Герман Мелвилл. Жайтартқыш сатушы

ӘДЕБИЕТ
1118

– Аспан сөгілгендей күркіреуін қарашы! – Акросерон жоталары қоршаған құжырамдағы тас ошақтың басында тұрып осындай ойға келдім. Жер дүниені тітіреткен жойқын дауыс төменгі қырат қойнауларына құлап, құлақ тұндыра жаңғырып жатты. Шатырлаған дауыспен бірге ирелеңдеген жарық сәулелер аспан төсін осқылап өтеді. Үйдің шыны төселген жайдақ шатырын толассыз құйған жаңбыр дамылсыз қаңғырлатып, сабалай түсті. Тоқтаңыз! Есік көзіне біреу келгендей ме? Мынадай түлен түрткен күнде жолға шыққан кім болды екен? Жұрт құсап есіктің тұтқасынан қақпай, құдай ұрған табытшыдай дүрсілдедете төмпештегені несі? Бәрібір ішке кіргіздім. Міне, өзі де көрінді.



–Қайырлы күн, сэр. – деді маған мүлде бейтаныс адам.

–Мархаббат етем, отырыңыз.

Қолындағы мына көзге сөдегей таяғы не болды екен?

–Кісі сүйінердей күркіреп тұр-ау, сэр.

Сүйінердей? Құдай бетін ары қылсын! Үстіңіз әбден малмандай болыпты.

Бері отқа жақындап кептірініп алыңыз.

-Атай көрмеңіз!

Бейтаныс үйге алғаш кіріп өзі тоқтаған бөлменің дәл ортасынан қаққан қазықтай қозғалған жоқ. Шақырылмай келген мейманға баралай көз жібердім. Дене тұрқы жұтаң, арық. Мойылдай қара, жатаған шашы маңдай тұсына жабысып қалыпты. Айналасын қара көкшіл сақина қоралаған шүңірек көздері найзағайдай жарық-жұрық еткенімен, сұғын қадап сұқтанбайды. Өзі қойын-қоншына дейін су. Аяғының астындағы емен тақтайға сарқыншақ су жиылып қалыпты. Бір жақ қолына әлгі көзге сөдегей көрінген таяғын серт ұстап қасқайып тұр. 

Таяқ – тұрқы төрт футтай ұзын, жылтыраған мыс екен де, ұзын бойы төбесінде мыс шашақтармен шығырланған жасыл екі шар шынысы бар әдемі ағаш түйінге бекітіліпті. Бейтаныс әлденеден қауіптенгендей таяқтың тек ағаш түйіні бар жерінен ғана ұстап алыпты.

- Мырзам, - дедім мен төменшікпен басымды иіп, - айта қойыңызшы, менің күркеме келіп қалған Жай Құдайы Юпитердің өзі емес пе осы? Ежелгі Грек мүсіндерінде қолына жай оғын ұстап ол тап осылай тұрар еді. Мүбада сіз сол болсаңыз, не соның орнына келуші біреу болсаңыз, біздің қораш тауымызға көрсеткен сый-құрметіңіз үшін сізге тек алғыстан басқа айтарым жоқ. Иә, құдіретті күшке табынатын адамға өз үйінде Жай Құдайын көруден асқан бақыт болушы ма еді?! Сонда да отырыңызшы. Қап-ай, көні кепкен мына отырғыш құдайлар тұрағындағы сіздің мәңгі жасыл тағыңызбен қайдан теңесе алсын! Бірақ бәрібір бір жерге отыруыңыз керек қой.

Менің бұлай желдірте жөнелгенімді көріп, бейтаныс мен жаққа таңырқай, сұстана қарап қалыпты. Бірақ тұрған орнынан қозғалған жоқ.

- Өтінем, сэр, отырыңыз. Жолға қайта шығар алдында үстіңізді бір ауық құрғатып алыңыз.

Мен орындықты әдейі әкеп ошақтың қасына қойдым. Сол күні ошақта от жанып тұрған. Отты жылыну үшін емес, (себебі күн қыркүйектің ерте басы болатын) ауаға сіңген ылғалды құрғату үшін жаққам.

- Сэр, - деді ол, - мені кешірерсіз, әрине. Бірақ сіздің қолқаңызбен ошақ басына барып отырғаннан гөрі, (сізді аса сақтықпен ескертем) мені тыңдағаныңыз әлдеқайда пайдалы, - деді ол быжылдап, - қазір күн тағы күркіреуі мүмкін. Ескертем сізге, ошақтан былай кетіңіз.

- Жай жіберуші Юпитер мырза, - дедім мен, ошаққа тіпті де жақындай түсіп, - қараңыз, сіз текке байбалам салып тұрсыз. 

Онда сіздің шынымен қараңғы жан болып шыққаныңыз, - деді ол күйініп, - найзағай ойнап, көк құтырып тұрған мынадай кезде үй ішіндегі ең қауыпты жер андағы сіз тұрған ошақ басы екенін білмейтін болғаныңыз.

- Иә, ол жағын жарытпайтыным рас. – Мен егескен адамша ошаққа қарай бір адым аттай түстім.

Сөзінің бұлай аяқ асты болғанын көрген анау қызарақтап кетті. Бұл кезде мен ошаққа тғы бір мәрте жақындай түсіп, үй иесінің маңғаз қалпына ауысқам. Бірақ ләм-мим деп ештеңе айтпадым. 

- Құдай үшін бөйтпеңіз, - деді ол шиыршық атып, - құдай үшін болса да, ошақтан ары тұрыңыз! Ондағы темір әбзелдерді былай қойғанда, қызған ауа мен ыстың өзі-ақ жеткілікті өткізгіштер екенін қалай білмейсіз? Сізден жалынып та, бұйырып та сұраймын, бері тұрыңыз ошақтан!

- Мархаббатты Жай тәңірі Юпитер, өз үйімде біреудің ақыл көрсетуіне сорлы басып үйренбеп еді.

- Мені ол құдайсыздың атымен атағаныңызды қойыңыз. Қатерлі сәтте құдайға тіл тигізіп тұрсыз.

- Сэр, рахым етіп қандай шарауамен жүргеніңізді айтыңызшы? Дауылдан ығып, пана тілеп келген болсаңыз, есігім сізге айқара ашық. Ал бітіретін бірер шаруаңыз болып келсеңіз, онда бірден іске көшіңіз. Сонымен кімсіз?

- Мен жайтартқыш құралын насихаттаушымын, - деді ол мүләйім түрге көшіп, - менің кәнігі кәсібім... Құдай өзің жар бола гөр! Көк қақ айрылғандай күркіреді-ау! Айтыңызшы, сізге жай түсіп көріп пе еді? Жоқ, сіздің үйіңізді айтам. Қалай болмасын, сізге сақтық керек, - ол ерекше бір астармен металл таяғын еденге сілкіп-сілкіп алды да, - негізінде, алай-түлей дауылды күнде аспан астында шыдас берер бірде бір қамал-қорған жоқ. Сөйтсе де, өз сөзімді өзім жоққа шығарып, мына таяғымды бір-екі бұлғап-ақ күркеңізді Гибралтарға* айналдыра салуыма әбден болады. 

- Сіз өз сөзіңізді өзіңіз бөліп тұрсыз. Сіз нақты кәсібіңіз жайында айтпақшы болғансыз.

- Ә, менің кәсібім – жер-жерді аралап, жайтарқыш құралына тапсырыс жинау. Сондай кездерде үлгі үшін осыны көрсетем. – Таяғын үстінен ақырын қағып қойды. – Сізге келтірер тамаша дәлелім бар, - деді ол қалтасын сипалақтай, - өткен бір айдың өзінде осындай бес үйге аз да емес, көп те емес жиырма үш жай тартқыш орнаттым.

- Тоқтай қалыңыз! Бұл өткен сенбінің түнінде болған әлгі бір оқиғаға қатысты болып жүрмесе нетсін?! Сол күні шіркеу мұнарасына таяу тұрған алып емен ағашы мен мінәжат күмбезіне жай түсіп, қиратып кеткен. Сол жерде сіздің жайтартқыштарыңыз болған жоқ па? 

- Иә, ағаш пен күмбезді қайдам, мұнарада біреуі болған.

- Ондай жайтарқыштан не пайда сонда?

- Өмір мен өлімді жақындатпас үшін, әлбетте, пайдасы бар. Алайда менің көмекшім нағыз алаңғасардың өзі болып шықты. Жайтартқышты орнатар кезде қалайы сымды аңдаусызда жалаңаштап алған. Сөйтіп сіз айтқан апат орын алады. Бұл менің кінәмнан емес, салғырттықтың зардабы. Әне, тағы да күркіреді!

- Онда менің шарауам жоқ. Бірақ, сол алапат жарылыстан түгел төңірек тітірегенін көрсеңіз! Өткен жылы Мореалда болған оқиғадан сіздің хабарыңыз бар шығар? Тәспиық тартып отырған қызметші қызды төсегінде жай ұрып өлтірген. Сорына тәспиық металл маржандардан өткізіліпті. Бәлки, құралыңыз Канадаға да кеңінен тараған болар?

- Жоқ, әрине. Дегенмен онда сым темірлі жайтарқыш қолданылады деп естігем. Оларға керегі менің мыс таяғым ғой, шіркін! Темір тез қызатын металл. Ондайда таяқ өзегі барынша тарайып, элетор тоғын өткізуге жарамсыз болып қалады. Содан соң балқу пайда болып, артынан үйіңіздің орнында тұрғаныңызды көресіз. Менің мыс таяқшамда бұл айтылғандардың бірі де жоқ. тегі, канадалық дегендерің орташа ойлайтын жазғандар-ау! Кейбірлері таяқша тұтқасын безендіріп қойғанды ұнататын көрінеді. Ал бұл тоқтың жерге өтуін үзілді-кесілді тоқтатып, жарылысты қолдан өзің жасау деген сөз. Солардың бәрінен озық тұрған менікі. Өзіңіз қараңызшы. Футы бар-жоғы бір доллар. Әне, естисіз бе! күннің күкіреуі жиілеп, бар сайын таяп келеді. Тыңдаңыз! Аспан сынып түскендей шатырлады-ау! Әдетте, найзағай іркес-тіркес, құлақ тұндыра жарылады. Міне, екіншісі. Қалт етпеңіз!

- Бұл қайткеніңіз? – деп айтып үлгергенімше таяғын маған тастай берген ол терезе алдына ыршып барып, қолдарын айқастырып тұра қалды.

Мен бірдеңе айтпаққа оқтала беріп ем, оған үлгіртпей сөйлей жөнелді.

- Найзағай деп осыны айт! Бізден таяқ тастам жердегі (бір мильдің үштен біріне де жетпейді) ормағнға барып түсті. Сол арадан жай түсіп қираған үш бірдей емен ағашын көргенмін. Білсеңіз, балқыған күйдегі темірден кейін, өз қатарында емен ағашынан асқан өткізгіш жоқ. Ал сіздің үйдің едені сол емен ағашынан жасалған ба деп тұрмын.

- Еменіңізбен қоса құрыңыз! Мына уақытта жүргеніңізге қарағанда, дауылды күнді сапарыңызға ақжолтай етіп әдейі таңдап алғансыз. Күн күркірей бастасымен саудаңыздың қызып шыға келетінін қу ішіңіз сезе қойған.

- Тағы да! Сұмдық жарылыс!

- Жайшылықта адам ашық күнде жол жүрсе керек. Ал сіз қайдағы бір сұрапыл күнді таңдап аласыз. Бұл аз болғандай...

- Менің құтырған дауылды күні жолға шығатыным рас. Бірақ соның өзінде қатаң қауіпсіздік ережелерін сақтап қана шығамын. Бұл жайтартқыш саудалаушы адамға ғана тән жайт. Тағы түсті! Жылдам, таяғыма бірдеңе деңіз. Футы бір-ақ доллар.

- Таяғыңыздың әдемі екеніне таласым жоқ. Бірақ сіздің қауіпсіздік ережелері дегенде нені меңшегеніңізді түсіне алмай тұрғаным. Әйтседе, алдымен жаңбыр төпелеген терезе қақпақтарын жауып, ілгегін ілгендей мұрса берңіз.

- Жынданған шығарсыз? Темір ілгектің тамаша өткізгіш екенін білмегеніңіз бе?

- Тек қақпақтарын жауып алсам болғаны. Қызметші баланы ағаш ілгекке сосын жұмсай жатармын. Өтінем, андағы ілулі тұрған қоңырауды қағып жіберіңізші?

- Ақылыңыздан адасқан боларсыз? Қоңырау сымынан сізді тоқ ұруы мүмкін. Күн күркіреп тұрған кезде қоңырау сымына жолаушы болмаңыз. Тіпті оны қағуды ойыңызға да алмаңыз.

- Қоңырау соғуға да болмағаны ма сонда? Айтыңызшы, мұндай кезде адам қайда барып бас сауғалағаны дұрыс? Өміріме алаңдамастан, қолымды неге болса да тигізе алғандай үйімде бір бұрыш бар ма?

- Бар. Бірақ ол сіз тұрған жер емес. Тамнан былай кетіңіз. Қабырғамен тоқ кейде жылдам тарайды, ал адам нағыз өткізгіштің өзі. Тоқ бірден сізге ауысуы мүмкін. Әне, гүрс етті! Тіпті біздің іргемізге кеп түсті. Бұның дөңгелек шар түріндегі жай екеніне бәсім бар.

- Әбден мүмкін. Қайталап сұраймын, сіздің ойыңызбен алғанда, бұл үйдегі ең қауіпсіз жер қай ара?

- Мына мен тұрған жер. Тез мында келіңіз!

- Әуелі себебін айтыңыз.

-Әне! – Қатты дауыстан терезе жақтаулары солқылдап кетті. – Қазір үйдің талқаны шығады! Мен тұрған жерге келіңіз!

- Себебін айтуыңызды сұраймын.

- Менің қасыма келіңіз!

- Көп жасаңыз. Маған одан да қазіргі орнымда – ошақ қасында тұра берген көп ыңғайлы. Ал енді, жайтарқыш мырза, аспан тынышталған осынау сәтті пайдаланып, маған өзіңіздің не үшін осы бөлмені, яғни өзіңіз тұрған жерді ғана қауіпсіз деп ойлайтыныңызды айтып беріңіз.

Бұл кезде шынымен де күннің күркірегені бір сәттке басыла қалған. Жүрегі орнына түскен жайтарқыш сатушы қайтадан тілге келді.

- Сіздің үйіңіз бір ғана қабаттан тұрады, оған шатыр мен жертөлені қоса есептегенде. Бөлме осылардың аралығында тұр. Демек салыстырмалы түрде қауіпсіз болуы тиіс. Өйткені, найзағай кейде аспаннан жерге құлайтын болса, енді бірде сол жердің өзінен көкке қарай тарайтыны бар. Түсініп тұрсыз ба? Ал мен бөлменің дәл ортасын таңдадым, себебі найзағай үйге түсетін болса ол міндетті түрде муржа не қабырға арқылы келеді. Міне сондықтан да, олардан алыс тұрғаныңыз жөн.енді менің қасыма келіп тұрыңыз.

- Осы қазір ғана айтқан бір сөзіңіз маған үрей қауіпін сездіргені былай тұрсын, өзіме деген сенімімді арттыра түскендей.

- Сонда мен не дедеім?

- Сіз жай оғының кейде жерден аспанға қарай атылатыны жөнінде айттыңыз.

- Иә, бұны жайдың кері бағытта соғуы деп атайды. Жер бойына тоқты лайықты сіңіргеннен кейін артығын әуеге таратып жібереді.

- Жай оғының кері соғуы, яғни жерден көкке қарай... Бұныңыз тіпті керемет. Дедесе де, ошақ басына келіп үстіңізді құрғатып алғаныңыз өзіңізге жақсы.

- Маған осылай су күйде қалған әлдеқайда пайдалы.

- Сонда қалай?

- Сақтық үшін... Құлақ салыңыз, тағы жарылды! Иә, сақтық үшін. Құтырған долы күнде үстіңіздің шылқа су болғаны керек. Су кезінде киім денеден айтарлықтай өткізгіш келеді. Демек, найзағай түсті дегеннің өзінде, тоқ бойыңызға тарап үлгерместен шылқыған су киім арқылы бірден табаныңыздағы жерге сіңіп кетеді. Аспан күмбезі қайта түнеріп келеді. Үйіңізде төсеніш бар ма? Төсеніштер нашар өткізгіштер. Жылдамдатып біреуін әкеліңіз де, менің қатарыма тұра қалыңыз. Қабарған көз жүзінен күндіздің өзі түнекке айналғандай. Әне! Болыңыз енді, төсеніш әкеліңіз!

Мен оған төсеніш әкеліп бердім. Тау желкесінен қотарылған түйдек бұлттар арса-арса айрылғант тау жартастарындай үйге қарай құлап келе жатты.

- Бұлай бос мылжыңдасқаннан түк шықпайтынын білгендіктен, - дедім мен, бастапқы орныма қайтып барып, - өзіңіздің даулды күндері жол үстінде жасайтын сақтық шараларыңызды тағы сұрауға мәжбүрмін.

- Мына біреуі өтіп кеткенше сабыр етіңіз.

- Жоқ, тап қазір айтқаныңыз керек. Өзіңіз айтақндай, сіз бөлменің ең қауіпсіз аймағында тұрған жоқсыз ба?! Қане, бастаңыз.

- Олай болса барынша ықшам етіп айтайын. Менің жоламауым керек ерекше дүниелер бар. Яғни, сойдиған қарағай мен биік үйлерден, қараусыз қалған қамбалардан, биік тепсеңдермен жүруден, ағынды судан, керек болғанда табынды сиыр мен қойлардан да, топтасқан адамдардың жиынынан да қашық жүруге тырысам. Егер жолға бүгінгідей жаяу-жалпы шығу керек болса, мен барынша ақырын жүруге тырысам. Ал жеңіл күймеге отырғанда, оның бүйір жақтауы мен артқы шалқаймасын ұстамауға көңіл бөлем. Ал астыма ат бітіп жатса, онда атыма мінбей, шылбырынан жетектеп аламын. Бірақ, осылардың ішінде менің барынша сақ болатыным – ұзін бойлы адамдар.

- Бұл қай сасқаныңыз? Адам өз баурынан өз қашқанды кім көрген? Басқасын былай қойғанда, бір-біріне ең керек кезде.

- Мен бар болғаны дауылды күндері ғана олардан саяқ жүретінімді айттым. Бойы алты фут адамға электрленген бұлттың үйір болатынын білерлік саутыңыздың болмағаны мм, тәйірі? Егер сол алты футтық досыңыз ағын судың қасында тұрар болса, онда бұлт су екеуінің арасындағы өткізгіш ретінде соны таңдар еді. Естідіңз бе, әне! Төбенің бір бұрышын жұлып кетті-ау деймін! Демек адамның жақсы өткізгіш болғаны. Ағаштық қабығын зақымдарлық жасынның өзі адамды жоқ етуге шамасы әбден жетеді. Бірақ, мырзам, мені құр сұрақтарыңызбен айналдырып отырсыз. Ал менің ісім болса қалып барады. Сонымен менің жайтарқышыма тапсырыс бересіз бе? осының өзіне қалай қарайсыз? Көріңіз, ең сапалы мыстан соғылған. Ал мыстан өте қояр өткізгішті таппайсыз. Үйіңіз аласа болғанымен, биік қабаққа салынғандықтан қауіп әлі де жаныңызда екенін ескеріңіз. Сіздер – таулықтар үнемі қауіп-қатердің астында жүресіздер. Саудасының көп бөлігін әдетте жайтартқыш сатушылар таулы жерлерде жақсы өткізеді. Таяққа тағы бір көз тоқтатып қараңызшы, сэр, қуыс-тесігі аз үйгемұндайдың біреуі де жетіп жатыр. Сол артықшылығына қоса, бір таяқтың бүкіл басы жиырма доллар ғана. Әне тыңдаңыз! Даусының тым қатты шыққанына қарағанда жолындағысын тас-талқан еткен болар. Таяқты бар болғаны үйден бес футтай жоғары шығарсаңыз іс сонымен тәмам. Ары қарай айналасы жирма радиус аймақты толық залалсыздандру қолынан келіп жатыр. Жиырма доллар, сэр, сутегін ғой. Футы бір доллардан. Әне, тура бір төбеңді ойып түсердей-ақ! Сонымен тапсырыс бересіз бе? Әлде осының өзін алып қаласыз ба? Аты-жөніңізді теркей берейін бе? Әбден ойланыңыз, өртенген қорада шыжғырылып қалған ат құсап, бір жарық еткеннен-ақ бықсыған күліңіз ғана қалып жүрмесін!

- Тыңда, дангөйсіген Жай тәңірі Юпитердің өкілсымағы, - дедім мен қарқылдап, - сендей жазған қолындағы ербиген анау қарақшы таяғымен көк пен жердің ісіне араша болады дегенге кім нанады! Мүмкін Лейден лоңқасынан жылт еткен жарық шығара алатыныңызға сеніміңіз кәміл шығар, ал құдырет қолындағы жай оғын қақпайлауға шамам келеді деп бұл қай даңдайсығаныңыз? Сынып та, қирап та қалатын таяғыңызды жер-суға сиғызбай мақтайтыныңыз қалай? Шашымыздың әр талы есептеліп қойылғандай, жарық дүниедегі біздің күніміз де есептеулі. Жаратушының қолында жұлқынған дауылды күнде де өзімді ашық күндегідей жайлы сезінем. Өгейсіген елші, қараңызды батырыңыз! Көріп тұрсыз ба, дауыл қайтып, көк жүзі қайта ашылды. Үйім болса мызғыған жоқ. Бусанған көк жүзіне кемпір қосақ тарауланды. Жаратушы Иеміз пендесі жүрген жұмыр жерге кәр шашпайтынын айтып тұр.

- Діннен безген құдайсыз! – деді, кемпір қосақтың шығуымен бірге өңі әлем-тапырық болып түтігіп кеткен бейтаныс. – Күнәһар сөздеріңді алдыңнан шығарармын әлі.

Ашынған жүзі көгеріп, долдана түсті. Түн ішінде айды қоралаған мұнар іспетті көздерінің айналасындағы көгерген тап та ажырайған көзбен бірге үлкейе түсті. Маған қарай шүйіле ұмтылып кеп, үш тісті «айырын» кеудеме тірей қалды.

Мен таяғын қолынан жұлып алдым. Парша-паршасын шығарып, жерге атып ұрдым да, табаныма сап таптай бастадым. Содан соң жай оғын тоқтатпақ болған делқұлы әпендіні таяғымен қосып үйден қуып шықтым.

Бірақ менің осы ісімнен соң да, ол жөнінде маңайдағылардың түгел хабарданып алғанына қарамастан, жайтарқыш сатушы түк болмағандай әлі күнге осында жүр. Нөсерлі дауылды күндері үй-үйді аралап, жұрттың қорқыныш-үрейін қоздырып, өзінің бірегей саудасын насихаттаумен болады.

1854 жыл.


Автор туралы:

(1819-1891) 19-ғасырдағы Американың танымал жазушысы Герман Мелвилл Ню-Иорктегі бай саудагердің отбасында дүниеге келген. Жас күнінен теңіз саяхаттарына көп шыққан Мелвил теңіз тақырыбында шығармалар жаза бастайды. Кейін оның Натаниел Гортонмен танысып, пікірлес болуы жазушы шығармашылығына үлкен әсер етеді. Өзінің әйгілі романы «Моби Дикты» автор осы досына арнап жазады. 1851 жылы «Моби Дик» баспадан кітап болып шығысымен жазушының атақ-даңқы шар тарапқа жайылады.

Ағылшын тілінен аударған: Нағыз Қапшықбайұлы


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...