Жанна Елеусіз. Сүйем – іштей!..

ӘДЕБИЕТ
7603

Жанна Елеусіз. Сүйем  – іштей!..Жанна Елеусіз


Халымды сұрамаңдар.
Жүрегімде белгісіз бір алаң бар!
Бір түсінсе, түсінер мені жалғыз –
қара жерге аспаннан құлаған Қар.
Сынамаңдар!
Азабына пейіштің шыдағам бар.
Алып-ұшып мен-дағы жетіп едім, –
Періштесіп мұнда да жүр адамдар...
Ұнамады.
Бұларың ұнамады.
Бақыттарың бар болсын – құрамалы...
Көктем сайын еритін мен бе десем...
Адамдардың екен ғой Күнәлары!
Қайғыларың Құдайдан үлкен бе еді?
(Құрсыншы... түртем нені...)
– Қарамын мен! Ағартшы...
– дей алатын
қарапайым сағындым бір Пендені!

* * *

...Түсінбейді, ұқпайды деп – түңілме.
Қайда, қанша қарасам да – әлі Мұң.
Бәрі іздеген Жоқ-тың бәрі түбінде
Жан-ға келіп тіреледі, жарығым...

Дос күтуді (жоғалтқан күн) – доғарғам.
Сүйем – іштей. Әлемге сол – жетеді.
Жүрегімнен өбіп әрең оңалған -
желдеткіштен жел сығалап кетеді.

Көктемдерді оятады Күз – кейпім.
Ондағы әлем – әрі Жарық, әрі Әппақ!
Ғарыш – менің оқырманым іздейтін,
ғасырларды отыратын парақтап...

Қар боп жауа салатыны Жаңбыр да,
Дән боп ұшып кететіні гүлдердің -
Жан-ға өлім жоқ екені тағдырдан!
Жерде солай ғұмыр кешіп үлгергін.

...Түсінбейді, ұқпайды деп - түңілме.
Қайда, қанша қарасам да – әлі Мұң.
Бәрі іздеген Жоқ-тың бәрі түбінде
Жан-ға келіп тіреледі, жарығым...

* * *

Майшам екем.
Түнектерге көнбейтін!
Жанған сайын ұзаратын білтесі.
Шыны бойлап,
Шындыққа өрлейтін отының әр күлтесі...
Бере алмайтын
Мақсатымды анықтап,
мен Жарықтан бас тарттым!
Қараңғыда Майшам болып шарықтап.
Сұмдық-Өмір, сені көре бастаппын...
Болып алдым өңімде де, түсімде –
қабырғаға Шын бейнеңді салатын.
Көбелектей сұлу Өлең ішімде
күйіп жатыр қанаты!
Күн де өшеді.
Көкірегін көтерсе.
Болу керек мына өмірде мұң да – Арлы!
Мені емес.
Өзіңді іздеп жетерсің.
Көру үшін – ең шынайы Сұлбаңды...

* * *

Керек емес ештеңе. Ешкім. Өлең,
Мен болайын әндерін естімеген.
Күле алмадым қосылып көп тобырға,
сорыма орай,
олардан естірек ем…

Келмейді енді оралғым ортасына,
жүре берсін бөленіп торқасына.
Жалғыз дауыс шығады «қайдалаған»,
ол да күмән – шыны ма, жортасы ма?!

Сүрем үнсіз бір ғұмыр. Іздемегін.
Туа бермес мендей қыз Күз дегенің..
Бір ағашқа жан бітсе биыл көктем,
бұл тірліктен сол-күдер үзбегенім!

Бақытыңды жырлаңдар қурамаған…
Біреулерге ұнағам, ұнамағам.
Бір қыз осы – қайдам, өмірінде…
Өлеңінде ешқашан жыламаған…

* * *

Сен де бөтен. Мен де саған бөтенмін…
Өз мұңымды өзім үнсіз көтердім…
Сен де қиын. Мен де саған қиынмын..
шілдедегі аспандай сап тыйылдым…

Сен де жаңбыр. Мен де сондай жаңбырмын!
Жауғызбаған, жауа алмаған тағдырмын…
Сендегі аспан…мендегі көк тамаша.
Тек оңаша жылайтының болмаса..

тек оңаша жылайтыным болмаса…
Сен де кешір…мен де сені кешіргем…
кетпейтінім болмаса тек есіңнен…
кетпейтінің болмаса тек есімнен!..

* * *

Мұң – тауда, өрде – көңіл…
Тағы ой түзге қарар.
Өтпестей көрген Өмір,
күні ертең бізден қалар…

Күні ертең сізге қалар –
қайыстай етікті арман.
Бір өшін іздеп алар,
біздерде кетіп қалған!..

Таңғы арай, кешкі тұман –
өзіммен жасты күнәм…
Тағдырдың достығынан…
Тірліктің қастығынан…

Салады аңдай ылаң,
Сүйкенсе – қотыр сындар!..
Сұп-суық маңдайымнан –
Өлеңімді оқырсыңдар…

Ай қарғып, Күн қақырап
Кетсе де көгің кірлеп!..
Алаңсыз бір Жапырақ –
Бүр жарар «ӨМІРМІН!» – деп…

* * *
Өлең!
сен-періште шығарсың,
қайырылып келіп тұратын…
өлмеуі үшін ішімде,
өкініші көп бір ақын…

Көрмеген ешкім өң-түсін,
білмейтін ешкім қабірін…
Бармысың, әлде, жоқпысың,
сенбісің, сол Бір Тәңірім?!..

артық та десін, кем десін,
мінезім, осы-тұрысым…
тіріде өзім – пендесің…
өлгеннен кейін – Ұлысың…

* * *
...Сен де мендей жаныңды мұңға малып Көрдің бе?
Ай секілді түнде ағарып...
Түн ылғи шошытады дүниедегі
Ең жақын адамымды ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті көзін жұмып?..
Бәлкім тылсым түс болып қашықтады?
Бәлкім сол ма күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар жанарын ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем!
Менсіз өмір
Сүре алмайтын жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер, Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде –
Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...

* * *

Пенделерге бере көрші кешірім –
Ұлы аспан. Ұлы Тәңір. Ұлы Әлем!
Ұмытылып жазатайым есімім,
мені біреу «Ұлы» десе жылар ем!..

Балалығым, сәтті, сәтсіз тұстарым,
қуанышым, реніштерім, көз жасым –
берсін, мейлі, ойып Дүние пұшпағын,
бір ажалдан анық түбі озбасым!

Темір-өмір кете берер бір іліп.
Пендешілік жүгіреді жалаңбұт!
Адамдықтың ұлылығы — Ірілік.
Ұлылықтың құрбандығы — адамдық.

Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме.
Ел де тіпті еркелетпес «Ақын» деп…
Қаралы жұрт бұйырған күн көмгенде,
қарай алсам болды өзіңе Жақын кеп!


***
– Дүниенің ТӨРТ бұрышы бар, – дейді.
– қайда Олар?..
…сенің Мұңың бір түкпірде қаңғиды.
Мен тұратын Жайға – орал…

Білгесін бе – Жерұйығын таппасын?
Көру үшін берген Көз де — Дөңгелек.
…менің Жаным қағады Айдың қақпасын
түндер сайын… ЖЕР ме … деп.

Ештеңе де іздемеген – дұрысы.
Қай кезбеге қонды Бақ!..
СЕН және МЕН жүрген жүрек Бұрышы,
Сооол – ЖҰМАҚ…

Ең...

...Ең Ұлы Сөз жазылды.
Ең Сүйікті адамға...
Ең Терең көр қазылды.
Ең Нәзікке – ғаламда...

Ең Қорғансыз тілектің
Ол – не Жауы. Не Бауыр...
Ең Аяулы жүректің,
үнсіздігі – еең Ауыр...

Ең аппақ Ар алдында
бар – не Бақыт...не Тұзақ...
Ең Жазықсыз жанның да
ажалы екен – еең Ұзақ...

Кім білген Күн не дерін...
Түн шошытты түрімен!
Ол өлтірсе – өлемін.
Ол тірілтсе – тірілем...


***

Бір Күш бар!
Көтереді...
Құласаң, құла! Түспей...
Мен – жазбасам кетер еді
бір Қыз – жылап іште...

Жақын да. Жат қабақ та.
Шат. Шерлі шақтар – ұлып!..
Түседі ақ параққа
Ғұмырым ақтарылып!..

Төсінен Тоғыз көктің
Ай болып жарылыппын!
Адамды – көп іздеппін!
Алланы – сағыныппын...

Шомылған Ар жасына.
Шоқылған қарғасына –
Орыстың Аннасы ма?
Қазақтың Жаннасы ма...

* * *

Қызғалдақтың — даласы бар.
Гүлзар бақтың — қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған —
менің Жаным аласұрар…

Адамдардың — ауылы бар.
Алаңдардың — қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар…

Дос біледі. Ол — ғапылдан.
Жау күледі — жақыннан.
Ақын: — Қоғам! Ортам!.. дейді.
Мен шошыдым ақыннан…

Айдалаға қашқан шынар —
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар — менің Елім?
Менің елім — Аспан шығар…

…көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп.
— Өлесің ғой… дегендерге,
— Өлеңмін!.. деп барам —
Өксіп…

* * *
..біз - Мәңгілік түсіндеміз.
Ішіндеміз - дүниенің.
Үлкен болып - кішіргеміз.
Көзіндей боп иненің.
Минут сайын бір адамның -
қағады Ажал қақпасын.
Сондай сәтте мен де - алаңмын:
- маған келе жатпасын...
Гүлдер солса бір түкпірде -
тамырларым шыңғырады!
Керегелер, үрліктер де -
қабырғамды сындырады...
Жерге ұмтылсам - жетер едім.
Жеті әлемдік Сезім боп!
Толқындарын - көтеремін,
теңіз ойлар:
- Өзім!..деп.
...мен - Түндікте Көз ғанамын.
Түнде - ұнатып қараймын.
Жүрегіңді қозғағаным –
сол Аймын ғой.
Әлі - Аймын...


Өлеңдер жазушы Думан Рамазанның facebook парақшасынан алынды

author

Жанна Елеусіз

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...