жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныстар ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы қорытынды-анықтама етіп жолданды.

Театр сыншыларының алға қойған мақсаты - бүгінгі Қазақстан театрларының шығармашылығы мен тыныс-тіршілігіндегі болып жатқан заманауи үрдістер мен үдерістерді дер кезінде айқындап баға беру болып табылады. Шын жүйріктерді анықтап, шабысына шабыс, шабытына үлес қосқан айтулы марапаттар алдағы уақытта жалғасын таба бергей. 


Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...